Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Әдеби байқау – таланттың тас қайрағы

ӘДЕБИЕТ
2386

«Мәдениет порталында» жарияланған «Семсер» әдеби конкурсы аз уақыт ішінде жас қаламгерлер арасында кеңінен танылып, әдеби ортада үлкен резонанс тудырды. Маусым айының соңына қарай қорытындысы шығып, жеңімпаздары анықталатын конкурстың өту барысы туралы әділ қазылар алқасының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлынан конкурс туралы аз-кем сұхбат алған едік.
– Жуырда «Мәдениет порталында» жарияланған «Семсер» әдеби конкурсы көптеген қаламгер жастардың қызығушылығын тудырып, әдеби ортада жақсы танылып үлгерді. Осы орайда әділқазылар алқасының мүшесі ретінде аталмыш конкурсқа толығырақ тоқталып өтсеңіз... Ұйымдастырушы мен демеушілер кім? Қорытындысы қашан шығады?

 – Биыл – жастар жылы. Мағжан ақын айтқандай, жастарға сену керек, үмітпен қарау керек. Демек, негізгі бағыт жастарды қолдау болып табылады. «Семсер» әдеби конкурсына деген жастардың қызығушылығы басым екені байқалып отыр. «Мәдениет» порталына жарияланып жатқан шығармалар осыған куә. 

Бас демеушісі – ERG деген компания, еліміздегі тау-кен өндірісі, энергетика, логистика салаларындағы ең ірі компаниялардың бірі. Атап өтерлігі – мәдениетке қолдау көрсететін алпауыт компаниялар көбейе бастағаны. Бұл – жақсы нышан. 

Енді конкурс туралы бірер сөз. Ол бастан-аяқ онлайн түрде өтеді. Демек, ашықтық бар. Біз ғана емес, барша оқырман оқып, үн қоса алады. Дауыс береді. 

Бұл деген жақсы емес пе! Әділ болу деген осы ғой.

– Онлайн өткізіліп жатқандықтан конкурсқа қатысушылардың шығармаларын барлық оқырман жіті бақылап отыр. Конкурстың ережесінде қазылар алқасының шешімімен қатар оқырмандардың берген дауысы да ескеріледі делінген екен. Осы ретте сіздер шығармаларды қалай бағалайтындарыңызды айта кетсеңіз...

 – Әрине, дауыс беру мүмкіндігі бізге де, оларға да ортақ екенін айтып өттім ғой. Қазір ұнаған шығармаларымызды белгілеп, өз ойларымызды жинақтап жатырмыз. Әлі уақыт бар. Түсіп жатқан шығармалар арасында жақсылары да бар, бірақ сын көтермейтіндері де баршылық. Әсіресе, сын бағытында... Бүгінгі күні сын жазу жағы расымен де ақсап жатыр екен. Материал да өте аз. 

– Конкурстың қамтылмай қалған тұстары бар шығар? Өзіңіз қаламгер ретінде тағы қандай талап-шарттар болғанын қалар едіңіз?

 – Бізде қазір балалар әдебиеті де ақсап тұр. Оны дамыту үшін болашақ ұрпақтың рухани дамуын қалайтын әркім шама-шарқынша еңбектенуі керек. Осы орайда конкурста балалар әдебиетіне арналған номинация болса ғой деген ойымыз да жоқ емес. Бәлкім келешекте «Семсер» әдеби конкурсы дәстүрлі түрде өтетін бәйгеге айналып жатса, ұйымдастырушылар осы жағын да қарастырар деген ойдамыз. Сонымен қатар, проза, поэзия жанрларымен қатар жүретін драматургияның болмай қалуы да өкінішті. Алайда көш жүре түзеледі деген ғой. Болашақта бұл олқылықтың да орны толтырылар деген сенімдеміз.

– Осындай ашық түрде өткізілетін конкурс пен бұрынғыдай конверт арқылы келіп, жабық түрде қорытындысы шығатын конкурстардың айырмашылығы туралы не ойлайсыз?

 – Айырмашылық жер мен көктей, әрине! Онлайн конкурс – уақыт талабы. Тағы да айтам – мұнда бәрі де ашық. Әділ бағалауға мүмкіндік мол. Мұндай әдеби байқау, әлбетте, таланттың тас қайрағы. Құлшыныс басым. Қатысушылар өте көп. 

Конкурстың сәтті өтуіне, жүзден жүйріктердің бәйге алуына тілектеспін. Бұны алдағы уақытта жалғастырса құба-құп. Өйткені, әдеби конкурстар қай жағынан да тиімді. – Әңгімеңізге көп рахмет! 

Әңгімелескен Индира Жуазбаева

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...