СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЙ. HҰP, ҚҰДАЙЫ ҚҰДІРЕТ ЖӘНЕ СИМВОЛ

СӨЗДІҢ АТАСЫ
3110

Серікбол ҚондыбайМифті, жалпы өткен шақты танып білудің негізгі, ғылымның іс жүзінде бірін-бірі жоққа шығаратын бағыты бар. Біріншісі — материалистік немесе позитивистік ғылым. Біздің оқып, біліп өткен іліміміз де осы бағытқа жатады. Ол туралы ұлан-ғайыр сөзге бармай-ақ, "осы бағыттың негізгі мазмұны қандай?" деген сауалға жауап берер болсақ, онда адамзаттың бастапқы сәтін тек қана тағы, жабайы, қарабайыр деп қабылдап, сол бір уақыт тұңғиығынан бүгінгі күнгі адамзаттың дәргейіне дейінгі сүрлеуді тағылықтан өркениетке, қарабайыр, соқыр сенімнен ғылыми ой машығына дейін жетілу жолы деген жауапты берер едік. Нақты мифтік таным туралы сөз қозғар болсақ, біз тас ғасырынан металл ғасырына, алғашқы қауымдық құрлыстан құл иеленуші, одан феодалдық қоғамға, аңшылық пен термешіліктен егіншілік пен малшылыққа өту сияқты т.б. қисындар жүйесіне сай мифтік танымның дамуы, "тағылықтан адамгершілікке" дейін өзгеруі туралы ғана айтар едік. Бұл бағыттың өз жетістіктері бар, оған бүгінде қолымызда бар мифология туралы ғылыми әдебиет куә. Дегенмен, осындай позитивистік бағыттың кемшін, жауап бере алмайтын тұстары да бар, бұл жөнінде айтылып та, жазылып та жүр.

Екінші бағыт — метафизикалық таным. Бұл бағыттың өзіміздің тақырыбымызға қатысты тұстарының ең қарапайым қисыны — "о баста аса жоғары деңгейде дамыған адам танымы, дәстүрі болған, осы дәстүр әлдебір себептерге байланысты жоғалып кетіп, ұмыт болып, оның сарқыншақтары (мифтегі, діндегі, тілдегі, әдет-ғұрыптағы) жер бетіндегі әр түрлі халықтардың мифологиясында сақталып, өңі адам танымастай болып өзгеріп, бүгінгі діни және мифтік келтірімдердің іргетасын құраған" деу. Бұл бағыттың да өз жетістіктері, сендірмеске ылаж қалдырмайтын жақтары, сондай-ақ, күмән тудыратын тұстары бар. Міне, сондықтан да, мен, айтпақшы болған сөзімді, ұсынып отырған реконструкциялық қисындарымды, жалпы теориялық негіздеу мәселесінде: бір жағынан, шама-шарқымыз шектеулі болғандықтан (оның объективті де, субъективті де себептері бар), екінші жағынан, осы мәселені, өзімнің реконструкциялық әрекеттерімнің нәтижелерінің қазіргі деңгейі жағдайында (мен әзірге өзімізде барды жинақтау, таныстыру, іздестірудің перспективалы жолдарын көрсету деңгейінде тұрмын) шорқақтық танытып отырмын. Сондықтан да, толық жүйеленіп, әрбір сөзі, сөйлемі, айтылар ойы мен көрсетілер қисыны орын орнына қойылған, барлығы да бір жүйеге, бір қаңқаға келтірілген реконструкциялық мифологияны оқырманға ұсына алмаймын. Ұсынғым келмейді де. Мен үшін әзірге басты мотив — "әуелі өзімізде ненің бар екендігін көріп, біліп, түгендеп алайық, ал оларды бір ыңғайға келтіруді осылармен танысқан басқа зерттеушілер тындырсын, яғни, мен бастап берейін, аяқтау жағы басқаларға сыбата болсын" дегенге саяды. Осындай себептерді айта отырып, мен, позитивистік ой машығынан да, метафизикалық ой машығынан да бас тарта алмаймын. Мүмкіндігі болса екі бағыттың да қисындарын көрсетемін. Мұндай, бір-біріне қайшы келіп қалуы мүмкін ғылыми бағыттарды қатар қолдану, кейде бір тақырыпта бірінші бағыттың дәйегін көрсетіп, екіншісінікін көрсетпей кетіп жатсам, осындай шалатайлығыма оқырман түсіністікпен, кешіріммен қарар деп үміттенемін. Қалай болғанда да, мол ақпараттың ішінен ой мәйегін таба алмай жатып соңғы түйінді айтудың, қорытынды шығарудың ғылымға пайдасы жоқ. Өйткені, мен ақиқатты меншіктене алмаймын, тек қисындар схемасын ғана ұсына аламын.

Әрине, жеке көзқарасы бар пенде ретінде өзімнің материалистік-позивистік (коммунистік, атеистік) ғылым ауқымында білім алып, тәрбиеленген зерттеуші болып қалыптасқаныма қарамастан, көңілімнің метафизикалық (идеалистік, діни) танымға қарай құлайтындығын жасыра алмаймын. Мен, бүгінгі қазақтың да, басқа адамзаттікі сияқты, әлдебір бастапқы, ілкі дәстүрден бастау алып, өзінің басқалардан кем түспейтін төл, дербес дәстүрін жасаған арғы қазақтардың ұрпағы деп есептеймін. Мен осы ілкі дәстүрді қазақшалап "Ілкі Төр" деп атадым.

Ұзаққа созылары анық баяндауға кіріспес бұрын, әуелі, кейбір аталымдарды (терминдерді) нақтылап алайық. Осылай істемейінше менің не айтқым келгенін ешкім ұқпауы мүмкін. Аталымдарды, яғни негізгі ұғымдарды мен ойлап тапқаным жоқ, олар бұрыннан да бар.

Символ

Біз мынау жалған дүниені тек символдар арқылы ғана кескіндей аламыз, өйткені, шексіз ғаламның кескінін де, мөлшерін де, оның қандай материалдан және қандай жолмен пайда болғанын да, жаратушы иенің оны қалай жасағанын да шын мәнінде көре, біле, тани алмаймыз. Сондықтан осылардың барлығын да пенделерге түсіндірудің ең қарапайым да универсал жолы символ арқылы кескіндеу болмақ. Мифология дегеніміз де — символдар жүйесі.

Шынайылықтың (реалдылықтың) деңгейі көп, мұндай деңгейлер, жалпы алғанда кез-келген табиғи жөн-жосықтан бастады, біріне бірі тізбектеле, жалғаса отырып астам текті, яғни құдайы жөн-жосыққа дейін жетеді. Символдың нағыз болмысы да — осы деңгейлерді біріктіретін сәйкестік болып табылады. Осының арқасында күллі Табиғаттың өзі кәдімгі символ болып шығады. Табиғаттың шынайы мән-мағынасын, сол табиғатқа өзімізді астам текті немесе метафизикалық ақиқатты түйсінуге, сезінуге итермелейтін көрсеткіш деп қараған жағдайда ғана айқын көре алатын боламыз.1

Біз іс жүзінде қарапайым нәрселерден бастап, астам текті (метафизикалық, құдайы) ақиқатқа дейінгінің барлығын символдай аламыз. Мифология да — символдардың барлық түрінің (геометриялық, таңбалық, сөздік, сандық, кескіндік-бейнелік, т.б.), олардың барынша таза тұрқынан бастап әбден қарабайырланған (натуралистік) тұрқына дейінгі өзгерістерінің жиынтығы, жүйесі болып табылады.

Біз Алла тағаланы, оның құдайы құдіретін, яғни Нұрды белгілі бір символ арқылы шартты түрде кескіндей аламыз, бірақ, бұл Алла тағала мен оны кескіндеп тұрған символдың теңдігін көрсетпейді, өйткені, символ, Генонның сөзімен айтқанда, өзінің символдап отырған затынан (нәрсесінен, нысанынан) міндетті түрде, әрқашан да төмен тұрады, осы арқылы символика туралы натуралистік келтірімдердің барлығы алынып тасталынады. Яғни, біз, Алла тағаланың, оның құдайы құдіретінің шын табиғасы мен қуатының қандай екенін біле алмаймыз, сондықтан, оны символ арқылы ғана тұспалдауға мәжбүрміз. Егер, Алла тағаланы символдау тек соз символы арқылы ғана ("Алла бірегей, Алла мәңгі, өзі тумаған және өзі тудырмайтын, оған ұқсас ешкім жоқ") жүзеге асырылса, оның құдайы құдіретін кез келген символ арқылы көрсете аламыз. Бұл — айтар ой-қисындарымыздың исламның дәстүрлі талап-шарттары ауқымынан шықпауға мүмкіндік береді.

Осылайша, кез келген зат немесе нәрсе, барынша жоғарырақ шынайылықтың (реалдылықтың) көрсеткіші ретінде осы шынайылықты символдай алады. Мифтердің барлығы да, олардың қандай деңгейде болмасын қарабайырлылығына қарамастан, шынайылықты символдайды. Тек бұл жерде, Генонның логикасы бойынша, символ (миф) мен символдық шынайылықтың (ақиқаттың) бір-біріне қатыстылығының көресін және көрілмес түріндегі қатыстылық қана болып табылатындығын естен шығармауымыз керек. Мифтер шынайылықтың, табиғи жөн-жосықтың әр түрлі деңгейлерін символдауы мүмкін, бірақ, олардың барлығы да — түпкі, астам текті (құдайы) жөн-жосыққа апарар жолдағы деңгейлік сатылар ғана. Төменгі жоғарғыны символдай алса да, жоғарғы ешқашан төменгіні символдай алмайды.

Ең қарапайым, сонымен бір мезгілдегі ең универсал және ең идеалды геометриялық символ — нүкте. "Нүкте" дегенде, алдымен, ойымызға "кіндік" (центр, орталық) идеясы келеді. Кіндік те — нүкте, тек бұл нүкте енді жалқы болып көрсетілмейді. Оның кіндіктігін сипаттаушы сыртқы тұрпаттар (сызық-сәуле, шеңбер) қажет болып шығады. Осылайша екі элементі (нүкте мен оны кіндік еткен шеңбер немесе нүкте мен одан тараған сәуле сызығы) бар таңба шығады.

Нүкте (кіндік, орталық, центр) — бастау, барлық баршылықтың немесе ілкі себептің бастапқы нүктесі. Кіндіктің пішіні мен мөлшері жоқ, сондықтан ол бөлшектенбейтін нұрдың, ілкі Бірегейдің мүмкін боларлық кескіні болып табылады2.

Міне, құдайы құдіретті (принципті), Нұрды символ арқылы кескіндеу қажет болса, бүкіл символ атаулының ішіндегі ең қолайлысы осы нүкте болмақ. Әрине, бұдан "реалды Нұр, Құдірет нақты геометриялық тұрпат — нүкте түріңде болады" деген ой туындамауы керек. Символдың аты — символ. Яғни, бастапқыда айтылған ойды қайталап айтар болсақ, символ өзінің символдап отырған затынан (нәрсесінен, нысанынан) міндетті түрде төмен тұрады.

Нүкте — абсолюттің (ұғанның) символы. Абсолют (ұған) — барлық баршылықтыңмәңгі, өзгермейтін ілкі-негізі44, түп-тұқияны. Біз "рух", "идея" немесе "құдай" деген ұғымдарды айтқанда, оларға нақ осындай "абсолют" деген мағына, атау береміз, өйткені, құдай (Алла тағала, Тәңір) — мәңгі және өзгермейтін ілкі негіз55.

"Абсолют" ұғымының менің өз кітаптарымдағы жиі қолданылатын баламасы "Нұр" және "Құдайы құдірет" болмақ. "Нұр" сөзінің философиялық мағынасы да іс жүзінде "абсолют" ұғымына сәйкес, пара-пар болып келеді. Өйткені, нұр да — барлық баршылықтың мәңгі және өзгермейтін ілкі-негізі, түп-тұқияны.

Бұдан "Алла тағала мен Нұр — бірдей ұғымдар" деген ой туындамауы керек. Алла тағала мен Нұр, құрани кәрімдік "Алла бірегей, Алла мәңгі, өзі тумаған және өзі тудырмайтын, оған ұқсас ешкім жоқ" деген формулаға сай түсіндірер болсақ, бір-біріне сәйкес келмейді; Нұр — Алла тағаланың жасампаздық әрекеті мен сол жасампаздық әрекетіне пайдаланатын ілкі материал ғана. Басқаша айтқанда, Нұр (Ақ немесе Хақ Дидары) дегеніміз — Алла тағаланың өзі емес, оның бұйрығының немесе әмірінің келбеті. Мұсылмандық (сунниттік) сопылық (суфизм) "Мұхамбеттің нұрын" барлық жаратымдағы66(жасалымдағы) ең негізгі имманентті ақиқат, таза болмыстың жарығы деп біледі. Бұл тұжырым қазақ философиясының да негізі болып табылады, өйткені:

Расулы Мұхаммед

Дүниеге реушен

Исламның жаққан панарын...

Немесе:

Аспан мен жерді жаратқан

Құдіретті күшті біліңдер

Ай менен күнді жаратты

Реушен жарық нұрым деп...

Немесе:

Жасаған Алла бір еді

Һәмменің жайын біледі

Реушен жарық көрсеткен

Аспанда ай мен күн еді

Жұмла, ғалам, мақұлық

Құдіретпенен жүреді

Абзалы артық жаралған

Мұхаммедтің нұры еді, —

деген сияқты, өткен ғасыр ақындарынан қалған осындай қарапайым қисындардың ар жағында осындай түсініктер жатыр.

Нұрдың, яғни абсолюттің (ұғанның) екінші бір атауы — құдірет (принцип). Принцип — қандай да бір теорияның, ілімнің, дүниетанымның, теориялық бағдарламаның негізгі, бастаулық жай-жапсары. "Принцип" терминінің баламасы ретінде "ұстаным" сөзін де, "құдірет" сөзін де ұсынуға болады. "Ұстаным" ұғымы принцип ұғымының жалпы мағынасын берсе, "құдірет" ұғымы нақты әңгімемізде ғана "принцип" ұғымына сәйкес келеді, өйткені, Құдайдың құдіреті дегеніміз де — сол принцип, оның әрекетінің негізі, жай-жапсары ғой.

Нұрдың (абсолюттің, құдайы құдіреттің) тағы бір шартты атауы — ерік немесе ырық. Құдайдың құдіреті (принципі), яғни, нұр — адам баласына белгілі бір ілім, шарт, ереже, күш-қуат түрінде беріледі, оны "құдірет доктринасы" деп атауға болады. Доктрина — қандай да бір философиялық, саяси, идеологиялық теорияның ғылыми тұжырымдамасы (концепциясы), ілімі. Әрине, "құдайы құдіреттің доктринасын" "ғылыми" деп атау тек қана шартты түрде болмақ. Мен осы доктринаның қандай екендігін нақтылап жатпаймын, ал, "доктрина" сөзінің нақты тақырыптық баламасы ретінде "ерік" немесе "ырық" ұғымдарын пайдаланатын боламын.

Рейс Генон символ мен оның символдап отырған символдық шынайылықтың ара-қатынасын "проявленность" және "непроявленность" деген атаулар арқылы көрсетіпті. Мен олардың қазақша баламаларын тиісінше "көресін" және "көрілмес" түрінде қолданатын боламын.

Көрілмес (непроявленность) — көзбен көруге болмайтын, көз де, көңіл де көрмес, ашылмас, жария болмас құдайы құдірет (Нұр, абсолют), Ақ Дидар. Біз абсолютті, нұрды, құдіретті, Ақ Дидарды көзбен көре, құлақпен ести, қолмен ұстай аламыз ба? Әрине, жоқ. Ол түгілі, біз оның жаратылысы, сипаты, табиғасы туралы ешқашан біле алмаймыз, өйткені ешбір тірі пенденің ақыл-ойы мен қабілеті оған жетпейді. Қарапайым тілде "жарық, жарық жылуы" мағынасында түсінілетін Нұр (абсолют, құдірет) — іс жүзінде көзге көрінбейтін, яғни, пенде көре алмас, жария болмаған, "жасырынып жатқан" жарық. "Нұр" сөзін тілде жиі қолданғанымызбен, реалды Нұрды көре алмайтынымыз анық.

"Көрілмес" деген терминді Шәкәрімнің сөзі арқылы да түсіндіруге болады:

Менің жарым қыз емес,

Хақиқаттың шын нұры.

Оны сезер сіз емес,

Көзден таса бұл сыры77,

— дегеніндегі "көзден таса болып тұрған шын нұр" дегеніміз де осы абсолют, құдайы құдірет — яғни, көрілмес (непроявленность). Ал, "жар" ше? Бұл жердегі "жар" сөзін "құдай" деп түсінгенімізбен, ақиқатында бұл сөз әлгі "тасада тұрған нұрдың" жариясы, жар салуы, жарнамасы, яғни, көрсетері, көресіні (проявленность) деп түсіну шарт. Жар — нұрдың бізге көрінер сиқы; бірақ осы сөздің өз бойындағы екі ұдайлылығы оны көрілмес ретінде де, оның төменгі эманациясы ретінде де ("ерік/ырық" — "доктрина", "құдайы құдірет", "нұр шашу") қарастыруға мүмкіндік береді.

Көресін (проявленность) — құдайы құдіреттің (Нұрдың, абсолюттің) әрекетінің нәтижесі, көрінетін, ашылған, жария болған әрекетінің қорытындысы. Бүгінгі позитивті ғылымның зерттеу нысанына айналып отырған шынайы объективтілік (ғалам, аспан, ай, күн, жұлдыздар, галактика, жер, су, тіршілік тұрпаттары, энергия, сондай-ақ, геном, атом мен молекула, нейтрон мен электрон, фотон, т.б. қамтитын нанодүние, жалпы айтқанда, бүкіл универсум) — осы Нұрдың, яғни құдіретті әрекеттің нәтижесі (результат), туындысы (производное), жаратымы (творение), былайша айтқанда, көрілмес (өзі көрінбейтін, жария болмайтын) Нұрдың, Құдіреттің "көресіні" (қазақтағы "көресінді көрерсің"), "жария болған" қорытындылары болып табылады.

Нұр — "көрілмес" (непроявленность) — бүгінгі басқа бір терминологиямен айтқанда, иррационал, трансцендентті дүние. Оны "көру" пенде баласының пешенесіне жазылмаған. Сондықтан да, мен, осындай ақиқатты нақтылай отырып, іс жүзінде осы мәселені өз кітабымда қарастырмаймын. Мен үшін маңыздысы — трансцендентті құдайы құдіретті мойындау ғана.

Нұрдың шашуы (нұршашым, нұршашу, нұршашпа, нұр-төгім, нұртөкпе, нұрғисасы немесе нұрқиясы) — "көресін" (проявленность) — рационал жолмен тануға болатын дүние. Менің кітабымның негізгі мазмұны да осы "көресіндердің" символдар түрінде бейнеленуі, тіл мен фольклорымыздағы, әдет-ғұрпымыздағы, салт-дәстүріміздегі "материалдану", "мысалдану" мәселелеріне арналмақшы.

Біз құдайылық құдіреттің, нұрдың ақиқат тұрпатын, мөлшерін, сипатын, өлшемдік көрсеткіштерін ешқашан да біле, тани алмаймыз. Оның есесіне осы нұрды, яғни құдайылық құдіретті (принципті) "солай кескіндегенде барынша жақын келерміз" деген ниеттен туындаған универсал символдар түрінде бере аламын.

Егер біз Кіндікті (Орталық Нүктені) — бастаудың, негіздің, "көрілместің" (непроявленность) символы деп есептесек, сол бастаудан шыққан, туған, жаратылған, өрбіген дүниенің, заттың, нәрсенің барлығы да оның "жариясы", яғни "жария болуы", "көресіні" (проявленность) болып шығады. Яғни, Кіндік-нүкте "көрілмес" болса, "көресін" — сол нүктеден таралған сәуле (сызық) немесе сол нүктені кіндік еткен шеңбер кескіні болып шықпақ. Нүкте - Нұр болса, сол нүктеден таралған сәуле (сызық), нүктені кіндік еткен шеңбер — Нұрдың шашуы, яғни, "нұршашу" болып табылады. Қазақтағы "үш тоқтамды", яғни, "ақыл — арқан, ой — өріс, адам — қазық" дегенді іс жүзінде сәуле сызығы (арқан), шеңбер (ой), нүкте (қазық) деп қарастыруға болады, әрине, бұл жағдайда, осыларға сәйкес келетін ақыл, ой, адам сөздерін басқаша нақтылауға тура келеді.

Сөздік

Бұл жерде біз жеткізбек ойды көрсетудің екі тәсілінің — геометриялық символика мен сандық символиканың толық сәйкестігі (параллелизмі) көреміз, сондықтан оларды бірдей деңгейде және бірінің орнына екіншісін алмастырып та қолдана беруге болады. Тек екі тәсілді келтірген екі жағдайда да бұл жердегі әңгіменің бар болғаны символика жөнінде болып отырғандығын естен шығармаған жөн: қанша дегенмен, арифметикалық бірлік — метафизикалық99Бірегейлік емес, бар болғаны метафизикалық Бірегейліктің көп көресіндердің бірі түрі, мысалы ғана. Дегенмен, арифметикалық бірлік пен метафизикалық Бірегейліктің арасында реалды сәйкестік (аналогия) бар екендігін де Ілкі первоначальный, изначальный Көрілмес — непроявленность

Ілкі себеп – первопричина Нұршашу — излучение

Пішін – форма Барша, баршылық — Сущее

Мөлшер размер Мән, мәйек — сущность

Бірегей Единое Келтірім — представление

Жария, көресін — проявленность

Бір санынан басқа барлық сан атаулының өрбіп шыққаны сияқты, Кіндіктен де, оның жариялары (көресіндері) арқылы, барша ғалам (заттар, нәрселер, тіршілік) пайда болған. Жарияның (көресіннің) өзі бастау алып шыққан Кіндікті өзгерте алмайды және оның мәніне еш әсер (ықпал) ете алмайды.

ұмытпаған жөн, сондықтан арифметикалық бірліктің көресіндерінің ішіндегі ерекше көресін екендігін де айтуымыз керек.

Бұл аналогия Бірегейлік идеясын сандық деңгейден трансценденттік1010деңгейге ауыстыруға мүмкіндік береді.

Осындай аналогия Кіндік идеясына да қатысты; ол да сандық деңгейден трансценденттік деңгейге шығарыла, ауыстырыла алады, нәтижесінде оның таза кеңістіктік сипаты жоғалып, тек символдық мәні ғана қалады.

Кіндік нүкте дегеніміз — Нұр, "көрілмес"1111.

Кіндік нүктеден тараған сәулелер немесе нүктені кіндік еткен шеңбер сызығы — Нұршашу. Осы "Нұршашу" дегеніміз — әлгі "жария", "көресін".

Кіндік нүктеден, яғни, Нұрдан тараған сәулелер (нұршашу) белгілі бір кеңістікті толтырады. Осындай кеңістік тек нұршашудың (жарияның, көрінерліктің) арқасында ғана өмір сүре ала алады, бар болады. Егер, кіндік нүктеден нұр шашылмаса бұл кеңістік те болмайды, жоқ болады. Осындай кеңістік — "Ғалам" деп аталады. Ғалам, оның шетсіздігімен, шексіздігімен, барлық тіршілігінің жиынтығымен, Баршылықтың барлық күйімен қоса алғанда — бар болғаны кіндік нүктенің, яғни Нұрдың универсал жариясы, көрінерлігі ғана болып табылады. Нұр (кіндік нүкте) болмаса, Нұр (кіндік нүкте) өз нұрын шашпаса (өз сәулелерін таратпаса) мына Ғалам (бүгінгі қазақтың келтіріміне сай айтқанда — Жалған, Пәни) да болмас еді. Яғни, кіндік нүкте деп отырғанымыз — бақи, оның жариясы болған Ғалам — пәни.

Абақ таңба

Абақ таңба — ортасында нүктесі бар шеңбер. Яғни, ол екі элементтен — нүктеден және шеңберден тұрады (суретте).

Нүкте — Құдіреттің (Принциптің) белгісі болса, шеңбер — Ғаламның (болмыстың) символы. Осы таңбаның шығу уақыты адамзаттың тарихының ең түпкі бастауларына кетеді. "Невозможно зафиксировать временное происхождение этого изображения, так как оно часто встречается на предметах доисторической эпохи; несомненно, в нем нужно видеть прямое восхождение к изначальной традиции1212.

Шоғым таңба

Шеңбер, яғни айнала кіндіксіз өмір сүре алмайды, ал кіндік болса айналасындағы шеңберсіз-ақ өмір сүре береді. Яғни, кіндік өзінің айналасынан кәміл тәуелсіз. Мұндай қарым-қатынасты кіндік нүктеден таралып шеңберге дейін жететін сәулелер арқылы анығырақ көрсетуге болады. Сәулелердің саны түрліше болып шығады; іс жүзінде олардың саны өте көп; шеңбердің сызығын құраған нүктелер саны қанша болса, кіндіктен шығып сол шеңберге барып тірелген сәулелердің саны да сонша болмақ1313. Бірақ, іс жүзінде, осындай кескіндемелер үшін сәулелердің, ерекше символдық мәнге ие, тұрақты саны пайдаланылатын болған, мәселен, төрт сәулелі, алты сәулелі, т.б.

Шоғым таңба — бір нүктеде қиылысатын сызықтардан құрылған геометриялық пішін. Ол бір тоғысу нүктесінен және бірнеше (екеу, төртеу, алтау, сегіз, он екі, т.б.) сызықтан тұрады, сондай-ақ, ол сол күйінде де, шеңбер ішінде орналасқан күйінде де кескінделе алады1414.

Бұл таңбалардың орнықты екі құраушы элементі бар, біріншісі — нүкте, екіншісі — сәуле сызығы мен шеңбер сызығы (сәуле мен шеңберді бірін-бірі алмастыра алатын элементтер деп қабылдаймыз).

Міне, осы екі элемент өзара оппозициялық жұпты құрайды: Нүкте мен сәуле/шеңбер немесе Кіндік (центр) мен шет (периферия).

Егер, көрсетілген таңбаларды екі өлшемді (ені, ұзындығы) кеңістіктікте емес, үш өлшемді (ені, ұзындығы, биіктігі немесе тереңдігі) кеңістікте бейнеленген деп есептер болсақ, онда, оларды төбесі жоғары қараған немесе төмен қаратылған (төңкерілген) конус пішіндерінде көрген болар едік.

Бұл пішіндегі нүкте шеңбер сызығының деңгейінен көтеріліп, жоғарырақ орналасатын болып шығады. Нәтижесінде "нүкте — сәуле/шеңбер" оппозициялық жұбының бастапқы "центр/кіндік — периферия/шеткей" қарама-қарсылығына өзгеріс еніп, енді "нүкте" — "кіндіктегі нүкте" — "биіктегі кіндік" — "үш" — "ең жоғарғы, ең биік тұс" және "сәуле/шеңбер" — "төмендегі сәуле/шеңбер" — "төмендегі периферия/шеткей" — "төменгі жақ, етек" болып өзгере алады. Бұл жағдайда біз таңбаны әлдебір тау немесе төбеге ұқсатып, елестете аламыз; нәтижесінде бұрынғы нүкте — таудың ұшы, ұшар басына, ең биік жеріне айналса, сәуле сызығы — таудың беткейіне, шеңбер сызығы – таудың табы, етек сызығына айналады. Сонымен, бұл пішіндік өзгерістің басты жаңалығы "жоғары — төмен" оппозициясының пайда болуы, яғни:

Нүкте — кіндік — өзек (өс) — ең жоғары, ең биік.

Сәуле/шеңбер — шеткей — төмен немесе табандық, бастапқы, "нөлдік" деңгей.

Ендігі жерде: Нүкте — кіндік — өзек (ос) — ең төменгі тұс. Сәуле/сызық — жоғарғы, бастапқы, беткі "нөлдік" деңгей. Міне, таңбаларға екі позициядан қарау нәтижесі бізге "кіндік (центр, орталық) және шеткей (периферия)" және "жоғары — төмен" қарама-қарсылықтарын бере алады. Бұл — аз нәтиже емес, өйткені, құр пішін үшін онша маңызды бола қоймайтын мұндай кереғарлықтар жұбы, сол пішінде белгілі бір нақты (реалды не абстракциялық) мағына берген жағдайда актуалды болып шығады.

Біздер таңбаға қарап отырып оны басқа бір нәрсеге ұқсата аламыз: басқа бір нәрсені көз алдымызға келтіре, елестете аламыз, "мынау анаған ұқсайды екен", "сол сияқты екен", "тәрізді екен", "аумайды екен", "ұқсастығы бар", "жалпы пошымы келетін, келіңкірейтін сияқты", "сияқты", "секілді", "сықылды", "сыңайлы" деген сөздерді қолдаймыз. Мұны "елестету", "көз алдына келтіру", "тәріздеу", "сәйкестендіру", "шендестіру", "ұқсату", т.б. атай беруге болады. Ең бастысы — көріп отырған таңбаны басқа бір нәрсеге ұқсатып, сол нәрсені көз алдымызға келтірумен іс бітіп қалмайды; бір ұқсатудың, елестетудің арты, іле-шала, екінші, үшінші, н-шы... ұқсатуға, елестетуге ұласады. Мұны "іле ұқсату", "іле тәріздеу" деуге болар еді, ал ғылыми әдебиетте осы сөзді, осы мағынаны "елексету" ("ассоциация")1515деген терминмен береді. Таңба жалпылама басқа бір нәрсеге ұқсату барысында сол таңбаның элементтері де әлгі ұқсатылып отырған нәрсенің маңызды екі элементіне сәйкестендірілетін болады. Мәселен, абақ таңбаны "ғалам" деп есептейтін болсақ, сол таңбаның элементтері болған нүкте мен шеңбер ғаламның тиісті бөліктеріне (мысалы, жер мен аспан) сәйкес болып шығуы тиіс болады.

Нүкте мен шеңбердің сәуленің өзара қатынасы

Нүкте — көрілмес (нұр) болса, оны кіндік еткен кемер шеңбер немесе сол нүктеден тараған сәуле — көресін (нұр шашуы) болмақ. Мифтік символдауда осы екі элемент түрлі сипаттық варианттарға ие болады, бірақ, барлық жағдайда да олардың "негізгі мен бағынышты", "жоғарғы мен төменгі", "(жасы, бойы, көлемі) үлкен мен кіші", "орталық пен шет", "көрілмес пен көресін", "іс-әрекет пен нәтиже" сияқты бинарлық-оппозициялық, семантикалық жұптық қасиет сақталып қала береді.

Біріншіден, абақ, шоғым таңбаларды сандық символдармен ұштастыруға болады. Бұл жағдайда нүкте әрқашан да бір (1) санымен символданады да, шеңбер мен сәуле бірден бастап шексіздікке дейінгі кез келген бүтін санмен символдана береді. Мифтік дәстүрлерде көбінесе 1:3, 1:7, 1:9, 1:12 сияқты сандық ара қатынастар (пропорциялар) қолданылады, дегенмен 1:1, 1:2, 1:4, 1:5, 1:6, 1:8, 1:10, 1:30, 1:40, 1:60, 1:90, 1:100, 1:360, т.б. пропорцияларының (барлығында да алдыңғы бір саны — нүкте символы болады) да қолданылу мысалдары бар. Егер осы сандық пропорцияларды геометриялық пішін арқылы берер болсақ, онда қажетті сандық мөлшердегі бір нүктені кіндік еткен (концентрлі) шеңберлерді немесе бір нүктеден тараған сәулелерді көрген болар едік.

Егер абақ (шоғым) таңбаны "ғалам" деп қабылдар болсақ, онда:

— Нүкте — 1) ғаламның ілкі тұрпаты (тумақ, протокосмос), 2) ғаламның кіндігі, өсі, өзегі.

— Шеңбер (сәуле) — ғаламның реалды тұрпаты болып шығар еді.

Сандық символиканы ұштастырар болсақ, мифтік дәстүрлердегі жиі қолданылатын жеті қат көк, жеті қат жер асты, жеті ғалам, тоғыз ғалам, тоғыз қабат аспан, т.б. көрсеткіштердің іс жүзінде ілкі тұрпат пен оның туынды нәтижелері екендігіне көз жеткізуге болады. Мәселен, жеті ғалам дегеніміз — бір бастапқы ғалам тұрпаты (көрілмес) мен оның алты (жеті) нәтижесі (көресіні); басқаларды да осындай үлгіде көрсетуге болады. Әр түрлі санмен (үш, жеті, тоғыз, қырық) берілген қабатты, құлашты, қырлы, т.б. нәрселердің (қорған, сауыт, жан, үй, т.б.) барлығы да осы модельдеудің варианттары болып табылады.

Егер абақ (шоғым) таңбаны "тірі пенде" деп қабылдар болсақ, онда:

— Нүкте — 1) жаратушы құрсақ немесе тіршілік субстанциясы, ұрық, 2) ана, 3) дене.

— Шеңбер (сәуле) — 1) ұрпақтар деп түсініледі, 2) бас, 3) аяқ, құйрық, т.б. болып түсініледі.

Сан арқылы символдар болсақ:

— Нүкте — бір ана немесе бір дене.

— Шеңбер (сәуле) — көп санды (үш, жеті, тоғыз, он екі, т.б.) ұрпақ немесе дененің көп (үш, жеті, тоғыз, т.б.) басы, аяғы, құйрығы.

Мифологиядағы "тірі пенделер" барынша нақты сипатқа ие болған, яғни, оны адам, құс, жылан, қасқыр, т.б. түрінде нақтылауға болады. Ертегілер мен мифтерде кездесетін үш, жеті, тоғыз, т.б. санды немесе басты (немесе аяқты, құйрықты, т.б.) жалмауыз кемпір, дәу, айдаһар, құс, т.б. кейіпкерлердің барлығы осы осы модельдеудің варианттары болып табылады. Жеті (үш, тоғыз, т.б.) балалы, балапанды адамның, құстың, жануардың, т.б. мақұлықтардың барлығы да осы модельдеудің варианттары болып табылады.

Егер абақ (шоғым) таңбаны уақыт айналымы деп есептер болсақ, онда:

— Нүкте — 1) ілкі уақыт, уақыт субстанциясы, б) Уақыттың басы немесе аяғы... (жылдың "басы артық" бес-алты күні).

— Шеңбер (сәуле) — уақыттың қалған бөлігі (мәселен, бір жылдың 360 күні).

Нүкте мен шеңбердің (сәуленің) натуралдық символдануының басқа сансыз варианттарын тауып көрсетуге болады. Олардың барлығын бірдей тізіп шығу мүмкін емес, оның үстіне, кейбір мысалдары осы және келесі кітаптарымызда қарастырылатын болғандықтан оқырмандар тарапынан жақсы ұғынысқа ие болады деп үміттенеміз. Бұл жердегі ең басты есте сақтарымыз: а) қандай ма болмасын мысалды қарастырғанда семантикалық жұптылық қағидалары өзгеріссіз қала беретіндігі, б) жұп құрау моделінің универсал екендігі.

Егер біз Нұрдың өзін нүкте арқылы символдай отырып, оны және оның символы болған нүктені ілкі зат — универсум деп қабылдайтын болсақ, онда, осы ілкі заттың белгілі бір материалдық құрамы (қатты, сұйық, бу, қоймалжың), энергиялық қауқары (жылу, электромагнит, биоэнергетика, жарық, т.б.), сезілу сипаты (иіс, үн-дыбыс, т.б.) бар, "болады" деп топшылар едік. Бұл жағдайда біздер символдық "ілкі тіршілік субстанциясы", "ілкі жарық", "ілкі жылу", "ілкі дыбыс", "ілкі иіс", т.б. "ілкі" тұрпаттаудың қажет болатындығын түсінген болар едік. Осылардың барлығын атау ("ат беру") үшін таңба оқуын пайдалануға тура келер еді.


Оқи отырыңыз

СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЙ. АРУАҚ ХАҚЫНДА

author

Серікбол Қондыбай

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

Атырауда 5-қабаттан құлаған бала жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Ақтауда кәмелет жасына толмаған қыздардың соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды mad...