Бүгін SEMSER әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталады

ӘДЕБИЕТ
3029

Биылғы «Жастар жылына» орай «Мәдениет порталында» онлайн түрде өткен «SEMSER» әдеби конкурсы мәресіне жетті.

Екі ай бойы ашық түрде өткен конкурсқа 300-ден астам қатысушылар өз туындыларын жіберді. Солардың ішінде 220-дан астам жас қаламгердің шығармалары талапқа сай деп танылып, порталда жарияланды. Бұл конкурс әдеби ортада үлкен резонас тудырып, 45 жасқа дейінгі қаламгерлер арасынан өзіндік стилін қалыптастырған, өз оқырманы бар танымал ақын-жазушылармен қатар, әдебиет айдынына енді қанат қаққан жас таланттар да бақтарын сынап көрді. Патшакөңіл оқырманның онлайн-дауыстары ескеріле отырып, қазылар алқасының шешімімен жүзден жүйрік шыққандар арасында жаңа есімдер де бар  екенін айта кету керек. 

Конкурстың мапаттау рәсімі шілденің 1-і күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. 

«SEMSER» әдеби сыйлығын табыстау рәсіміне белгілі қаламгерлер Төлен Әбдік, Қажығали Мұхамедқали, Алдан Смайыл, Әлібек Асқаров, Сұраған Рахметұлы, Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, Тұрсын Жұртбай, Амангелді Кеңшілікұлы, Дәулеткерей Кәпұлы т.б. лауазымды тұлғалар қатысады.

Республикалық «SEMSER» әдеби конкурсы Үздік проза, Үздік поэзия, Үздік әдеби сын аталымдары бойынша өтті.

Бас жүлде - 1 000 000 теңге. Әр аталымның жеңімпаздарына 500 000 теңгеден жүлде тігіліп, Алтын төсбелгі тағылып, «SEMSER» әдеби сыйлығының лауреаты деген атақ беріледі. 

Сонымен қатар Мағжан Жұмабаев, Саттар Ерубаев, Сағат Әшімбаев атындағы арнайы әдеби сыйлықтар беріледі. Арнайы сыйлықтардың да өз алтын төсбелгісі және куәлігі бар.

Гран-при иегеріне «SEMSER» әдеби сыйлығы табысталады. Сондай-ақ, әрдайым әдебиет майданында алдаспандай жарқылдап жүрсін деген ырыммен сақтардан қалған ақ семсер тарту етіледі.

Конкурстың Бас демеушісі табиғи ресурстарды өндіру, энергетика, логистика және маркетинг салаларында әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі - Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы. Еуразиялық топ (ERG) жыл сайын еліміздің рухани өмірін дамытуға өлшеусіз үлес қосып, әдеби-мәдени шараларға демеушілік жасап келе жатыр.

 

Жаңалықтар

Боксшы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев "Асылтас" телеарнасының бағдарламасына берген сұхбатында а...

Жаңалықтар

Астана тұрғыны өмірден озған соң өзінің ағза мүшелерін донорлыққа беріп, бес адамның өмірін сақтап...