Мадина ОмароваМадина Омарова әдебиетке тәуелсіздік кезеңінде аяқ басқан жазушы. Рухани кеңісті...
Сұраған Рахметұлы. Ақ шашты сәби...
Ойдың, еркін ойдың қанаты – бейтараптықта...
Артур Шопенхауэр
Осы бір ақ шашты «сәби» алаңсыз, көгершін жанды ақ адал – Исраил Сапарбай ағаны жолықтырған сәтімнің бірінде бұлай ойлап едім. Қаншама ақынға жөн сілтеп, қаншама ақынға «жуырын жолын» ашып, хаһи пейілімен батасын берді екен бұл кісі деп!? Зәуде іштарлығы жоқ ақынның ғана жүрегінде құштарлық болары хаһ. Кемді күнде кең жүрегін кембағалға аша беретіндердің саны қанша екенін бір тәңір білер...
Мейлі! Біреуі біреуінен асып туған пейілді, һәм зейінді ақындар аз емес көп бізде. Бірақ... Көп болса қайда, кім, қандай өлшемде!? Жоғары қарайсың. Биіктен де биік ақынды көргің келеді, аңсарың ауады. Биіктік – өлеңге өлшем болудан қалғалы қашан! Десе де... Исекем сол пейілділердің оң жағына қарай кең жайғасқан өз шеңберіндегі ақын. Өз дәуірінде өз шебін нақты сызған, өз өлшемінде жүзіп жүрген жан. Сол шеңберді (синус) қоршап ентелеп, тұрған қаншама ақындар болса солармен жандүниесі бірге. Шексіздік сызығындағы ақындардың да бірден басталатын реттік саны туралы ұғым да ескірді. Советтік дағдыдағы қолпаштама ақ, қара тізім, рет, кезек т.б осындай пәкін-шүкіншілдік хас ақынға жарасымды да, қажет те емес секілді. Жарамсақ, кәукелек, шоумен, популистлердің сасық апанынан да аулақта.
Қазақтың мұнар басқан Ұлы даласының қынар сағасында өсетін бозқарағандай боздауық ботала жырларға толы – «Бозқарағаны» бар аға. Өлеңінен үн саулаған, көмейінен күн саңылаған, көкірегі қобыз күмбір, көңілі көлдей шалқар... Өзі де өзінің өрен шарқын жасырмайды, алайда әсіре аспайды... Жалғыз парақ өмірінде кеудесін керіп, жасанды мақтануды жаратпаған дара! Қазақта қанша ақын болса – сонша мінез бар. Әр мінезде бір – әуез. Шіркеудегі бір дауыспен айтылатын діни ән (choralis) секілді поэзия болса не болмақ. Интеллектуалды поэзия деген бір қисын бар. Өте нәзік ұғым.
Әрине ұлы Абайдан ұлы Жұмекенге дейінгі аралықтағы кеңістіктегі ақындардың шеңберіндегі құбылыс. Бұл аралықты Ұлықбек Есдәулет, Темірхан Медетбек, Есенғали Раушан, Иранғайып, Жәркен Бөдеш, Мейірхан Ақдәулетұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Гүлнәр Салықбай, Байбота Серікбай, Серік Ақсұңқар, Светқали Нұржан, Мұрат Шаймарандарды қамтыған интеллектуалды поэзияның шеңберлі кеңісі кең деуге болатын да шығар!? Омарғазы, Тұманбай, Қадыр, Өтежан, Фариза, Төлеужандар бір төбе! Соңғы жастардың түрені бұдан да өзгеше.
Алайда ақындарды салмағына, бойына, қаракеттерінің ыңғайына қарай іріктеп қармап келді бір заман. Мұндайда әр ақын өз бояуынан ғана өз бағасын сезінуі тиіс. Стиль дегенді тек шығарманың нәзік тігісінен іздеуге болады. Оқулықтардағы жаттамалы іліми ұғымнан өзге де кебі бар. Алпысыншы жылдары (біздің көзімізге шыбын тышпай тұрғанда) өзі оңбай «таяқ жеген» чехиялық Рене Уэллек (Rene Wеllek 1903-1995) америкада – «Әдебиет теориясы» (1999) еңбегін жариялап, осы негізінде бірсыпыра зәрует мәселелерді ұсынған-ды. Өкінішіміз, біз оны өткізіп алдық. Сараптамалықты жарамсақ мақтау деп түсіндік, иландық. Жақсы ақындардың обалына қалдық па, деп қорқамыз кейде. Үндемей жүріп көп тындырған таланттарды айтам! Исраил Сапарбай аға да аса нәзік тігісті, уі-і-іл сыбысты сиқырлы сызықтар шегінен еді.
Жалыныңменен ысытпай, Жастығымды ұрлап жырымдап...
Жалындап тұрған шағында – «Жалын» баспасында (1983) қаһ поэзиямен аяқтанған ақынның қолтаңбасы сонда басталған. Сана дауысы бірыңғай соны. Өрісі өте кең болғандығы, жырларының мәйегінен көрінеді. Ол, көбіне үндемей жасай берді, замандастары оған әдейі мән бермеді...
Салбауыр бұлтын сақтап күз, сарғайған шақта бар алап. Ақ көйлек киген аппақ қыз, Ақ тұман ішін аралап...
Қазбауыр бұлттар қалықтап, бүткіл бір буынның балапан жырлары топшылана түскен зілді әрі ілкі заманда – «Қазақ әдебиетінің» (1984-1985), ақын, жазушылардың түгелі ақсағым, пәк танымның өліарасында өлімсіреп өшуге таяусыраған тұсында: – «Жазушы» баспасында (1985-1992) поэзия бөлімдерін басқарған. Бұл уақыттар – қазақ поэзиясының ерекше бұлқыныстағы кезеңі болатын-ды. Біз жетпісінші жылдардың қақ ортасынан кейін Исраил ағаны аса ашқарақтана тіпті санакөзімізбен оқи бастаған едік. Шетелдегі ортаға ол кісі аса салиқалы жырларымен жайлап қана келіп қонған. Жарты ғасырлық руһани ғұмыры бар ақын, дауырықпайды, айқайламайды.
Самалдатып өте береді, кете береді әйтеуір. Тәңіри сабырымен...
Бәрі өтер: Сауық та өтер, Сайран да өтер. Бақ дәулет баяны жоқ, байдан кетер. Жыртығы көіңлімнің қырық жамау, Білмейсің келетінін қайдан қатер...
Мінеки, «жыртығы көңілімнің қырық жамау...» («Ғұмыр сазы» 2011) деп тек өз үнімен өлең өрімдеп келеді. Бүгінге шейін... «Шертолғауымен...» («Бармақтай бақ» 1997) Кертолғау жырлары! Шетінен шымшып алып иіскеп көрейік.
Сеземін сенде жоқ алаң, Сеземін сенде жоқ қайғы. Ал менің көңілім зобалаң, әлдекімдерді жоқтайды. Жанарым жұмық жатқанмен, көңілдің көлпар көлі – сел. Көзайым көктем ақ таңнан, көзояу жатып оянам...
Әдеби өмірбаянның біртұтас кейіпін өзінен жұлып, өткеннің сабағындай лақ еткізеді.
Киелі қазақтың дүниеуи көшпелі мәдениеті мен әдеби өнерінің сексен, тоқсаныншы жылдардағы баянына ақын болып ілескен бір буынын тұтас тұмсығынан сыпырған сыпырағайып лирик десек те мүлт кетпес едік. Қазақфильмде телестудияны басқарды. Қазақ киносында «мынау» деп көрсететін майталмандарды жүрек көзімен көрді. Поэзия – газет, журнал, поэзия – баспахана, поэзия – сахна, поэзия – кино саласы: – ақын Исраил әлемін түгел қазаққа ашып берген-ді. Бұл руһани тағдырдың тоғысы. Ақынның әмбебап өсіп, кемелденуінің мұраты. Алайда одан өзгесі оның – сырлығайып поэзиясы.
ТМД-ның тұсында Өзбекстан қатарлы елде Тәуелсіз елінің байрағын жамылған дипломатиялық мәмілегер де болған. Сол кезде жазған – «Менің ән ұраным»-ы жай ғана ұран емес... Исраил ағаның мүлде жеке дара мөр әлемі!
Тәуелсіз мемлекеттің сыртқы саясатына үлес қосқан дипломатиялық қыры – Исраил ағаның мүлдем өзгеше бағытқа қалам тербеуіне «қалам қайраткерін қоғам қайраткерлігіне» сүйреп әкелген секілді. Кино және сахна саласында қызмет жасауы кемелденген ақынды драматургияға да қарай икемдеді. Әйгілі – «Әмір - Темір», құдыретті – «Абай -Тоғжан» драмалары осы кезден-ақ әлемдік сахна төріне сұрана алады. Көшпелі өркениеттің өмірімен шөлдеп тұрған жалпығаламдық ізденіске сәйкес осындай романтизмдерді ұсынды.
Қараңғы түннің тереңінен көрінер шөкім шырағданға ұқсас дүние секілді. Наум Берковскийдің – «Английский преромантизм» (2002) теориялық сараптамасы бар. Байрон, Шеллилерді шыт-жаңа неше қырынан көрсететін. Өкініштісі бізде осындай сараптама, ойтүйіндер жоқ. Мүмкін көп шығар, көрмеген, жолықтырмаған болармыз?!
Сондықтан бізге еленбей тасада қалғаны болса кешу...
Исраил ақынның тағдыры орыстың атақты ақыны, дипломат Федор Тютчевке (1803-1873) де жақын. Еуропа, неміс романтизмінен жұққан сұлба дәстүрден болуы керек – Тютчевтің жырларында махаббат әуезі өте күшті.
Бәрінен кереметі тылсымдық жандүниесінің кестесі. Тютчев – «Сөзбен кеткен ойыңның бәрі алдамшы...» деген кезінде. Оның – «Silentium»-ы (Үнсіздік) шегінде. Исекем де, «Балауыз шам» (2006) – да: «...Көкірегінде көлдей тұнық мұңы бар, Ақын жанын сен ұқпасаң кім ұғар...». «Базауыз шам» ақынның жыр шырағданы.
Тап келген тәңір тұстан сынақ қандай, Әзер тұр терек байғұс құлап қалмай. ...тағдыры жазатайым жас қайыңның, Шашында жанып тұрған шырақ бардай...
Исраил ағамның пәк тағылымдық келбеті келеді көз алдыма! Қып-қызыл шырағданның ұшындағы бозкекіл білтедей күлтелі – жарық от! Өзін бүркеп, басқаның күңгірттеу ішкі әлеміне шамшырақ жамылып еніп, өзгені нұрландырып жүрген дидарлы адалшырақ... Өрісі – кең пейіліне өрімдей сәйкескен, сана шаңырағы шаңқан, күлдіреуіші күмәнсіз ашылман. Зерделі һәм ақылман сәуе секілді! Руһани өмірбаянының екі қырық жылына тең – сексенге жуық жан байлығы (әні) теңгерілген сәруәр ақын – біз түгілі дүниежүзінде де санаулы болуы керек. «Менің музам мұңға азық...» дейді ақын.
Оқи отырыңыз: Исраил Сапарбай. «Тіл үшына қонған құс» /жаңа топтама өлеңдері/
Муза дүниені мұңлы саздарымен балқытқан, мүсіні көктеңбіл көктен аумайтын, тынысы көктем секілді кермиық – есіл де есіл бұл жәуһерді ешкім жатырқамайды. Есесіне ерекше еменжарқын ақынды жақсы көретіндер есе көп. «...Өлең өксіп, Аққудай әнім жылап...» тағы да!!!
«Рухнама» – еңбегінің үш томдығымен сырттай танысып едік, терезенің арғы жағына түскен ізкесте қыраудай өрнекті екен. Ағаның өткен іздеріне іштей ізетімді арнап: ...Ақ теңізге қарап ойға шомып отырғам-ды. Расында... – Осы ақында қанша бағалану бар деп? Жоқ екен...
Баяғы тәуелсіз – «Платиналы Тарлан»-ды мінбегенде тіптен қара жаяу. Бұлай құлдыратуға әсте болмайды ғой ағайын!
Анау, мынау емес: білікті, бірегей (қалам қайраткері) ақын Исраилды! Сыңар шикі жарымжан жалғыз роман жазып, оған мемсыйлық алғандар да жүр. Олардың бар атағы – халтурщик!
Моңғолияда Рэнцэнгийн Чойном деген қалыпқа симаған антисоветтік, ақыры түрмеде өлтірілген ақынын 1990 жылы ақтап, мемлекеттік сыйлықты көзі тірі шешесіне ұсынған-ды.
Дэндэвийн Пүрэвдорж есімді талантты ақынына – «Шыңғыс», «Тәуелсіздік», «Адамзатқа айтар сөз» поэмалары үшін Моңғолияның Еңбек Ері (2009) атағын берген.
Жуықта ғана болған оқиға: Моңғолияның президенті Халтмаагийн Баттулга резиденциясына жасы сексенге таяған дүлдүл ақын Пунцагийн Бадарчны шақырып жолығады да: – «Сіз мемлекеттік сыйлыққа лайықсыз...» деп ешбір анықтамасыз ақынның кеудесіне мемлекеттік сыйлықтың алтын белгісін тағып бергенін көрдік!
Бұрынағы жылдары – «Абай-Тоғжан»-ы үшін Исраил Сапарбайға, «Бейбарыс сұлтан»-ы үшін – Рахымжан Отарбаевқа мемлекеттік сыйлықты бере салса ештеңе кеміп қалмас еді ғой!? Ой теңіздің бетіне өлеңі мен руһы қалқыған талантты бейбақты құмда қалған балықтай қинауға бола ма!?
Жер шарының ақыры болмайтынындай – ақынның да ақыры жоқ. Өмір мен өлімнің арасына өлеңмен көпір салған өрен ойлы шайыр үздіксіз қалам тартып келеді. Үздіксіз!!! Тұмадай таза кейіпте! Үні – сөз, сөзі – өлең, өлеңі – әуенге айналған һақ күндердің нақ майданындағы сапы нақыл. Сағым шөккен салқар далада жайылған сүт реңді жырлары қандай. Ойымен сыр өрімдеп, түндерде жыр бүркеніп ұйықтайтын дегдар.
«Аққу арман» (1976), «Раушан ғұмыр» (1978), «Бозқараған» (1980), «Қызыл-жасыл дүние» (1984), «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» (1986), «Қызыл жел» (1998), «Ғашықтың тілі», «Бармақтай бақ» (1997), «Махаббат пен Ғадауат» (2009), «Дала», «Түнгі әуендер» (2006), «Балауыз шам» (2006), «Бір тамшы көздің жасындай» «2015). т. с. с. жыр жинақтары бар ұлы ақынды дер кезінде бағалау керек еді?! Енді мінеки: – «Бір тамшы көздің жасындай» өрнектеріне қанша ғажайып ой мөлтектерін сыналағанын байқап отырмыз!!!
«Ой тұмар» (2019) кітабында: – «әйдік ән әлемнің лүпілдеп соққан жүрегі...» депті. «Балауыз шам» жинағында: – «Ақыр заман» жырында – «...жарықты ала алмаспын Айдан сұрап...». Өзге не деуі керек!?
Өлең – менің өзегіме тамған у,
Шабыттану, жанып-тоңу,таңдану!
Ал, өңгесі – жамау-жасқау, жан бағу,
Одан қалса, Ахиретке қамдану...
Төрт бұрышты ғаламның сегіз түстігінде құйма санасынан басқаға жыртып беріп, риясыз ризықпен күн кешіп, үш бұрышты күдір, күрделі теңеуде – күндіз де түнде де жыр көшін алға қарай оймен сүйрету бейнеті – ақынға ғана жазылған... Олай болса шырақты қаламының ұшымен адамзаттың жан жарақатын тұрақты емдеп, зар илейтін ақ шашты сәби – осынау ақын Исраил. Әрине және басқа да ағалар да болуына таласым жоқ... Ақынның арзу жыр-жәуһерлері Илиаданың Ахиллесі секілді асып, тасып түсетін ағыл-тегілі аламанғайып.
Тұңғиықпын! Биікпін! Кеңістікпін! Әлім жеткен әр күннен жеңіс күттім. Тілегім ғой, тілегім Айдың сүті, Жүрегім ғой, жүрегім ең ыстық Күн!
Түркияның жеті поэзиясындағы реформаторының бірі – Сезай Каракөштің аян туралы өлеңдері оралады. «Тірілу» (1982) деген аяни қысқа шумағы... Таңдануға, таңдауға тосқауыл, тоқтау жоқ. Шеберлік. Ойланасың! Сезай дана – «Мейірімді руһтың ең нәзік әуенін айтуды...» бүткіл адамзатқа тапсырады.
Ақын өздігінен сөнбейді екен. Оның уақыты бітеді. Ақын – құмсағат секілді. Сағат кенет тоқтап қалуға болады... Ал, сөйтті екен деп уақытты тоқтату қолдан келмесе керек. Уақыт ешқайда кетпейді. Ол ақынның руһынан басқаның бәрін жалмайды. Мінеки мазмұны осыны меңзейді. Ақын – уақыт. Қайта қайталанады.
Исраил ағаның да мөрдей апокалипсисі (apokalypto) шынжырдың ең соңғы шығырық кілтіндей – «Тіксіну» («Рухнама» 2009) деген өлеңі бар. Тіптен кертолғау сынды есе мұңлы. Айдан тамған сүт секілді һәм бозбота жырлар.
Қараңдап көлеңкесі қақ түбінде, Қара бұлт Айдың бетін жапты мүлде. Аспаннан ауып келген әлдекімдей, Ұл-қызым шүлдірлейді жат тілінде.
Қалтыраған саусақтарымен ұшы өртенген қаламұшын ұстап тұрып, көңілінің кірін мінеки еңірете жуады... Осылай жалқы күй кешу! Ол үшін Владимир Высоцкийді іздеудің керегі де жоқ. Ақынның «Құлқын» өлеңіндегі аллитерацияға шұқшиып бір көріңіз! Ол жетпей бара жатса: – Сезай Қаракөштегі «Тірілу», Исраил Сапарбайдағы – «Тіксіну»-ді қарасаңыз! Екідүниенің екі кілті секілді!
Ақын – ақсақ аяқ пен ақсақ таяқтың қимылын қайталап жүретін шымқай мұндар жануар. Ол өмірінде бір-ақ рет өмірге келеді, мың жыл өмір сүреді. Бір кездегі шайырлардай тағдырдың қарсы алдына біткен тәңіри уақабын жайып тастай да алады. Ақынның өзі сұрау бегісі. Оның жауабын болашағы ғана беретіні болмаса!? Ақынды бөгеу – үннің өлуі.
Салмағынан жаншылып сан сұрақтың, жаным жүдеп, жүрегім қансырап тұр. Қайтсем жарық етем деп қараңғыны Абай – атты алдымда шамшырақ тұр...
Ақындардың дені өмір сүрген кезінде шамшырақ секілді көбіне сөндіріледі!? Ауылда бұрын ұзын май шамдал жағушы еді. Білтесі ұзарған сайын жарығы жартастағы бітіктің өшкін бәдізіндей күңгірттене беретін. Кейде кәдімгі шалқып, көз жасын төгіп сора-сора жылап жанып тұрар-ды. Ақын сол май шам секілді. Исраил ағаны ұлы поэзияның тірілу жолында жанды еңбектеніп жүрген, сәл ғана сағаттың көлеңкесінде қалдырылған жалқы ақындардың бірі деп ойлаймын. Әіресе ақынның – «Махаббат пен Ғадауат» (2009) поэтикалық драмасы – батыста болса театралдық musical есебінде де қабылданар еді! Габриэль Гарсиа Маркес – «махаббат азайған күні – өміріңнің соңғы нүктесін көресің...» дегені бар. Махаббат құдыретіне қалам тербеген турасында да кәсіби журналшы ретінде де Исраил Сапарбай ақынның өзі сол Габриэль Гарсиа Маркеспен үндес.
Маркес болса яки шағындау Эспектадор (Espectador) апталығынан тура секіріп дүниенің жүрегі – Нью Йорктегі – «Пренса Латина» (Prensa Latina)-дан бірақ шығады. Испанияға келгенде ол қисапсыз қаржы тапқан. Исраил аға жоғарыда біз тілге тиек еткен орындардан сүбелі құндылықтар жасап қаңылтақтап аяқтанғанымен қаржысы мен атақ – даңқы жағынан шамалы еді. Өзі айтқандай – «қара су, қара нанмен қанағаты...» һәм – өзінің Алматысында... Айырмасы: Маркес – мысырлық нәсілден. Исраил аға – Өзбекстаннан совет кезінде өз еліне оралған таза қазақ. Маркес – «Мұңлы жезөкшелері хақында...» кереметтерді жазса: Исраил ақын – «Махаббат пен Ғадауатты» – жалаулатты!
Түстіктегі русьтер Н.А. Некрасовтың руһты муза жырларына бүткілдей ғашық. Ендеше осы Исекемнің ғаламат жұпар жыры – «Қазақ қызы» өлеңінен нені бөліп қараймыз!? Бұл жерде ақынның оқырманы да аз емес екен. Ал, «Алақанан ұшқан аққуым» Исраилда бар, Некрасовтарда атымен болған емес!!!
Әмір Темірдің немересі Рәбиға Сұлтан Бегім секілді Ұлы даласының мыңдаған пері қыздарына арналған білеудің бәдіздеріндей төл мүсін өлеңі.
Мен қазақ қыздарына қайран қалам, Жанары, жаны жаздай жәйраңдаған. «Қыз өссе - елдің көркі...» деген сөзді Қапысыз қалай айтқан қайран бабам?!
Поэзия құдайдың «ұмыт қалдырған» руһықты дүниелерін түгел еске түсіретін міндетті ақындарға мирастағаны рас болса – Исраил ақынның жырларынан бізге ұмыт бола бастаған сан мыңдаған ғажайып тәжсаналарды таба аласыз.
Талай ақын айтам деп айта алмаған, Талай тағдыр жайпалған, жайқалмаған. Сөз иесі, ей, Алла, сен олардың, Айта алмаған сөздерін қайтар маған!
-!?
Біртүрлі!!!
Исраил ақын: – «Адзамзат баласын руһани апаттан бір құтқарса, ақын ғана құтқара алады..!»
Иә!!!
Түркия, Стамбул, Есенюрт, 14 мамыр 2020 жыл.