Дзюдодан Азия чемпионы, әлем біріншіліктерінің жүлдегері Дамир Исахановты өлтіруге оқталған, деп хаб...
Нұрғиса Дәуешов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: домбыра әлем әуендерін үйіріп әкетеді
Нұрғиса Дәуешов 2013 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры қызметін атқарды. Сұхбатымыз дайындалып жатқанда ол ҚР Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды. Нұрғиса Мұратұлының жаңа қызметіне табыс тілей отырып, оркестр директоры болып жүрген кезде берген сұхбатын оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз.
Оркестр ұжымының қасиетті парызы
– Нұрғиса Мұратұлы, әңгімемізді биылғы маусымның ерекшелігінен бастасақ.
– Биыл Құрманғазы оркестрі үшін айтулы жыл. Кезінде 1934 жылы академик Ахмет Жұбанов негізін қалаған оркестріміздің тарихына 85 жыл толып отыр. Өнер ұжымы 1934 жылы 25 маусымда Қазақ КСР-нің қаулысымен құрылған болатын. Биылғы мерейлі мерекемізді ауқымды деңгейде атап өтуге күш салып жатырмыз. Бұйырса, күз мезгілінде 85 жылдық тарихи мерейтойымызды Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ауқымды деңгейде атап өту мақсатын көздеп отырмыз. Бұл іргелі іс-шараға ардақты ардагерлерімізді, Қазақстандағы барша дирижерларды, күйшілерді шақырып, мерейлі мерекемізді жоғары деңгейде атап өтуге ниеттеніп жүрміз.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы оркестр ұжымына үлкен тың серпіліс бергені рас. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысуға өнер ұжымының ынта-ықыласы мен ерік-жігері ерекше. Осы орайда, ауқымды шаралар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен атқарылып жатқанын айта кеткен абзал. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ұлттық өнерге деген құрметі ерекше. Президенттің мектептерде домбыра үйірмелерін ашу туралы ұсынысы – руханиятқа берген үлкен баға.
Биылғы 85 маусымда жаңа ғимаратқа көшкеніміз өнер ұжымы үшін үлкен қуанышты оқиға болды. Бұл ғимарат бұрынғы ғимаратқа қарағанда көлемі жағынан үлкендеу. Тарихи тұрғыдан ерекшеленетін ескі ғимаратпен қимай қоштастық. Себебі, қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан бірқатар талантты тұлғалар сол ғимаратта өздерінің өнердегі жолын бастаған болатын. Бұл жаңа ғимаратта да кезінде Роза Бағланова, Қали Жантілеуов тәрізді тұлғаларымыз қызмет атқарған. Айта кетерлігі, бүгінгі ғимарат көлемі жағынан бұрынғыға қарағанда екі есе үлкен. Қазақ өнерінің кең қанат жаюына еңбек етіп жүрген өнер ұжымы үшін бастысы концерттік залдың кеңеюі болды. Бұрынғы ғимараттың концерттік залында 250 адамдық орын болса, қазіргі ғимаратта 500 адам көрермен бола алады. Бұл ғимаратқа көшкеннен кейін көптеген жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Концертіміздің әр түрлі форматта әрі жаңашыл бағытта өтуіне ғимараттың кеңдігінің пайдасы зор. Қазір өзіміздің ғимаратымыздағы үлкен концерттік залымызда кез-келген концертті жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік мол. Басты жетістігіміз, міне, осы. Қаланың ортасында орналасқан әрі өнер мен білім ордаларына жақын жердегі бұл ғимарат көрермендер үшін де өте ыңғайлы. Биылғы мерейлі 85-маусымға өнер ұжымы ерекше екпінмен дайындалып жатыр. Басты мақсат – шығармашылық тұрғыдан биікте болу. Биылғы жылдың басынан бері оркестріміз көптеген концерт ұйымдастырып, көрермендерін қуантты. Биыл оркестріміздің 85-маусымы болғандықтан, әрі жаңа ғимаратқа көшкендіктен бір айдың ішінде 4-5 концерт жоспарлап, жүзеге асырдық. Әр апта сайын бағдарламасы әр түрлі концерт өткіздік. Бұл концерттердің мағынасы мен маңызы бөлек болды, бірін-бірі қайталамады, бір-біріне ұқсамады. Негізі, оркестр ұжымындағы әртістердің кәсіби шеберлігіне байланысты айына 4-5 рет жоғары деңгейдегі концерт өткізуге мүмкіндігіміз бар.
Бүгінгі таңда өнер ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттап, өнердің қазіргі деңгейінен қалып қоймау мақсатын көздейді. Концерттерімізде жұртшылыққа жаңа дүние ұсынып, көрермен қатарын арттырғымыз келеді. Жаңа дүние дегенде біз ортаға шығып билеп жүрген жоқпыз. Шоу деген дүниені музыканың ішінде жасауға тырысамыз. Мұндағы мақсатымыз – түпнұсқасын сақтап, күмбірлеген күйімізді жаңаша жаңғыртып, жаңа бағытта әрлеп, сан ғасырлық саздың сиқырымен өнерсүйер қауымның көңілін қуанышқа толтырғымыз келді.
– Құрманғазы оркестрі қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың мерейтойына арналған кеш өткізуді әдемі дәстүрге айналдырған. Биыл қандай тұлғалардың рухына тағзым етуге арналған кештер өтеді?
– Құрманғазы оркестрі – дәстүр жалғастығын, ұрпақтар сабақтастығын сақтап келе жатқан өнер ұжымы. Тұлғаларымызды еске алуға арналған кештерді өткізу – өнер ұжымы үшін үлкен парыз деп білеміз. Құрманғазы оркестрінде қазақ өнерін өркендеткен бірталай талантты тұлғалардың қызмет еткені өнер ұжымы үшін үлкен мақтаныш әрі қуаныш. Қолымыздан келгенше олардың мерейлі мерейтойларын атап өтуге тырысамыз. Күй атасы Құрманғазы бабамыздың 200 жылдығын тойладық. Биыл Жаппас Қаламбаевтың 110 жылдығына арналған «Қорқыт сарыны» атты концерт ұйымдастырдық. Оқап Қабиғожиннің 115 жылдығына, Рүстембек Омардың 100 жылдық мерейтойына орай күмбірлеген күй кешін ұйымдастырдық. Биыл күз айларында Ғарифолла Құрманғаливтің, Шамғон Қажығалиевтің, Сыдық Мұхамеджановтың мерейтойларын атап өтуді жоспарлап жүрміз. Тұлғалардың атап өтілетін мерейтойлары өте көп. Негізі, тұлғаларымыздың мерейтойларын атап өтпесек, өзімізді біртүрлі ыңғайсыз сезінеміз. Бабаларымыздың басына Құран оқытпаған сияқты күй кешеміз. Құрманғазы оркестрін бүгінгі биікке жеткізген барлық тұлғаларымыздың мерейтойларында олардың басына барып, рухына Құран оқытамыз, еске аламыз. Бұл – оркестр ұжымының қасиетті парызы.
КОНЦЕРТ КӨРУГЕ АЛМАТЫҒА КЕЛЕТІН ШЕТЕЛДІК КӨРЕРМЕНДЕРІМІЗ КӨБЕЙДІ
– Өнер ұжымы биыл қандай мемлекеттерге гастрольдік сапармен барды?
– Биылғы гастролімізді оркестріміздің негізін қалаушы Ахмет Жұбановтың туған топырағынан бастауды жөн санап, Ақтөбе қаласындағы 1200 орынды концерттік залда концерт бердік. Қазақ халқының қошеметінен рухани қуаттанып әрі шабыттанып, гастрольдік сапармен Ресей жеріне аттандық. Құрманғазы оркестрі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ресей мен Қытай халқын қазақ өнерімен сусындатып қайтты. Мәскеу қаласында «Геликон опера» музыкалық театрында концерт бердік. Айта кетерлігі, «Геликон опера» П.Доминго, А.Бочелли тәрізді әлемге әйгілі әртістер өнер көрсетіп жүрген дүниежүзілік деңгейдегі сахналар санатында саналады. Құрманғазы оркестрінің бұл концерттік залда өнер көрсетуі үлкен қуаныш.
Тарихы тереңдегі Санкт-Петербург қаласына барып, Мусоргский атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық опера және балет театры – Михайловский театрында концерт бердік. Сондай-ақ, оркестр ұжымы биыл Қытайдың Пекин қаласында өткен «Азия елдерінің өркениет диалогы» атты халықаралық фестивальға қатысты. Аталған өнер мерекесінде әлемнің 40 мемлекетінен өнер ұжымдары бақ сынасты.
Жалпы, соңғы 3 жылды алып қарасақ, оркестріміз гастрольдік сапармен бірқатар шет мемлекеттерге барып қайтты. Шет елдегі гастрольдік сапарымызда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетеді. Былтыр желтоқсан айында Испанияның Мадрид қаласында концерт бердік, көрермендер тамсана тамашалады. Ұлттық аудитория концерттік залы деген үлкен зал бар. Оның акустикалық материалдық базасы өте керемет. Оркестрге бірде бір микрофон қоймай, концерт бердік. Ресейде де дәл солай болды. Әлемнің тарлан таланттары өнер көрсеткен сахналарда концерт беру біз үшін үлкен мақтаныш. Әлемдік сахналарда сол деңгейде өнер көрсету керек. Бұл – заңды құбылыс. Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде, сондай-ақ, Болгария мен Өзбекстанның бірнеше қаласында концерт бердік. Шет мемлекеттердегі көрермендеріміздің артуы бізді ерекше қуантады. Қазір концерттерімізді көруге келіп тұратын шетелдік көрермендеріміз де көбейді. Бұл Алматы қаласының туристік имиджіне де игі ықпал етеді. Гастрольдік сапар аясында Ресейде де қаншама көрермен таптық. Біздің концертіміз үшін Алматыға арнайы ұшып келетін көрермендеріміз де бар. Қазақтың өнерін көрсету біз үшін үлкен мақтаныш.
– Қазіргі таңда оркестр ұжымында маркетинг пен менеджмент жүйесін қалыптастыру мақсатында қандай істер қолға алынған?
– Біз қазір интернет, әлеуметтік желілер арқылы көп жұмыс істейміз. Қазір сол арқылы өзіміздің концерттерімізді ұйымдастыруға, билеттеріміздің сатылуына, имиджімізді көтеруге көп жұмыс істеліп жатыр. Құрманғазы оркестрінің сайты бар, бүгінгі таңда сайтымыз жақсы жұмыс істейді. 2018 жылы сайтты 100 мыңнан аса адам қараған болатын. Біз сайтты үнемі басқа ұжымдардың сайтымен салыстырып отырамыз. Қазақстан халқының көпшілігі әлеуметтік желі, фэйсбук, инстаграмға қарайды да, сайтқа көп кіре бермейді. Оркестр сайтының рейтингін жақсарту мақсатын көздейтін YouTube арнамыз да бар. Қарап отырсақ, соңғы 3-4 жылдың ішінде аталған арнамызды 800 мың көрермен тамашалаған екен. Арнамыздағы көрермендеріміз де бір миллионға жетіп қалды десек болады. Ол да біз үшін бір жетістік. Қазір оны да ары қарай дамыту мақсаты жолға қойылып отыр. Оркестрдің концерттеріне билет бағасының құнын арттырдық. Афишаларымыздың да дизайнын өзгерттік.
ТУЫНДЫНЫҢ ТҮПНҰСҚАСЫ МЕН САПАСЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
– Оркестрдің репертуары бұл маусымда қандай жаңа туындылармен толықты?
– Негізі оркестрдің репертуары жыл сайын жаңа шығармалармен толығып отырады. Музыкалық өңдеуші дейді ғой, қазір оркестріміз сол бағыттағы талантты азаматтармен жұмыс істеп жатыр. Қазір оркестрдің шығармашылығына өте қатты көңіл бөліп жүрміз. «Алтынай» деген күй бар. Бұрын ол ешқашан оркестрде орындалмапты. Бірақ тек жеке солода қобыз аспабымен оркестрде орындалған бұл күйді оркестрдің репертуарына енгіздік. Оркестр репертуары дүниежүзілік деңгейдегі туындылармен толыққаны абзал. Л.Андерсонның «Печатная машинка» деген музыкалық шығармасы бар ғой. Әлемдік деңгейдегі оркестрлер орындаған бұл туынды жаһан жұртшылығының үлкен сұранысына ие, қызықты әрі әсерлі. Міне, осындай әсерлі шығармаларды оркестрдің репертуарына қосып, репертуар қоржынын байытуға барынша тырысамыз. Қазіргі таңда оркестр репертуарына көптеген жаңа шығармаларды қосып жатырмыз, күйлермен ғана шектеліп қалған жоқпыз, қазақтың әдемі әндері де оркестр репертуарына әдемі әр беруде. Мысалы, «Нурикамал» әнін жаңа өңдеумен қайтадан ұсындық. Эстрадалық нұсқасына қарағанда сапа жағынан біздің туындымыз өте сапалы дүние болып шықты. Әлемдегі кез-келген мықты музыканттар, композиторлар мен өңдеушілерге ұялмай көрсететін дүние болды. Біз оркестрдің ескі шығармалары болсын, жаңа шығармалары болсын бірінші кезекте барлығының сапасын арттыру мақсатында жұмыс істеп жүрміз.
LED экранның жақсы да, жаман да жағы бар
– Қазір жаңа форматтағы концерттерде кештің көркін аша түсу үшін ұйымдастырушылар заманауи техникалық құралдарға ерекше мән береді. Концерттерде техникалық құралдар арқылы әуенді әрлеп, күйді көркемдеуге қаншалықты мән бересіздер?
– Әрине, оркестрдің концерттік залдағы қызмет көрсету сервисіне де көңіл бөлу керек. Кештің ажарын ашу үшін әр түрлі заманауи жарық пен дыбысты сапалы түрде үйлестіріп, пайдаланамыз. Негізі, қазіргі кезде Еуропадағы шоуларда LED экранды көбіне пайдаланбайды. Қазақстанда біз қазір оларды көп пайдаланатын болдық. Еуропалықтар үшін LED экран қызық емес. Себебі, олар ол кезеңнен өтіп кеткен. Олар бұрынғы табиғи күйді сағынып, сондай күйге әсерленеді. Ал біздер қазір сол кезеңге енді келдік. Біз сахна төрінде әндерді табиғи түрде беруге қайтадан оралуымыз қажет. Себебі, заманауи техника құралдарын көп қолданудың жақсы жағы да бар, жаман жағы да бар. Мысалы, LED экранның жақсы жағына келсек, айтатын ойды, тарихты, жеткізіп, шығарманың әдемі табиғатын ашатын көркем көріністермен үйлестіріп бере аласың. Ал екінші жағын айтсақ, ол жерде музыка жоғалады. Көрермен музыкадан гөрі, экрандағы көріністерге көп назар аударып, кино көріп отырғандай сезінеді. Ол да бір жағынан дұрыс емес. Мысалы, Еуропаның үлкен опералық театрларына халық музыкадан әдемі әсер алу үшін барады. Біз кейде жарықты, LED экранды қолданып, музыканы екінші планға қоямыз, ал бірінші планға жаңағы айтқандарымыз шығып кетеді. Заманауи жарық пен LED экран күмбірлеген күйлерді әсерлеу үшін әрине керек. Концертте алты қанат киіз үйімізді, ұлан-байтақ даламызды көрсету үшін керек. Бірақ ол күйіміздің деңгейінен аспау керек. Екінші пландағы нәрсе болу керек. Көрермен назарын техника құралдарына аударуға болмайды. Көрермен назары музыканың ішіндегі сиқырлы саз әлемінде қалу керек. Музыкалық шоуды музыканың ішінен ғана жасауға болады.
– Көрермен қатарын арттырудың қандай жолдары қарастырылады?
– Қазақтың мәдениеті мен өнерін әлемге көрсету, дәстүрлі өнерімізді дәріптеу Құрманғазы оркестрінің мәңгілік мақсаты болып қала береді. Біз бүгін жас буын өкілдерімен жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Қазір басты назарымыз – жастарда. Жастар ұлттық төл өнерімізден рухани нәр алып өсуі керек. Қыркүйек айынан бастап оркестр жанынан «Құрманғазы оркестрінің Жастар қанаты» атты клуб құру мақсатын көздеп отырмыз. Алматы қаласындағы әр түрлі жоғары оқу орындарындағы талантты жастардың басын қосқымыз келеді. Мұндағы мақсатымыз – жастардың жүрегінде ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізге деген сүйіспеншілігін арттыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілікке көп көңіл бөледі. «Құрманғазы оркестрінің Жастар қанаты» жобасының тұжырымдамасында еріктілік жұмыстарға ерекше ықылас танытпақпыз. Біз өзіміздің ғимаратымызда өнерсүйер жастардың басын қосып, қазақтың өнері мен мәдениеті туралы жастарды қызықтыратындай әр түрлі пікірталастар ұйымдастырып, концерттерімізге еріктілерді жұмылдырғымыз келеді. Ойлап қарасаңыз, әрбір күйдің өзінің шығу тарихы бар. Жастар күйді тыңдап, тарихын білмеуі мүмкін. Ал тарихын біліп күйді тыңдаған өте әсерлі болады. Жастарды ұлттық өнеріміздің тарихымен таныстырып, өнерімізді өркендетіп, насихаттау – көңілде көздеген игі ісіміз. Жалынды жастармен жұмыс істеп, жастардың жүрегінде ұлттық өнерге сүйіспеншілігін жалындатқымыз келеді. Жастардың жігерін еріктілік жұмыстарға жақсы бағыттай білгеніміз жөн. Біз жастарды қызықтыратындай дүние жасағанымыз жөн. Мысалы, домбыра тартқысы келетін жастар көп екеніне күмәнданбаймын. Міне, солардың арасынан әуесқой оркестр құрсақ деген ниетіміз де бар. Бұл бір жағынан тыңдармандарымыздың, көрермендеріміздің санын арттыра түседі. Екінші жағынан, жастар арасында өнер мен мәдениетімізді насихаттаудың әдемі бір тәсілі болар еді. Ең бастысы, ұлттық тамырына жақындататын қазақтың өнерімен, мәдениетімен жастарды сусындатып, ұлттық руханиятымызды діліне дарытуға жұмыс істейтін боламыз. Биыл жастарға ұнайды деген оймен «Наушникпен концерт» атты тың жоба дайындап жатырмыз.
ОРКЕСТР МҰРАЖАЙЫ АШЫЛАДЫ
– Қазақтың тарихына үңілдіретін «Аманат» концерт-спектаклі жаңа форматта сахналанған туынды. Болашақта бұл жоба жалғасын таба ма?
– Ән мен күйді, поэзияны әдемі үйлестіріп, тағылымды тарихымызбен сабақтастырып концерт-спектакль сахналау Ғ.Мүсірепов театрының директоры Азамат Сатыбалды екеуіміздің ойымыздан шыққан дүние. Бір қызығы, бұл идея халыққа жаңа дүние ұсынуды ниет қылған екеуіміздің де ойымызда ұзақ уақыттан бері жүрген екен. Болашақта бұл форматты әр түрлі бағытта жалғастырамыз. Қазақстанда тұңғыш рет жасалған жобаны көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады. Қазақ халқының тарихымен таныстыратын жаңа форматтағы бірінші концерт-спектаклімізді гастрольдік сапарларға шығып, еліміздің өзге өңірлеріндегі көрермендеріне көрсетуді көздейміз.
– Оркестрдің 85 жылдық мерейтойы аясында қандай игі істер қолға алынып отыр?
– 85 жылдық мерейтойымызға байланысты басты мақсаттарымыздың бірі – жаңа ғимаратта Құрманғазы оркестрінің тарихымен таныстыратын музей ашу. Негізі, бұрынғы ғимаратымызда оркестрдің кішігірім мұражайы болған. Біз соны қазір ұлғайтқымыз келіп отыр. Жалпы, қазір қолға алынып жатқан дүниелерді 85 жылдық мерейтойдың аясында көресіздер. Мұражай мақсаты – ұлыларымызды ұлықтау. Қазіргі жаңа ғимараттың ішіндегі әрбір кабинеттің өзі бір музей болатындай жоба жасап жатырмыз. Бұл бұрын-соңды Қазақстанда болмаған. Жалпы, бұл шетелдік тәжірибеде бар нәрсе. Мұражайға кірген кезде дарынды тұлғаларымыздың әлеміне кірген сияқты сезінуіміз керек. Тұлғаларымыздың есімін халқының жүрегінде мәңгі сақтап қалу үшін осындай ізгі істер жасағанымыз жөн. Құдай қаласа, 85 жылдық мерейтойымыздың аясында мұражайдың ашылу салтанатын ұйымдастырсақ дейміз.
Қазір нарықтық заман ғой. Біздің басты байлығымыз – өнер ұжымдарын нарыққа бейімдеуіміз керек. Бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Бұл жерде тек қана концерт қойып пайда таппай, жаңағы музейдің өзінен табыс табудың тәсілдерін қарастыру қажет. Мысалы, шет елдерде бір талантты тұлғаның тұтынған жеке заттарын көрмеге қою арқылы мұражайға туристерді тартады. Біз де осындай тәжірибені қолданып, жұртшылықты қызықтыруымыз керек. Ғимаратымызға келген шетелдік көрермен музыкадан болсын, тарихтан болсын, жалпы барлық жағынан рухани ләззат алып шығу керек. Қонақтар келген кезде, ғимараттың есігі ашылған кезде, ғимараттың тарихы, оның арғы жағында оркестрдің тарихы, ал оның арғы жағында қазақтың тарихы, қазақ өнерінің тарихы тұнып тұруы тиіс. Ұлттық тарихты жасау үшін қазірден бастап осындай дүниелерді жүзеге асыруға талпынып жүрміз.
– Оркестрдің кішігірім мұражайындағы жәдігерлердің арасында қандай құнды дүниелер бар?
– Музей жәдігерлерінің арасында Ахмет Жұбановтың отбасы әкелген жәдігерлер бар. Қазір жәдігерлерді жинап жатырмыз. Музейімізде кезінде көзі тірісінде Дина Нұрпейісованың жеке концертінің афишасы бар. Ол біз үшін ең құнды қазына. Ол афишаға 70–80 жылдай болып қалды. Қазақ КСР-нің 40 жылдығына арналған домбыраларымыз бар. Оркестріміздің алғашқы аспаптары бар. Бұлардың барлығы біз үшін құнды қазына. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында оркестрдің құрамынан арнайы экспедиция құрып, ауыл-ауылды, облыстарды аралап, мұражай қорына құнды жәдігерлер жинасақ деген ниетіміз бар. Бұл келешекке керек дүние. Музейге келген көрермен көзі тоятындай дүние жасауымыз керек. Биылғы 85 жылдық мерейтойымызға орай аудиодиск жазып қойдық. Алдағы уақытта аудиодисктің 4 антологиясын шығару мәселелері қолға алынып жатыр.
Кейбір мемлекеттердің экономикасының 50 пайызы туристердің қаржы-қаражатының есебінен толықтырылады. Бізде де сондай деңгейге жеткізу керек. Себебі, бізде де сондай мүмкіндік бар. Қазақтың домбырасы – қасиетті аспап. Қос ішекті қазақтың домбырасында бүкіл әлемнің музыкасын орындай беруге болады. Біле білсек, бұл әрбір халықта жоқ. Көршілес мемлекеттердің ұлттық аспабымен кез-келген шығарманы орындай алмайсың. Олардың ондай мүмкіндіктері жоқ. Домбыраның мүмкіндігі кең, кез-келген әуенді орындауға мүмкіндік береді. Қазақтың қасиетті домбырасын біз әлемдік деңгейде көрсетуіміз керек.
Құрманғазы оркестрі – кәсіби қазақ өнерінің қарашаңырағы. Өнер ұжымы қазақтың асқақ рухын, рухани дүниесін әлемге көрсетуді көздейді. Ұрпақ сабақтастығын сақтап, үлкен тұлғаларымыздың өнер жолындағы жетістіктерін жалғастыру мұраты шығармашылық ұжымды болашақтағы ұлы мұраттарға жетелейді. Бұл мақсат өнер ұжымын біріктіреді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Балнұр АХМЕТ.