Кәріс театрының 88-маусымы ашылды

АССАМБЛЕЯ
1422

Шымылдығын «Дерево» қойылымымен ашқан, Мемлекеттік республикалық академиялық кәріс музыкалық комедия театры -  өзінің 88-ші театр маусымына жол тартты.

Хан Динның «Не стоит раскачивать дерево» атты пьесасы бойынша «Дерево» қойылымы көеремендер назарына ұсынылды. Спектакльдің режиссері - Галина Пьянова, суретшісі - Антон Болкунов, композиторы – Георгий Юн.

Спектакль премьерасы алдында «Кахак» ЖСШ ынтымақтастығы тарапынан театрдың жетекші әртісі Натальяя Лиге жастар сыйлығы тапсырылса, Қазақстан кәрістері Ассоциациасы тарапынан «Ким Дин» атындағы жыл сайынғы театр марапаты театр балеттік труппасының солисті Анна Цойға табыс етілді.

Хан Динның «Не стоит раскачивать дерево» қойылымы - Солтүстік және Оңтүстік Кореяны біріктіру жөніндегі мәселені қайта көтерген өзекті психологиялық драма. 

Оқиға туысқан екі елдің арасын бөліп жатқан 38-ші параллельдегі шекара аймағында өрбиді. Қатты су тасқаны кезінде бір-біріне идеологиялық жағынан жау елдің екі азаматы пұшайман халде кездейсоқ кездеседі. Бастапқыда екеуіне де ажал төндірген қауіптен қашып, бір зәулім ағаштың басына өрмелеп шығып, жан сақтайды. Бірақ екеуара ұғым, таным қайшылығы туындап, қайта-қайта жанжалдаса береді. Қазақта, «Сұраса келе, қатының – қарын бөле болып шығады» деген мәтел бар. Солтүстік пен Оңтүстікке бөлінген корей елінің түп тамыры бір екені осы спектакль өзегінде айқын көрініс табады. Екеуі де бір атаның баласы болып шығады. 

Көрермен ретінде қойылымның әсерлі тұстары мол болып, көңіл толқытты. Өзіміздің қазақ жұртының да атаға бөлініп жататыны оң көрініс бермейтіні белгілі. Жүз отыздан астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына ұйытқан біз, кей-кейде трайбализм жетегінде кетіп қала беретіндейміз. Осындайда, «Қазақ – руға бөлінбейді, рудан құралады»  деген айшықты сөз есіңе түседі. 

Осы спектакльдің кәріс халқының қазіргі жағдайы туралы айтары мол, ынтымақ пен достықтың қадірін анықтайтын, береке бар жерде бірліктің болатынын танытатын тәлімді қойылым сәтті шықты. Автордың діттеген ойы: егер халық өзі қаласа, бірігуіне ешкім кедергі бол алмайтынын айту еді.  

Өзінің 88-ші маусымын бастаған Мемлекеттік республикалық академиялық кәріс музыкалық комедия театры 1932 жылы Ресейдің Қиыр Шығысында құрылған болатын-ды. 1937 жылы жер аудару дүрбелеңі кезінде Қызылорда қаласына келіп, қоныс тепті. Бұл Корей түбегінен сырт жердегі бірден-бір дара, Мемлекеттік кәріс театры болып саналады. Театр ғұмырында  250-ден астам қойылымдар мен концерттік бағдарламалар ұсынылып, оны бес миллионнан астам астам көрермен тамашалады. Осы театр қызмет істеген жылдары: 1982 жылы, театр кеңестік театр өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет орденімен», 2002 жылы ҚР Президентінің Алғыс хатымен, 2005 жылы Корея Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 

Қазақстанның біртұтас этномәдени саясатына сәйкес дамып келе жатқан кәріс театры: ұлттық талғамды, өзіндік ерекшелік пен тілді аялап, көп ұлтты ортада тұратын кәрістердің мәдениетін байыту үстінде.

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Мас жүргізуші бір топ адамды қағып кетті, деп хабарлайды madeniportal.kz. Жантүршігерлік оқиға Ресе...

Жаңалықтар

Танымал қазақстандық виолончелист Болат Тыныбеков дүниеден озды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Су...