Марлен Ғилымхан: Космос хиромантиясы

ӘДЕБИЕТ
5592

"Адам Жерде құрметке лайықты өмір  сүрсе, өлімнен соң періштеге айналады."

 Э. Сведенборг 

 "Саған ғана тән дауысты кім дарытты бойыңа?"

У. Блейк




  Бейне 

 Мириадқа жуық шоқжұлдыздардың шоғырындағы Һәм тас, әлде, жас дәуірдің тобырындағы ойлар оңашаланбаған, оқшауланбаған... Пенденің бағзыдан бері көргені "Жер-Ананың" бесігіндегі "Ата-Тілдің" әлдиімен әрлі. Жеке басына жақын, я, мүлде жат үмітпен кешкен ғұмыры әп-сәтте мәнсіздікке ұшыраса, қайтті?! Көз ләззатының кескінін сөзбен саф ауаға жаза алу да дүниенің қыр-сырын меңгеру үшін аздық етеді. Топырақ адамға ғана тән болса, мәңгілігіміздегі құпияларды білуге неге құмарлығымыз туыс?! Ой – жапырақ жайқалса, жаңарып, сарғайса, сағымға айналатын сертсіз емес. Адам қуатын сәттік өзгерістер мен жиі қайталанатын құбылыстар бодан қыла алмайды. Еркіндікті кеңдікте асыр салу деп түсіну қуаныш. Мен ұлтарақтай бөлменің қуысында да еркінмін. Бірақ, сана бәрібір бірдеңеге тәуелді. Ол, мүмкін, пенденің шексіздіктің шегіне жету жолындағы аңсары шығар... Алдану мен сауалдарға жауап таппай дал болудан шаршауы шығар... Мүмкін, қайта қауышқысы келетін бал шағы шығар... бұлыңғыр елестерге жанары байланып, алқызыл гүлдердің жұпары талықсытқан таңсәрі шығар?! Не десек те, ақыл-ойдың, cезімнің күші мына шексіз ғаламның кез келген түкпірінде түней кетіп, алагеуімде ауылына қайтатынына сенімдімін! 

  Ұлпа қардың бір-біріне мүлде ұқсамайтыны секілді арнасы бір сезімдердің әсерінде айырмашылық бола ма?! Өз ғаламшарын ғана білетін жан жалпақ жаратылыстың жалынына жуына алмайды деп кім айтты?! Жыланның басына ақ құйып шығарған қазақ "иілуге" бейім емес ирелеңнің тірліктің ащы-тұщысын бірге татқан бауыры болуы мүмкін екенін білді ме екен?! Қай жердеміз?! Қай кезеңдеміз?! Бір мекенде қалықтап қана жүрген шығармыз?! Әлде, ызыңдап... Кейде кәрі шалдай жалғаннан жырақтап, жора - жолдастарыңмен жолығып... сосын... түс арқылы өтірігіңмен қайта қауышқың келеді... Болашақтың бейнесі әлдебір аймақтан көз алмай қарап тұрғандай... Батыс жақтан ақыры жоқ періштелердің ұлтқа бөлінетінін естимін. Өткен күннің де, осы шақтың да, келешектің де демі ауыр. Мен неге сакура десе, елең ете қаламын?!. 


  Гипотеза 


  Тал арасынан сығалаған сәуленің қолынан көлшік кептіру келмесе де, шалшыққа қарсы күштің барын ескерте алады. Санамызға белгілі бір анықтамасымен сіңіп үлгерген ұғымдарға өз көзіңмен ғана сұқтану қиын, әрине... Бәлкім, оңай. 

  Сана мен тәнді басқаратын – жан.

  Ал, рух - адамның өмір сүруге деген құштарлығын оятатын немесе қызыл түстерге апаратын сезімдердің жиынтығы. Менің түсінігімдегі қызыл түс - құмарлықтың белгісі. 

  Аруақ – "адам." Тек екеуінің кеңістіктері өзге. 

  ...Мүмкін, пенденің кеудесінен, анығырақ мұрнының ұшынан ұшқан жаны жанымызда жүр?!


Сәйкестік


  "Әрбір періштенің сыртқы кейпі әпендінің әлпетімен парапар". "Періштелер де, адамдар да махаббатпен өмір сүреді". Бұлар клиникалық өлім сәтін басынан өткерген Эммануэль Сведенборгтың ұшқыны. Мекені беймәлім жаратылыс иелерінің дәл біз секілді естіп, сезініп, тілдесетіні де қызық. Тәңірдің өзі сыйға тартқан тұрғын үйлері де бар көрінеді. Тек кеңістіктерінде кешетін күйі бөлек. Олардан ерекшеленетін тұсымыз осы ғана десек, қателікке ұрынарымыз хақ. 

   Көз алдымдағы көмескі сұлбаларға сенім артпаушы ем. Өз - өзімді алдағандай болатынмын. Раймонд Моудиді оқып, райымнан қайттым... "Өлімнен кейінгі ғұмыры" өңімнен сансыз шүбәмді жойып жіберді. Пайымына берік психологтың әлдебір емделушісі өзге кеңістіктегі тәнінің тұрпаты туралы "иелігіме енді ғана көшкен тәнім мен өмірдегі физикалық тәнімнен айырмашылық көрмедім" дейді. 

 Өзге кеңістік – біз тылсым деп түсінетін сәттердің өңге айналуы. Мүмкін, о дүние.

 ...Сонда періштелер мен аруақтар бір-бірінен несімен ерекшеленеді?! Әлде, біз өлім арқылы періштелік ғұмырға аяқ басамыз ба?!


Жан формасы


  Ғалымдар адамның өлгенге дейінгі һәм кейінгі салмағын өлшепті. Сөйтсе, соңғысы алдыңғысына үш грамм жетпейді екен. Бұдан жан салмағының үш грамм екенін байқаймыз. Салмағы бардың формасы болады. Жанның формасы қандай?

  Бұның жауабын жоғарыдағы Раймондтан келтірген мысалымнан тапқандай болғам... Тән формасы – жан формасы. Жанның тәннен тәнге ауыса алатын қабілетінен кез келген пішінге енетінін білеміз. Мені алаңдататыны тәннен тәнге ауысқанға дейінгі, яғни, сол аралықтағы формасы... Әлде, ол аралықта да бұрынғы физикалық тәнінің формасын пайдалана ма?! 


Летаргиялық ұйқы


    Гогольдың "Өлі жандарды" жазуы мен тірілей жерленгенінде қандай байланыс бар?! Оның летаргиялық ұйқыда болғаны аян. Әлденені іші сезсе керек, өлер алдында демі үзілгеннен кейін сүйегі шіріп, сасып кеткенше жер астына көмбеуін өсиет еткен. Соңғы тілегінің орындалмағаны анық. Ұйқысы ұзаққа кеткен адамды өлдіге балап, мәңгілік сапарына шығарып салған жұрт жазушының дертке шалдыққанын қайдан білсін?! Тар табытта тірі жату туралы ойланып көріңізші... Үстіңде сор топырақ... ауырлығы мың батпан. Қанша алып болсаң да, жарып шыға алмайсың. 

 Мистикалық шығармалар шарасыздықтан жазылады-ау деп ойлаймын кейде... 

 Бостандықтағы жалғыздығыңда қасыңнан ешкім таппасаң да, айналаңдағыларға қарап жүрегіңді жұбат деп Күн нұрын ұсынбайтын ба еді?! Ал, ұлы тұлғаның соңғы сағаттарындағы жалғыздығынан ажал ғана құтқарды. 

 "Анамдай адал, пәк ниетіңмен 

 аппақ қолдарыңды ұсыншы маған, 

 Ажал,

 Мені соттың алдына апаршы..." 

 Хосе Мартидің дәл осы күйін жазушы сезген шығар... Осылай күбірлеген шығар... Аталмыш ақын: 

 "Өлу түк те қиын емес, 

 Өлік боп өмір сүру қиын" дейді сосын...

   Ал, Гогольдың қалай қиналғанын көргіңіз келсе, мына шумақ көмектеседі: 

 "Аш табытты, 

 сілейісіп қал бәрің,

  Гоголь аунап түсіпті бүйіріне басқа бір,

 Өсіп кеткен тырнақтары жыртыпты,

 етігінің астарын." 

 Андрей Вознесенский!

  Жұмекеннің аудармасындағы бұл өлеңді оқып, таңырқадым. Ал, Петрарканың көмілмей тұрып, көзін ашқаны қуантқаны рас. 

 Қаңлы руының қазағы Көбей Тоқболатов: "Әрбір адамда екі түрлі жан болады. Оның бірін "рух рауан" ("кезбе жан"), екіншісін "рух сәкін" ("ажырамас жан") деп атайды. "Рух рауан" адам денесіне кейде кіріп, кейде шығып жүреді. Рух рауан денеден шықса, адам ұйықтап кетеді, кірсе, оянады. Рух сәкін бойымызға әбден дарыған, сіңген жан. Егер рух сәкін денеден шықса, қайтып келмейді. Онда адам өледі. Рух рауанның іс-әрекеті бізге түс болып көрінеді" дейді. 

 Летаргиялық ұйқының ең ұзаққа созылған уақыты отыз алты жыл екен. Отыз алты жыл бойы физикалық тәні кереуеттен қозғалмаған адамның "рух рауаны" не көрді?! Не білді?! Неге оралды?! Өмірмен қайта қауышу қызықсыз көрінбеді ме екен?! Әлде, өзгеге жақсылық жасауға деген зор ниеті жерге әкелді ме?! 

 Ал, Гоголь ше?!


  Түс


 Қазақта он алты жыл летаргиялық ұйқыда болған адам бар. Есімі Назира. Төрт жасында ұйықтағаннан жиырма жасында ояныпты. Жүрегі минутына екі рет соғып тұрды деседі. Ал, ол өзінің қалай оянғаны жөнінде:  «Түсімде қайта-қайта телефон шырылы естілді. Телефонды менен басқа ешкім көтермейтініне көзім жеткен соң, орнымнан тұрып, көрші бөлмеде тұрған телефон тұтқасын көтердім. Сол жерде отырған екі медбике есінен танып қалды. Жан-жағыма қарадым, жатқан кереуетім жоқ. Сөйтсем, мен көрші бөлмеге есіктен емес, қабырғадан еш кедергісіз өтіп кетіппін» дейді. Оның түсі арқылы өңіне өтуі – біз үшін өзіміз өмір сүріп жатқан кеңістіктен өзге де кеңістіктің барының белгісі! Мүмкін, түс өткен шаққа, болашаққа һәм шексіз ғұмырдың әр сәтіне апаратын болар?! Сосын... он алты жылдан кейін оянған бұл қыздың оқиғасынан шейіт болғандардың немесе уақытша өзге кеңістікте ғұмыр кешкендердің Бейнесін олардың түс көрген шақтарында ғана көретінімізді білеміз.


Бардо Тодол. Абай



 Бардо Тодол – тибеттің өлілер кітабы. Бардо – жалғыздықтағы күй, сезік. Кітапта Бардоны алты түрге бөліп қарастырады. Алғашқы үшеуі өлімге дейін:

Бірінші Бардо: жатырда жатқан шағың,

Екінші Бардо: түс кезіндегі "рух рауан",

Үшінші Бардо: "өңіңде өз—өзіңді ұмытып, бірақ, санаңды жоғалтпау."

 Қалған үшеуі өлімнен кейін.

                                 Чикаи Бардо

 Өлім сәті. Үш күнге созылады. Ол маңда су отты өшіре алмайды-мыс. Алдыңнан жарық нұр қарсы алады екен. Өзге кеңістікке тап болған жанның үрейі мен қорқанышы сол уақыттың ішінде басылатындай... Пендеге өзінің өлгенін сезіну үшін үш тәулік керек екен. "Адам көрге де үйренеді..." 

                                  Хониид Бардо. 

 Бұнда тағдыр тақтасындағы сан қилы сәттерді сүзгіден өткізбек. Жасаған жақсылығың мен жамандығың сараланбақ. Сынақ басталады деседі. Кітапта барар тұсқа адаспай жету үшін алғашқы күні ақ алауды таңдауды айтады. Екінші күні көгілдір отқа оралған ақ фигура, үшінші күні сары алауды, төртінші күні қызыл алауды, бесінші күні жасыл алауды таңдауды ұсынады... осылай күндер легі жалғасады екен. 

                                Сидпа Бардо. 

 Сот... Бұнда сенің екінші өміріңді кім болып бастайтының анықталады дейді.

  ...Ендігі әңгімені "Масғұтқа" бұрайық. Біздің қолдан келетіні байқаған һәм іштей болжап жүрген нәрсені жазу ғана... Масғұттың өмір сүрген жері Бағдатты өзге кеңістік деп қарайықшы. Ұрының шалға шабуыл жасап жатқанын көрген адамда болатын түсініксіз күй басқа ғаламнан сәл шошыған жанның үрейіне айналмай ма?! Қыдыр - жарық нұр... Абай таңдаған түстердің Тибеттің өлілер кітабында жазылған дұрыс жолға бастайтын есіктердің түсімен сәйкес келуінде не мән жатыр?! 

 Ақ түс – ақ жеміс. Көгілдір отқа оралған ақ фигура – ұрының жалаңдаған қылышы емес пе?! Немесе басына соққы тиген жанның бозарған жүзі... сары түс – сары жеміс, қызыл түс – қызыл жеміс... Ал, бесінші күнгі жасыл түс ше?! Жасыл – қызғаныштың түсі... Түсіне еніп, Масғұтты жынды судан сақтандырған Қыдыр жігітті қателіктің өзінен қызғанып тұрған жоқ па?! 




author

Марлен Ғилымхан

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...