Гүлзат КӨБЕККиносыншы,Өнертану PhDдокторы,«Тұран» университетінің профессоры- Ұлтты...
Музейлер түні: Нұр-Сұлтандықтар ҚР Ұлттық музейін тегін аралады (видео)
Жылдағы дәстүр бойынша ҚР Ұлттық музейінде бүгін 24:00-ге дейін «Музейлер түні» акциясы өтті деп хабарлайды "Мәдениет порталының" тілшісі. Атап айтқанда, биылғы акция ҚР Ұлттық музейінің 5 жылдығына орай және Халықаралық музей күні мерекесіне арналып, «Бес жыл бірге» деген атаумен ұйымдастырылды. Акцияға келген астаналықтар мен қала қонақтары Ұлттық музейге тегін кіріп, түрлі шараларды тамашалады.
«Шараның мақсаты - ұлттық кодқа негіз болатын ұлттық құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін заманауи форматта танытып, мұражай қызметін, ондағы экспонаттар мен жауһар жәдігерлерді кеңінен насихаттау», - деді Ұлттық музей өкілдері.
Мұражай қонақтары Ұлттық музейдің 5 жылдығына орай, музей қорынан жаңа экспонаттармен толықтырылған Этнография залы мен жаңа ашылған «Асыл мұра» залдарын тамашалады. 2015 жылғы 18 наурызда қорларды толықтыру мақсатымен «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы қолға алынған болатын. Көрнекті қоғам және саясат қайраткерлерінің, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары және жеке коллекциянерлер музейге тарихи және мәдени құндылығы бар заттарды сыйға тартып, музей қорлары түрлі құнды жәдігерлермен толыққан.
Осы экспонаттар «Асыл мұра» залына ұсынылып, қару-жарақ пен кілем топтамалары, мемлекет және саясат қайраткері жеке коллекцияларынан бағалы бұйымдар қойылды. Халықаралық музей түні мерекесі 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген. Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілді. «Музейлер түні» акциясы ҚР Ұлттық музейінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған шара осыған дейін 5 мәрте ұйымдастырылды. 2015 жылғы алғашқы акцияға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамыр күні Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы аталған акция 2 рет өткізілді. Оның алғашқысы Наурыз мерекесіне орай «Наурыз - жаңғыру нышаны» деген тақырыппен ұйымдастырылып, Халықаралық музей күніне арналды.
«Музейлер түні» акциясы барысында Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай «Жүз жылдық жылнама» көрмесі салтанатты түрде ашылды.
Сонымен қатар шара бағдарламасында Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры ақын Дәулеткерей Кәпұлының бастамасымен «Ақшамдағы ақындар жыры» атты шығармашылық кеш, өнертанушы, суретші Е.Н. Чернованың «Қазақстанның қолданбалы сәндік өнері: Кеше және бүгін» атты шеберлік дәрісі, «Құсни қорлан» көрінісі, мүсінші Айдос Есмағанбетпен маскалар шоуы, арт пазл құрастыру, қолөнер жұмыстары бойынша шеберлік сабақтар, «Тарих сыры», «Музей білгірі» викториналық сұрақтар, кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, «Тоғызқұмалақ», «Асық ату», т.б. қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды.