Қазіргі кейбір қазақтар өздерін мәдениеттің шыңына шыққан, өзбек, қырғыз, тәжік, түркмен, әзірбайжан...
Бекітілген әліпбидегі түзетілуі тиіс ең үлкен 10 кемшілік
Латынға көшудегі ұлы мұрат қазіргі заманғы технологиялық ортаны, коммуникацияны, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктерін алға тарта отырып, түркі дүниесімен рухани жақындасу және орыс тілінен күштеп енгізілген басы артық әріптер мен кирилдегі тіл бұзар емле ережелерден құтылу болатын. Осындай мақсатты көздеген А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының жиырма жылдан аса тер төккен зерттеу жұмыстарының нәтижелері елеусіз қалып, 2018 жылдың 19 ақпанында ҚР Президенті жарлығымен (апостроф нұсқасына айтылған сын-пікірлерден кейін екі-үш айда дайын болған) акут нұсқасы бекітіліп кете барды. Жаңа әліпбиді бекіткен Елбасы: «Бұл – жаңа әліпби. Жаңаның аты – жаңа, ол іс жүзінде тексерілмеген. Сондықтан жаңа әліпбиді сөз құрамында, мәтін құрамында, жазуда, айтуда егжей-тегжейлі зерттеп, қолданыста қалай болатынын білу керек, кем-кетіктерін толықтырып, жетілдіру керек», – деген болатын.
Әліпбидегі кем-кетіктер емле ережелерін жасау барысында байқалатыны белгілі. Ондай кем-кетіктер дер кезінде ескеріліп, әліпбиге өзгерістер мен толықтырулар енгізілмесе, емле ережелерде де кемшіліктерге жол берілмек. Қазіргі жағдайда А.Байтұрсынұлының «әріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола әріпті бұзып өзгертеді» деген сөзін есімізден шығарып, емле ережелерді шикі әліпбиге күштеп бейімдеп жатқан жайымыз бар.
Бұл мақаламызда әліпбиде менмұндалап тұрған негізгі он кемшілікті атап, оларға талдау жасап көрмекпіз:
1. [У] дыбысының таңбасы латындағы /Yy/ таңбасына акут диакритикасын қою арқылы /Ýý/ деп алынуы;
[У] дыбысына /Ýý/ таңбасын беру латын графикасын қолданатын түркі (түрік, әзірбайжан, түркімен, өзбек) тілдері тұрмақ, әлем тәжірибесінде жоқ. [У] дыбысына осы таңбаны қабылдау арқылы қазақ жазуы түркі елдерінің жазуынан, қала берді латын графикасын қолданатын бүкіл әлем жазуынан алыстамақ. Қазақ тілін үйренемін деген шетелдіктер былай тұрсын, бастауыш сыныптарда сауат ашуға қоса (әліппеге) ағылшын тілін қатар үйренетін қаракөздеріміздің өздерін шатастырмақ. Жалпы /Yy/ таңбасы латыннегізді түркі тілдерінің барлығында дауыссыз [й] дыбысына тән таңба. Ал түркімен тілінде акутты /Ýý/ әрпі қысқа [й] дыбысының таңбасын білдіреді. Сонда түркімендер Aqtaý қаласын Ақтай деп оқымақ; [У] дыбысына /Ýý/ таңбасын берудегі ең басты себеп, әліпби авторларының санасында қалыптасып қалған орыс әліпбиінің әсері болса керек.
2. /Ии, Йй/ және /Іі/ әріптерінің бас әріптері бірдей болуы;
Бекітілген әліпбидегі /Ии, Йй/ және /Іі/ әріптерінің бас әріптеріне /I/ таңбасы берілген. Бұлай ету емле ережелерін жасауда қиындық тудырып отыр. Салдарынан Исмет, Ісмет секілді екі нұсқада жазылып жүрген кісі атаулары Ismet, Ismet болып бірдей таңбаланбақ. Иле етістігі мен Іле өзені атаулары және илейін, ілейін сөздері сөйлем басында Ile, Ile және Ileıin, Ileıin болып бірдей жазылмақ. Кейиді, кейіді, біт, бит, білігі, билігі деген сөздер бас әріптермен KEIIDI, KEIIDI, BIT, BIT, BILIGI, BILIGI деп таңбаланбақ. «БІЛІГІ – БИТТЕЙ, ТІРЛІГІ – КИТТЕЙ» деген мақалды жазып көріңіз. Ал «ЖҮРГІСІ КЕЛМЕГЕН СИЫРДЫҢ СИГІСІ КЕЛЕДІ» деген мақалды үлкен әріптермен жазу тіптен ұят. Шыңғыстау өңірінен шыққан Шәкір Әбенов есімді от ауызды ақыннан қартайған шағында қызыл әскер қатарында болған шағы туралы бір журналист сұрағанда, қызылдар туралы айтқан «РАЗ, ДВА ДЕГІЗДІ» деп басталатын әйгілі бір шумақ өлеңі бар. Сол шумақты үлкен әріптермен жазу тіпті сорақы көрінуі мүмкін.
Сонымен қатар и (зат ес. мал терісін илеуге, өңдеуге арналған малма; етістік. ағаш, темір сияқты заттарды майыстыру, доға түрінде бүгу), иі (зат ес. үшінші жақтағы тәуелдік жалғауы арқылы келген и сөзі. Мысалы, иі қанбаған қайыс, иі қанбаған іс; етістік. малдың сауар, емізу алдындағы сүтінің емшек үрпіне жиналып келуі), жиі-жиі, иіл, иін, иіс, биі, жиілігі, иіскейін, иірім, иілісі, кейін, иірілімі, киімі, сүйінші, әліпбиі сөздері кіші әріптермен ı, ıi, jıi-jıi, ıil, ıin, ıis, bıi, jıiligi, ıiskeıin, ıirim, ıilisi, keıin, ıirilimi, kıimi, súıinshi, álipbıi т.б. үлкен әріптермен I, II, JII-JII, IIL, IIN, IIS, BII, JIILIGI, IISKEIIN, IIRIM, IILISI, KEIIN, IIRILIMI, KIIMI, SÚIINSHI, ÁLIPBII деп жазылмақ. Көзшалымға қолайсыз қатар-қатар таяқтар.
♦12 жастағы вундеркинд қазақ әліпбиінің акутсыз жаңа нұсқасын ұсынды
Дауыссыз [й] дыбысы мен [ый], [ій] дыбыс тіркестеріне (дауысты [и] дыбысына) бір ғана /Iı/ таңбасын және дауыссыз [ў] дыбысы мен [ұў], [үў] дыбыс тіркестеріне (дауысты [у] дыбысына) бір ғана /Ýý/ таңбасының берілуі;
Араб графикасына негізделген А.Байтұрсынұлының төте жазуында ي және و әріптеріне қатысты «дауыссыздан кейін келсе дауысты болады, дауыстыдан кейін келсе дауыссыз болады» деп дауыссыз [й] дыбысы мен [ый], [ій] дыбыс тіркестеріне (яғни дауысты [и] дыбысына) бір ғана /ي/ таңбасы және дауыссыз [ў] дыбысы мен [ұў], [үў] дыбыс тіркестеріне (яғни дауысты [у] дыбысына) бір ғана /ﯟ/ таңбасы берілген болатын. Бұл ереже араб графикасына ғана тән ереже. Мысалы, араб тіліндегі /ي/ әрпі дауыссыз [й] дыбысы мен [ий] дыбыс тіркестерінің, /و/ әрпі дауыссыз [ў] дыбысы мен [уў] дыбыс тіркестерінің қызметін атқарады. Араб тілінде /ي/ әрпі дауысты дыбыстардан кейін, яғни фатха, дамма харакаттарынан кейін келсе дауыссыз [й] (мысалы: بَيْتٌ [бәйт], بُيُوْتٌ [буйуўт]), кәсра харакатынан кейін келсе, осы кәсра харакатының дыбысымен бірге [ий] дыбыс тіркесін береді (мысалы: دِيْكٌ [дийк]). Сол сияқты /و/ әрпі дауысты дыбыстардан кейін, яғни фатха, кәсра харакаттарынан кейін келсе дауыссыз [ў] (мысалы: دَوْمٌ [дәўм], لِوَاءٌ [лиўə̄’]), дамма харакатынан кейін келсе, осы дамма харакатының дыбысымен бірге [уў] дыбыс тіркесін береді (мысалы: سُوْقٌ [суўқ]). (Көптеген классикалық араб мәтіндерінде кәсрадан кейінгі /ي/ әрпі мен даммадан кейінгі /و/ әрпінің үстіне сукун белгісі қойылады). Дауыссыз дыбыстан кейінгі кәсра харакаты мен /ي/ әрпі дыбыстарының жасалу орны бір болғандықтан [ий] дыбыс тіркестері араб тілінде [ӣ] болып созылыңқы дыбысталады. Мұндағы созылыңқы дыбысталып тұрған кәсра харакатының дыбысы емес /ي/ әрпінің дыбысы. Сондай-ақ дауыссыз дыбыстан кейінгі дамма харакаты мен /و/ әрпі дыбыстарының жасалу орны бір болғандықтан [уў] дыбыс тіркестері араб тілінде [ȳ] болып созылыңқы дыбысталады. Мұндағы созылыңқы дыбысталып тұрған дамма харакатының дыбысы емес /و/ әрпінің дыбысы. Осы қасиеттеріне қарай араб фонетистері кәсрадан кейін келген дауыссыз /ــِيْ/ дыбысын созылыңқы [ӣ] және даммадан кейін келген дауыссыз /ــُوْ/ дыбысын созылыңқы [ȳ] деген. Демек А.Байтұрсынұлының «дауыссыздан кейін келсе дауысты [и] болады (яғни [ый], [ій] дыбыс тіркестерін береді), дауыстыдан кейін келсе дауыссыз [й] болады» және «дауыссыздан кейін келсе дауысты [у] болады (яғни [ұў], [үў] дыбыс тіркестерін береді), дауыстыдан кейін келсе дауыссыз [ў] болады» деген ережесі араб тіліндегі /ي/, /و/ әріптерінің осы ерекшелігінен алынған деуге толық негіз бар. Араб әліпбиіндегі /ي/, /و/ әріптерінің осы ережесін А.Байтұрсынұлы төте жазуында өте тиімді пайдаланған. Бұл ережені, тіпті, араб графикасын қолданған бүкіл түркі халықтары өз жазуларында он ғасырдан аса пайдаланып келді.
Алайда араб графикасына ғана тән осы ережені латыннегізді қазақ әліпбиіне қолданып, дауыссыз [й] дыбысы мен [ый], [ій] дыбыс тіркестеріне (яғни дауысты [и] дыбысына) бір ғана /Iı/ таңбасын және дауыссыз [ў] дыбысы мен [ұў], [үў] дыбыс тіркестеріне (яғни дауысты [у] дыбысына) бір ғана /Ýý/ таңбасын беру қисынсыз.
Бекітілген әліпбиде араб әліпбиіндегідей дауыссыз [й] дыбысы мен [ый], [ій] дыбыс тіркестеріне (яғни дауысты [и] дыбысына) бір ғана /Ιι/ таңбасы және дауыссыз [ў] дыбысы мен [ұў], [үў] дыбыс тіркестеріне (яғни дауысты [у] дыбысына) бір ғана /Ýý/ таңбасы берілген. Соның салдарынан жаңа емле ережелердің 7-параграфында «ıy, ıi (яғни йы, йі) әріп тіркестеріне аяқталған етістікке көсемшенің -й жұрнағы жалғанғанда, екі ı әрпі қатар жазылады: baııdy, keııdi, moııdy» деген араб графикасына тән емле ереже жасалып отыр. Жалпы /ي/ әрпінің қатар жазылуы араб графикасында қалыпты жағдай, ерсі көрінбейді. Мысал үшін арабтың تَكْيِيْف [тәкйийф], (яғни [тәкйӣф]), تَسْيِيْر [тәсйийр], (яғни [тәсйӣр]) сөздерін келтіруге болады. Байиды, кейиді, мойиды сөздері төте жазуда да жоғарыдағы араб сөздеріндегідей екі /ي/ әрпінің қатар келуі арқылы /باييدى/, /كه ييدى/, /موييدى/ түрінде жазылады, жазылып та жүр. Ескере кететін тағы бір жайт қазақ қыздарына қойылып жүрген Аида, Саида (Aıda, Saıda) деген есімдер мен Айда, сайда (Aıda, saıda) сөздерінің оқылулары қалай ажыратылмақ?! Құрандағы сүре атауы «Мәида» қалай оқылмақ?!
Араб графикасына ғана тән осы ереже латын графикасына да жарар болса, латын әліпбиіне көшкен түркі елдерінің барлығы дауыссыз [й] дыбысы мен дауысты [и] дыбысына жеке-жеке таңба бермес еді ғой. Мысалы дауысты [и] дыбысына бүкіл түркі (түрік, әзірбайжан, түркімен, өзбек, қарақалпақ) тілдерінде /Ii/ таңбасы, дауыссыз [й] дыбысына /Yy/ таңбасы берілген. Сол сияқты дауысты [у] дыбысы мен дауыссыз [ў] дыбысына да жеке-жеке таңбалар берілген. Сонымен қатар көптеген еуропа тілдерінде, тіпті ағылшын тілінде де /Ii/, /Yy/ және /Uu/, /Ww/ таңбалары бар.
4. [ш], [ч] дыбыстарын /sh/, /ch/ диграфтарымен беру;
Осы арқылы латыннегізді қазақ әліпбиінің басты өзегі – «бір дыбыс – бір таңба» деген ұстанымнан шығып отырмыз;
Қазақ тілінде [с] және [х] дыбыстары жекелеген сөздерде, кісі есімдерінде қатар келеді. Мысалы, алғысхат, дәрісхана, песхана, факсхат, асхана, т.б. сөздер мен Асхат, Асхан, Исхақ, Досхан, т.б. есімдер algyshat, dárishana, peshana, fakshat, ashana, Ashat, Ashan, Ishaq, Doshan боп жазылып, алғышат, дәрішана, пешана, факшат, ашана, Ашат, Ашан, Ишақ, Дошан болып оқылуы мүмкін. Төлқұжаттар мен жеке куәліктерде орысша жазылып кеткен Исхак есімі Ishak деп жазылып ишак деп оқылмақ па?! Шеттілдік пасха (діни мереке), паша (титул) сөздері pasha, pasha болып бірдей жазылмақ. Қайсысы паша, қайсысы пасха екенін ажыратып көріңіз. Сонымен қатар екі түрлі ұғымды білдіретін шеттілдік схема, шема сөздері shema, shema деп, шай сөзі мен шетелдік кісі есімі Схай да shaı, Shaı деп бірдей жазылмақ;
Тілімізде [ш] және [х] дыбыстары қатар келетін жайлар бар. Мысалы, құшхана (мал соятын жер), машхар (діни), т.б. сөздері мен Тышхан есімі qushhana, mashhar, Tyshhan деп екі h әрпі қатар келмек. Ал Ashar, Ishan, Isna ashari сөздерін қалай оқыр едіңіз? Асхар, Исхан, Исна асхари ма, әлде Ашар, Ишан, Исна ашари ма?
Қазақ тілінде /Шш/ әрпі қолданылатын сөздер өте көп. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде /Шш/ әрпімен басталатын сөздер (сөз ортасы мен сөз саңындағыларын қоспағанда) 442 бетті қамтиды (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 15-том. 180-622 беттер). Осыншама /Шш/ әрпі диграф арқылы екі еселенгенде жазу көлемі қаншалықты көбейетінін есептей беріңіз. Мысалы, үш әріппен жазылып жүрген шаш, шеш сөздері shash, shesh болып бес әріппен, алты әріппен жазылып жүрген шешуші сөзі sheshýshi болып тоғыз әріппен жазылмақ;
Қандай тілді алып қарасақ та диграфтар әліпби құрамындағы әріптерді қосақтау арқылы жасалады. Диграф үшін сырттан жаңа таңба қоспайды. Мысал ретінде ағылшын тіліндегі /ch/, /ph/, /sh/, /th/, испан тіліндегі /ch/, /gu/, /qu/, /rr/ диграфтарын келтіруге болады. Ал бекітілген әліпбидегі [ч] дыбысының таңбасына берілген /ch/ диграфындағы /c/ таңбасы әліпби құрамында жоқ. Жалпы [ч] дыбысы [ц], [щ] дыбыстары секілді қазақ тілінің төл дыбысы емес. Орыс тілінен енген чемодан, бочка т.б. сөздер шабадан, бөшке болып тілімізге бейімделіп кеткен. Сондықтан бұл дыбыстың таңбасын да әліпби құрамына қоспағанымыз жөн. Құрамында [ч] дыбысы бар терминдерді де осы үлгіде игеруге болар.
5. [ы] және [у] дыбыстары тірек таңбаларының бір болуы;
Бекітілген ресми әліпбиде [ы] дыбысына /Yy/ таңбасын, [у] дыбысына /Yy/ таңбасының үстіне акут қою арқылы /Ýý/ әрпін берген. Яғни тірек таңбалары бірдей. Қазақ сөзінің қатарында [уы] дыбыс тіркестері келетін сөз саны өте көп. Нәтижесінде уы, руы, суы, сууы, жууы, қууы, тууы, жауу, жаууы, сауу, саууы, қуыр, қуыру, қуыруы, ауыр, ауыру, ауыруы, ыдырауы, уылдырығы, т.б. сөздер ýy, rýy, sýy, sýýy, jýýy, qýýy, týýy, jaýý, jaýýy, saýý, saýýy, qýyr, qýyrý, qýyrýy, aýyr, aýyrý, aýyrýy, ydyraýy, ýyldyrygy болып көзшалымға оғаш жазылмақ. Кезінде Ж.Аймауытов: «сұу, бұу, құу, тұу сықылды у ұзын естілетін орындарда жалғыз-ақ у жазылсын деймін. Қайтсе де жұуу керек, ай тұууға таянды, сағым құуу жарамайды дегендегі қаздай тізілген көп ұуу-ларды қолайлы деп айтуға болмайды. Жазу оңайласын десек, у-ларды қысқарту керек», – деген болатын. Араб графикасына негізделген төте жазуда [ұ], [у] дыбыстарының тіректаңбасы бір екені, яғни [ұ] дыбысының таңбасы /ۇ/, [у] дыбысының таңбасы /ﯟ/ екені белгілі. (Төте жазуда қазақ тіліндегі еріндік [у] ([ў]), [ұ], [ү], [о], [ө] дыбыстарына араб графикасындағы /و/ таңбасынан өзге тірек таңба табу мүмкін емес (қисынсыз) болатын). Ж.Аймауытов мысалға келтіріп отырған сұу, бұу, құу, тұу сөздері төте жазуда /ﺳﯘﯟ/, /بوُﯟ/, /قوﯟ/, /توُﯟ/, ал жұуу, тұуу, құуу сөздері /جوُﯟﯟ/, /توُﯟﯟ/, /قوُﯟﯟ/ болып жазылмақ болатын. Қаздай тізілген көп /وُﯟﯟ/-ларды ұнатпай, у ұзын естілетін орындарда, яғни [ұу], [үу] дыбыс тіркестері келетін жерлерде (араб тіліндегідей) бір ғана /ﯟ/ әрпін жазуды ұсынған. Ж.Аймауытов қазақ сөзінің тасымал, буын, морфем айтылымын сақтауға көмектесетін қажетті, қисынды у-ларды (яғни [ұ], [ү] дыбыстарының таңбаларын) көзшалымға оғаш көрінетіндіктен, амалсыздан («қаздай тізілген көп /وُﯟﯟ/-лар» деп) барынша қысқартуды ұсынған. Ал біз, әліпбидегі [ы] және [у] дыбыстарына бірдей тірек таңба беру арқылы ýy, rýy, sýy, sýýy, jýýy, qýýy, týýy, jaýý, jaýýy, saýý, saýýy, qýyr, qýyrý, qýyrýy, aýyr, aýyrý, aýyrýy, ydyraýy, т.б. сөздерде (орнына басқа таңба қою мүмкіндігі бола тұра) қисынсыз игректерді қаздай тізіп отырмыз.
6. [ы], [і] дыбыстарының тірек таңбалары ұқсас болмауы;
Кемеңгер А.Байтұрсынұлы төте жазуда езулік, ашық, тіл арты [а] және езулік, ашық, тіл ортасы [ә] дыбыстарына /ا/, /ٵ/ таңбаларын, еріндік, құранды, тіл арты [о] және еріндік, құранды, тіл арты [ө] дыбыстарына /و/, /ﺆ/ таңбаларын, еріндік, қысаң, тіл арты [ұ] және еріндік, қысаң, тіл ортасы [ү] дыбыстарына /ۇ/, /ﯝ/ таңбаларын, езулік, қысаң, тіл арты [ы] және езулік, қысаң, тіл ортасы [і] дыбыстарына /ى/, /ﺉ/ таңбаларын берген. Байқап отырғанымыздай А.Байтұрсынұлы жіңішке дауыстылардың таңбаларын жуан сыңарларының таңбаларына (/ا/ ,/و/, /ۇ/, /ى/) дәйекше қою арқылы (/ٵ/, /ﺆ/, /ﯝ/, /ﺉ/) деп тірек таңбаларын бірдей етіп жасаған. А.Байтұрсынұлының осы теориясы кирил әліпбиінде барынша қолданылды. Оны /о/, /ө/, және /ұ/, /ү/ әріптерінен байқауға болады. Кирил әліпбиінде дәйекшенің қызметін атқаратын диакритикалық таңба болмағандықтан о әрпін ортасынан бөліп ө жасады, ү әрпінің құйрығын сызып ұ жасады, осы жолмен кирилл әліпбиінің бар мүмкіндігі сарқа пайдаланылды. А.Байтұрсынұлы салған сара жол латын графикасына көшкен өзге де түркі тілдерінің әліпбиінде қолданылды деуге болады. Мысал ретінде түрік және әзербайжан тілдеріндегі /Uu, Üü/, /Oo, Öö/, /Iı, İі/ әріптерін, түркімен тіліндегі /Аа, Ää/, /Oo, Öö/ әріптерін айтуға болады.
А.Байтұрсынұлының осы логикасы бекітілген жаңа әліпбиде /Aa, Áá/, /Oo, О́о́/, /Uu, Úú/ әріптерінде көрініс тапқанымен [ы], [і] дыбыстарының таңбаларына келгенде латын графикасынан екеуіне ортақ тірек таңба табылмай қалған.
7. [ы], [і] дыбыстары таңбаларының әліпби кестесінде бір-бірінен алшақ орналасуы;
Әліпбиде өне бойы дауысты дыбыстардың жуан, жіңішке сыңарлары қатар тұрады да, [ы], [і] дыбыстарына келгенде бұл реттілік бұзылып кеткен.
8. Әліпби құрамына /в/, /ч/ әріптерінің енуі;
Бекітілген әліпбидегі /в/, /ч/ әріптері /ц/, /щ/ әріптері секілді кірме дыбыстардың таңбалары. Орыс тілі арқылы енген Европа, велосипед, вагон, самовар т.б. сөздер Еуропа, белсепед, бәгөн, самаурын т.б. болып фонетикалық өзгеріске түсіп, тілімізге бейімделіп кеткені белгілі. Ч, в әріптерін әліпби құрамынан алып тастасақ, төлқұжаттарымызды латын графикасы бойынша қайта рәсімдеу жұмыстары кезінде аты-жөндеріміздегі бөтен -ов, -ич, -овна секілді жұрнақтардан біржола құтылар едік.
9. [х], [һ] дыбыстарына бір ғана /Hh/ таңбасын беру;
Кезінде А.Байтұрсынұлы кейбір (аһ, үһ, түһ, түуһ секілді) одағай сөздерде ғана кездеседі деп, алғашқы құрастырған әліпбиіне [һ] дыбысының таңбасын енгізбеген болатын. Алайда кейіннен «Бұл әріпті қазақ әліппесінен шығарғанда мұнымен жазылатын сөздер аз деп шығарып едік. Аз болғанмен тілде бар дыбыс болған соң, жоқтығы сезілетіні көрінеді» – деп, төте жазуға қайта қосқаны белгілі. Оның үстіне қазіргі таңда дін саласында қазақ тіліне аударылмай транслитерациялау арқылы жазылатын, яғни [һ] дыбысының орнына [х] дыбысын жазуға келмейтін көптеген діни терминдер мен кісі, жер-су атаулары бар. Осыларды ескере келе әзербайжан, өзбек, қарақалпақ тілдеріндегідей [х], [һ] дыбыстарына жеке-жеке таңба берген жөн.
10. Әліпбидің акут диакритикасына негізделуі;
Акут диакритикасы бекітілген әліпбидің ең үлкен кемшілігі. Латын графикасын қолданатын тілдерде акут диакритикасының белгілі дәрежеде мән-мағынасы бар. Дауысты дыбыстардың таңбасында не созылыңқылық, не қатты екпін, ал дауыссыз дыбыстардың таңбасында жіңішкерту не буын құрау үшін оларды созу қызметін атқарады, яғни акут диакритикасы әр тілде бірыңғай мақсатта қолданылады.
Бекітілген әліпбиде акут жүйесіз қолданылған. Мысалы, жуан дауысты [а] /a/, [о] /o/, [ұ] /u/ дыбыстарының жіңішке сыңарлары [ә], [ө], [ү] дыбыстарын жіңішкерту мақсатында /á/, /ó/, /ú/ деп қолданылған дейін десек, жуан дауысты [ы] дыбысының жіңішке сыңары [і]-нің таңбасына акут диакритикасы қолданылмаған және таңбалары да әртүрлі. Сонымен қатар [ғ], [ң], [у] дыбыстарының /ǵ/, /ń/, /ý/ таңбаларынан да әлемдік тәжірибедегідей акут диакритикасының дауыссыз дыбыстарды бірыңғай жіңішкерту не жуандату қызметі байқалмайды. Мысалы /ǵ/ таңбасымен берілген [ғ] дыбысы қазақ тілінде тек қана жуан дыбысталса (мысалы, аға, жаға), ń таңбасымен берілген [ң] дыбысы бірде жуан (мысалы, аң, тың), бірде жіңішке (мысалы, өң, іңір), ý таңбасымен берілген [у] дыбысы да бірде жуан (мысалы, тауық), бірде жіңішке (мысалы, тәулік) дыбысталатыны белгілі.
2018 жылғы 14 қараша күні республика бойынша латын графикасы негізіндегі «ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ДИКТАНТ» өткен болатын. Жазылған диктант мәтінін әріптердің үстіндегі бірыңғай нүктелерге (кейбір студенттер акут орнына кішігірім таяқшалар қойып шыққан) қарап, жай мәтіннен гөрі фонетикалық талдау жасалған мәтінге көбірек ұқсатуға болады.
Мақаланы қорыта келе айтарымыз, бекітілген әліпбиден жаңа технологияны меңгеру, түркі дүниесімен рухани жақындасу және кирилдегі тіл бұзар емле-ережелерден құтылу мақсаттарының бірі де байқалмайды. Керісінше түркі дүниесінен, латын әліпбиін қолданатын жарты әлемнен алыстататын сыңайлы. Жыбырлаған ноқаттар, қаздай тізілген игректер, қатар-қатар таяқтар Қазақ Елін, қазақ халқын қайда апармақ. Қара домалақтарымыз қайта-қайта әліпби жаттап өтпесін десек, емле ережелерден бұрын жоғарыда аталған кемшіліктерді қайта қарап, «түзетуді қажет етпейтін кемел әліпби» түзгеніміз жөн.
Қалдыбай Арыстанбекұлы Қыдырбаев
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Таяу Шығыс
және Оңтүстік Азия кафедрасы, PhD докторы
qamshy.kz