Қазақ тіліне қамқор болар қос ұсыныс

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
3032

 Белгілі журналист, баспагер Арман Әлменбет кейінгі кезде резонанс тудырған терминдерге байланысты көпшіліктің ойын жүйелеп, билік тарапына хат жолдау үшін қол жинап жатқан көрінеді. Осы хаттың мәтінін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға

Құрметті министр ханым!

Сіз басқарып отырған министрлік соңғы бірнеше жылда терминологиялық комиссия (бұдан әрі терминком) арқылы терминдерді қайта қазақшалау мәселесін қолға алған екен. Оған Қазақстан Республикасының бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әр кездері осы мәселе бойынша айтқан сындары себеп болғанға ұқсайды. Әйтпесе бір (кейбірінде екі-үш) буын оқып, біліп өскен, санаға сіңіп қалған терминдерге ешкім шүйлікпеген еді.

Есесіне халық ол терминдерді өзгерткенін білгенде қатты ашуланды. Неге?

Алдымен жұртшылық шынында да 3000 сөзді өзгертіп тастады деп ойлады. Өйткені «қайта қаралған» деген сөзді әлдебір сайттар «өзгертілді», «қолданыстан шығады» деп қасақана құбылтып жазды да, соны көпшілік іліп әкетті. Анығында 3000-нан астам сөз қайта қаралса да, оның ішінде 300-ден астамы ғана 2018 жылы өзгертіліпті. Оның өзінде бәрі қазақшасын мансұқ етіп, орысшаланбаған. Кейбірі ғана (процент, потенциал, тағы бірнешеуі) сондай кепке түскен. Бірақ бульварды желекжол, пристройканы жапсаржай деп аударыпты, яғни көп сөздер қазақшаланған да. Бірақ БАҚ бұл туралы жақ ашқан жоқ. Тағы бір түсініксіз жәйт, әлгі сайттар мысал ғып келтірген ресторан, азат жол сияқты сөздер 2017, 2014 жылдары өзгертіліпті. Енді, осындай адам түсінбес шатпақты тарқатуды журналистерге қалдырып, нақты екі түрлі ұсыныс айтқым келеді.

Біріншіден, халық нақты қай сөздерді өзгертуге қарсы, сол анықталса. Содан кейін ол сөздерді өзгерту туралы комиссияның бұрынғы шешімдері күшін жойса. Ақпаратта дабырайтып көрсетілген мәселе болғанымен, зерттеп келгенде түсінгенім, бұл білікті екі-үш ғалым, екі-үш редактордың қатысуымен-ақ шешілетін мәселе. Осыны тез арада реттеп, нақты жауабын айтсаңыз екен.

Енді осы мәселелердің қайнар көзі болып отырған, ниеті түзу деген редакторлар мен ғалымдардың көңілі қалған, жалпы жұртқа түсініксіз мекеме – терминком туралы сөзге келейік.

3000 (анығында 30-40 сөз болса керек) қалпына келер, бірақ проблеманың қайнар көзін бітемесе, ертең тағы бір 6000 сөз құбылып шықпасына кім кепіл?

Неге тілге жаны ашитын адамдар терминкомнан теріс айналып кетті? Өйткені, ол жерде маманның сөзі емес, лауазымдының сөзі бірінші орынға шығады. Қайта-қайта аузымызға орала беретін 3000 термин соның бір мысалы ғана. Елбасының тапсырмасымен деп басталған осы іс ақыр аяғында халықтың осынша наразылығын тудырып отыр. Неге ел басқарып отырған адам, басқа жұмысын қойып қазақша терминдерге араласуы керек? Неге терминкомның төрағасы (Министр) сондай сөзді іліп әкетіп, ешкімге айтпай бірнеше сөзді қайта қарауы керек?

Елдің алдында абыройы бар бірнеше кісі терминкомның мүшесі екен. Сонда олар 2018 жылдың желтоқсанында әлеует, пайыз деген сөздер қыршын кетіп бара жатыр деп неге дабыл қақпаған? Әлде олар комиссия мүшесі бола отырып, бұл мәселеден бейхабар қалды ма?

Терминкомның сайтында мынадай сөз бар: «...сайттың басты міндеті - Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясының бекітуге ұсынылатын терминдерді ашық талқылау және оларға дауыс беру арқылы қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаларын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді». Сайт қызметкерлеріне хабарлассақ, олар да комиссияның мақсаты жаңа терминдерді мақұлдап, халыққа ұсыну дейді. Яғни, терминкомның статусы соңғы сөзді айтып, терминді нақты бекітетін мекеме емес, жаңа терминді ұсынушы ғана ма? Егер солай болса, кез келген БАҚ, кез келген мекеме терминдерді өз бетінше қолдана беруіне құқығы бар ма?

Бұның бәрін риторикалық сауал деп түсінсеңіз де болады.

3000 сөз кетіп бара жатыр деп қазақ жұртшылығы шу ете түсті, сізді кінәлады. Рас, жұмысқа кіріскеніңізге бір апта болмай жатып осындай соққы алу сізге ауыр тиген де шығар. Бірақ әрнәрсенің қайыры бар деген. Осы істің қайыры сол болсын, терминкомды таратып, қайта жасақтаңызшы. Менің екінші ұсынысым – осы. Мекеменің жалпы мақсаты өзгерсін. Жұмысы, функциясы, статусы нақтылансын. Бір адамға ұнауды мақсат ететін, әлдекімдердің саяси ұпай жинауына себеп болатын мекеме емес, шынымен де халықтың тілін дамытуға қызмет ететін мекемеге айналсын. Сіз жаңа министрсіз, президентіміз де – жаңа президент. Өзіңіз айтқандай, халықтың қарсылығы сізге деген теріс көзқарастан емес, қазақ сөздеріне деген жанашырлықтан туды.

Терминкомдағы соңғы сөз мамандарда болсын. Мәдениеттің басқа саласынан келген адамдар қанша интеллектуалдық деңгейі жоғары десеңіз де, бәрібір күндіз-түні сол мәселемен айналысып жүрген мамандай мәселенің ұңғыл-шұңғылына кіре алмайды. Бұл өте жауапты іс, бір отырғанда ойланып шеше салатын мәселе емес.

Мен сіздің іскерлігіңізге, қазақ тіліне деген ниетіңіз түзу екеніне еш күмәнданбаймын. Айналып келгенде уақыт өтіп жатыр, әлем алға жылжып барады, қаншама тілдер өліп, қаншамаса әлсіреп барады. Қазақ тілі әлсіреп бара жатқандардың емес, дамып бара жатқандардың қатарында болса екен деймін. Осы екі ұсынысымды қолдаған адамдар да сол ниетте деп біліңіз.

Құрметпен Арман Әлменбет.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...