Жадыра Шамұратова. Айдаладағы кездесу

ӘДЕБИЕТ
2473

Таксист жігіттің тікірейген кірпішашы, етегі делдие біткен пұшықтау мұрны Қанатқа біртүрлі таныс сияқты көрінді де, қайдан көрдім деп ойлануға ерініп, құлағындағы музыкасына елтіген күйі артқы орындыққа жайғасты. Алда ақ шашты қарияның «ия, бисмилла, жол бере гөр, тәңірім» деген даусы со күйі музыканың астында көміліп қалды.

Жұмыстағы әріптесіне хабарласты:

–       Жарас, менің сменіме келдің бе? Дұрыс болды. Таксиге отырдым, ертең қайтып келем ғой. Келгесін екі күн қатар смен алам, уайымдама. Рахмет.

Тергеушіліктен кеткелі, осы жерге кіріп алған. Жаны тыныш. Күзеттің басқалар біле бермейтін рахаты көп екенін біліп жүр. 

Қанаттың қыстың көзі қырауда жолға шығатын ойы жоқ еді. Ойына бірдеңе түссе соны болдырғанша ұйқысы қашып, көңілі бірленбейтін әйелі түскір қойды ма, «барып кел, науқас адамның көңілін сұрағанды құдай да жақсы көреді, баяғы күнім болса саған жалынбай өзім-ақ барар едім, сен күндіз-түні жұмыста жүргенде талай барып, ағайынмен араласып едім, енді келіп аяғымнан жарамай отырғанымды өзің де көріп отырсың ғой» деп ызыңдаған. 

Онысы рас енді, тергеушінің жұмысы деген де бір тынымсыз жұмыс, ағайынның тойы мен қонағын түгендемек түгілі, өзінің бала-шағасын жөндеп көре алмай кететін. Сондайда жақсылығынан қалмай, қайғы болса ортақтасып, ағайынмен арадағы байланысты үзбеген Арайдың еңбегін өзі де жоққа шығара алмас. Тек соңғы жылдары әйелінің аяғынан жүре алмай қалғаны қиын болды. 

Қанат өз көлігімен шыққысы келмеді, қайынағасы тұратын ауданның жолы нағыз азап, тіпті жол деуге келмейді, екі жыл бұрын алған «Элантрасын» сондай азапқа салуға обалсынды. Оның үстіне вокзалға барып көлік іздеп жүретін баяғы кез емес, қыстың іші болса да міне, индрайвер арқылы бас-аяғы он минутта ол жаққа қарай жүретін такси де табыла кетті. 

Қаладан шыққандарына бір сағат өтті, қардың үздіксіз баяу жауа бастағанына қарап отырып, ұйқы басып, қалғып кетті. Оянып кетсе көлік тоқтап тұр екен, 

– Аға, түзге шықпайсыз ба? – деді көлік иесі. Бері бұрылғанда оның көзі Қанатқа ұзағырақ тоқтағандай көрінді. 

– Күн бұзылайын деп тұр ау, – деді күнұзаққа үнсіз отырған ақ шашты адам. ­– Тәңірі қолдап тез жетіп алсақ екен.

– Уайымдамаңыз, жауады да қояды ғой. Көрмей жүрген қар емес. Шопыр жігіттің даусы жайбарақат.

– Тас жолдың үсті ештеңе емес, соңыра жайын жолға түскенде бұзылып кетпесе болды ғой. Биыл қар көп. Мен де бір еріккен шал, үйде де сол жатыс қой, немерелеріме келіп кетейін деп... ол күшіктерді сағынасың... әке-шешелері жұмыстан босамайды, кемпір екеумізге тағы бермейді, өздерін бағып өсірсек те, балаларын бақтыруға сенбейді ау дейм. Қария кеңк-кеңк күлді.

– Немерелерге келдім деңіз. Шопыр жігіт жымиып қойды. 

– Немере тәтті дейді ғой. Балабақшаға баратын шығар.

– Барады, екеуі де барады. 

– Өзің үйленгенбісің? Қария жігіттің өзімен әңгімелескеніне қуанғандай оған бүкіл денесімен бұрылды.

– Ажырасқам.

– М-м... Болар тағы. Бұйырғаны...

Салон ішін қайтадан үнсіздік жайлады. Көлік алға жылжыған сайын жел тұрып, күшейіп, қапалақтап жауған қарды оңды-солды сабалай бастады, тіпті машиненің айнасы анық көрінбеуге айналды. 

– Боран тұрайын деді-ау. Қап... Қарияның даусынан өкініш білінді.

– Уайымдамаңыз дейм. Енді бірер сағаттан соң жайын жолға түсеміз, ары қарай жүз отыз шақырымдай емес пе? 

– Мына тұрған жерге жетіп баратындай айттың-ау, балам. Қария күлген болды. Біраз отырғасын тамағын кенеді.

– Балам, сен қазір жайын жолға түспей-ақ қой, мына қардың борасы ұнамай тұр. Одан да асуды бетке алып, айналып кеткеніміз дұрыс. 

– Ой, ата... ол деген алыс қой, жүз шақырымдық жолды ұзартып екі жүз  шақырым жүреміз бе? Қанша бензин кетеді... Уайымдай бермеңіз, кешке дейін жетеміз. Бораннан қорықпаңыз, көрмей жүрген боран емес қой. 

– Ал енді... мен айтарымды айттым. Сен алыссынып тұрсың ғой, бірақ, ол алыс та болса жақын жол. Мынауың...

Шопыр жігіт алдындағы жолдан көз алмаған күйі жауап қайтармады. 

*   *   *

Көлік бір тұстан бұрылып, ұзақ жүріп келді де тоқтап қалды. Жол бойын саңылау қалдырмастан тұтас басып қалыпты. Әншейінде сыланған жеңіл көлік қасат қарды қақ жарып өте алмады. Көз тоқтамайтын аппақ далада тіршіліктің белгісі жоқ сияқты, біртүрлі жаның құлазитындай жым-жырт. Бұлар өзі адасып кеткеннен сау ма? деген күдіктен Қанаттың іші қылп еткендей болды. Ал ақ шашты кісі кәдімгідей мазасыздана бастады:

– Мына тұста бір ауыл болушы еді, қазір бар-жоғын... Осы тұс па еді, ойпырмай, тіпті қай жерде екенімізді айыра алмай қалғанымды көрмеймісің... Осы біз адасып кеткен жоқпыз ба? Сен үлкен жолдан түскенде оң жағыңда ағаштар болды ма?

– Орман арасымен келген жоқпыз ба, қай ағашты айт дейсіз?

– Ойпырмай енді... біз үлкен жолдан бұрылар тұста орман сирей бастайды, сосын біраз жүргесін ашық жер басталып, оншақты шақырымда өзі бөлек тұрған тоғай болатын еді, соны айтып отырмын...

– Білмейм, мән бергенім жоқ.

– Әй, сен шопыр емессің бе, көрмеймісің? 

– Ой, ата, қойыңызшы, боран басталып кетті емес пе? Қар қалың, көліктің астын соғып алмайын деп тек алдыма қарап отырдым.

–        Мана асуды айналып өтейік дедім. Қарияның уайым мен өкпе аралас даусы кәрлене шықты. 

–       Маған жігіттер асу туралы айтқан жоқ, осы жолмен барып-келіп жүргендерін айтты. Қайдан білейін...

–       Бұдан бұрын қай жолмен жүріп едің?

–       Жазда бір жүргем. Мен таксист емеспін. Шаруам болып келе жатқасын пассажир іздегем.

–       Не дейді? Қап! Басынан айтпайсың ба, шырағым, жол білмейтін адамға мінбейтін едік қой, қайдан білейік, күнде жүріп жүрген такси деп... Қария ашуланып сөйлеймін деп сөзін аяқтап үлгермей жөтеліп кетті. 

–       Сіз айтқан ауыл бұл жерден алыс па, ақсақал? Қанат ақ шашты кісі жөтеліп болғанда ақырын сұрады. 

–       Негізі үлкен жолдан түсіп бұрылып, қырық шақырымдай жүргенде көрінуі керек еді. Ол да біраз жер. Бұрын совхоз болған ғой, қазір ел бар-жоғын білмеймін, бірақ, өткен жолы сол шамадан жайылған малды көріп едім. 

–       Онда соған қарай жаяу барамыз ба? Бекер үсіп қалармыз. Ауылдың аты қалай еді?

–       Социализм.

Қанат езу тартты. 

– Несіне күлдің, кезінде дүрілдеп тұрған совхоз болды. Кейін бәрі көшіп, ескі жұрт болып қалғасын аты да сол күйі ғой, тіпті Нұрлы ауыл деп қойсаң да сол баяғы ескі жұрт емес пе... 

Салон іші салқындай бастады.

 –      Інім, пешті қоспадың ба?

–       Пеш дұрыс жасамай келе жатыр.

Көліктің терезесін үрлеп еді, жылы демінен қырау басқан терезеде әуелі ноқат пайда болып, ол дөңгеленіп ұлғайып, қыраудан тазарып, аппақ дүниені анық көрсете бастады. 

–       Біз не күтіп отырмыз?

–       Мүмкін, осы жолмен біреу-міреу жүрер деп...

–       Әй, қайдам... Боранда кім шығар дейсің, біз сияқты есуастар болмаса...

–       Олай демеңіз, кім ойлаған... кеше ауа райын қарағанымда қарды көрсеткен, бірақ, тап мынадай болады деп ойлағам жоқ.

–       Шықпауым керек еді, сол немерелерді телефоннан көріп те отыруыма болатын еді ғой. Кемпір қыстың көзі қырауда қайда барасың деген, тыңдай салмай... Немерелерді көрейін деп баяғы... тәтті ғой, тәтті. Бірақ, немере етін жеп сүйегін береді деп, олар да бәрібір айналып келгенде өз әке-шешелеріне өліп барады. 

Қария шын өкінді.    Қанат үнсіз. Осылай отыра бергенде қар басып үсіп өлеміз бе, әлде қасқырға жем боламыз ба деген ой еңсесін баса түскен. Шопыр жігіт ұйықтап кеткендей. «Бұл жігіт мұны таныды ма екен? Ана жақтан босап шыққан болды. Егер ол мұны таныса онысын білдірер еді. Әлде ол емес пе? Сол ма, сол емес пе? Өзінен сұраса қайтеді? Бірақ, не деп сұрайды? Баяғыдағы өзінің желік буып істегенін қайта есіне салып, бекерден бекерге өшпенділік отын тұтата ма? Мүмкін ол емес шығар, адамға адам ұқсай береді емес пе?» 

Үшеуі де салоннан шықты. Айналаны бағдарлап көрмекші. Қар әлі жауып тұр. Күміс ұшқынды санап тауыса алмаған жанары бірыңғай ақ шаңқан түстен жалыққандай болды. Жоқ, алға жүру мүмкін емес екен, не болса да үлкен жолдың үстімен айналып бару керек. 

Бұрылып келген жолмен кері жүрді. Кеш түсті. Манағыдай емес, аяз көтеріле бастаған еді, ызғары темірден өтейін деді ме, бойы тоңазыды. Салон ішін томаға-тұйық үнсіздік жайлап, қария ғана күрсіне берді. Қанат телефонындағы баяғыда жазылған музыканы қосып еді, ондағы жас жігіт арманшыл әнін шырқай жөнелді. 

– Анадағыны жапшы, айналайын! Адам өзі не істерін білмей отырса! Ән тыңдайтын не сәніміз келіп отыр? Ұрыса сөйлеген қария ашудан қалшылдап кеткендей, басы қалтаң-қалтаң етті. 

Дәл осы мезетте аузын ашса төбелесе жөнелетіндей булығып отырған шопыр жігіт көлікті тоқтатып айқай салды. 

– Айда, түсіңдер! Анау-мынау деп миымды ашытып келесіңдер. Кімге айтып тұрмын? Түсіңдер! – деді өзінен-өзі аяқ астынан елірген күйі. 

Өзінің көзі тесірейіп, жүзі әлем-тапырық болып кеткен. Қалжыңдап отыр ма дегендей қария мен Қанат екеуі бірдей оған таңғала қарап қалған. Өзі қосқан әуенге тербеліп, біртұтам ойсыз, титтей уайымсыз күйде, жаны рахат кешіп отыра бергісі келген Қанат музыканы өшірді.

– Бол, бол! Тез. Осы жерден «Социализмдеріңе» барыңдар. Тастап кетем. 

– Балам... өй... - қария абдырап аузына жөндем сөз түспей қалды. 

– Мен не айтып тұрмын сендерге!

– Інішек, сен қалжыңдап тұрмысың?

– Жоқ, қалжыңдап тұрғам жоқ. 

– Шынымен бе?

– Шынымен.

– Шығып сөйлесейікші. 

– Сөйлесейік! Жігіт көтеріліп алған. – Немене сөйлесуге қорқады деп тұрмысың? Қорықпаймын! Керек десең қазір сені осы маң далаға қалдырып кетем, көрейін мына аязда не істер екенсің! Неменеге қарайсың, танымадың ба? Жоқ, таныдың! Бірден танымасаң да артынан есіңе түстім. Ал мен сені бірден таныдым. Мені қалай қорлағаныңды сен ұмытсаң да, мен ұмытқам жоқ!

– Інім... 

– Інің емеспін. Шопыр боқтап жіберді.

–Ай, балалар, бұларың не? – дей берген қарияға:

 – Тыныш отырыңыз, онсыз да таң атқалы миды жеп қойдыңыз! – деп ақырып қалғанда қария жым болды. 

– Қасыңдағы сығыркөз қайда, екеуің бірге шыққанда екеуіңнен де кегімді алар едім! - Жігіт Қанатқа қарап қарқылдай күліп жіберді. – Құдай сені өзі әкеліп қолыма түсіргенін көрмеймісің! Құдай шынымен әділ екен! Басқа жерде кездессек, мен саған жақындай алмас едім, өйткені сен заңның адамысың, ал мен заң адамының жеке басына қауіп төндірген болып қайтадан сотталып кетер едім. Ал енді... сен менің қолымдасың! 

Ол Қанаттың жағасынан екі қолымен ұстаған күйі сілкілеп жіберді. Көзінде өшпенділік оты жанып тұрды. Бұлшық еті бұлт-бұлт етеді. 

Қанат оның қолын қағып жіберді. Екеуі шартпа-шұрт салоннан шықты. Шопыр жігіттің қолы Қанаттың шықшытына сарт етті. Екеуі ұстаса кетті. Жігіт Қанаттың көзінен көзін алмаған күйі:

– Мен саған айттым, ол әйелдің өліміне қатысым жоқ дедім, тек әйелдің банкомат картасын тауып алғанымды айттым. Ал сен қасыңдағы сығыркөз екеуің мені қандай қылдыңдар? Басқа біреудің істеген қылмысын мойындатам деп не істемедіңдер? 

Осы сөзді айтқан кезде шопыр жігіт еңіреп жіберді. Оның талай жылдан бері көкірегіне шемен боп қатқаннан күйінген, ашынғаннан, қорланғаннан шыққан даусынан Қанаттың өзінің арқасы шымырлап кеткен. 

– Менен ағаттық кетті сол кезде... Кешір, – деді ол жігітке тіке қарап.

– «Кешір» дейді ғой. Автобуста аяғымды басып кеткендей болып мүләйімсіме, сендер ұрып-соғып, басыма целлофан кигізіп, ұшына мүшеқап ілген таяқты артыма тығып қорладыңдар емес пе?! Жауыздар! Мен сол кезде амалсыз мойындадым, сендер мойындаттыңдар! Ешуақытта, ешқашан ол үйде болып көрмесем де... Мен қазір осы далада... сол өз істегеніңді өзіңе істеймін, көр де тұр!

Ол Қанатқа атылып келіп, екпінімен қарға құлатты. Екеуінің күші шамалас еді. Ызаланған аш ит тәрізді бір-біріне бой бермей, бір-бірін жеңе алмай, аппақ қардың үстінде ұзақ алысты. Арасына түсіп айыратын да ешкім жоқ, қария болса сол күйі салоннан шықпады, бірі қырықтар шамасындағы, бірі елуге жақындаған екі жігіт ақыры бір-бірін жеңе алмай сілесі қатты. Әбден шаршап, көлікке келіп отырды. Шопыр жігіт манағыдай емес, арыны басылып жуасып қалғандай. Салон ішін үнсіздік жайлады. Бір кезде көлік «гүрр» етіп тұтанды да, жүріп кетті. Шопыр жігіт басын артқа сәл шалқайтып газды баса түседі. Барған сайын көлік ышқынып келеді. Ағаштар зу етіп артта қалып жатыр. Тұтаса өскен орман мылқау күйге енген. «Жылдамдықты азайт» деп айтқанның түк пайдасы жоғын біледі, ал қарияның жақ жүні үрпиген, түсі бозарыңқы, үнсіз. Мына жылдамдықпен асуды әп-сәтте айналып өтетін шығар. Қанат бағытын айыра алмай қалғандай отыра берді, егер өзі шыққан қалаға қайтып оралса соған дән риза болар еді. Шопыр жігіт болса танауы қусырылып, жолдан көз алмайды. Әркім өз ойымен. Шопыр жігіт еске салған баяғы оқиға Қанаттың бойына әлдебір салқындық  таратып, қанын суытқандай іші-сырты тоңазып отырды. 

Ол кезде Қанат тергеуші болатын. Қаланың ескі бөлігіндегі жеке үйлердің бірінде тұратын жас әйел кісі қолынан қаза болды. Істі тергеу Қанатқа жүктелді. Кез келген тергеушінің бастапқыда әрнәрсені ілгіш көріп, соған жабыса беретін әдеті, Қанат та әртүрлі нұсқаны ойлап көрді, біреуден күдіктенді, бірнеше адамнан жауап алды, бірақ, жіптің ұшын таба алмаған. Бірнеше күн  өткенде қайтыс болған келіншектің картасы банкоматқа салынғаны белгілі болды. Кім болса да белгісіз біреу марқұмға тиесілі картаның ішінде ақша бар-жоғын тексермек болған. Демек... сол адам үйге кіріп, әйелді өлтіріп, картасын алған. Бірақ, күдікті деген жігіт ештеңені мойындамады, тек өзінің картаны көшеден тауып алғанын, ақшадан қысылып жүргесін банкоматқа салып көргенін ғана айта берді, бұлар ұрып-соққан сайын кірпішаш жігіт  бір айтқанын қайталап, безеріп отырып алды. Оның өзгермеген осы жауабы бұлардың зығырданын қайнатты.

Рас, жігіт жауаптау кезінде адамның жарақаттан соң қай жерде құлағанын, оған өзінің пышақты қалай салғанын айта алмаған. Тіпті оның сілтеген қаруы да табылмады, жігіттің қылмыс болған үйге кіргенін де ешкім көрмеген болып шықты. Күдіктінің саусақ ізі де табылмады. Әйел қаза болды деген уақытта күдікті деп танылған жігіт ата-анасының қасында шай ішіп отырған, сонда жиырма минут ішінде бұған үлгере ме? Қылмыскер ол үйге ұрлыққа түскенде тек банкомат картасын алуды мақсат еткен бе? Мүмкін, қылмыскер мен қайтыс болған әйел таныс болған шығар? Бірақ, Қанат қасындағы серігі екеуі тергеу барысында ойға келетін қарапайым сұрақтарға онша бас ауыртпастан банкомат картасын тапқан жігітті кінәлі деп тапты. Ал прокурор фактілерге сүйенудің орнына тергеушіге сенді. 

Рульде отырған шопыр жігіттің желкесіне қарап отырып Қанаттың басы зеңіп кеткендей болды. Егер Қанат таксист жігітке тап қазір, тап осы жерде сол әйелді өлтірген нағыз қылмыскердің табылғанын айтса ол қайтер екен, ашумен мұны өлтіре ме? Ия, тап қазір қақ алдындағы шопыр жігіт жалғызбасты әйелді өлтірген қылмыскер ретінде сотталып кетті де, ал, арада үш жыл өткенде шын қылмыскер табылған еді. 

Қаза болған әйелдің сіңлісі марқұмның фотосуретін әлеуметтік желіге салып: «Қымбаттым, сол оқиғадан бері үш жыл өтсе де, сенің орның үңірейіп тұр. Сенің сұлу жүзіңді, жайдары мінезіңді сағындық. Жаның жәннатта болсын!» деп жазыпты. Жазбаны оқыған көп адам көңіл айтып, біреулер жас әйелдің обалына қалған қанішерді қарғап, біреулер қала халқын шошытқан осы сұмдық оқиғадан әлі ес жия алмай жүргенін,  қылмыскердің әділ жазасын алғанына қуанышын білдіреді. Осы кезде профиліне сілеусіннің суретін қойған, аты-жөні  Dgekson деген біреудің жазбасы жұрттың бәрінің назарын аударды. 

«Сүйіктім, мен сені өлтірдім. Осылай істеймін де те, біздің әдемі романымыздың соңы осылай аяқталады деп те ойламаған едім. Сен  маған бастапқыда ықыласты болғаныңмен, кейін көзге ілгің келмейтін сыңай байқаттың, өзің әлеуметтік желіде отырсаң да менің сөздеріме жауап бермедің, мүмкін, сен басқа біреулермен көңіл жарастырған шығарсың, ондай болса мен не істеуім керек еді?  Егер сен менікі болмасаң, онда басқа ешкімге де тиесілі емессін. Жоспарым еш кедергісіз орындалды, сонда да сенің өлгеніне сенімсіз болдым, қайтадан тіріліп кетердей көрдім, тірілсе есін жиып мені ұстап берер деп ойлап, газды қосып кеттім. Сен мені кешір, сүйіктім, басқа амалым болмады. Мен сені бәрінен артық сүйдім, бірақ сен мені махаббатыңа бөлемедің» деп жазыпты Dgekson. Ауру адамның сандырағы секілді осы жазба әйелдің туыстарының назарын аударып, жазбаны дереу көшіріп алып дереу полицияға жіберген. Бұл еріккен біреу деп ойлауға да болар еді, бірақ, марқұм әйелдің туыстары дүрлігіп кетті. Пікір жазып отырған адамның бүкіл жасыру мүмкіндігін қолданғанына қарамастан, із кесушілер тез арада компьютердің IP адресін тауып алды. Жазбаның иесі қаза болған әйелдің үйіне таяу тұратын, есепте тұрған нашақор болып шықты. Ұзақ уақыт бойы героин қолданған нашақор сол жақ ми бөлігі істемей қалғаннан инсульт алғанмен, компьютер тіліне жетік екен. Ол әйелмен арнайы сайтта танысқанын жасырмады. Марқұм болған келіншектің бөтен еркекпен танысуға неге құштар болғаны түсініксіз. Бірақ ол өзіне сезімін білдіріп ылғи жаза беретін бұл жігітке сирек жауап берген. Бірақ жазба деректеріне қарағанда, олар өзара жолығып танысқанға ұқсайды. Ал өзі жас, әдемі келіншекке денсаулығы жоқ, жұмыссыз, мүгедек адамның қажет еместігі анық еді. Бірақ, нашақор оған маза бермейді. Тергеу кезінде нашақор: «Ол менің сезімімді аяқасты қылды, мен ашудан не істеп, не қойғанымды білмедім» деп жауап бергенімен, тергеу  қорытындысы  оның арнайы жоспар құрып, қасақана қылмысқа барғанын мойнына қойып берген еді. 

Қанат терезеге бетін бұра берген, бүкіл денесі қатты солқ етті де, бірдеңе тарс етті. Тарсылдың қатты болғаны сондай, оның миы жаңғырып кеткендей болды. Басын қатты ұрып алған Қанат бір кезде есін жиып, көліктен шығып аяғын теңселе басты. Көлік ағашқа соғылған екен. Оң жағы түгелімен майысып ішіне қарай кіріп кетіпті. Қанат жандәрмен алдыңғы есікке жармасты, қапелімде оттығы да жағылмай, қолы дірілдеп әрең дегенде жақты. Шамның көмескі жарығында рульге жабысқан таксист жігіттің маңдайын қан жауып кеткенін көрді, бірақ тірі сияқты. Оң жақ орындықта шалқалаған қария қимылсыз, сұрша беті көгіс тартқан.  Қанат жігітті көтеріп шығарды. Жаңа ғана әл бермей жатқан жігіт енді мұның қолында сүлесоқ жатыр. Қанат аппақ қарды сықырлатып алға қарай жүріп келеді. Мүлгіп кеткен тіршілікті қалай да оятып алғысы келгендей қарды қірш-қірш еткізіп басады. «Социализм» осы маңда болса ғой, не болса да соған бару керек, деп ойлады ішінен. Оған біресе құлағы тарс бітеліп қалғандай, тіпті өзінің аяқ дыбысын да естімеді, енді біресе әлдеқайдан қасқырдың ұлыған даусы келетін сияқты ма ау... Ішін тарта беретін не дыбыс, қасқыр ма, жел ме, ойпырмай, жел де осылай дүлей болады екен ау...

«Шіркін ай, аяз басылса екен, ажал-шіркін таксист жігіттің көзіне үңіліп үлгермей, алдынан бір ауыл кездессе екен, шіркін ай» деп армандап келеді. Социализм қайдасың? Мейлі ауыл болмай-ақ, жалғыз үй болса да... кездессе екен. Ентігіп қалды. Күші таусылайын дегені ме... Аяқкиімі тоқылдап қата бастады. Суық сорған сайын тұла бойы қалтырап барады. Тістері де сақылдайын деді. Бойында есірік қайраты, қолында қара күші бар кезде осы жігітке көрсеткен зәбірі мен жасаған қиянатын есіне салған сол оқиғаның естелігі арқа-басын қарып бара жатқандай. Қараңғылық тұмшалай бастады. Қыстың күні де сол, бір қарасаң көкжиек көрінгендей болып, енді бір қарасаң сөніп үлгереді. Қолындағы жүгі қадам басқан сайын ауырлаған үстіне ауырлай бергесін жерге жатқызып еді, таксист жігіт көзін ашпай, ақ қардың үстіне адасып қалған күшіктей жербауырлай жатты. Қанат аяғын-аяғына соққылап ептеп жылынғандай болды да, аяз жаналқымына жармаса берсе де, әл-дәрмені құрып бара жатса, таксистті қайтадан көтерді. Әуп! «Әуп» деген даусы өзіне әрең естілді. Қанат алға жүре берді. Айдың жарығы көмескі болса да, көзі үйренді ме, қайда қараса да ақ қарға оранып алып, сүлесоқ жатқан даладан қарауытқан ештеңе көзіне түсер болмады.  Айнала тұман. Қалың болғаны сонша, тап қазір  шопыр жігітті көтеріп келе жатқан қолы да көрінбейтін шығар деп ойлады. Саусақтары да қатайып, домбығайын деді. Қанат бар күшін  аяғына салды. «Құдай, маған соңғы рет күш берші» деді ішінен жалынып. Шопыр жігітті одан әрі көтеруге шамасы келмей, енді арқаламақ болды, бірақ, бұған да шамасы жетпеді, енді үстіндегі бар киімін шешіп жігіттің үстіне жапты да, оны жан-дәрмен сүйрелеуге көшті.  «Мына жігітті аман жеткізсем екен» деп ойлады.  «Қалайда аман жеткізуім керек, бұл жігіт тірі қалуы тиіс. Ал мен... көп болса қарызға алған жанымды кері аманаттармын, бұдан артық емеспін». 

Денесінің жан кеткен жері домбығып, не ысығаны, не тоңғаны белгісіз... ол өзінің не жерде жатқанын, не жүріп бара жатқанын айыра алар емес... Түс көрді, түсінде таксит жігітті арқасына салып алып маңдай түзеген жаққа жүріп барады екен...

Сурет ашық интернет желісінен

Мәдениет порталы

Әлем

Польшадағы Димаш Құдайбергеннің Фан-клубы алғашқы «поляк-қазақ тілашарын» шығару арқылы...

Жаңалықтар

Абай облысына қарасты Курчатов қаласының кәріз қалдығы Ертіске құйылып жатыр. Бұл туралы Павлодар об...