Қазақта «Ел басына күн туды» деген ауыр теңеу бар. «Әр қазағым - жалғызым» д...
ҚХА мүддесі көпұлтты еліміздің тыныштығы мен бірлігі
Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында: «Қабырғалы мемлекет құру үшін: билік пен қоғам арасында тұрақты диалог болуы тиіс. Сондықтан азаматтық қоғамды жан-жақты қолдап, өзекті деген жалпымемлекеттік мәселелерді шешуге тартып, белсенділігін арттыру керек» деген ой тастаған-ды.
Осы орайда, «Оңтүстік астана» атанған Алматы қаласының тыныс-тіршілігіне көз жүгіртіп өткенді жөн санадық. Алматы қаласы - осы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда бірден-бір белсенді және мүмкіндігі бар мегаполис болып саналады. Алматы – мемлекетіміздің іскерлік және мәдени орталығы және мұнда жалпы халқымыздың 10 проценті мекен етеді. Сонымен қатар, ішкі жалпы өнімнің 20 проценті осы қаланың арқасында қалыптасып, 32 процент мөлшерінде салық және басқалай төлемдер жиналады. Қорыта келгенде, Алматыны Қазақстанды алға бастыратын ықпалы мол, жетекші қала деп те айтуға лайықты.
Осындай межелі мақсаттарды өміршең етуде Қазақстан халқы Ассамблеясының да рөлі айырықша. Сол Ассамблея аясында құрылған қоғамдық келісім Кеңесінің мойнына айырықша жауапкершілік жүктелгенін атап өткен жөн болар. Ол - билік пен бұқара халық арасындағы алтын көпір іспетті.
2015 жылы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Сондай-ақ, Қоғамдық кеңестің өкілеттілігін арттыратын негіздер ретінде: «Жүз нақты қадам» ұлттық жоспары мен «Бес институциалдық реформа» атты маңызды құжаттарды да атап өткеніміз абзал сияқты.
Осы төрт жылдық жұмыс мерзімі арасында байқағанымыз: қоғамдық пікірді аша алатын, шынайы, өмірге жақын қоғамдық институттың қолданысқа енгені болып тұр.
Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі өзінің жұмысында қала әкімшілігінің бағыт-бағдарымен санасып, қанаттас еңбек етіп келеді. Осы орайда туындаған проблемалардың 90 проценті ендігі жерде қала тұрғындарының ынта танытып, араласуымен шешілуі тиіс. Бұл арада: экологияға қатысты мәселелер, қоғамдық қауіпсіздік, сапалы білім мен денсаулық қызметінің қолжетімділігі, тұрғын-үй құрылысы, инфраструктураларды жаңаландыру, қаланы абаттандыру мен көгалдандыру сияқты өзекті шаруалардың жүзеге асуы қала тұрғындарының өмір сапасын арттырып, жайлы тұрмыс құруға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты барлық деңгейдегі бюджеттік құралуды қайта қарау керек сияқты. Әр сатыдағы жергілікті бюджетті қараған кезде оған тұрғындардың белсене ат салысуы міндетті. Сөзді іспен байланыстыру мақсатында Алматы қаласында «Ат салысу бюджеті» атты пилоттық жоба қолға алынды. Яғни, қаланың әр ауданына 500 миллион теңге көлемінде әлеуметтік жобаларды іске асыруға қаражат бөлінеді.
Сайлауалды Бағдарламасында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік институттардың қызметін қоғамдық бақылау арқылы қадағалап отыру: соның ішінде қоғамдық кеңестердің араласуы, көпшіліктің көкейіндегі мәселелердің қаралуына ықпал жасап, халық алдында биліктің жауапкершілігін арттырады» деген болатын-ды.
Қоғамдық кеңестің осы қойылған талаптарды орындау барысында туындайтын проблемалық сауалдары да жоқ емес. Атап айтар болсақ: қоғамдық бақылауды атқару үшін эксперттердің қызметін қаржыландыруға қаражат керек. Сонымен қатар тұрақты түрде жұмыс жасайтын кеңестің арнайы штатын да құруға тура келеді.
Жұмыс өнімді болу үшін: Қоғамдық кеңес құрамын арттырып, мәслихаттағылармен теңестіру керек сияқты. Және де мәслихаттардың жұмысына Қоғамдық кеңес мүшелері де толыққанды араласуы тиіс. Сонымен қатар, қос тарап арасында: іс қайталау кереғарлығын тудырмау керек.
Қазіргі таңда, Алматы қаласының Қоғамдық Кеңесінің 30 мүшесінің екеуі ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болып саналады.
Сондай-ақ, уақыт талабына сәйкес Алматы қаласының Қоғамдық Кеңесі қабырғасында: "Қазақстан Республикасында бейбіт жиындар, митингілер, шерулер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі" заңнамасына қатысты сұрақтарды жетілдіру бағытында қарқынды жұмыс жасалуда.
Оған азаматтық қоғам мүшелерімен қатар мемлекеттік қызмет өкілдері де тартылған. Жұмыстың бағыты: тұрғындардың азаматтық белсенділігінің артуына байланысты, шетелдік алдыңғы қатарлы тәжірибелерге сүйене отырып, қолданыстағы құқықтық-нормативтік актілерді жаңа талапқа сай ырықтандыру қолға алынып жатыр.
Осындай игі қадамдардың нәтижесінде - Қазақстан халқы жуық арада мемелкетіміздің саяси-қоғамдық өміріндегі көрнекті өзгерістердің куәсі болатынына күмән жоқ.
Бұл дегеніміз: қоғамдық кеңестердің жергілікті жердегі өзін-өзі басқару жүйесіне белсене араласып, жұртшылықтың мазасын алған көкейтесті мәселелерін шешуге ат салысуы - қазақстандық азаматтардың көптеген проблемалаларын жеңілдетеді деген сөз.
Бұның барлығы, барша тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйіне жағымды әсер етіп, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, онан ары жасампаздықпен арттыра түседі.
Қазақстан халқы Ассамблеясының алғышарт ретінде ұстанған бағыты мен мүддесі: ортақ шаңыраққа айналған, көпұлтты еліміздің тыныштығы мен бірлігі. Біз жаңа дәуірге қадам басқан елміз. Яғни, қазақ халқы - мемлекет құраушы ұлт болғандықтан Отанның туы соның қолында. Бізді алдыға жетелейтін - жаңа ой мен жаңа таным және жаңа идея болмақ.
Заман Төлеуов