Ұлықбек Есдәулет: «Байбота жырларының жұлдызы жоғары»

ӘДЕБИЕТ
3492

Байбота ақынның ХХ ғасырда жарық көрген бір кітабы «Жұлдызым жоғары» деп аталатын. Қазақ ұғымында аспанда жұлдыз аққанда «Жұлдызым жоғары!» деп үш рет қайталайтын қызық ырым бар. Ол – «әркімнің де көкте жұлдызы болады, жұлдызы аққан адам пәниден бақиға көшеді» деген ежелгі түсініктен туған сенім. Демек жұлдызы аққан түні көкке қарап, «Жұлдызым жоғары!» деп күбірлеген қазақ өзіне өзі ғұмыр тілеп тұр деп біліңіз. Ал ақынның бір ғұмыры өзекжарды өлеңінде, жүрекжарды жырында, оның да өз жұлдызы бар десек қалп айтпаймыз.

Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай жырларының жұлдызы қазіргі поэзияның самала жауған зеңгір көгіндегі самсаған шоқжұлдыздардың ішінен ерекше өңін танытып, нұр шашып жарқырайды. Ол жұлдыздың өлеңсүйер қауым көкірегіне төккен аппақ сәулесі сезімтал жүректі өзінің ойлылығымен, образдылығымен баурап алып, оқырманын ұмытылмас әдемі әсерге бөлейді.

Ол – бір сәт қаламы қажып көрмеген, үнемі ізденіс үстіндегі беймаза ақын. Оның беймазалығын өлеңдеріндегі ұлттық үрдістерді әлем поэзиясындағы соны жетістіктермен ұластырған әр алуан ізденістерінен, тосын теңеу, қисынды метафоралары мен тілдік қолданыстарынан анық аңғарамыз. Бұл тұрғыдан келгенде ол әдебиетіміздегі Абай дәстүрін уақыт талабына сай ілгері дамытқан жаңашыл ақын ретінде бағалануға әбден лайық қаламгер. Ақын поэзиясындағы дәстүршілдік те, еркін эксперименттер мен нәтижелі ізденістер де әдебиетіміздің кейінгі буын өкілдеріне игі ықпалын тигізіп келеді. 

Қазақ тілінің шұрайлы қатпарларын ақтарып, аңқа кептірер аптапта қажымас қайсарлықпен кен іздеген ғұламадай поэзия қазынасын толайым табыстарымен байытып келе жатқан дарынды ақын бізді алдымыздан ғасырлар қақпасын айқара ашып тастап, меңіреу мыңжылдықтарға еркін саяхат жасатқандай күйге түсіреді. Тас бәдіздерге таңба түсіріп жатқан көне сақтар мен ғұндардың, ортағасырлық түркілердің, олардың тарихи мұрагері – ұлан-ғайыр кеңістікті мекен еткен қазақ ұлтының арасындағы үзілмеген сабақтастықты жырлаған ақынның туындыларын тұтас оқу арқылы эстетикалық һәм тарихи танымымыздың көкжиегін де кеңейте түсетінімізді пайымдадым. Оның түн жамылып отырып жазған, жұлдыздардан жауған нұрдай жауһар жырларын оқып, бір сәт көз алдымызда шежірелі атамекеніміздің тұтас көркем суреті бейнеленген бояулы полотно тұрғандай сезінуге болады.

Ақынның адам жанының терең қатпарларына үңіліп, лирикалық кейіпкерінің психологиялық көңіл-күйін танытуға бейім махаббат жырларын айрықша атауға болатын тәрізді. Оның ғашық жүрегі ұдайы ағынан жарылып, сағыныш пен аңсауға, шаттық пен қуанышқа, мұң мен налаға, өкпе мен назға, құштарлық пен қимастыққа толы іңкәр сезімдердің шеруін жырлайды, «бар ізгі сезім салтанат құрған сәтті мен кештім басымнан» дейді ол. Бұл шындық. Ақындық рухтың нәзік иірімдерге толы толғаныстары оқырман қауымды өзімен бірге ертіп, ерге тән ертегі-ғұмырдың шынайы сырына ортақтастыра түседі.

Ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай – біздің замандасымыз, құралпы құрдасымыз, әдебиетке қатар келген үзеңгілес досымыз. Үкілі жүйріктің аламан бәйге көрмесіндегі тықыршыған көңіл-күйін анық сезінемін. Керешілерден қиянат болмаса екен деп тілеймін.

Иә, Байбота жырларының жұлдызы жоғары. Ол поэзия Құс жолында өз нұрын себезгілеп, біздің көзімізге жиі түседі, көңілімізге ұялайды. Ал жарық жұлдыздардың сәулесі қашанда алысқа жетеді.


Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
ақын, Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

author

Байбота Қошым-Ноғай (Серікбаев Байбота)

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...