Ұлмекен Шәукенова: Көрікті көздің нұры да күдіктенерлік...

ӘДЕБИЕТ
3449

      Жаңбырлы күн...
       

                       (Бейіт басында)

Үнсіз төбелер, үнсіз көреді ел сендерді,
Жазық даланы жайлағансыңдар, өр белді.
Өздеріңе кеп кеуде күйіктен шерленді
Қанша жүректер тербелді.
Үнсіз көреді ел сендерді.

Үнсіз келеді ел, бүгін қайтады бүгін кеп,
Біреуі жылап, біреуі сөйлеп дірілдеп.
Құдіретіне қараша құны жетпейтін
Құдайдың сөзін айтады сосын күбірлеп.

Мен де үнсіз келгем, аспанның жасы қосылды,
Бастан кешпеген мейірім еді тосын-бұл.
Қоп-қоңыр атам, сап-сары әжем топырағына
Тәтті тамшылар тәтті тіршілік көшірді.

Тіршілік жүріп жатқандай мұнда не түрлі,
(Гүл мұңаяды ол дағы мендей жетім гүл).
Ата-анасының жанына келіп жан әкем
Сәби қалпында еркелеп алған секілді.

Жаз ғой бұл, әке, жаз ғой бұл үш жыл бұрынғы,
Суынды қызың сұрқайы ойлардан суынды.
Күн батқанында жол қарап жоқтан дәметіп
Жаңа ай туғанда жылынды.

Тозды күн сағат сартылыменен, озды күн
(Қайғысын күйттеп сүйрейді дүние өз мұңын).
Қап-қара түнде сағынышымды жыр қылып
Жалғызсырағанымды сезді кім?


Сен де жалғызсырайсың ба, әке?

                      ***

Дертке дауа мендегі жалғыз аяқ жол еді,
Мен не көрсем тағдырдан ол да бірге көреді.
Көкірегіме түйдек боп, көлеңкемдей еріп жүр
Сенің салған әнің мен оның жазған өлеңі.

Қара бұлттың көбесі сөгілместен тарады,
Сен ұнатқан Құдай-ау әуен неге бағалы?
Көп қабатты үйлердің қабырғасындай түнердім
Әлем бүгін тым-тырыс, әлем бүгін жаралы.

Сетінемей қайғысы қара жердің сыйқы-мұң,
Баурап ала қоятын бар ма еді сиқырың?
Жалқы күнге тоналып отырғаным, содан да
Осы өмірді сүйемін, құрметтеймін дейтінім.

Қасіретімді құшақтап, жаныма ерттім қаншама ой,
Сенің салған әніңді анаау құстар салса ғой.
Сосын, сосын ақырын, ең әдемі- ұлылық
Шіркін, жаңбыр жауса ғой...

               ***

Көзқарасы ерекше біреу бар-тын,
Ғажап күйге бөлейді сөйлегені.
Амандығын шығардым тілеуді әр күн
(Мені қанша уайым, ой жемеді?).

Бір сәт оны еске алсам сағынамын
Бір сәт оны еске алсам қызғанамын.
Үмітім тасқа ұдайы шағылады
Құлаймын, жабырқаймын, сызданамын.

Алыстан мұнартады ай сықылды
Көздерді арбап жүр-ау, сұлу небір.
(Жұлдызы жоқ, нұры жоқ қойшы түнді)
Тереземнің пердесі түрілмеді.

Күткенім жоқ мен оны, таңсәріден
Күткенім жоқ жол қарап, жүгірмедім.
Бір мағына жақсы еді қалса күннен
Жылап алғым келіп тұр бүгін менің...

                        ***

Жүзіңізден сынық мұң сырғанайды,
Алматының білемін дерті бөлек.
Жапырақтары жайқалып жыр қалайды
Көз ұшында көлкіген көркі де ерек.

Ол қалаға сізді іздеп жол салмадым,
Маңдайыма жазылған тағдырдан-бұл.
Ауырлатып алдым ба шер салмағын,,
Үмітсіздіктен ғана жанды тоңдырғанмын.

Сіз сүйетін мекенге еліткенмін,
Поезд ырғалғанында алып ұшып.
Ұшқан құсқа хатымды беріп келдім,
Жырмен ғана жолданып сағынышым.

Бірақ, барам көрмекке сізді бір күн,
Тым жақыннан содан соң тым алыстан.
(Көңіл шіркін көр соқыр, бұзды ғұрпын,
Төтеп бере алардай түрлі ағысқа).

Толқып кетем, тұп-тұнық төбемде кеш,
Сіз тұрасыз алдымда, көңіл жайлы.
Сосын сұрақ қоясыз өлең емес,
Менің жалғыздығым мен өмір жайлы..

                        ***
                                              Кеше сенің жүрегің ауырған жоқ,
                                              Сенің жүрегің ауырмайды.. 

                                                                                    Е.Раушанов

Менің жүрегім ауырды, налыды сосын,
Қашық кеткенім жөн бе екен қаладан осы.
Кездестіргенін білмедім Тәңірі несін
Табалағаныңды алайын жарама қосып.

Тағдырдан келген сыбаға сыздатты неге?
Сараңдығына мейірімнің үйреніп алғам.
Таң атса күліп, жүрегім, бізге атты деме
Жарық сәуленің әйнектен сүйгені жалған.

Сүйгені жалған және де ғашық адамның
Кеудесі толса жақсы еді-ау, үмітке мендік.
Өлеңмен ғана дертімді басып алармын
Көрікті көздің нұры да күдіктенерлік.

Арманға сенген аңғалдық не етемін сені?
Азаптан неге өртеніп кетпейді денем.
Бақытты қалай қара жер көтеруші еді?
Уақытты ұстап тұра алсам өтпейді деген..

            

                     ***
Алдыма қойылған шай толы кесенің
Ыстығын сезбедім. Жүрегім өрт еді.
Айналам лық толы. Жалғыздық кешемін
Елітіп ең жұмбақ ертегі.

Ал, шырын тәтті ме махаббат секілді
Ащы ма ғашықтық уындай.
Музыка ырғағы мазамды кетірді
Қалайша бұл мұңңан қалғанмын суынбай.

Күлкіге бөленген ортадан безініп,
Мен солай отырам бейуақта ой кешіп.
Қалар ма ед(і) мөп-мөлдір сол жанар кезігіп
Тек іштей өтер ме ем үн қатып, сөйлесіп.

Тамсанып тұрармын келбетке келіскен,
Риясыз күлкісі шоқ тастап жүрекке.
Сағынып барамын күндерді көріскен
Көктемді көкорай үміттен гүл еккен.

Ештеңе сезбеймін, керең боп қалғанмын,
Сағыныш аралы шақырды, себебі.
Айыбым алғаусыз арманға алдандым
Тағы да өртенгім келеді....


                     ***

Жаңбырда тәнім мұздап, жаным жылып,
 Жүректі аппақ нұрға малындырып.
 Келемін ең әдемі өлкеде мен
 Сіз қайда жүрсіз екен сағындырып?


 Көңілді алаботен күйге орадым,

(Әуелден,жасандылық сүймеді арым).
 Ап-ашық болғым келді аспанға ұқсап
 Жаңбырмен төгіп тастап кейде бәрін.


 Кеудеде титтей ғана бар еді үміт,

Үлгерді ойды жаулап,әне, күдік.
 Мен сізден аса алмаспын, Әдемілік
 Мен сізден қаша алмаспын, Әдемілік!



author

Ұлмекен Шәукенова

АҚЫН

Жаңалықтар

Бүгін елімізде атом электр станциясының құрылысына қатысты республикалық референдум өтіп жатыр, деп...

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...