Ольга Андриевскаяның пайымынша: «Болгардың түп аталарының мекені Памир тауының сілемдері болуы...
Алматыда Аналар күнін салтанатпен атап өтті
Таяуда Алматы қаласындағы Достық үйінде Аналар күніне орай «Ана – барлық көркемділіктің үлгісі» атты конференция болып өтті. Осы жиынның өтуіне Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі мұрындық болды. Аталмыш мерекенің басты мақсаты: қазақстандық аналарды әспеттеу, оларды құрмет тұту болып саналады. Себебі, ана – отбасының ұйтқысы, атадан балаға ауысып келе жатқан салт-дәстүріміздің сабақтастығын жалғайтын ең негізгі дәнекері – осы, ардақты аналар.
Салтанатты жиынның шымылдығын Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Ниязова Нүрия Исмагилқызы ашты. Ол, өз сөзінде: «Тәрбие басы – тал бесіктен» демекші, анаға деген құрмет отбасынан басталады. Жастардың аға буынға деген құрметі мен тағзымы өмірдің бұлжытпас қағидасы. Сонымен қатар «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деген терең тәмсіл бар. Келешегіміздің кемел және жарқын болуы осы өскелең ұрпақтың бойына сіңдірген тәлім-тәрбиеге байланысты. Осы орайда әсіресе аналар қауымына аса зор жауапкершілік жүктеледі. Ана ошақтың ғана иесі емес, қазіргі заманда қоғамның күллі саласында еңбек етіп жүрген жауынгер қауым. Соған қарамастан отбасы берекесі мен ұрпақ тәрбиесін де қоса алып келе жатқан қажырлы жандар!», деп аналар еңбегін ерекше атап өтті.
Бұл шараға құрметті мейман ретінде белгілі жазушы, этнограф Зейнеп Ахметова қатысты. Ол кісі қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрлерімен қатар бала тәрбиесінің маңызы, жалпы адами қасиеттерге тоқталып, руханият пен отбасылық құндылықтарды зерделеген келелі әңгіме айтты.
«Соңғы кезде рухани жаңғыру дегенді жиі айтып келеміз. Соған қоса дәстүрді де жаңғыртуды қолға ала бастағандаймыз. Дәстүрді ауызға алсақ, білетініміз тек беташар, тұсау кесу, бесікке салу ғана сияқты. Негізінде халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан этикасы мен үлгі-өнегесі туралы не білеміз? Осындай бірлі-жарым дәстүр атаулыны ғана насихаттап келеміз. Оның өзінде де сахнаға шығарып, спектакль ретінде көрсетіп жүрміз. Солай жасаған күнде де салттың өзегін бұзбай, ежелгі ата-баба жолын сақтаса бір жөн ғой. Кейбір көріністері көңілге сыймай кетеді. Мысалы, жуырда бір үлкен кісі немересінің тұсауын кеспек болды. шақырған соң, бардым. Әлгі балақайдың тұсауын үш адам кесті. Бірі ала жіппен, екіншісі тоқ ішекпен, үшіншісі шөппен. Осыған қарап аң-таң болдым. Анасы кішкентай бөпесін осылардың қайсысына тартсын деп тұр екен деп. Ақылға қонбайды. Менің ойымша көпшілік ала жіптің мәнісін терең білмейді. Олар: «Біреудің ала жібін аттамасын» деп кесіп жатырмыз деп пайымдайды. Яғни баласы ұрлық қылмасын деп ырымдап жатырмыз деп шешеді. Ал кеңірек ойлайтын болсақ, ала жіп барша тіршіліктің нышаны ісептті. Бір Жаратушы ғана жалғыз, ал қалғанының бәрі екіден екені мәлім. Ер мен әйел, ақ пен қара, ыстық пен суық тағысын тағы дегендей. Осы орайда ала жіптің ақ жібін әдейі көбірек қосады. «Жақсылық та жарқырап, қиындықта қысылмай жүрсін» деп жіпті пышақпен тең кеседі. Жайбасар, сылбыр адамға кестірмеген. Сосын қайшымен кесуде ырымға қайшы. Баланың өмірі қайшыланып қалуы мүмкін».
Сөз арасында, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының қазақ жұртына танымал келіні, атақты қайынатасы жайлы да айта кетті.
«Кімге кім келін болмай жатыр,тегі. Дейтұрсақта елдің бәрінің келінін бүкіл жұрт түгел танымайтыны рас қой. Осыған байланысты бір әңгіме есіме түсіп кетті. Бір ата өзінің орысша тәрбие көрген тікбақайлау келініне менің «Шуақты күндер» кітабымды апарып беріпті де: - Оқы мынаны, Баукеңнің келініндей болар ма екенсің! –деген көрінеді. Сөйтсе, келіні : - Баукеңнің келініне ұқсау үшін, Баукең секілді қайынатаң болуы тиіс! – деген екен дейді.
Тегінде, басына ноқта ілдірмеген, ортақ қалыпқа сиыспайтын Баукең сияқты кісінің қолына су құйып, асын әзірлеп, жағдайын жасап беру оңай шаруа емес еді. Жарықтық, қос жүзі қатар қайралған қанжар сынды қай жағына іліксең де орып түсетін-ді. Жас кезімде бүгінгідей салиқалы шешім қабылдай алатын дәрежеде емеспін, тек үндемей құтылып жүрдім. Шындығын айту керек, кейде ашудан өтің тарс ете қалатындай күйге де түсесің. Бәрібір сол үндемеудің арқасында үйдей пәледен аман қалдым. Үлкеннің алдында үндемеу деген ұтылғандық емес, үлкен ұтыс екенін кейін түсіндім.
Біздің кейбір келіндер өздерін тік мінезбіз, қара қылды қақ жаратын әділміз деп есептеп, бала-шаға демей арпылдаса кетеді. Ізет пен ұят дегенді аса қастерлеуіміз керек. Бұл тек қазаққа ғана емес, барша халыққа жарасатын көркем мінез».
Мерекелік отырыс барысында Зейнеп Ахметованың иығына келісті пішіліп, әдемі тігілген камзол жабылды.
Осындай құрмет пен ризашылықтың арнасын Алматы қаласы Білім беру басқармасы Медеу ауданы қамқор органының бас маманы Кемебаева Айткүл Дандыбайқызы жалғастырды. Сөз алушы қорған және қамқор органдарының негізгі міндеттері туралы келелі пікірлерін ортаға салды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы балаларға қатысты тармақтарды талдап, олардың бүгінгі таңдағы өміршең және өзекті аспектілерін ашып көрсетті.
Сондай-ақ, шешен мен ұйғыр этномәдени бірлестіктері Аналар кеңесінің төрайымдары да өз кеңестерінде жасалып жатқан жұмыс әдістерімен бөлісіп, биылғы жылы өткізуге жоспарланған шараларынан құлағдар етті.
Конференция қорытындысы ретінде Алматы қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелеріне, Алматы қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлық және сертификаттар табысталды.
Заман Төлеуов