Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Жамбыл Жабаевтың 1...
Джек Лондон. Тіршілікке махаббат
Аяқтарын сүйрете, ақсаңдай басқан жүдеу екеу жағаға қарай еңкейе берді. Су бойындағы шашылып жатқан қойтастардың ортасына жеткенде алдыда келе жатқаны тәлтіректеп кетті. Әбден шаршап-шалдыққаны ап-анық көрініп тұр. Ту алыстан шыдамдылықпен ғана көтеріп келген ауыр азаптың айқын табы жүздерінен мен мұндалайды. Өздерінің көтерген жүгі бар. Онысы алашаға орап, арқаларына таңып алған кішкене бума. Шекелерінен іліп алған тағы бір жалпақ қайыс буманы төмен жібермей көтеріп тұр. Қолдарында – ау мылтығы. Алға қарай екпеттей еңкейіп, көздерін жерден алмай, еңкеңдей ілгерілеп келеді.
Джек Лондон
– Әлгі бой тасалаған шұқанақтағы қалың оқтан ең құрығанда екі тал алып алғанда ғой, сауап болар еді, – деді артында келе жатқаны.
Үні булыға, жарықшақтана шықты. Өзі де пейілсіз тіл қатқан. Ал, алдыңғы адам ешбір жауап қатпаған қалпы шойнаңдай басып, тастан-тасқа секіріп, ақ көбік атып жатқан жіңішке өзенге барып түсті.
Соңғысы да оның өкшесін баса жетті. Екеуі аяқ киімдерін шешпеген күйлерінде асау ағысқа аяқ салды. Судың суықтығы сонша, тобықтарынан өтіп, жіліншіктерін сыздатып жіберді. Өзеннің ортасына жетіп, арынды ағын тізелерінен соққанда екеуі де тік тұра алмай, тәнтіректеп кетті.
Арқы жақта келе жатқан кісі әлдебір жылпылдақ тасты басып алып, тайып жығыла жаздады да, бойының бар күшін салып жатып әрең оңалды. Іле ауырсына айғайлап жіберді. Басы айналып, көзі қарауытқандай болып теңселіп тұрған сол сәтте әлдебір таяныш іздегендей, ауаны қармалаған екі қолы ербеңдей берді. Өзін әбден бекемдеп алып алға ілгерілегенде тағы теңселіп, жығылып қала жаздады. Сосын әбден орнығып алған соң ғана алдындағы соңына мойын бұрып та қоймай, кетіп бара жатқан жолдасына көз жүгіртті.
Қарағаны сол, көргеніне көңілі сенбегендей, тұрған жерінде тағы бір сәт аңтарылып тұрып қалды. Соңынан:
– Билл, мен бақайымды ауыртып алдым деймін! – деді дауыстап.
Билл сүрініп-қабынған күйінде ақ көбік атқан судан ары өте шықты. Ешқайда бұрылып, қараған жоқ. Соңынан көз айырмай тұрған пақырдың жүзінен ешбір өзгеріс байқалмағанымен, жанары жаралы бұғының жанарынан аумай қалған еді.
Анау ақсаңдай басып жағаға жетті де, артына қайырылмаған қалпы алға қарай ұзай берді. Сол сәт өзеннің ортасында телміріп тұрған жалғыз серігінің еріндері дірілдеп, аузын жапқан селеу сақалдары қалтырай бастады. Сосын ернін жалап, дымдап қойды.
– Билл! – деп айқайлады соңынан тағы бір қайтара.
Бұл бір қайратты жанның қиыншылыққа тап болған кезіндегі жалынышты үні еді. Бірақ, Билл елемеді. Жон-арқасынан қадалған көзді ілестірген күйі шойнаңдай басып, алдыға қарай еңкеңдей ілгерілеп, ентіге жүріп, аласа бір тепсеңге шықты да, содан ары, көкжиекпен ұштасқан еңселі жалға қарай жалғасты өрледі. Соңындағы жалынышты жанар ол ары асып, көрінбей кеткенше кірпік қақпай тігіліп тұрды. Тек содан кейін барып Билл кеткен соң жалғыз өзіне иен қалған бейтаныс маңға назар аударып, сәп салып қарай бастады.
Ұясына жақындап қалған күн тынған қоздай талаурап, шөккен мұнар мен ұйыған тұманға жасырыныпты. Қою күңгірттікке шомған айнала кісіге шексіз мағанасыздық әсерін береді. Дене салмағын бір аяғынан екіншісіне аудара беріп, сағатын алып қарады. Төрт болыпты. Ал мезгіл шілденің соңы, не тамыздың басы болар – бір-екі жеті болды нақтылы күн есебінен жаңылды – батар күннің батыс терістікті көрсетіп тұрғанын анық білді. Түстікке көз салып тұрып, ана бір иесіз таудың ар жағы Үлкенаю көлі екенін, тағы бұл бағыттың солтүстік үйек шеңберінің Канада жазығын кесіп өтер шектелген сызық екенін аңдады. Ал өзі әлі ортасында тұрған мына өзен болса, терістікке қарай ағып, Коронейшн шығанағы арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа құятын Жезді өзенінің бір тармағы екен. Үлкен арнамен қосылар құғанына бұл ілгері барып көрмеген, бірақ «Хадісін шығанағы» серіктестігінің картасынан көзі шалған еді.
Маңайдағы дүниеге қайта бір көз жүгіртіп өтті. Көргені ешбір көңіл көншітер көрініс емес еді. Жан-жағы күңгірт көкжиек. Үнсіз шөгіп қалған жатаған таулар. Тал-терек, ұйысқан орман, көкорай шалғын деген атымен жоқ. Бары – тек бұның көзінен қорқыныш сәулесін ұшқындатқан сүркейлі даланың сұрықсыз кеспірі.
– Билл! – деп күбірледі соңынан, – Билл! – деп тағы екі-үш рет қайталады.
Ақжал өзеннің қақ ортасындағы бөгелген жерінде сұмдық үрейден еңсесі басыла түсті. Елсіздегі ерепайсыз кеңдік әлдебір жеңіп болмас салмағын салып, нар қайысар зілімен аяусыз жаншып жатқандай болды. Қарап тұрып безгегі ұстағандай қалшылдап кетті. Кешікпей қолындағы мылтығы суға «шолп» етті. Сонда барып есін жиып, қалың үрейден сытылып шығып, өз-өзіне келді де, ағын түбін сипалап жүріп, құралын тауып алды. Арқасындағы буманы солға қарай сәл қозғап, жаралы аяғына түсіп тұрған салмақты жеңілдетті. Содан соң барып баяю жылжып, ептеп басып, ауырсынудан бүгіле түсіп, жағаға шықты.
Жағада аялдаған жоқ. Ішкі ерегістен жынданып кеткендей жарақатының ауырғанын да ұмытып, мана серігі асып кеткен тепсеңнің үстіне қарай тырмыса өрмеледі. Жүрісі бағанағы жолдасының шойнаңдай басып, қаңғалақ қаққан қимылынан да күлкілі, қызық еді. Бірақ төбеге шыққан соң көргені тіршіліксіз тынып қалған таяз сай болды. Қорқынышпен тағы бір рет бетпе-бет келгенімен, оны тез еңсеріп, арқасындағы жүкті және бір рет солға қарай қозғап алып, мойнақтан ары асып, еңкейе берді.
Сай тағаны саздауыт екен. Жер бетін әбден ылғал жайлап, барынша жұмсарған қалың мүк бүркеп алыпты. Аттап басқан ізінен су көтеріліп, әр жолы табанын тартып алған сайын саз беті жабысқан жерінен ажырағысы келмегендей тыртысып, қорпылдаған үн шығарды. Ілгері кеткен әлдекімнің сүрдегін қуалап, теңіз бетінен ұшы қылтиған тас аралдарға ұқсайтын мүк басқан төмпешіктерді аңди басып, алға қарай оза берді.
Жалғыз болғанымен, адасқан жоқ. Енді сәл жүрсе болды, жергілікті тілде «Тишын-нишл» деп аталатын, мағынасы «Сояулы» болып келетін кішкене көлдің жағасымен шектесетін, балашық шыршалары мен самырсындары қурап қалған бір жерге жететінін біліп келе жатты. Ал кішкене көлге құятын жіңішке өзеннің суы ақшулан емес екені, өзен суында жалбыз өсетіні, бірақ, жағасында ағаш болмайтыны, арнаны қуып өрлей берсе, тау суы бастау алатын сай басына барып бір-ақ тірелетіні сол күйі есінде. Сай басынан ары асып түссе, батысқа қарай құлдаған тағы бір ағысқа кез болып, бойлап жүре берсе, Диіс өзеніне құяр құйғанына жетіп, сол арадан төңкеріліп, үстіне тас үйілген ағаш қайықтың астындағы шұқанақты табар еді. Шұқанақтан мылтығына оқ-дәрі, қармақ, жіп, тор секілді барлық ау құралдарын кездестіріп, соған қоса аз болса да ұн, бір жапырақ сүр ет, бұршаққа қол жеткізер еді.
Билл ғой өзін сонда күтіп отыр. Екеуі содан ары, Үлкенаю көліне қарай Диіс өзенімен түстікті бетке алып, қайықпен жолға шығады. Көлді түстікке қарай қиып өткен соң, тағы да түстікті бетке алып ілгерілей береді. Қашан Маканзыға жеткенше. Одан кейін де әуелгісіндей түстікке қарай жүре беруі керек. Қашан орманы биік, азығы мол, жомарт та жылымық Оңтүстікке тұяқ іліндіріп, күндері қақап, өзен иірімдеріне мұз сірестірер қаһарлы қыс жете алмай қалғанша.
Бұл, әрине, қиналып келе жатқан бейбақтың қиялы еді. Сорлы байқұс тән азабымен ғана емес, жан азабымен де алысып келе жатты. “Билл мені далаға тастап кеткен жоқ. Ол, сөз жоқ, мені әлгі шұқанақта күтіп отыр” деп ойлауға тырысты. Әрі осылай ойлауға барын салды. Болмаса оның бар жанталасында мән қалмай, әлдеқашан мұрттай ұшып, мүрдем кеткен болар еді. Сөнуге жақын күн шары батыс терістікке батып бара жатқан шақта ол өзімен Биллдің қыс түсуден бұрынғы түстікке жасар сапарының әрбір шақырымын, әрбір сәтін санасында сапырып келе жатты. Одан жасырын шұқанақтағы азық-түлік пен «Хадісін шығанағы» серіктестігіндегі тағамдарды қайта-қайта ойлай берді. Нәр татпағанына екі күн болған еді. Сүйіп жейтін асын ішпегелі одан да көп болған. Жиі-жиі еңкейіп, ақ түсті саздық жемісін аузына салып, малжаңдап сора жүрді. Саздық жемісі – сыртында болмашы шырыны бар кішкене дән болатын. Ауызға түскенде еті еріп, дәнін таусаса, барған сайын қатайып, әрі тым қышқылданып кететін. Соны, ешбір нәр шықпайтынын біліп тұрса да, бұрынғы талай рет десі қайтқан тәжірибесін қайырып қойып, үлкен үмітпен шыдап, таусай берді.
Сағат тоғыздың кезінде ол әбден шаршап, қалжырағандықтан өзін-өзі теңшей алмай, тасқа шалынып ұшып түсті. Жығылған жерінде қимылдамай бір ауық жатты. Содан барып бумасының бауын ағытып, төрт тағандай көтеріліп, оңшалып отырды. Әлі толық қараңғы түспепті. Көз байланар ымыртта тас-тастың арасын сипап, кебу мүк қылқандарын жия бастады. Біраз жиған соң от тамызып, бықсып жанған қызусыз отқа су қайнату үшін қаңылтыр қалбырын қойды.
Бумасын ашып, алғаш істеген ісі – сіріңке талын санау болды. Барлығы 67 тал екен. Қайталай үш рет санап, көзін әбден жеткізді. Сонан соң бірнеше бөлекке бөліп, майлы қағазға орап, бір бумасын босап қалған темекі дорбасына, енді бір бумасын шиыршықталған жыртық қалпағының ішіне, үшінші буманы жейдесінің қойнына тығып, жөндестіріп қойды. Жұмысын тәмамдағаны сол, белгісіз күдік билеп, әлгілерді қайта ашып, тағы бір рет санап шықты. Сол баяғы 67 тал.
Су болған аяқ киімдерін отқа жайып кептірді. Тері аяқ киім әлдеқашан ылжыраған қайысқа айналыпты. Киіз байпағының жырым-жырымы шығып, балтырының еті көрініп, қып-қызыл қанға боялыпты. Бақайы солқылдай берген соң, мұқият тексеріп шықты. Тізесімен бірдей боп жуарып, ісіп кетіпті. Екі алашаның біреуінен ұзын бір қиық жыртып алып, мықтап тұрып таңып тастады. Тағы бір жалпақ қиық жыртып алып, аяқ киіммен байпақтың орнына аяғын орады. Содан соң барып, қалбырдағы буы бұрқыраған ыстық суын ішіп, сағатын бұрап, екі алаша буманың арасындағы қуысқа қарай сүйретілді.
Өлген адамдай ұйықтапты. Түн ортасындағы сәттік қараңғылық әлдеқашан келіп, көп өтпей жолына түсіпті. Күн солтүстік шығыстан көтерілген, болмады дегенде, таң сол тұстан атқан болар, енді бәрі бұлттың артына жасырынып қалыпты.
Оянғанда сағат алты болыпты. Шалқасынан түсіп жатқан екен, төбесінен төнген күмбез аспанға қадалып жатып, қарнының ашқанын сезді. Бір жамбасына қарай аунай беріп, пысылдаған дыбыстан селк ете түсті де, артынан анадай жерде өзіне таңдана қарап тұрған жабайы бұғыны көрді. Аралық елу қадамға жетер-жетпес еді. Кенет санасында бұғы етінің қақтамасын қызыл шоққа қарып, мұрын жарар иісін шығарып, быжылдатып пісіріп жатқан көрініс ойнап шыға келді. Ау мылтығын ықтиярсыз қолына алып, көздеп тұрып, масаны басып қалды. Ышқынып қалған бұғы ытқып кетіп, артына қарай бұрыла қашқанда, тұяғы тасқа шақ-шақ тиіп, алыстай берді.
Қолындағы оқсыз құралды бір сыбап алып, жанына тастай салды. Қолымен жер тірей көтеріле берді де, іле ауырсына ойбайлап жіберді. Орынан тұрудың өзі сылбыр әрі машақатты жұмысқа айналған сыңайлы. Буын-буыны тат басқан топсадай қышыр-қышыр етіп, тізесін бүгіп алға ұмтылғанша, көп қажыры сарп болды. Одан кеудесін көтеріп, екі аяғынан тік тұрып, әбден бекемделгенше тағы біраз уақыт зая кетті.
Аласа бір дөңге шығып, төңірекке көз салды. Маңайда орман-тоғай деген атымен жоқ екен. Әлдебір сұрғылт тас, лайсаң бұлақ, қоңырқай көлшіктен сәл-сәл парықталып, жер жүзін жауып жатқан күрең мүктен басқа ештеңе көрінбейді. Аспан да тым сүреңсіз. Күн емес, күннің көлеңкесі де көрінбейді. Терістіктің қай тарап екенін ажырата алмады. Өткен түні өзінің қай жақтан келгенін де ұмытыпты. Бірақ, адасқан жоқ. Бұл көңілінде анық болатын. Сәл ілгерілесе болды, Сояулыға жетеді. Осыдан солға қарай жүргенде, көп алыс емес екенін біледі. Бәлкім, келесі жотадан асып түскен жерде шығар...
Қайтып келіп жүгін арқалап, жолға шығуға дайын болды. Жүрер алдында арнайы санамаса да, үш бөлек сіріңке талының орнында екенін анықтап, біліп қойды. Бірақ тері дорбаны алу-алмау жөнінде екі ойлы болып, аз-кем іркілді. Дорба ғой үлкен емес, екі алақанымен басса көрінбей қалардай ғана. Дегенмен, оның қалған жүкпен деңгейлес – қырық фунт келетіні көңіліне аян болатын. Сол жағы қинап тұрды. Ақыры оны бір жағына салып, бумасын орай бастады. Тері дорбаны ала көзімен бір атты. Соңғылықта оны жылдам көтеріп алып, меңірейген тілсіз түз қолындағысын түгел тонап алғалы тұрғандай, жан-жағына ызбарлана қарап қойды. Ал орнынан тұрып, бір күндік сапарға тәнтіректей қадам басқан кезде тері қалта оның арқасындағы буманың арасында келе жатты.
Солға қарай бұрылып, жолай іркіліп, саздық жемісін жей жүріп жаймен аяңдады. Бақайы сіресіп, бұрынғыдан бетер ақсаңдай берді. Бірақ оның бұл ауырсынуын асқазанының ауырғанымен салыстыруға еш келмейтін еді. Аштықтың азабы үдей түсіпті. Соның салдарынан бар назарын жиып, жетуге тиіс Сояулының жолына аудара алмады. Қышқыл дәмі тілі мен таңдайын удай ашытқан саздық жемісі де асқынған азабын сәл де болса жеңілдете алмады.
Аздан соң тағы бір сайға жетті. Келсе, бір топ қырғауыл қанатын пыр-пыр еткізіп, саздықтағы төмпешіктер мен тастардың үстінде жорғалап жүр екен. Үн салып, сайрап қояды өздері. Жерден тас алып лақтырып еді, тигізе алмады. Содан арқасындағы жүкті түсіріп, торғай торыған мысықтай аңди бастады. Кешікпей әлдебір тастың қыры шалбарының балағын жыртып, тізесін сүріп, қанатып кетті. Бірақ ол аштық азабының айдауында тым жылдам қимылдады. Дымқыл мүктің үстінен еңбектеп өткенде киіміне су сіңіп, денесін қари бастады. Бірақ тамаққа деген ынтызарлықтың күштілігі сонша, оны мүлде сезбеді. Қырғауыл қол созым жерде қанатын қағып, жербауырлап жорғалады да отырды. Қақылықтаған дыбысы мазақтап жатқандай сезіліп, ақыры қатты айғайлап, өздерінің үніне салып сыбап салды.
Бірде ұйықтап жатқан біреуінің үстінен түсті. Оны тек тастың бұрышынан өзіне қарай ұшып шыққанда ғана байқап, сасқан құстың өзінен аумай жанталасып, екі қолымен алдыңғы жағын қармалай берді. Соңында алақанында үш тал қауырсын ғана қалыпты. Құстың ұшып кеткені өзіне жасалған үлкен қастандықтай сезіліп, оны шексіз жек көріп кетті. Сәлден соң қайтып келіп, буыншағын қайта арқалады.
Жылжыған уақыттың жетегінде бір кезде аң-құсы жыртылып-айырылған үлкен сайға ілінді. Бір топ бұғы жайылып, өріп барады. Жиырма шақты болар, қызық аң оқ жетер жерден дүркірей үрікті. Ішкі жағынан арттарынан тұра қуғысы келген бір құтырық сезімнің бас көтергенін қапысыз сезді. Әрі өзінің қуып жететініне кәміл сенді. Кенет өзіне қарай келе жатқан қара түлкіні көзі шалды. Аузына тістеген қырғауылы бар екен. Бар даусымен айғайлап қалып еді, қорқынышты үннен есі шыққан түлкі ытқи жөнелді. Аузындағы қырғауылын тастамай кетті.
Күн кешкіре әк тасымен аққа боялып, селдір, сұйық жалбыз үстімен ағып жатқан жіңішке өзенді бойлап, құлдилап келе жатты. Бір кезде қолын суға салды да, пияздың өзегінен аумайтын, үлкендігі шегедей жұлмыр шөпті тамырымен жұлып алды. Майысып тұрған балғын өсімдікке тарыққанда талғажау болар деген үмітпен тіс басты. Бірақ оның талшықтары тарамыстай екен. Жеміс секілді су құрамы бар, жібектей жіңішке жіпшелерден түзілгеніне қарамастан, ешбір қорегі жоқ, нәрсіз еді. Сонда да жүгін тастай салып, жалбыз үстіне еңбектей кетті де, өгіз құсап қомағайлана асады.
Әбден діңкелеген еді. Сәт сайын қайбір жерге құлай кетіп, аялдап, ұйықтап алғысы келіп келе жатты. Бірақ жүрісін тоқтатқан жоқ. Сояулыға ертерек жетсем деген ынтызарлықтан емес, қарнының ашқанынан еді. Жолда бақа болуы мүмкін таяз көлшіктерді кездестірді. Қиыр терістікте бақа тұрмақ, басқа жәндіктердің де болмайтынын біле тұра, қолымен тырмалап, қазып тастады.
Әрбір шұқанақтың суын мұқият қарап, таң атқанша еңбегін еш қылды. Ақыры осы шұқанақтардың бірінен бармақтай ғана ең соңғы жалғыз балықты ұшыратты. Іле-шала білегін түбіне дейін тығып жіберді. Алайда, балық сытылып кетті. Енді екі қолын бірдей салып іздеп, түбіндегі батпағын қопарып, лайлап жіберді. Қарбаласта екпетінен түсіп, беліне дейін суға малшынды. Сәлден соң су қара ботқаға айналды да, балықты көру мүмкін болмай, лайдың қайта тұнуын тосуға мәжбүр болды.
Іздеу қайта басталды. Соңы су тағы бір рет қаработана болғанға дейін жалғасты. Бірақ іліктіре алмады. Енді қаңылтыр қалбырын шешіп, шұқанақтағы суды сонымен сыртқа қарай төге бастады. Алғашында ол құтырына қимылдап, өзін де малмандай қылған суды жақын аралыққа төккендіктен, су қайта келіп шұңқырға құйылып жатты. Сәлден кейін жүрегі кеудесін соғып, қолы дірілдей бергендіктен, өзін зорға тежеп, байыпты қимылға көшті. Жарым сағаттан кейін шұқанақ босап, қаңырап қалды. Қалған жұғын бір шыныға да толмайтын еді. Ал балық көрінбейді. Соңынан барып тағанындағы тас арасында балық көрші көлшікке өтіп кететін жасырын тесіктің барын байқады. Ал ол көлшік күн-түнімен төксе де сарқып болмастай үлкен еді. Тесіктің бар екенін ертерек білгенде ғой, о баста-ақ таспен мықтап тығындап тастап, балықты ұстап алар еді, амал қанша!!!
Осыны ойлағанда, еңсесі түсіп, сулы жерге шөге құлады. Басында егіліп, өксіп қалды да, сәлден соң қоршап тұрған тасбауыр түзге даусын шығара қатты еңіреп жылап жіберді. Бір уақыттан кейін булыққан дымсыз солықтан дірілдеп, солқылдап жатты.
Соңыра от жағып, су қайнатып ішіп, бойын жылытты. Сосын өткен түнгісіндей үлкен жалпақ тастың үстіне шығып жантайды. Жатудың алдында сіріңкесінің кебу екенін анықтап, сағатын бұрап қойды. Таңған алаша қиығы әрі су, әрі суық болғандықтан, бақайы ауырып, солқылдай бастады. Бірақ қанша жерден жайсыз ұйықтап, түсінде тек қиялда ғана көрініс беретін аспа-төк тамаққа толған қонақасы мен отырыстарды көріп жатса да, көкейінде тек құрсағының шұрылы ғана тұрды.
Ертесі қалтырап, жайсызданып оянды. Күн көрінбейді. Күреңіткен аспан мен жер тіпті де бұлыңғырланып, тұңғиықтана түсіпті. Әлдеқайдан сызды желемік тұрып, қар жапалақтары жатаған дөңдердің басын ағартып тастапты. От жағып, су қайнатып жатқанда маңайдағы ауа қалыңдап, ақ ұлпалар көбейе түсті. Жауған қар жаңбыр аралас сулы, жапырақтары үлкен, дымқыл еді. Алғашында жерге тиер-тиместен еріп кетіп отырды да, түсе-түсе көбейіп, айналаны жауып, отты өшіріп, жағып отырған кебу мүкті су қылып тастады.
Бұл жүргіншіге жасалған “жүгіңді арқалап, жолға шық” деген ескерту еді. Бірақ, қай тарапқа бет түзесе оң болмақ? Сояулы туралы да, Диіс өзенінің жағасында аударылған қайықтың астында жатқан шұқанақ жайында да ештеңе ойламады. Дәл қазір тек бірдеңе жеудің ғана қамалқасында еді. Аштықтан естен айырылуға шақ тұрды. Бет алған бағыты қашан сай табанынан алып кеткенше өзінің қалай келе жатқанын байқамады. Соңынан жолының қарлы-жаңбырды ендей өтіп, саздықтағы сулы жеміске қарай тураланғанын аңдады. Әрі жалбызды тамырымен қоса жұлғанын сезе жүріп, алға ілгеріледі. Онысы дәм-тұздан түк жоқ, жұмырға жұқ болмас бірдеңе еді. Тағы бір қышқыл дақылды байқап, табылғанынша таңдайына салып, таусап отырды. Онысы да көп емес еді. Аласа өсімдік болғандықтан, бірнеше елі қардың астына көміліп қалыпты.
Бұл түні от жаққан жоқ. Ыстық су да ішпей, алашаның астына еңбектеп кіріп, аштық ту-талақайын шығарған тамтықсыз ұйқыға кірісті. Қардың аяғы жаңбырға ұласты. Түнде неше мәрте оянып, соңғы рет өзінің шалқалап жатқанын білді. Таң атыпты. Күн көзі көлегейленген күңгірт таң. Жаңбыр тоқтапты. Жанын жеген аштық сап басылған. Азық тілеп тұрған күшті зарық тақа таусылыпты. Асқазаны сәл-пәл жайсызданғанымен, көп мазасын алмады. Ақылы кіріп, Сояулы мен Диіс өзенінің жағасындағы шұңқырға қайта аңсары ауа бастады.
Жыртылған алашаның бір бөлегін екі айырып, қиықша жасады да, қанаған аяғын таңды. Жараланған бақайын қайта жөндеп, тағы бір күндік сапарға әзірленді. Жүгін арқалап болған соң, тері дорбаға қарап бір сәт тұрып қалды. Бірақ, соңғы есепте, өзімен бірге ала кетті.
Жаңбыр астында қалған қар езіліп еріп, тек тау басындағылары ғана ағарып жатты. Күн шыққан соң өзінің адасып кеткенін жаңа білсе де, ендігі бағытын анық айқындады. Бәлкім, өткен бірнеше күнгі сенделуден болар, солға қарай сәл бұрыс кетіп қалыпты. Дұрыс жолдан қиыс кеткен олқылықтың орнын толтыру үшін енді бағытты оңға қарай бұра салды.
Аштық азабы қайта қабындамағанмен, өзінің әбден әлсірегенін айқын аңдады. Саздық жемісін алып жеп, жалбызды жұлған кезде еріксіз аялдап, дем алуына тура келді. Қалың түк басқандай болған тілі кеберсіп, ісіп кеткендей сезіліп, аузы кермек тати берді. Жүрегі көп әурешілік туғызды. Бірнеше минөт жол жүрсе болды, тоқтаусыз тарсылдап, тынымсыз шоршып, жан шыдатпай ауырғанда иесінің зәресін ұшырып, есін екеу, түсін төртеу қылды.
Түс болған мезгілде үлкен көлшіктен екі тал итбалық кездесті. Суды сыртқа қотару мүмкін емес еді. Бірақ әзір өте сергек болғандықтан, қаңылтыр қалбырымен ептеп аулап алуды ойлады. Балықтар бар болғаны шынашағындай ғана еді. Бірақ құрсағы ерекше аша қоймады. Ішіндегі жалаңдаған нәпсі әлдеқашан басылып, семіп қалыпты. Асқазаны ұйқыға кеткендей бір жағдайда. Ұстаған шикі балығын аузына салып, асықпай-аптықпай шайнай бастады. Тек бірдеңе жеуі керек болғандықтан ғана жеді. Ештеңеге тәбеті шаппай тұрса да, тірі қалу үшін, сөз жоқ, бірдеңе жеуі керек екенін ол жақсы білетін.
Кеш бата үш тал итбалық ұстады да, екеуін жеп, үшіншісін келесі күнгі ертеңгілік асқа қалдырды. Күнде жатқан мүк шөмшектері құрғап, су қайнатып ішіп, өзін жылытып алуға мүмкіндік туылған еді. Ол күні бойы бес шақырымнан артық жол жүре алған жоқ. Ал ертесі жүрегі мүмкіндік бермей, бес шақырымға жетпейтін ғана жол басты. Бірақ, асқазаны титтей де мазасыздық әкелген жоқ. Ұзақ ұйқыда жатты. Сөйтіп жүріп ақыры бұғысы мен қасқыры қатар өрген бейтаныс жерге келіп жетті.
Қасқырдың ауық-ауық ұлыған үні иесіз даланы жаңғыртып тұрды. Бір жолы бақандай үшеуінің жолын кесіп өткенін көрді. Тағы бір түн өтіп, таң атқан соң, сергек қалпында тері дорбаның былғары бауларын ағытты. Ашып, аузынан сап-сары алтын қоқымдары мен түйірлерін төкті. Оны апұл-ғұпыл екіге бөліп, бір бөлігін алашаның қиығына орап, көрнеу тастың үстіне жасырды да, келесі бөлегін дорбасына қайта салды. Жыртылған алашаның қалған қиығымен аяғын таңды. Диіс өзенінің бойындағы шұқанақтағы оқтарға бола ол мылтығын тастамай әлі көтеріп келе жатқан-ды.
Келесі күні тұман түсті. Әрі тыныш жатқан аштық қайта бас көтерді. Әлсірегені сонша, көз алдын торлаған бір қабат қара пердеден айыға алмай келе жатты. Сүрініп жығылу ғой әлдеқашан дағдылы іске айналған. Тағы бір рет сүрінгенде қырғауылдың ұясының үстіне жығылды. Ұяда жаңа басып шығарған төрт балапаны бар екен. Қабығын жарғанына бір күн болған кішкентай ғана бүлкілдеген тіршіліктер бір асауға ауыз толмастай еді. Сонда да қоймай, обырлана жей бастады. Арт-артынан тірі күйлерінде аузына нығарлап, жұмыртқа қабығын жегендей тісіне салып, шытырлата шайнады. Енелері маңайда айналып, жанұшырып шырылдап жүрді. Мылтығын сойыл қылып соғып еді, дарытпай кетті. Ақыры таспен ұрып, сәтін салғанда, бір қанатын сындырды. Енді сынған қанатымен жер сызып, жанталасып тұра қашқан түз құсының соңынан түсті.
Әлгі балапандар оның тәбетін ашуға зорға жарады. Жаралы аяғымен шоқыраңдай жүгіріп, кейде тас лақтырып, кейде қырылдай айғайлап, енді бірде жай ғана үнсіз шойнаңдап ілгерілеп келе жатты. Жығылып түскен кездерінде аса шыдамдылықпен қайта тұрып, дәрмені құрып, көз алды бұлдыраса алақанымен сипап, жанарын тұнытып отырды.
Қуған ізі жетектеп отырып сай тағанындағы саздауыт жазықтан өткізіп, әлдекімнің сулы мүктің үстінде қалған табан таңбасының үстінен шығарды. Өзінікі емес, болса таныр еді. Биллдікі екені айдан анық. Қырғауыл алыстап кететін болғандықтан, аялдаған жоқ, алдымен құсты ұстап алып, соңынан келіп анықтамақ болып, шойнаңдай жөнелді.
Ақыры қырғауылды шаршатты. Өзі де діңкеледі. Екеуі екі жерде ентігіп тұрып қалды. Аралық он неше адым еді. Еңбектеп жетуге шамасы болмады. Сәл тұрып әл жиған кезде анау да тыңайып үлгіріпті, үмітпен созылған қолын бұлтарып, далбақтай жөнелді. Қуғын қайта басталды. Кеш кіріп, қараңғы түскенде құс ақыры адастырып кетті. Арқасынан ауыр жүк басып, беті тілімденіп, дәрменсіздіктен тізесі бүгіліп, басы жерге салбырай құлады. Көпке шейін қозғалған жоқ. Сәлден кейін барып бір жағына қарай аунап түсіп, сағатын бұрады да, сонда қисайып, таң атқанша тыпыр етпей жатты.
Тағы бір тұманды күн келді. Соңғы алаша қиығының жарымымен аяғын таңып алып, Биллдің ізін іздеп еді, таба алмады. Ол ғой оқа емес, қарнының аштығы қайта-қайта: “Билл де адасып кеткен шығар” дегенді ойлауға мәжбүр ете берді. Түс болғанда жүгі бұрынғысынан ауырлап кеткендей сезілді. Сосын алтынды бөлді де, бір бөлігін сол замат жерге төгіп тастады. Түс ауа қалғанын лақтырып, жанында тек алашаның жарымы, қаңылтыр қалбыр, тағы мылтығын қалдырды.
Кешікпей әлдебір сырлы сезім санасын шырмай бастады. Жанында тағы бір тал оқ қалғандай сезіле берді. Мылтықтың таңдайында тұрған оқты бұл әлі байқамаған секілді. Нақты өмірде мылтық таңдайының бос екені өзіне айдан-анық болатын. Бірақ жаңағы сырлы сезім қайталана берді. Сөйтіп, бұл сезіммен бірнеше сағат алысты. Соңында мылтықты ашып, таңдайының бос тұрғанын көріп, көзін әбден жеткізгенде күшті үмітсіздік тәп бір шынымен-ақ оқ тауып алармын деп дәмеленгендей-ақ өзегін өртеп кетті.
Жарым сағаттай жүрген соң жаңағы сезім тағы келіп шырмады. Арпалыс қайта басталып, қашан мылтығын алып шығып, ашып көріп, көзін жеткізіп жеңілдегенге дейін жалғаса берді. Сенделіп келе жатқанда қиялына қай-қайдағылар келіп, өздігінен пайда болған таңғажайып ойлар миына кірген жегі қоңыздай жанын жеді. Дегенмен, бұндай қисынсыз қиялдардың өмірі әр жолы қысқа қайырылып отырды. Өйткені, ашқан қарнының азабы оны ылғи да жер бетіне тартып түсіре берді. Бір жолы тағы бір естен тануға соқтыра жаздаған жағдай оны осындай соқыр қиялдан суырып алды. Сол сәт жығылып қалмауға тырысқан мас адамдай алды-артына кетіп, теңселіп кетті. Қарсы алдында бір ат тұр еді. Иә, бір ат! Өз көзіне өзі сенбеді. Көз алдын бір қабат қара тұман торлап, арасынан әлдебір ұшқындар жылтылдай берді. Қолымен уқалап, көз алдын аршып алған соң байқады, алдында тұрған ат емес, үлкен бір қоңыр аю екен.
Жабайы айуан жауыққан көзбен сынай қарайды. Мылтығының оқсыз екені есіне түскенде оны әлдеқашан иығынан алып, жартылай оқтап үлгірген екен, дереу түсіре берді. Іле беліндегі пышағын қынынан суырып алды. Қарсы алдында тұрғаны – бір құшақ ет, әрі тірі мақұлық еді. Бармағымен пышағының жүзін сипап көріп еді, қылпып тұр екен. Ұшы тіпті біздей. Аюға қарай атылып барса, оны жайрата алатынына нық сенді. Бірақ жүрегі тарс-тарс соғып, ескерту жасады. Өршелене шоршыған о пәле де ұясында мөңкіп тұрып алды. Ақыры шекесінен құрсау қысқандай ауыр қысымнан тұнық миына санасын салдандырар сиқыр жүгірді.
Бойындағы қайтпас жігерді қорқыныштың құла толқыны қуып жіберді. Мына түрімен аю шынымен-ақ ауыз салар болса, қайтпек?! Өзін-өзі тез оңшап, әуелгі сергек қалпына келді де, қолындағы пышағын серт ұстап, алдындағы аюға қадала қарады. Аю алдыға қарай бірнеше адым аттады да, тікесінен тік тұрып, әлдекімді сынағандай, озандай ақырды. Егер бұрыла қашса, артынан тұра қуардай еді. Сондықтан қашпады. Бұл кезде қорқыныштан туған батылдық кеудесін қайта кернеп, бар дауысымен есі шыға айғайлады. Үнінде жанның тәттілігінен туған, тіршіліктің терең тамырларымен астасып жатқан сұмдық бір үрей бар еді.
Аю бір жағына қарай сәл қозғалып, үркіте гүрілдеді. Алдындағы тікесінен тік тұрған, қорқу дегенді білмейтін ғажайып мақұлықтан тайсақтаған бір сыңайы бар. Бірақ бұл қозғалған жоқ. Қауіп-қатер қашан өтіп кеткенше қалшиып, қатты да тұрды. Сәлден соң бойын белгісіз діріл жеңіп, сулы мүктің үстіне сылқ ете құлады.
Өз-өзіне зорға келіп, жүрісін қайта жалғастырған кезде басқа бір қорқыныш келіп кимеледі. Бұл – талғажау таппай, аштықтан арам қатармын деген ойдан емес, керісінше, алқымдаған аштықтан аман алып қалар ең соңғы ерік-жігерді тақа тауысудан бұрын, өзімді-өзім жоғалтып алармын деген күдіктен туған үрей еді. Маңайда торуылдап жүрген итқұс бар. Олардың алды-арттан ұлыған үндері түз аспанын торлап, тұнық ауада сезік пен секемнің өрмегін құрғандай сезім береді. Тіпті қолын көтерсе-ақ болды, саусақтары ол торға тиіп кетердей еді. Ал, әзір оны арттан соққан қара дауылға қалқан қылып, қалқаланып келе жатқандай бір әсерде.
Екі-үштен топтасқан қасқыр үйірлері жолын әлсін-әлі кескестей берді. Бірақ жақындаған жоқ. Олардың саны көп күш шығармай аулап алуға болар бұғылардан басқа, тістеп, не шап беріп ұстап алуы мүмкін, өздері түрегеліп жүретін қос аяқты мақұлықты аулауға жетпейтін еді.
Кеш кіре итқұс жәркемдеген жерінде шашылып жатқан жас сүйектердің үстінен түсті. Бұл өліктің бір сағаттың алдында ғана ойнақ салып, шауып жүрген тірі бұғы бұзауы екенінде күмән жоқ еді. Әбден тазалап мүжіп, кеміріп тастаған, тек әрбір жерінен ғана бояуы жоғалмаған болмашы қызыл түйірлер көрініп қалатын жас сүйектерге тігіле қарап, сәл тұрып қалды. Сонда кеш батқанша өзі де осындай жемтікке айналмақ па?! Өмір деген осы ма сонда... қас-қағымда зая кетер қадірсіз бірдеңе болғаны ғой. Тірі жүру деген тіпті мехнат. Ал өлім – азаптан арашалап алмақ. Өлу деген – ұзақ ұйқы деген сөз. Оның мағынасы мәңгілік тыным. Ал сонда өзінің өлгісі келмейтіні несі?! Тым көп ойланып жатпады, мүк үстіне етпеттей кетті де, сүйектен біреуін қолына алып, солғын қызыл бояуға боялып тұрған соңғы ет қалдықтарын кеміре бастады. Тілді үйірген ет дәмі бұлдыраған елестей құмарын қозғап, құнықтырып барады. Аран азуын аямай салып, қажалай берді. Кейде тістеген сүйек сынып, кейде тісі опырылып жатты. Болмағанда, таспен ұрып уатып, соға-соға мылжалап, соңынан құныға сорды. Асыққанда бірнеше рет саусақтарын таспен жаншып алды. Бірақ, бір таң қаларлығы, қолындағы тас саусақтарын жаншығанда, ауырғаны еш білінген жоқ.
Неше күнге созылар қарлы-жаңбыр басталды. Енді өзінің қайда түнеп, қайда паналарын білмеді. Күндіз жүргеніндей, түнде де біраз жол басты. Жығылып түскен жерінде дем алды. Көкірегіндегі сөнуге жақын тірлік оты қайта тұтанып, жана бастаса болды, жандәрмен алға ұмтылды. Оның ет пен сүйектен жаралған пенде ретінде тауаны қайтқан еді. Тек өлімге бас имеген шыбын жаны ғана алға қарай сүйреп келе жатты. Азаптан әлдеқашан арылған. Көп өтпей көз алды көрген түстей ғажайып көрініске толды да, жүйкесі жүндей түтіліп, талықсып кетті.
Әлден уақыттан кейін талқандап жанына салып алған бұғы бұзауының соңғы бір уыс сүйегін құшырлана шайнап, сорып келе жатты. Тау асып, тас басқан жоқ, санасыз түрде әлдебір кең әрі таяз сайды құлдаған үлкен өзенді қуалай жағалады. Өзі сай мен өзенді көрген жоқ. Көз алдын торлаған елестен басқа ештеңені байқай алмай келеді. Бірге жүріп, қосыла ілгерілеп келе жатқандай болғанымен, рухы мен денесі әлдеқашан бөлінген, екеуінің ортасын жіптіктей ғана жіңішке қылдырықтар жалғап тұр еді.
Үлкен тастың үстінде жатқан жерінен санасы сергіп оянды. Шыққан күн шуақты, жылы екен. Құлағына алыстан шыққан бұғы мен көкжалдың талықсыған үні келді. Жаңбыр жауып, қарлы боран соққаны еміс-еміс есінде қалыпты. Ал сұрапылдың екі күн, әлде екі апта бұрқағаны жадында жоқ.
Көпке шейін қозғалмай, қыбырсыз жатты. Шуақты күн нұры әбден тозған тұлабойына мейірлене төгілді. “Тамаша күн” деп ойлады ішінен. Өзінің қайда жатқанын білуге ниеттенді. Ауырсына тырмысып, бір жағына қарай аунап түсті. Аунаған жағындағы ылди еңіс – кілкіп аққан арналы өзен екен. Көрген жерден көзін арбады. Асықпай отырып, арна бойын шолып өтті. Өзен суы ілгері кездескен таулардан алысырақ, татарған тақыр дөңдер мен таз төбелерді аралап ағып өтеді екен. Аспай-саспай, мақсатты түрде байыптап, ешбір таңданыссыз, тіпті, аса зор ынтығусыз да, бейтаныс арна сорабының көкжиекке қарай созылып барып, бетінде сәулелі сағым ойнаған көк теңізге құйып жатқан жеріне дейін қуалай үңіліп, көз жіберді. Талайға дейін еш желпініссіз жатты. Бір таңқаларлығы, оның ойынша, өзінің көргендері мен байқағандарының бәрі тек алжасқан адамдардың ғана көзін шырмайтын шетін көріністер мен елестер еді. Сағым ойнаған ұлы теңіздің ортасында байлаулы тұрған кемені көргенде, бұған көзі тіпті де жете түсті. Ол көзін жұмып тұрды-тұрды да қайта ашты. Қайран қаларлығы, шетін көрініс әлі де орнында еді. Шынтуайтында, оның еш таңданарлығы жоқ болатын. Татарған тандыр даланың ортасында ешбір теңіз, не кеменің жоқ екені оның өзіне де қолындағы мылтықта оқ болмағаны сияқты өте анық жай еді.
Кенет арт жағынан шыққан әлдебір пысылды – булыға тыныс алған, әлде жөтелген дыбысты құлағы шалды. Әбден шаршап, сіресіп қалғандықтан зорға дегенде бір жағына қарай аунап түсті. Жақын арадан ештеңе көрінбеді. Сосын сабырын жиып, жалғасты тосуына тура келді. Қырылдай жөтелген дыбыс тағы есітілді. Сол сәт жиырма қадамдай қашықтықта жатқан екі дөңбек тастың ортасынан қылтиған қасқырдың басын байқағандай болды. Бұл қасқырдың құлағы ілгері көрген көкжалдардың құлағындай тік тұрмайтын еді. Қанталаған көздері нұрсызданып, басы салбырап, иығынан төмен түсіп кетіпті. Жарқыраған күн нұрында кірпіктерін тоқтаусыз қағып, жыпылықтай берді. Ауырып қалған болса керек, жиі-жиі қырылдап, жөтеліп қояды.
“Міне, бұл айнымаған шындықтың өзі” деп ойлады, бір жағына қарай аунай беріп. Сонда барып қарсы алдындағы бағанадан әртүрлі елес бүркеп, бұлдырап тұрған кең дүниенің кеспірін анық көрді. Бірақ көк теңіз тағы да алыстан жарқырап, байлаулы кеме ап-айқын көзге ұрып тұрды. Сонда... көргенінің бәрінің рас болғаны ма?! Бір сәт көзін жұмып, ойға шомып тұрған соң барып, бәрі де айқындалып жүре берді. Сөйтсе, Диіс өзенінен шыққан соң, шығыс терістікке қарай жүріп, Жезді шатқалынан келіп бір-ақ шығыпты. Қарсы алдында жылжып ағып жатқан кең арналы су Жезді өзені болып шықпасы бар ма?! Ал жарқыраған теңіз – Солтүстік мұзды мұхит, байлаулы тұрған кеме – Маканзінің аузынан адасып, шығысқа, қиыр шығысқа қарай кетіп қалып, ақыры Коронейшн шығанағына келіп тоқтаған ау кемесі екен. Ілгері «Хадісін шығанағы» серіктестігінің картасынан көргені бар еді, енді бәрі ап-анық болып, айқындалып жүре берді.
Тіктеліп отырып, назарын жиып, жағдайды қайта пайымдамаққа ниет қылды. Аяғына оралған алаша қиықтары әлдеқашан жыртылып, ісінген еттен балтыры кісі көргісіз болып кетіпті. Ең соңғы алаша қиығы да істетіліп, қолындағы мылтығы мен пышағы әлдеқашан ғайып болыпты. Арасындағы бір бума сіріңкесі мен қалпағы да қайсыбір жерде қалып қойған. Ал майлы қағазға орап, темекі дорбасының ішіне салып, қойнына тығып алған сіріңке талдары аман әрі кебу екен. Сағатына қарап еді, баяғысындай шықылдап жүріп, он бірді көрсетіп тұрды. Ұмытпай бұрап жүргені есіне түсті.
Алаң атаулыдан арылған көңіл-күйі аса орнықты еді. Тым әлсіреп кеткенімен, ауырған жерлері әзірше біліне қоймады. Құрсағы да ашқаннан аман. Тамақ туралы ойлар желпіндіруден біржола қалыпты. Не істесе де ақылмен істеді. Екі балағын тізесіне дейін жыртып алып, аяғын таңды. Қаңылтыр қалбырды тастамай ала жүргені қандай жақсы болған, машақатты екені былай да көрініп тұрған кемеге баратын сапарының алдында су қайнатып ішетін болды.
Қимыл-қозғалысы баяулап кетіпті. Топ болып қалғандай, тұлабойын діріл буа берді. Кебу мүк жинауға кіріскен кезде, аяғын көтере алмайтынын байқады. Неше рет сынап, болмаған соң ақыры еңбектей өрмеледі. Төрттағандап жүріп бір жолы ауру қасқырдың қасына барып қалған екен, жабайы айуан ықтиярсыз жолынан тайқып, икемге келмей тұрған тілімен бет-аузын жалап-жалап қойды. Оның тілінің кәдімгі, қалыпты қызыл тіл емес екенін сәтінде байқап үлгерді. Сыртын бір қабат бұжыр-бұжыр кебу перде жапқандай, сарғыш қоңыр тартқан сумақы тіл еді.
Ыстық су ішкен соң өзінің орнынан тұра алатынын білді. Тіпті, өлгелі жатқан адамның жүріп кеткеніндей, жүріп те кетті. Әрбір минут ілгерілеген сайын, амалсыз тоқтап, демалып отырды. Ізіне түскен қасқырдың дәрменінің құрып, тәнтіректегені сияқты бұның да басқан адымы әлсіз әрі орнықсыз еді. Сол түні жарқыраған теңіз қараңғыға жұтылып, көрінбей кеткен кезде ол өзінің оған қарай төрт шақырымдай ғана жақындағанын шамалады.
Таң аппақ атқан кезде алдымен қасқырдың жөтелгенін, соңынан бұғының мөңірегенін естіді. Төңірегі толған тіршілік екен. Тағы келіп, бәрі қайраты бойында, қуаты тасыған, сау денелі тіршіліктер болатын. Ауру қасқырдың қалжыраған кісінің ізіне түсуі – оны алдымен өледі деген үмітінен екенін білді. Таңертең ерте көзін ашып алғанда оның өзіне сілекейі шұбырып, жұтына қарап тұрғанын көрді. Өзі бұралқы, қаңғыбас иттердей құйрығын бұтына қысып, шоқиып отырып алыпты. Таңғы суықта қалшылдап, дір-дір етеді. Бітіп қалған тамағын зорға қырылдатып, зекіп көріп еді, ақситып тісін көрсетті.
Күн жарқырап көтеріліп қалған екен. Түске дейін теңселе басып, сағымды теңіз бетіндегі кемеге қарай құлдады да отырды. Күн райы көңілдегідей еді. Биік ендіктегі қып-қысқа Индиян жазы. Соңғы аптасы болар, ертең не арғы күні шолтаң етіп өте шығары бесенеден белгілі-тін.
Күн түстен кейінге ауғанда белгісіз ізге кез болды. Әлдебіреудің жүрген емес, төрт аяқтап өрмелеген ізі. “Биллдікі болар” деп ойлады. Бірақ, назары ауып, көңілі шапқан жоқ. Қызығу деген атымен қалмаған екен. Оны айтасыз, тұлабойынан сезім мен түйсік атаулы әлдеқашан зым-зия жоғалыпты. Ауырғанды сезбейтін еді. Асқазаны мен жүйкесі ұзақ ұйқыға кеткендей!? Бірақ шықпаған жаны ғана денесін алға сүйреп келе жатты. Қанша қалжырағанмен, өлмеді. Өлмеуінің себебі – саздық жемісі мен итбалықты жеп, ыстық су ішіп, бұралқы көкжалдан қатты сақтанып келе жатқанынан еді.
Енді әлгі өрмелей жылжыған бейтаныс адамның сүйретілген ізін қуалай ілгеріледі. Көп өтпей із бірнеше арланның ізі қалып, жас сүйектер шашылған, мүк басқан шалшыққа келіп үзілді. Сол арадан серігінің өткір тістер жырымдап тастаған тері дорбасын тауып алып, саусақтарына әжептәуір салмақ салып тұрса да, жерден көтеріп алды. Билл оны соңғы деміне дейін көтеріп келіпті. Ха-ха! Сорлы Биллге күлкісі келді. Соңғы есепте өзі ғана аман қалып, дорбаны сағым ойнаған көк теңіздегі жалғыз кемеге көтеріп апаратын болды. Күлгендегі дыбысы құзғынның құңқылдағанындай қырылдап, аса қорқынышты шықты. Соңынан ерген кесел қасқыр да қинала қырқылдады. Күлкісін кенет тыя қойды. Егер анау шынымен-ақ Билл болса, ана тазаланып мүжілген ақ-қызыл сүйектер дәл Биллдікі болса, бұл оған қалай күле алмақ!?
Артына қарай жалт бұрылды. “Иә, Биллдің далаға тастап кеткені рас. Бірақ соған бола оның алтынын алып, сүйегін кеміре алмаймын. Ал орнымыз алмасып, менің орнымда Билл болса, одан бәрін күтуге болар еді” дегендерді ойлап, сенделіп сәл тұрып қалды.
Жүре-жүре бір кішкене сасық көлшікке кез болды. Итбалық іздеп су түбіне еңкейе берді де, шоқ басып алғандай шоршып, басын жылдам көтеріп алды. Су бетіне түскен өз суретін көріп еді. Қорқыныштылығы сондай, селк еткізіп сезімдерін сергітіп, ұйқыдан оятып алғандай болды. Суын сарқуға үлкендік қылатын көлшіктен үш итбалық байқалып, қаңылтыр қалбырымен ұстаймын деген ұмтылысы біразға жалғасып, ешбір өнім болмаған соң ақыры өзін тежеп алды. Әбден шаршап әлсірегендіктен, көлге құлап, тұншығып өлермін деп қорыққан-ды. Әрі бұл – құмда жатқан салынды ағаштардың біреуін өзенге салып, үстіне жармасып, бірге ағып кетуге толық сенімінің бомауының да себебі еді.
Сол күні кемемен аралықты үш шақырымға ғана қысқартты. Ертесі күні Билл құсап еңбектеп өрмелегендіктен екі шақырым, ал бесінші күні күніне бір шақырым да ілгерілей алмағандықтан, кеменің әлі жеті шақырымның ар жағында жатқанын байқады. Индиян жазы әлі де тамылжып тұр. Өрмелеу жалғаса берді. Бас айналып, көз қарауытты. Бұл жағдай қаншама рет қайталанды десеңізші!? Ал, кесел қасқыр өкшесінен қалмай жөтеліп, әлі тіміскілеп еріп келеді. Екі тізесі балтырынан аумай қан жалапты. Жейдесінің арқа бойын жыртып алып, таңып қойғанына қарамастан, артында қалған мүк пен тасқа қызылжолақ із қалыпты. Артына бір қарағанда, аш қасқырдың қан жұққан жерді ашқарақтана жалап жатқанын байқады. Әрі көкжалдың көзін құртпаған жағдайда, өз күнінің қалай боларын да мөлшерледі. Сосын, басталғанына көп болған трагедия – құр сүлдері қалған адам алда өрмелеп, кирелеңдеген итқұс соңынан ерген, екі мақұлық тірі өліктерін сүйретіп, бірін-бірі аңди-аңди қу даладан өтіп бара жатқан ашынышты оқиға қайта жалғанып жүре берді.
Дені сау қасқыр болса мейлі ғой, онда көп өкініш болмас еді. Қайдағы бір өлмелі сілімтікке жем болатын болдым дегенді ойлағанда, өзегін жалындаған ашу-ыза кернеп кетті. Ақыл-есі ауысып, қимыжық сезімдерден жүйкесі шатасып, санасы сансырағанда, арадағы есі кіріп сергіген сәттері бара-бара азайып, қысқара берді.
Бір жолы талықсып жатқан жерінен құлағына келген пысылдан есін жиды. Қасқыр артына қарай сүйретіле секіріп кетті де, әлсіздіктен аяғын тік баса алмай, құлап түсті. Көрініс сонша қызық боғанмен, күлерге қауқар болмады. Қорқыныш та жоқ еді. Бәрінен әлдеқашан ада болғандай. Бірақ осы сәттерде миы тұнық болатын. Жатып алып әрнені ойлады. Кеме төрт шақырымға жетпейтін ғана жерде тұр. Көз алдын торлаған тұманды сүртіп тастаған соң, таяудан ап-анық көрді. Әрі ашық теңізде толқын қуған кішкене желқайықтың ақшыл желкенін де байқады. Бірақ төрт шақырымға еңбектеп ешқашан жете алмас еді. Соны іштей сезіп, тырп етпей жатып қалды. Өзінің, тіпті, жарты шақырым да өрмелей алмайтынын жақсы білетін. Алайда, өмір сүруден үмітті еді. Сонша көресіні көріп болып, өліп қалу – ақылға сыйымсыз іс еді. Тағдыр өзінен көп нәрсені талап етті. Ал, өлімге келсек, ешқашан да өлгісі келмейтін. Бәлкім, ақымақшылық болар, алқымдаған ажал аузында жатып та өліммен күресуге, оған қашан да бас имеуге бейіл еді.
Көздерін жұмып, бар күшімен өз-өзіне келуге тырысты. Соңғы қайратын жиып, дүлей толқындай басып келе жатқан сілелеу деген пәленің таптап кетуінен сақтанды. Теңіз суынан аумайтын діңкелеу деген бұл жан алғыш көтеріле-көтеріле тұтас сана-сезімін басып, жаншып бара жатты. Кейде түн құрсаған түнек астында тұншығып, сең соққандай есеңгеріп, ессіздіктің елесінде жүзді. Ал кейде рухының ғажайып өміршеңдігінен қуат алып, өлермендене арпалысты.
Енді шалқасынан түскен күйінде қыбырсыз жатыр. Құлағы ашық. Көкжалдың демін ішіне тартып иіскелеген пысылы бірте-бірте жылжып, жақындап келеді. Өткен уақытпен ілесіп, тіпті де таяп, тақала түсті. Сонда да қозғалған жоқ. Енді міне, құлағының түбінде. Құмқағазға ұқсаған бүдір-бүдір көн тіл келіп бетін тырнай бастады. Бәлкім, ең ақырғы қуатын жиған шығар, қолын тосын көтеріп, сермеп қалды. Саусақтары қыран тегеурініндей иілген қалпы бос ауаны қармап өтті. Тездік пен дәлдік кісіден зор қайратты талап етсе, ол қайрат – бұл пақырда жоқ еді.
Қасқырдың төзім-сабыры кісі шошытқандай еді. Ал, адамдікі де одан кем соқпады. Жарым күн бойы қыбыр етпей, талықсып кетуден барынша сақтанып, сонадайдағы өзін жегісі келіп, аңдып жатқан, керісінше, өзінің де жегісі келетін мақұлықтың таяп келуін зарыға күтті. Кейде діңкелеудің теңізі көтеріле-көтеріле тұншықтырып, ұзын-ұзын түс көрді. Бірақ осының бәрінде де – мейлі ояу, мейлі түс көріп жатсын, мұрын пысылы мен тілдің түрпісін қалт жібермей қадағалады.
Көпке шейін ешбір тыныс алған дыбыс естілмеді. Алайда, тағы бір бұлдыр түстен сытылып шыққанда, қолына тиген тілдің ұшын сезгендей болды. Асықпай артын бақты. Міне, ақырын ауыз салды. Соңынан көптен бері аңдып, қолы жаңа жеткен азығын келістіріп бір асап алғысы келгендей, бар қайратын азуына жиып, тісін баса түсті. Тосып жатқаны да осы емес пе, жараланған қолымен шап беріп, иегінен ала түсті. Қасқыр әлсіз бұлқынды. Қармаған қолы жансыздана бастаған бір сәтте екінші қолы да созылып барып, жармаса кетті. Бес минуттан соң бар салмағымен жаншып, итқұстың үстінде жатты. Білегінде көкжалды қылқындырып өлтіретін қайрат жоқ еді. Бірақ тұмсығымен қасқырдың жұтқыншағын жұтындырмай басып алды. Аузы-мұрны қасқырдың жүніне толды. Жарты сағаттан кейін кеңірдегіне қарай ағып бара жатқан жып-жылы ағыннан есін жиды. Аса жағымсыз сұйықтық еді. Қорғасын ерітіндісіндей жылжып, асқазанына құйылып жатты. Бұның бәрі өзінің жұқарған жүйкесі тудырған әлемет еді. Содан соң, арқа жағына қарай аунап жатып, ұйықтап кетті.
Бедфорд атты жайын аулайтын кеменің үстінде жүрген ғылыми экспедицияның бірнеше мүшесі жағада жатқан әлдене ғажайып нәрсені байқады. Онысы – қыбырлай жылжып жағаға түсіп, суға қарай беттеген екен. Анық не екенін ажырата алмаған олар зерттеуші ретінде жетекте жүрген кішкене қайықтарының біреуін мініп жақын барып, көзбе-көз қарады. Әрі бойында жаны бар, бірақ, адам деуге келмейтін бірдеңені көрді. Соқыр әрі түйсіксіз еді. Алып қоңызға ұқсап, қайраңда өрмелей берді. Қылған қайратының далаға кетіп жатқанына қарамастан, табандылық танытып, созылып-жиырылып, ары-бері аунап, сағатына жиырма адымдық жылдамдықпен ілгерілеп барады.
Үш аптадан кейін ол балықшы кеме Бедфордтың жатын бөлмесінде өзінің кім екенін, жолда көрген қорлығын көзінен аққан сорасы жүзін жуа баяндап, өксіп жатты. Соған қоса, өзінің анасы туралы, шұғылалы оңтүстік Калифорния және Мандарин орманы мен гүлдердің арасындағы үйі жайында жүйесіз әңгімелерді сандырақтай берді.
Бірнеше күн өтпей ол зерттеушілер мен кемешілердің ортасында тамақта отырды. Тізілген сонша көп тамаққа сұқтана телміріп, оны басқалар алып жеген сайын қызғана қарады. Әрбір ауыз толы тағам жұтылып кеткен сайын оның жанарында терең бір өкініш қылаң берді. Дені сау, көзі қара бола тұра тамақ уақытында бірге отырған адамдарды өлердей жек көрді. Ол азық таусылып қалар ма деген күдікке кіріптар болған еді. Аспаздардан, даяшылардан, тіпті капитаннан да азық қоры туралы жалықпай сұрай берді. Олар қаншама рет алаңдамауды тапсырды, сенбеді. Қашан бұқпантайлап барып қамбаны өз көзімен көргенге дейін.
Бірде бұл адамның тұйықсыз семіріп бара жатқаны байқалды. Салмағы күн санап артуда еді. Зерттеушілер басын шайқап, себебін сөз етті. Кешікпей оны тамақтан тыйды. Бірақ, бәрібір, оның қарны үздіксіз жуарып, жейдесіне сыймай, қампия берді.
Теңізшілер күлкіге батты. Оларға ғой бәрі аян болатын. Бақылау жүргізген соң, зерттеушілерге де анық болды. Олар оның азанғы астан кейін тілемшіге ұқсап, теңізшілерге қол жайып, қайыр сұрап жүргенін байқады. Теңізшілер күліп, оған теңіз қармасының сынығын ұсынатын. Ал ашкөздене бас салған анау алтын көрген қазынашыдай ішіп-жеп қарап, қойнына сүңгітіп жіберетін. Басқа теңізшілер берген нәрселерді де сөйтетін.
Зерттеушілер барынша ұстамды болды. Оны жұрттан бөліп, жалғыз жатқызды. Соңынан орнын жасырын тексеріп шықты. Төсектің бас-аяғы қатқан нанға толып кетіпті. Тіпті, жамбас көрпенің іші де қатқан күлшеге сығалыпты. Әрбір бұрыш, жапсарға дейін нан жасырылған. Бірақ, оның дені сау еді. Тек келіп қалуы мүмкін тағы бір реткі аштыққа дайындалған. Бар болғаны – сол. Зерттеушілер оның қалпына келетінін айтты. Айтқандай-ақ, Бедфорд Сан-Франциско шығанағына жетіп, ангорын суға тастаудан ілгері ол толық қалпына келген еді.
Ағылшын тілінен аударған: Серік Нұғыман