Жиырмасыншы ғасырда әлемдік прозада төңкеріс жасап, жазу мәнерін өзгертіп жіберген үш ұлы суреткер б...
Мағиза Құнапияқызы: Cәскеде түскен сәулемін...
КӨШ КӨРЕМ
Қалғандығын сезбегендей көктем кеп,
Сары орамал тағып жүрмін, шешкем жоқ.
Сағыныш деп аталатын құбылыс,
Сенің бізде өкпең жоқ!
Туған жерде жүрген кезде тыныстап,
Қиялымыз қайтқан құспен бір ұшпақ.
Арман болып АТАЖҰРТҚА бір жету,
Күле алмадық дұрыстап.
Қарашықпен ұзатқандар сонда әлгі,
«Енді қайтып көрем бе» деп сандалды.
Қамшыменен ашып ек ау сол шақта,
Жылан кескен жолдарды...
Балалық-ай мөлдір едік, қызғынды ек,
Беруші едік қиялдарға тізгін көп.
Әжем жарған жарма құртты несіне,
Шуда жіпке тіздім көп?!
Жасыруға айлам болмай жасымды,
Мөлт моншағым бөгде жұртта шашылды.
Өрдім несін ортасынан қақ жарып,
Тау сыйлаған шашымды!..
Сары жіпсіз кесте тігем кеште мен,
Жақсы ырымсыз жасалмайды ештеңем.
Түсімде әжем жарма құртты қайта илеп,
Ыңыранған көш көрем...
ҚАҚ БӨЛІНІП ӨТУДЕ БІЗДІҢ ӨМІР
Ауылдан аттану,
Көздерін көлдерімнің жаудыратып,
Сүйегін тауларымның саудыратып,
Ауылдан мен аттанғам.
Құба белдер,
Бүк түсіп,бүктетіліп қалды жатып!
Терілмей туған жердің гүлі қалды,
Қурайда сыбызғының үні қалды.
Қайыңдар қайта-қайта бас шайқасып,
Сырғасын сыңғырлатып тұрып алды!
Құстар да үркіп ұшты бет-бетімен,
(Несіне жетіскеннен кесте тігем?!)
Толқындар тамшыларын сыртқа шашпай,
Булығып жылап жатты екпетінен...
Батты ма жандарына кететінім,
Достармен бірге өтті неше түнім.
Туған жер неге сырмақ болмады екен,
Кештетіп сүйреп алып кететұғын!
Бала боп бабам сайран салған далам,
Əкемді құндағына алған далам.
Шешеме бәрінен де ауыр тиді,
Болуды көз алдында армандаған...
Ілесе шықты артымнан қалмай бауыр,
Біртіндеп қала берді шалғайда ауыл.
Аттанған елден жалғыз бұл сапарым,
Салмағын жүрегіме салмай ма ауыр?!
СОҢЫНДА БІЗ
Ғұмыр бойы сағынам?
Әлде бес күн?
Ерем бе әлде соңынан мәңгі елестің?
Еске алу бар, хош көру, жек көру бар,
Бірақ, саған мін тағар халде емеспін.
Жел соғады кешкісін мазамды ала,
Сүле- сапа қарайды бозаң дала.
Саған деген телегей сезімдегі,
Өсек деген бір түйір тозаң ғана!
Жанып жатқан кеудемнен сезіктенем,
Жүр деп бұған қалайша төзіп денем.
Сенен есеп алуға құлшынбаймын,
Сәттеріңнен ертерек кезікпеген.
Артта көктем, солда жаз, оңымда күз,
Бір тілегін қалқаның орындаңыз.
Тым бақытты ертерек болмасақ та,
Шын бақытты болармыз соңында біз...
БӘЛКІМ
Қуанышым құлдилайды еңіске,
Бұрымымдай иығымнан құлаған.
Мөлдір әлем кіргізбейді мені ішке,
Келмегелі көптен күткен бір адам.
Өзі ,сөзі, сағынышы, күлкісі,
Сол әлемнің жәдігері ең қымбат.
Елес болып көрінеді жұрт іші,
Жанға айналып бара жаттым мен жұмбақ.
Оны ұмыту соншалықты қиын ба?
Ұмыттым деп сендірейін өзімді.
Талды жанар, талықсыды миым да,
Қара түнге қандырайын көзімді.
.......................................................
Жүрсең дағы қай қаланы мекен ғып,
Көрінесің жоқ адамдай еш мұңы.
Саған таққан айыптарым жетерлік,
Ұмытуға тие ме деп септігі.
Дауысың бар сәл ашықтау күмбірден,
Саған орын сыйлап ем ғой басқарақ.
Сол тағылған айыптардан бір- бірден,
Тағы өзім отырамын ақтап ап.
Шыға алмастай қалғам бүгін шырмалып,
Деген өтірік сағыну да бір бақыт.
Сөз біткеннің ыңғайынан қызғанып,
Алғандаймын ұйқымды да ұрлатып.
Аш көңілге бір талғажау табарсың,
Сәлиқаңды іздемессің Сәмен боп,
Бәлкім мені шын сүймеген боларсың,
Мына өмірдің жалғандығын дәлелдеп.
ЕЙ, ЖАҢБЫР
Көзімді жұмсам түс көре берем,
Алданып бұлдыр елеске.
Жаңбырдан соңғы даланың исі,
Салады неге сені еске?!
Күдік пен үрей еңсені басты,
Қарағым келген зеңгірге.
Тамшылар тағы шатырды қақты,
«Жылайық» дейді кел бірге.
Түйме де бір боп, түйе де бір боп,
Жел сөздер тағат тауысқан.
Шиеге қонып шыр-пыр болатын,
Көрінбей кетті сауысқан.
Түбі бір жақсы хабар келеді,
Жамандық айтқан оңбайды.
Уайымның да болады шегі,
Жылауға маған болмайды!
Шекер мен суды кезек сапырып,
Наурыз дейтін мейман жүр.
Жылауға маған болмайды дедім,
Алыстап кетші ей жаңбыр!!
ӘКЕ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢ
Жұрттың бәрі қарайтұғын құрметпен,
Ақылды еді, сымбатты еді ол кісі.
Ойға шомып бөлек жүрер дүрмектен,
Басқалардан өзгешелеу болмысы.
Шашы оның мөлдір,қою,қара еді,
Ыңғайына жығылмайтын тарақтың.
Сұлубай деп шырқайтыны бар еді,
Буына әбден балқығанда шараптың.
Әр баланың өз деңгейін бағамдар,
Түзелсін деп жиі ағама ұрысқан.
Менің қызым тегін емес дейтұғын,
Мен де тегін қыз болмауға тырысқам.
Баласы едім сондай ғажап әкенің,
Бақытты едім кезден бастап шыр еткен.
Дегеніне қоймады өмір жас едім,
Сұм найзасын түйреп өтті жүректен...
Жасыл үстел сырлас болған талай жыл,
Тұрды иесіз, жаным сондай түршікті.
Арқасына қонжиғанда басқа адам,
Көк дөнені көзінен жас ыршытты...
Күлкімді өмір сонда көміп тастаған,
Тек жымиям, бары осы менде сыр.
Көзім жасы көптеу шығар басқадан,
Оңашада жылап алам көл-көсір.
Жердің бетін аң-таң қылып аттанды ол,
Не тәйірі қырық екі жас деген.
Тұрды алдымда тас пен тікен басқан жол,
Жырым мұңлы, жаза алмадым басқа өлең.
Әке жоғын сездірмеуге тырысқан,
Кешір ана жылауықтау қызыңды.
Жер бетінде уақытша жүрміз ғой,
Түбі тәңір көрсетсе екен жүзіңді.
ШЕШЕМЕ ХАТ
Өмір бердің, бұрым бердің, бой бердің,
Жақсылармен бір жүрсін деп ой бердің.
Өрнек салып өтемін деп өлеңмен,
Түрлендіріп есін алдым сөйлемнің,
Балалығым үстінде өтті көк шалғын,
Шеше сенің төркініңді еске алдым.
Жердің бəрі сол мекендей ұжмақ,
Өмір деген өлең екен деп қалдым...
Найзағайды күнде көрдім көк тілген,
Атам айтқан өлең тауға естілген.
Іңірдегі сыбызғы үнін көп тыңдап,
Сағынышпен құрдас болып кеттім мен.
Бөрі ұлып шырқын алса кей түннің,
Күндіз ойын.
Бара алмаймын дейтінмін.
Жотамдағы білектейін бұрымнан,
Жүгіргенде оңбай таяқ жейтінмін...
Сағына ма екен қызын ұзатқан,
Апам менің қалғанымды ұнатқан.
Ағаш шелек дəмі сіңген тау суын,
Күнде тасып əкелетін бұлақтан.
Туған жердің қайыңына сыңармын,
Сол мекенді бір көруге құмармын.
Қанымдағы сол бұлақтың тамшысы,
Таусылғанша жыр жазатын шығармын....
ЖАУҒАН ШЫҒАР
Жауған шығар Алтайға қырбақ деген,
Қараша бұл өмірге бізді ап келген.
Балаң ақын болуға жарамай жүр,
Шеше саған жаза алмай бір жақсы өлең.
Қайтқан құстар оқыса үздіге жыр,
Мазалаған шығар ой сізді небір.
Қауыншының қақ тілген қарбызындай,
Қақ бөлініп өтуде біздің өмір.
«Жаза алмайсың» деп мені күледі өлең,
Ай үндемес төбеме түнегенмен.
Сырқыраса аяғым өзіңді ойлап,
Шырт ұйқымнан солдатша түрегелем.
Жақсы көрдің несіне шексіз мені,
Барар едім бір сызық өткізбеді.
Ғафу ақын қолына түспей кеткен,
Сыйлар едім байлықты жеткізбеді.
Əлемдегі ең ғажап асыл əнсің,
Көз жасыңды балаңнан жасырарсың.
Қайтпас сапар əкемді алып кетіп,
От та жағып, отын да тасығансың.
Кім қарады сол кезде хал жайыңа?
Қырық жаста көндіктің сарғаюға.
Алты бала қолында бір-бір қалам,
Сызық салып бергенбіз маңдайыңа...
Төзе білдің салса да аспан бүлік,
Шетімізден оқуға аттандырып.
Ұзатылып алысқа кете бардық,
Жиегіне көзіңнің жас қалдырып.
Арғы бетте күн аяз.
Алаңдадым.
Күттім бүгін тағы таң ағарғанын.
Жалынамын аман сау жүріңізші,
Саған тағы жақсы өлең жаза алмадым....
ҚАНАСҚА ҚАСИДА
Қанасым саған жете алсам аман, оқып беремін бір өлең,
Өзіңе шексіз жақындау үшін бұлтың боп бірде түнерем.
Аспаның болып шайдай ашылам, таусыла қоймас жыр- әнім,
Сәбидің таза күлкісін бір сәт қарызға ала тұрамын.
Хәлімді сұрап келген-кеткеннен күтуден әбден қажыған,
Қарағайларым танымай қалса есімнен мен де жаңылам...
Таңғы самалдан сәлемін жолдап бір ауыз сөзге сыйғызған,
Жусанның демін ұмытам қалай есімді зорға жиғызған.
Жай түсіп өлген қарағаймен де амандасамын түбір боп,
Сұлулық пенен салқындық егіз дер еді сонда күбірлеп.
Ұшқаттың ұстап ақ білегінен, шашыма қосып гүл өрем,
Кеудемде ұзақ тұншыққан құсты Қызылқайыңға жіберем.
Қыздың шолпысын алып қашқандай жүгірсе бұлақ аттан сап,
Шаттығы жетіп шырқау шегіне аспанға шашса ақ моншақ.
Көк сия көлім қиялға кетем: өзіңді бір сәт мәз қылсам,
Жер бетінің бар ақынын жинап жағаңда өлең жаздырсам...
Сабыры шексіз балықтарым-ай,шықпайтын мүлде тереңнен,
Секпіл тастарым- жарықтарым-ай, бесік жүрекке бөленген!
Ауылдасыммен амандасам ба кірпіктеріме тамшы іліп,
Жер әлемде жоқ жұпар ауаға армансыз жүрген малшынып.
Қасқа бұзаудың мөңірегенін теңедім тіпті сырнайға,
Удан да ащы бір нәрсе ішкің келеді екен мұндайда...
Мыңжылдық ана- ару Алматы сағынышыма бас иді,
Бабымды таппай көше автобусы олай да бұлай тасиды...
ЖЫЛАП ТҰРСЫҢ ДЕЙСІҢ БЕ?
Жылап тұрсың дейсің бе бала сынды,
Жылағам жоқ,көңілім аласұрды.
Сағынғаным болмаса туған жерді,
Сағынғаным болмаса анашымды.
Жасайды ылғи ішім мен сыртым егес,
Қай жүйкені мынау күй сілкілемес.
Қарашық та домалақ доп секілді,
Іркіп қалу жасыңды мүмкін емес.
Туған жердің суына қармақ түсер,
Ақ шабақтар қармақты қармап түсер.
Бұлт ішінен бұлқынған ай секілді,
Ғазиз жүрек орнынан аунап түсер...
СӘСКЕДЕ ТҮСКЕН СӘУЛЕМІН
Барып қайтамын ойменен,
Кешегі өткен күніңе.
Айналсам деймін кейде мен,
Көне таныстың біріне.
Жүйкеңді біреу жұқартып,
Жаныңды біреу жаралап.
Жүрекке біреу жүк артып,
Біреуі топтан алалап.
Қараған болар қыз біткен,
Жұлдызы жанған жігіт деп.
Көрінер ме деп биіктен,
Үлкендер күтіп үміт көп.
Көбінен достың көңіл қап,
Жабыққан талай шығарсың.
Барымта өмір мені ұрлап,
Қайтарды деп ұғарсың...
Басталды енді дәуренің,
Өзгені алма ойыңа.
Сәскеде түскен сәулемін,
Таралып кеткем бойыңа!