Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 25 ақпанда Ұлттық академиялық кітапханада «Аманат&...
Он бір нәрестеге қазақтың қара домбырасы сыйға тартылды
«Ұлттық домбыра күні» Алматы қаласында биыл екінші мәрте тойланды. Сол дүбірлі мереке үстінде Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан - «Ұлттың саз байрағы - Домбыра» атты республикалық акция аясында дүние есігін жаңа ашқан он бір сәбиге домбыра тарту етілді.
Бұндағы басты мақсат – қазақтың қара домбырасын насихаттау арқылы ұлттық мәдениеттің шоқытығын көтеріп, осы идея төңірегінде қоғам тұтастығын нығайта түсу.
Сонымен, Алматы қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Назар Балғымбаев, Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Шоқан Тәжімұратов бастаған топ пен Ассамблея мүшелері, «Ынтымақ» депутаттық тобы және Аналар кеңесі қалалық №1, №2, №3 және №5 перзентханаларына бас сұғып, жас нәрестелерге он бір домбыраны тарту етіп қайтты.
Сонымен қатар, осы мерекеге және жарық өмірге жаңа келген балақайлардың қуанышына орай домбыраға қосылып «Жан анам», «Анашым», «Әрқашан күн сөнбесін» әндері шырқалып, оған қоса ізгі тілектер төгіліп, аналардың құшақтары гүл шоқтарына толды.
Ыстық ықылас білдірушілер арасында Алматы қалалық түрік, орыс, ингуш, осетин, ұйғыр, ауған, бурят, әзірбайжан, дүнген этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен Алматы қалалық ҚХА жанындағы «Ынтымақ» депутаттық тобының мүшелері де болғанын айта кету керек.
Бір тамашасы, домбыра тарту етілген сәбилер арасында ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың немересі де бар боп шықты. Мұзбалақ ақынның Алмагүл атты қызынан туған жиен немересі дәл осы айтулы күні өз тұңғышын дүниеге әкелген көрінеді. Алмагүл құттықтаушыларды бос қайтармай, атасының кітаптарын сыйға тартып, аса риза пейілін білдірді.
Жас босанған аналардың ішінде кәріс, орыс, ұйғыр ұлт өкілдері де бар екен.
Олар осы тосынсыйға шын қуаныш танытып, қазақтың қастерлі ұлттық аспабын келешекте өз балаларына үйретуді аманат деп бағалады.
З. Төлеуов
Алматы қаласы