ТАУ ТҰЛҒАЛЫ ТӘШЕНОВ

СӨЗДІҢ АТАСЫ
4460

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақ ССР үкіметін басқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің есімі қазіргі тәуелсіз Қазақстанның тарихына алтын әріппен жазылған. Оның жарқын өмірі туралы кітаптар жазылды, есімі Астана, Алматы, Көкшетау, Петропавл және Шымкент қаласының, аудандардың орталық көшелеріне берілді. Ол тірі кезінде шын мәнінде халықтың сүйікті перзентіне айналды. Оның мәні неде? 

Шайқас

Тың игеру науқанымен бірге Қазақстан бас­шылығы үшін қолдан жасалған ауыр ке­зең – Одақтас республикалардың «ше­ка­расы болмасын» дейтін лаң пайда бол­ды. 1960 жылдың 25 желтоқсанында «Ак­мо­линская правда» газетінде шағын ха­барландыру жарияланды: «Делегаттардың есіне саламыз: Бірінші Тың өлкелік партия конференциясы Ақмола қаласында 1960 жылдың 28 желтоқсанында ашылады…». Бұл ешкім күтпеген жағдай еді, өйткені сол кезде өлке деген әкімшілік-аймақтық құ­рылым атымен жоқ болатын. Тек екі күн өт­кеннен кейін ғана республикалық және об­лыстар газеттерінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1960 жылдың 26 жел­тоқсандағы «Қазақ ССР құрамында Тың өлкесін құру» туралы Жарлығы жа­рия­ланды. Онда былай делінген: солтүстік об­лыстардағы шаруашылық және мәдени құрылыстарға басшылық жасауды одан ары жетілдіру үшін және оның зор ресурстарын толық игеру мақсатында Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Президиумы қаулы етеді: «1.Қазақ ССР құрамында Тың өлке­сін құру, оған Ақмола, Көкшетау, Қос­та­най, Павлодар және Солтүстік Қазақстан об­лыстарының аумағын қосу және өлкенің әкімшілік орталығы Ақмола қаласында болсын. 2. Ақмола облысын қысқартып, оның аудандарын тікелей Тың өлкесіне ба­ғынатын етіп, соның құрамына беру». Өлкелік партия конференциясының қо­ры­тындысы бойынша шекараларды кең кө­лемде «қайта жасауды» жүзеге асыру үшін қасақана өлкелік атқару комитетінің тө­рағасы етіп, оған дейін КСРО ауыл­шаруа­шылық министрі міндетін табысты ат­қарған В.Мацкевичті сайлады. 

Сол кездің өзінде Орталық Қазақ ССР Үкі­метін айналып өтіп, Тың өлкесін тіке­лей КСРО мемлекеттік жоспарлау ко­ми­тетіне бағындырғысы келді. Тың өлкесінің бас­шылығы 1961 жылғы жоспарлы көр­сеткіштерді жыл сайынғы әдет бойынша рес­публикалық органдарға беруден бас тарт­қаны белгілі болды. Осыған бай­ла­ныс­ты Ж.Тәшенов Қазақ ССР Министрлер кеңе­сінің төрағасы ретінде дереу Ақмолаға ұшып келуге мәжбүр болды. Тың өлкелік партия комитетінің тікелей Мәскеуге ба­ғыныштылығына қарамастан, Жұмабек Ахметович бірінші хатшы Т.Соколовтың (сол кезде ол Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болатын) кабинетіне кірген бойда Соколовты қыс­паққа алды. «Несіне, сендер дандайсып жүр­сіңдер. Келесі жылдың бюджетін құрас­тыру үшін Қазақ ССР Мемлекеттік жос­палау комитетіне қажетті мәліметтерді неге бермейсіңдер? 

Оған Тихон Соколов асық­пай ғана: Жұмабек Ахметович, мә­ліметтерді беруде ешқандай кедергі жоқ,1961 жылдың бірінші қаңтарынан бас­­тап Тың өлкесінің бюджетін құрас­тыра­тын көрші республика – РСФСР-дің Мемлекеттік жоспалау комитетіне тапсы­рыл­ған. Ал солтүстіктегі бес облыстардың Қа­зақстанға бағынуы осымен аяқталды. Ма­ған дауыс көтермеңіз, енді мен Ресей аза­матымын» деп әңгіменің аяқталға­нын біл­­дірді. Бұл жанжалды Соколов сол күні өзін­ше Мәскеуге, тікелей Хрущевке жет­кізді. КПСС Орталық комитетінің сол кез­де­гі инспекторының естелігіне қарағанда, Н.Хрущевті таң қалдырғаны Тәшеновтің «Тың өлкесі ешқашан Ресейге берілмейді» деген айбарлы сөзі емес, қайта Соколовқа айт­қан «24 сағаттың ішінде Қазақстаннан та­баныңды жалтырат» деген сөзі болды. Мұн­дайға қолында шексіз билігі бар Хрущев шыдай алмайтыны белгілі еді. Бірде, 1960 жылы Никита Хрущев тың жә­не тыңайған жерлерді игеру жөніндегі бүкілодақтық науқанды қорытындылай ке­ле көлгірси жөнелді. «Бүкіл пат­ша­лық Ресей әкімшілігі 100 жылда қазақтарды колониялық езгі кезінде жасай алмағанын жал­ғыз өзім іске асырдым. Қазақ ССР-дағы басқа халықтардың үлес салмағын 50 пайыз­ға жеткізіп, жергілікті халықпен теңес­тірдім». 

Дандайсынған Хрущев мұ­ны­мен қоймай: «Өлкелік басқаруға көшу керек… болашақта одақтас республи­ка­лар­дың шекаралары жойылады… мына ақ моланың бізге қажеті жоқ» (ол Ақмоланы меңзеп отыр, 1961жылы Хрущевтің қыс­па­ғымен оны Целиноград деп өзгертті). Осы­лайша, ол 1961 жылдан бастап Қазақ­станның солтүстігіндегі өнеркәсіптік және ауыл­шаруашылық мүмкіндіктері зор бес об­лыс­ты тікелей Мәскеуге бағындыру тура­лы жоспар құрды. Мұнымен қоймай, Мәс­кеуде Маңғыстау жарты түбегін – Түрк­іменстанға, сол кездегі Шымкент об­лы­сының Бостандық, Киров және Мақ­таарал аудандарын көрші Өзбекстанға беру мәселелері қарастырылып жатты.

Тың өлкесін дереу құру жөніндегі Ор­талықтың қысастық қарқынына сол кез­де­гі өз әріптестері – Қазақстан ком­пар­тия­сы Орталық комитетінің бірінші хат­шысы – Д.Қонаев, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңе­сі Президиумының төрағасы – С.Нияз­беков, солтүстіктегі бес облыстар­дың бірін­ші хатшылары – Ақмолада – Т.Соко­лов, Қостанайда – А.Бородин, Көкшетауда – А.Трещев, Солтүстік Қазақстанда – Н.Борзов, Павлодарда – С.Елагиндердің үн­сіз мойынсұнғандарына қарамастан, Жұ­мабек Тәшенов жалғыз өзі қарсы тұруы­на тура келді. 

1960 жылдың соңында Ақмолада өткен кеңес­те Н.Хрущев Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы Ж.Тәшеновке қарап «Ше­шімін созуды күтпейтін бір мәселе бар – рес­публиканың жер көлемі. Бұл мәселе жөнінде біз Қонаев жолдаспен және об­лыстар басшыларымен пікір алыс­тық. Олар біздің ұсынысымызды қолдап отыр. Ен­ді, Жұмабек Ахметович, осы мәселе жө­нінде сіздің ойыңызды білсек». Ж.Тәшенов өзіне тән қайсарлы міне­зімен атып түрегеліп, СОКП Орталық ко­митетінің бірінші хатшысы Н.Хрущевке тіке қарап: «Туған жерім Ақмола об­лысы. Он екі жыл бойы Солтүстік Қа­зақ­стан облысында жұмыс істедім. Әке-шешем және басқа да аруақтар осы жерден жайлы орын тапқан. Енді сіз бұл жерді Ресейге бермексіз. Ойланыңыздар, жолдастар, қай қазақ мұндаймен келіседі? Тағы да ойланыңыздар, жолдастар! Мы­са­лы, мен өзім, бұл мәселенің күн тәртібіне қойылуына үзілді-кесілді қарсымын!». «Сен кім едің, партияның (СОКП Орталық комитетін меңзеп тұр) бағытына қарсы тұра­тын, – деп Хрущев ашуға басты. 

– Олай болса, біз сендерсіз-ақ (республика бас­шылығын меңзеуде) шешім қабылдай ала­мыз. Кеңес Одағы бір тұтас ел, сондық­тан кімге қандай аймақты беруді Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесі шешеді». 

Тәшеновтің жауабы сандырақтап кет­кен Хрущевті бірден сабасына түсірді. «Егер Жоғарғы Кеңес өз бетімен рес­пуб­ликалардың аймағын бөлуге араласатын бол­са, онда Кеңес Одағы Конституция­сы­ның пәрменін жою керек, – деп Жұмабек Ахметұлы мәселені басқа қырынан қойып, ойын одан ары жалғастырды. 

– Ел Конс­ти­туциясында одақтас республикалар қалып­тасқан тарихи аймақтың құқықтық иесі делінген. Егер бұл заң талабы бұзы­латын болса, біз халықаралық құқықтық ұйымдарға жүгінуге мәжбүр боламыз». Мұндай батыл қарсылықты күтпеген Ни­кита Сергеевич сасқанынан үн-түнсіз қал­ды. Ол кезде КСРО Конституциясына қол сұғуға ешкімнің батылы бармайтын. Жи­налыстан шыққан Қазақстан ком­пар­тиясы Орталық комитетінің бірінші хат­шысы Д.Қонаев әріптесінің батыл әре­кетіне сүйіспеншілігін жасыра алмай: «Әй Жұмеке, жүрек жұтқан батырсыз-ау, арыс­танша атылдың ғой»! дегеніне Жұме­кең: «Елім мен халқымның мүддесі үшін қан­дай қияметке болсын дайынмын» депті. Жұмабек Ахметұлының осындай дә­лелді де дәйекті пікірі шын мәнінде, Қа­зақстан аумағының тұтастығы үшін Мәс­кеумен текетіресті тарихтың талқысына сал­ды. Тәшеновтің осындай батыл қар­сы­лығынан қаймыққан Хрущев енді одақтас рес­публикалардың аумағын бөлу мәсе­ле­сіне қайтып жоламайтын болды. Хрущевтің шыдамынан шыққан тағы бір жайт, сол күні болды. Ол туралы кезін­де Жұмекеңнің көмекшісі болған Жасұлан Дайырбеков былай деп еске алады: «Түс­тен кейін өткен республикалық мәжіліс жұ­мысын одан ары жалғастырды. Ешкімге сөз бермеген Хрущев бар ашу-ызасын Қо­наевтан алғандай болды. Небір дөрекі сөзд­ерді айтты… Дәл сол сәтте Хрущевтің бірін­ші көмекшісі Андрей Шевченко еш­кімнен рұқсат алмай өз бетімен Жұмабек Тәшеновтің ұшаққа отырып, демалу үшін Қырымға бет алды. Соны біліп қой­ған Тәшенов рация арқылы ұшқыш­тар­мен байланысып, Ақмола аэропортына қайтып келуді бұйырды. Өз кінәсін мойындаған Мәс­кеу шенеунігі тізерлеп отырып Жұма­бек Ахметовичтен кешірім сұрады. Жұме­кең бұл туралы Хрущевке айтуды қажет деп таппады. Есесіне оны Хрущевтің кө­мек­шісі басқа қырынан жеткізді…» Тәшеновті көндіре алмайтынын түсін­ген Хрущев бірінші хатшы Д.Қонаевты ша­қырып алып, Қазақ ССР Министрлер Кеңе­сінің төрағасын аяусыз сынға алып, лауа­зымды қызметінен босату және оны тө­мендетіп, басқа жаққа жіберу жөнінде шұ­ғыл тапсырма берді. Республикалық Ор­талық партия Комитеті бюросының жа­бық мәжілісінде Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Ж.Тәшеновтің қыз­ме­тіндегі «кемшіліктер» қаралды. Бюро мү­ше­лері мәселенің мән-жайына бармас­тан, пар­тиялық тәртіпке беріктік­те­рін таны­тып, Ж.Тәшеновті қызметінен босату жө­нін­де бірауыздан дауыс берді. Бюродағы әріптестері мен қандастары­нан опық жеп, жеңіліп шыққан Жұмабек Ах­метұлын шын мәнінде халқы жеңімпаз деп таныды. 

Жеңімпаз мұрасы 

Қызметінен алынған Жұмекең сөзсіз жеңіспен шықты. Елінің тұтастығын сақ­тап қалуда қандай ерлік жасағанын Жұ­ме­кең бірден түсінді ме жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ КСРО басшылығымен тай­таласып, оның айтқанына көнбудің не­мен аяқталатынын Жұмабек Ахметұлы сез­беді емес, сезді және Орталықтың қан­дай да бір шешіміне тас түйін дайын бо­ла­тын. Ең бастысы осындайда жанына бат­қаны, кейбір жора-жолдастар мен та­мыр-таныстардың Жұмекеңнен бойларын алыс­тата бастағаны еді. Сонда Қазақ­стан­ның осыншама жерінің тұтастығын кімдер үшін, не үшін сақтауға басын тікті? 

Бір өзін кімнен болса да, қалай болса да ара­ша­лап алуға Жұмекеңнің қауқары да, бі­лі­­мі де жетер еді. Жұмекең бүкіл бол­мы­сы­нан бірбеткей, алған бағытынан қайт­пайтын нағыз қайраткер болатын, сон­дықтан өзі айтқандай: «Елімнің жерін тақ­қа айырбастамаймын» деуі тегіннен- те­гін айтылмаған. Бұл ұлтжанды азаматтың сөзі, өжет адамның көзқарасы, тектіліктің белгісі. Никита Хрущев Жұмабек Тә­шеновпен болған тартыстан кейін КСРО география­лық картасын қайта өз­гер­туден мүлдем бас тартты. Тарихта қал­ған оқиғаларды қанша жыл өткеннен кейін саралай отырып, Н.Хрущев мынадай жағ­дайды да ескерген болар деген болжам жа­сауға тура келеді. Шексіз билігі бар алып мемлекет басшысы Хрущевке бір рес­публиканың Министрлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов жалғыз өзі қарсылық көрсетіп, батылдық танытса, қазақтар айтпақшы «жер дауы, жесір дауы» бо­ла қалған жағдайда қазақ халқының қа­һарына ұшыраудың қандай бір ауыр жағ­дайға алып келетінін көзге елестету мүм­кін бе еді. 

Кейіннен 1979 жылы Қазақ ССР-аумағында Неміс автономиялы облысын құру және 1986 жылғы желтоқсан кө­терілісі туралы тарихи фактілер Никита Сергеевичтің сол кездегі қауіптенгенін рас­тағандай болды. Халқымыздың сүйікті композиторы Шәм­ші Қалдаяқовтың естелігінде жазыл­ған­дай: «1959 жылы Солтүстік Қазақстан аумағын басқа республикаға береді дегенді естігеннен кейін баршамыз алаңдаулы болдық. Сол жылы белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» патриоттық әніне саз жазуды ұйғардым». Кейіннен жарты ғасырдай уақыт өткеннен соң еліміз тәуелсіздігін жариялаған кезде бұл ән мемлекеттік әнұранға айналды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бұл ән халқымыздың көңілінен шыққаны соншалық, радиотыңдаушылардың сұрауы бойынша Қазақ радиосы оны күнде беріп жатты. Жер мәселесіне байланысты Орта­лық пен Қазақстан арасында туған дау сол кез­де республика халқының да мазасын ал­ғаны белгілі. Осы жайтты Ж.Тәшеновтің ниеттес до­сы, философия ғылымдарының док­то­ры, про­фессор С.Кенжебаев былайша еске тү­сіреді: «1954 жылы Н.Хрущев Алматы­да­ғы Абай атындағы опера және балет теат­рында республикалық актив жина­лы­сындағы тың және тыңайған жер көтерудің көшбасшысы, инициаторы Тәшенов деп мәлімдеді. Егер осы инициатор Қазақ­стан­ның солтүстік облыстарын Ресейге қосу­ға ризашылығын берсе, Хрущев мәз-мей­рам болар еді. Бірақ Жұмекең атаме­кен­ді саудаға салуға, сөйтіп қазақ халқы­ның алдында ауыр күнәға қалуға әсте бармады. КСРО басшысына жағынып, мәр­тебеге ие болу Жұмекеңнің бүкіл бол­мысына жат еді. 

Жұмекеңнің қайыспай ше­шкен шешімі – халық мүддесін көз­дегендік, қазақ жерінің тұтастығына тұтқа болу». Ж.Тәшеновтің арқасында Қазақ­стан­ның құрамында қалған жер мөлшері 565,4 мың шаршы километр немесе қазіргі Қа­зақ­стан Республикасы аумағының бестен бір бөлігі. Егер сол кезде Жұмабек Ахмет­ұлы Орталықтың айтқанынан шықпай, көрші республикаға аталған бес облысты бере салғанда, Ресей Федерациясының құра­мына қарапайым есеппен 3,7 миллион адам (1999 жылғы халық санағы бойынша) кетіп қалар еді. Бұған Түркіменстанға кет­келі тұрған кенді Маңғышлақты, Оң­түс­тік Қазақстанның Өзбекстанға тағы да бергізгелі тұрған үш ауданын Тәшенов бер­гізбей, Қазақстанның құрамында сақ­тап қалдырғанын қоссаңыз, онда Жұ­ме­кеңнің бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Рес­пуб­ликасы тарихындағы рөліне қазіргі ұрпақ лайықты бағасын беруі тиіс. Егер Солтүстік Қазақстанның бес об­лысының сақталуын бүгінгі тәуелсіз елі­міздің әлеуметтік-экономикалық даму са­тысына сараптап қарайтын болсақ, Жұ­мекең жасаған ерлік пен қайсарлықтың мәні мен маңызын ештеңемен салыстыру және өлшеу мүмкін емес! 

Соның нәтиже­сін­де қазіргі Қазақстан Солтүстік Америка (АҚШ пен Канаданың солтүстігі), Еу­ропада (Франция, Украина және Ресейдің оң­түстігі), Оңтүстік жарты шар (әсіресе, Ар­ген­тина және Австралия) қосқандағы бү­кіл әлемдік жетекші астықты алқап ата­нып, жоғары сапалы астықты дақылдарды мол өндіретін мемлекетке айналды. Республикамыздың басшылығына ке­ліп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зи­диу­мының төрағасы, Министрлер кеңе­сінің төрағасы болып қызмет істеген жыл­дарында: 

– Алматыда Абай даңғылы болуын, сол көшенің басына Абайға ескерткіш орна­тылуын ұсынған, қадағалап іске асырған. Мәскеудегі тізгін-шылбыр иелерін илік­тіру үшін Тбилисиде Руставели, Ташкентте Науаи, Мәскеуде Максим Горький даң­ғы­лы барын көлденең тартқан; 

– Қазақстан Компартиясының бірінші бас­шысы Жұмабай Шаяхметовтің тұсында қол­ға алынған, бірақ жеріне жеткізілмеген елеулі мәселені – Медеу шатқалында мұз ай­дынын жасауды тиянақтату үшін КСРО Жо­ғарғы Кеңесі Президиумының төра­ғасы К.Ворошиловты қонаққа ша­қы­рып, шатқалды көрсетіп қызықтырып, ойын нық дәлелдеп, құрылысқа қажетті қар­жыны алған; 

– Әйгілі «халық жауы» науқанында жа­зықсыз жазаланып, қазаға ұшыраған арыс­тарымызды ақтау, кейінде қуғынға ұшы­рап түрмеде жатқан, айдауда жүрген қай­раткерлерімізді бостандыққа шығару мә­селелерімен шұғалданатын (СОКП ХХ – құрылтайының шешімдеріне сай) рес­пуб­ликалық комиссияны басқарып, игі­лік­ті қыруар жұмыс атқарған; 

– Мәскеуде Қазақстан өнері мен әде­бие­тінің екінші онкүндігін 1958-жылы жан-жақты жақсы дайындықпен өткізуге күш салған. Онкүндік нәтижесінде айтулы тар­ландарымыздың ең жоғары атақпен ма­рапатталуына, үлкен құрмет-қошемет көруіне, бес артисімізге «КСРО Халық ар­тисі» атағы берілуіне себепші болған; 

– ҚКП Орталық комитетіндегі қай­сыбір «сақ-қырағылар» Бауыржан Мо­мышұлының «За нами Москва» кітабының жарық көруіне қарсы болса да, Жұмекең орынсыз қарсылықты жеңіп, кітапты шы­ғарт­қан; – Алматының дәл ортасында, салынған 120 пәтерлік үйді қазақ әдебиеті мен өне­рінің қайраткерлеріне бергізген; 

– Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын Ле­ниндік сыйлыққа ұсынуға жолбасшы бол­ған; 

– Нұрмолда Алдабергеновке Социа­лис­тік Еңбек Ерінің үшінші Алтын жұлды­зын, Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын алып беру үшін Мәскеуге барып, тиісті орындарда болып, көп әрекет жаса­ған, бірақ хрущевшілдердің, маршал И. Коневтің қарсылықтарына тап болған; 

– Жұмекеңнің бастамасымен күрішші Ыбырай Жақаев пен шопан Жазылбек Қуанышбаевтарға екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағын алып берілді; 

– Республика тіршілігінің қай сала­сын­да болсын қазақтың білімдар, жас кадрларын өсіруді бірінші кезектегі мін­деті санап, орындап отырған. Министрлер кеңесіне төраға болысымен аппаратына 12 қазақты алған; 

– Жезқазған геологиялық партия­сы­ның бастығы ШаҺмардан Есеновтің бола­ша­ғы зор екенін болжап біліп, жас ма­ман­ды республика Геология министрінің орын­басарлығына тағайындаған; – ҚКП Орталық комитетінде қазақ га­зет­терін аудармаға айналдыру туралы зы­мияндық мәжіліс өткізілгенде ашынып қар­сы сөйлеген. Сол кездегі «Cоциалистік Қа­зақстан» мен «Қазақ әдебиеті» газет­те­рін аударма газет болудан қорғап қалды; 

– Үйсіз жүрген Мағжан Жұмабаевтың же­сіріне пәтер бергізді; 

– Алматы мен Қарағандыда по­литех­ни­калық, Павлодарда индустриалды инс­титуттарды ашуға мұрындық болды. 

– Тоңмойындар мен безбүйректерден жә­бір көріп, алдына келген адамдарға де­реу көмек көрсетіп жүрген. Қарапайым адам­дармен қарым-қатынаста болудан ар­­­ланбаған, қайта солардың өтініштері мен арыздарына жете қараған.

Тәшенов тағылымы

Кеңес Одағын Н.Хрущев басқарған жыл­дары және одан кейін де қазақ хал­қы­ның мүдделері ескерілмеді және бас­шы­лар­ды Мәскеу тағайындау жаман әдетке ай­налды. Орталықтың оспадар саясатына ең бірінші болып ашық қарсылық біл­дір­ген Жұмабек Тәшенов еді. СОКП Орталық партия Комитетіне хат­шы болып ауысқан Л.Брежнев өзінің орнына Мәскеуден Қазақстан компартия­сы Орталық комитетіне 1 және 2-хатшы­лық­қа И.Яковлев пен Н.Журинді алып кел­ді. Бюро мүшелерінің барлығы бірдей бұл кандидаттарды қолдап дауыс берді. Осы кезде жуырда ғана Қазақ КСР Жоғар­ғы Кеңесінің төрағасы болып сайланған Ж.Тәшенов сөз алды да: «Аудандарда, об­лыстарда, министр­ліктердің орталық ап­параттарында білікті қазақ кадрлары жет­кілікті. Ортамызда Қазақстан ком­пар­тиясы Орталық комитетінің хатшысы Фа­зыл Кәрібжанов отыр. Оның басқалар­дан несі кем? Ол екінші хатшы болып істей алмай ма? Қазақ кадрларын бірінші және екін­ші хатшылық пен басқадай басшы­лық­қа тағайындамау біздің ұлтымызға мен­сінбей қарау деп бағалаймын». Мұндай батыл сөз үлкен алқалы жиын­да айтылғаннан кейін Брежнев сасып қал­ды, бар айтқаны: «Тәшенев жолдастың ұсы­нысының жаны бар, ол алдағы уақытта ес­керіледі, ал бүгінгі тағайындау Мәскеу­мен келісілген», – деп бюро жұмысын жа­бу­ға асықты. Л.Брежнев өз «өкпесін» бүгіп қал­ма­ды. «Тәшеновтің бұл ұсынысы жүрек соғуын тоқтатуға жақын қалдырды, оны оңай­лықпен ұмытуға болмас» деп «қал­жың­даған» сыңай танытты. Өмір көрсет­кен­дей, айтылған өткір сөздер Брежнев есі­нен кетпеді. Жұмекеңнің кейінгі жыл­дардағы тағдырына салқынын тигізді. Бірақ сол жиында айтылған Тәшенов сөзі аяқсыз қалмады. Көп ұзамай Ф.Кә­ріб­жанов екінші хатшы болып тағайын­дал­ды, басқа да қазақ кадрларының өсуіне жол ашылды. Жоғарыда айтқанымыздай, биыл Жұ­ма­бек Ахметұлы 100-ге толады. 

Жұ­мекең­нің өткен өмірін зерделеп отырсаң, сонау қазақ ауылдарын колхоздандыру кезінде 9 жасар бақташы болған Жұмекеңнің Қа­зақ КСР Министрлер кеңесіне жетекшілік еткен жылдары қас қағым сәттей өте шы­ға­ды. Осыған байланысты халықтың сүйік­ті тұлғасына айналған, болашақ тәуелсіз мемлекет – Қазақстан жерін бөл­шек­тетпей, соның тұтастығын сақтап қал­ған нар тұлға Жұмабек Ахметұлы Тә­шеневтің мерейтойын қазірден бастап лайықты өткізу бүгінгі ұрпаққа жүктелетін парыз болмақ. Осыған орай Ж.Тәшенов ме­рейтойына арналған түрлі конферен­ция­лар мен «дөңгелек үстелдер» өткізу арқылы рухы биік, патриоттық сезімі асқақ асыл ағамыздың өнегелі өмірімен бай­ланыстыра отырып, ұлттық тарихы­мыз­ды байыта түсер едік, артында қалған бай мұрасына жастар мен қоғам мүшеле­рі­нің назарын аударып, жас ұрпақ бойында ел­дік пен ұлттық құндылықтарды қалып­тас­тыруға мүмкіндік туар еді. Оның жар­қын мысалы Жұмабек Тәшеновтің өмірі. Осы тұрғыда билік органдары іштарлық жасамай, Жұмабек Ахметұлы Тәшеновке «Халық Қаhарманы» атағын беру мен аға­мызға Астана төрінен ескерткіш орнату мә­селесін шешсе, нұр үстіне нұр болар еді. 

Мейрам БАЙҒАЗИН

author

Жұмабек Тәшенев

ҚАЙРАТКЕР

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...