Жиырмасыншы ғасырда әлемдік прозада төңкеріс жасап, жазу мәнерін өзгертіп жіберген үш ұлы суреткер б...
Ардақ Нұрғазыұлы. Сен маған жат емессің, Бродский!
XX ғасырдың әдебиетінде поэзия мен поэзиятануда жетістікке қатар жеткен ақындар саусақпен санарлықтай ғана. И.Бродский әне солардың бірі. И.Бродский алдымен ақындығымен көзге түсті, соңынан сыншы болып танылды, тіпті ақырында ақындығын сыншылығы басып озды. Оны бұған сүйреген дүрбелеңге толы өмірі мен тағдыры деуге болады.
1972 жылы Кеңес үкіметі көшеде кетіп бара жатқан И.Бродскийді тарпа бас салып ұстап, ұшаққа салып Венаның мәлім бір әуежайына лақтырып жіберген. Содан ол келесі күннің кешінде сонда көзі тірі, ағылшын тілінде жазатын даңқы жер жарған ақын У.Аутонның (1907-1973) қарсы алдында отырады. У.Аутон оның АҚШ-қа барып табан тіреуіне жол қарастырады. И.Бродскийді қолтықтай жүріп Лондонда өткен қаламгерлердің халықаралық басқосуына қатысады. Тілшілер сонда «әдебиетшілердің халықаралық үлкен кездесуінде У.Аутон жұрттың назарын өзіне емес, қасына ертіп жүрген И.Бродскийге аударды. Сол ортада жұрт көп жұлдыздың ішінде шолпандай жарқыраған И.Бродскийді көрді» деп жазды. У.Аутон онымен қоймай, И.Бродскийдің жарық көруге тиіс жыр жинағына алғысөз жазбақшы болады (бұған дейін ол Кеңес одағында айдауда жүрген И.Бродскийдің батыс елдерінде алғаш ағылшын тілінде жарық көрген жыр кітабына алғысөз жазған болатын). Көп жылдардан кейін осы туралы сөз болғанда И.Бродскийдің «даңқты ақынның балапан жырдың иесі – менің өлеңдеріме алғысөз жазып беруі әбестік болар еді. Сәтін салғанда мен оған жол бермедім» деген.
Осылайша У.Аутонның күш сала қолдауы, кеңестік жүйеге қарсы өнімді жұмыс істей бастаған Батыс дүниесінің мұрындық болуымен И.Бродский өзі айтқандай «еркін тыныстайтын ағылшын тілі мен АҚШ төлқұжатының иесі» болып шыға келеді. Біраз зерттеушілер И.Бродский, міне, осы сәттен бастап сыншы болып қайта туды деп қарайды. Айтса айтқандай, 1972 жылға дейін ақын жалпы өркениеттер мен мәдениеттер туралы, Батыстың үлкен ақындары, айталық, Т.С.Элиот, Р.Фрост, т.б. туралы арнау өлең жазса, кейін батысқа барған соң поэзияның тәбиғатына және У.Аутонды қамтыған жоғарыда аты аталған ақындардың шығармашылығы туралы терең толғап, атын әлемге танытқан сын мақалалар жазды.
Батысқа барған соң И.Бродский өлеңдерін көптеген тілге аудартып жарыққа шығарды. Соның ішінде ағылшын тілінде жарық көрген «Тілдің бөлшегі» (A Part of Speech. 1977 ж.) жинағын ерекше атауға болады. Осы кітап оны ағылшын тілінде сөйлейтін елдерге ақын ретінде танытты. Кітапта дәл жинақпен аттас «Тілдің бөлшегі» деген өлең бар. Қытай тіліне аударылған өлеңді қазақшаласақ былай болып шығады.
«Селеу мен жусанның басын жел сүзген, татарлардың атының тұяғы дүбірлеген сайын дала, сен маған жат емессің. Жазылған түкті кілемдей, көз жеткісіз көкжиекке дейін бүркелген даланың қызғылт реңі, жапырақтар маған өз қанына боялған баяғы ханзаданы елестетеді. Жаңбыр төбеден жауған қисапсыз жебедей төгілуде. Шағын ағаш үйдің қабырғалары жауында қақырап айырылатындай үн қатады. Қайтқан қаздың гәккуіне үн қосып алтын күз осылайша жас төгеді. Төбедегі терезеден көк аспанға көз тастаймын. Құлағыма баяғының асқақ әуені келеді. Ол менің даланы қанға бояған соғысты аңсағаным емес, қайта қазақтар ардақтаған есімнің бір ұлттың ұранына айналған рухтың тамағына тығылғанынан деп білгейсің».
Өлеңнен сайын дала, татарлардың атының дүбірі, даланың сіркіреген жауыны, қаңқылдаған қаздың үні («қазақ» деген ат «қаз» деген сөзден келді деп жатамыз), ақын мақтанышпен ауызға алған қазақтың жұмбақ рухы (ұраны) кезігеді. Осыдан соң ойға «И.Бродскиймен қазақ байланыса ма?» деген сұрақтың туындайтыны белгілі. Жоғарыдағы өлең ақын мен қазақтың байланысатынын аңғартады. И.Бродскийдің өмірінен аз хабары бар адам оның Анна Ахматовамен тығыз байланыста болғанын білсе керек. Ақын әкелі-балалы Гумилевтерді, олардың еңбектерін, Орталық Азияның өткен тарихын жақсы білген. Одан қалса, И.Бродский 1955 жылы оқудан қол үзгеннен кейін, бір мезгіл кен барлаушылардың қатарында жұмыс істеген, нақтылап айтқанда, уран іздеушілермен бірге кеңес елінің біраз жерін шарлап шыққан. Бұл кезең Қаныш Сәтбаевтың қазақ топырағындағы кен байлығын картаға түсірген кезіне тұспа-тұс келеді. Мүмкін, И.Бродский жұмыс істеген топ уран іздеп, бүгінде осы элемент шығып жатқан біздің байтақ Сарыарқаның төсіне де табаны тіреген шығар. Бұған енді нақты жауапты әдебиет тарихын зерттеушілер беруге тиіс.
Бізді ойлантатыны, өлеңнің нені меңзегені болып отыр. Меніңше, өлең дүниені дүр сілкіндіріп, әлемді бойсындырған Шыңғыс хан және оның ештеңеден қаймықпайтын, тіпті әкесі Шыңғыс ханның өзінен де ықпаған, түркі тайпаларынан құралған жұрттың еңсесін көтеріп, өз алдына елдік туын тіккен, екі ғасырдан соң қазақ деген тұтас бір халыққа мемлекет болуға жол салған Жошы хан туралы айтады. Осыдан кейін И.Бродскийдің қазақ даласында болғанына, Жошы ханның күн қақтаған мазарына қарап тұрып, ұлы тарих туралы ойға кеткеніне толық сенесің. Түп-тамырын, тегін бағалайтын, содан туындаған бостандық рухы жолында ештеңемен есептесіп жатпаған ханзаданы өлеңге қосу арқылы ақын өз тағдырын, алып империялардың мүддесінің алдында қашанда құрбандыққа шалынып кете беретін кіші халықтардың тарихындағы әсте ұмытпауға тиісті ұлылықты жырлаған. Кеңес қоғамында жасаған еврей ұлтының бір мүшесі ретінде И.Бродский аз халықтардың тартқан тақсыретін кімнен болса да артық білді. «Мен 7 жасымда өзімнің еврей екенімді сездім. Сабақтастарым сездірді» деп жазады ақын. Өзінің «өзге» екенін сезгеннен кейін көп адамдар барын салып осы «өзге» болудан құтылудың жолын іздейді. Кеңес қоғамында басым сандағы еврейлер де, қазақтар да, басқалар да солай істеген (Баяғы Ф.Фанон айтқан «қазір, мен барлық жағынан ақ тәнді сияқты сауаттымын, шіркін, терім ақ болып қалсашы!» деп ауырып қалатын көңіл-күй). Алайда, И.Бродский жоғарыдағы түсініктен мүлде басқаша көзқарас ұстанады. Күштілердің алдында бүгежектеме, қайта өзіңнің «өзге» екеніңді сезін, бүгінге дейін қаныңда ойнаған рухыңды, тегіңді ұмытпа, сонымен мақтана біл дейді ол. Бұл ойынан И.Бродский, тіпті АҚШ-та өмір сүріп, еркіндікке шыққаннан кейін де айнымаған. Содан да болар, ол өзінің ағылшын тілінде жарыққа шыққан ең таңдаулы жыр жинағына жоғарыдағы өлеңнің тақырыбын берген.
P.S.
И.Бродский тіл – рухтың тылсым мекені, поэзияның құдыреті сонда жасырынған деп қараған. Осы тұрғыдан келгенде жоғарыдағы өлеңнің тақырыбын «Рухымның бір бөлшегі» деп түсінген дұрыс. 1987 жылы «Адам мен ол жасаған қоғамдық ортаның қақтығысы дәуірінде эстетикалық талғам мен моралдық құндылықтың таразысын шайқалтпай ұстап, өз дәуірінің тарихы болмысын поэзия құдыретімен кең пішіп, терең толғап, жеріне жете көрсеткені үшін» И.Бродскийге Нобель сыйлығы берілді. Өкініштісі, бостандық пен адамға тән ар-намысты бәрінен жоғары қоятын асау жүректі ақын 56 жасында кенеттен жүрек талмасынан АҚШ-та өмірден озды.
Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ