Риза ЫСҚАҚ. Қазіргі қазақ әдеби туындылары неге киноға айналмайды?
Бірінші себеп – бүгінгі режиссерлердің бір бөлігі жазушылықты тіпті мамандық ретінде мойындамайды, жоққа шығарады. Соңғы ширек ғасырда ірі және оригиналды жазушылар азайып кетті. Ал алдыңғы буынның тікелей ізбасарлары тым аз. Үшінішісі – жаңа қазақ қоғамы туралы айтсақ, соңғы 28 жылдың ішінде соңына дейін 100 % пайыз қалыптасып үлгерген жоқ. Әрине, осындай жағдайда қоғамды шынайы, толыққанды, терең әрі жан-жақты, көлемді бейнелеу аса қиын. Бұл әлі туыла қоймаған баланы фотографқа фотоға түсір деп қолқа салумен тең. Бір нәрсені бейнелеу үшін ол нәрсе алдымен көзге көрінетіндей пайда болуы керек. Сонымен қатар, техникалық-тәжірибелік қиындықтар да бар, мәселен, айфон мен ноутбукты бейнелеуге болады, ал ғаламторды бейнелеуге болмайды. Сотка шұқылап отырған отыз адамды бейнелеуге болады, ал әлеуметтік желіні бейнелеуге болмайды. Кабелді теледидарды зат ретінде бейнелеуге болады, ал қазіргі заман телевизиясын бейнелеуге болмайды. Жоғарыда атап өткендерімді рұқсат болмаған соң бейнелеуге болмайды емес, таза техникалық тұрғыдан бейнелеу қиын.
Қазіргі үздік төрт ұлттық кино бар: Иран киносы, Қытай киносы, Корей киносы және АҚШ киносы (кейбір кинолары). Мәселен, Иран киносын түсіру барысында сценарий иран тілінде, режиссер иран тілінде, редакторлық топ иран тілінде және көрермендер де иран тілді сипатқа ие. Қалған үш кинематографтар сондай жағдайда түсіріледі. Ал қазақ киносына келсек, сценарий қазақ тілді болуы мүмкін, тіпті ұлттық нақышта да жазылуы мүмкін, ал режиссер тумасынан орыс тілді қазақ болып қана боймай, көмекші оператор, компьютерлік графика бойынша кеңесішісі шетелден келген маман болуы да ықтимал. Сол фильм жарты жыл немесе бір жыл ішінде түсіп болған соң (әдетте беймәлім демеушілерден топан судай келіп жатқан қыруар қаражатқа) дайын өнімнің (бұл жерде көркем туынды деп айту қиын) бастапқы қазақы сценарийінің мазмұны мен формасынан 10 %-ы қалса шүкір. Ал егер сюжеттің авторы тірі болмаса, ондай жағдай тіпті мүшкіл. Яғни авторлық құқықты артынан жоқтап келетін ешкім жоқ.
Қарапайым мысал Сатыбалды Нарынбетовтың “Қыз жылаған” фильмін алайық. Мен Роза Мұқанованың “Мәңгілік бала бейне” пьесасының прозалық түпнұсқасымен таныстым. Сосын экранизациясымен де таныстым. Менің (“кинотеледараматург” мамандығын тәмамдаған) көрермен ретінде алған әсерім келесідей: өте терең, өткір әлеуметтік һәм нәзік лирикалық сипаты бар автордың сюжет желісінен бейне бір тек атауы ғана қалғандай. Ал барлық сюжет, оқиға және кейіпкерлердің саны мен мінездері қатты өзгеріске ұшырап, өкінішке қарай орысша айтқанда “очередной проходной кассовый коммерческий фильм” деген орбит сағызының өніміне айналыпты. Сондықтан, бізге фильмнен қазақ қоғамының бейнесін, замана түр-сипатын және қарапайым логикалық қисынды табу, көрудің өзі қиындап бара жатқандай. Ертегі, фантастика болсын қисын керек-ақ. Неге біз ертегіні ұйып тыңдаймыз, өйткені, қырық өтіріктің өзінде түбінде қисын жатыр. Әңгімелеу қисыны бар.
Тағы бір мысал - “Мұстафа Шоқай” фильмі. Мұстафа Шоқай - шын өмірде болған тарихи қайраткер. Қарап тұрсақ, ол тұлғаны бейнелеуде әсте қиындық болмауы қажет еді. Әсіресе, сценарийін Әкім Тарази тікелей жазса. Әйткенмен, бұл фильм “Жау жүрек мың баланың” кассалық дәрежесінен әлдеқайда төмен рейтингкке ие болды. Бұл – үлкен мәселе, даулы сұрақ! Бір шетінен фильм мазмұнды, мағыналы, драматургиясы бар. Ал екінші шетінен орташа рейтинг бойынша көрерменнің назарына лайықты, тиісті деңгейде әлі күнге дейін ілікпеді. Неліктен? Фильмнің мықты жазушы-драматург авторы болғанымен, керек десеңіз, тарихшы-кеңесшілері де болды, әйткенмен, материал заманауи кино тіліне және кино заңдылықтарына “тәржімаланбаған”, бейімделінбеген еді. Яғни сценарийдің соңғы режиссерлік нұсқасы сәл шикілеу болған сыңайлы. Интеллектуалды көрермен фильмді жақсы қабылдағанымен, фильмнің стилі тым күрделі болып қалды. Бәлкім, бұл – қоюшы-режиссердің олқылығы. Мысалы, “Форрест Гамп” немесе “Пролетая над гнездом кукушки”, «Семь Самураев», «Андрей Рублев» сияқты шедевр фильмдер барынша ойлы, терең әрі мейлінше түсінікті туындылар. Оны елу жасар көрермен де, он жасар көрермен де түсінеді. Және ең басты компонент болмапты, ол – жоғары ұйымдастырылған продюсерлік, маркетингтік жобасы. Еске түсірейік, “Рэкитир 2” бір жылдан астам айрықша қатты жарияланды. Бәлкім, жарнамаға бюджеттің жартысынан көбі кеткен де болар. Ол бюджет ақша ретінде ақталса да, фильм көркем туынды ретінде “шедевр”-ден өте алыстау болып шықты. Тіпті, орташа сапалық деңгейге ие болды. Мұны тым кірпияз киносыншылар ғана емес, көрерменнің басын көпшілігі мойындауда. Демек, бүгінгі киноның басты шарты – нарықтық сипаттың тым көп болуы, ал ұлттық сипатқа ие болатын министрліктен ресми демеу алатын халықтық фильмдер мүлде қолға алынбай жатыр. Мұның тікелей себебі – нақты салауатты-сауатты ішкі ресми цензураның жоқтығы. Цензура дегеніміз бәрінің аузын “скочтап бекітіп” тыйым салып тастау емес. Ол - ақпарат легін сәл де болса, ретке келтіру. Мысалы, ұятсыз кадрларды алып тастау, анайы сөздерді кесіп тастау және заңға қайшы немесе заңды бұзуға шақыратын және тағы басқа бейәдеп эпизодттарды алып тастау сықылды қалыпты, пайдалы әрекеттерді айтамыз.
Қорытынды ретінде жарқын алайда, онша белгілі емес тарихи мысал: 1987 жылы Ресейдің бір жас әлі танымал емес қоғам қайраткері Михаил Швыдкойға түн ортасында пәтерінде ұйықтап жатқанында қоңырау шалынды. Ол Францияда тұратын француз тілші таныс қыз еді. (Француз қыз орыс тілін жақсы білетін еді) Әңгіме алты минуттан көп болмады. Мазмұны мынадай: тілші қыз үлкен қобалжу үстінде болып : -“Мен Ресей мәдениетінің болашағы үшін қатты алаңдап отырмын.” Швыдкой мәселенің мән-жайын түсінбей: - “Бізде бәрі тамаша, тыныш, әсіресе, мәдениет саласында. Сен неге сондай қорытындыға келдің?” Тілші қыз: - “Кеше Парижге Горбочев келіп, сұхбат беріп кетіпті. Сол сұхбатқа сенсек, жақын арада КСРО-да цензура мүлде алынып тасталады екен.” Швыдкой таңқалып: - “Қайта жақсы емес пе?” Тілші қыз: - Біздің француз тілінде цензура деген өте сауатты реттеу деген мағынаны білдіреді, демек менің түсінуім бойынша сендердің мәдениеттерің құлдырайды, өйткені, мүлде реттеусіз қалады. Швыдкой сенбей, күліп қана жауап қатпай қойды. Дегенмен, 2019 жылғы өзінің авторлық телебағдарламасын жүргізіп жатқан кезде әлгі оқиғаны есіне алып, сол сөзбен эфирді аяқтайды. Бұл оқиға ойлантарлықтай екен. Расында да, әдебиетте, кинода, мейлі басқа өнер саласында болсын “Толықтай еркіндік. Ешқандай реттеу керек жоқ!” деген зиянды һәм даулы ұран қайдан шықты екен?! Соңғы 28 жылдың ішінде қазақ мәдениетіне, қазақ әлеуметіне, тіпті қазақ мемлекеттілігіне зиянды аталмыш ұран неліктен бүгінгі күні әлі де естіліп жатыр. Сонда біздің Үкімет, әсіресе Мәдениет министрілігі мен Ақпарат министрліктері ұлттық өнер мен ұлттық ақпараттық кеңістікті реттегеннен гөрі, мың отар қойды бос жібере салғандай бұған салақ қарауға бет бұрып отырған сыңайлы көрініп кетеді кейде. Демократия - жақсы сөз, десек те, процедуралық реттеулер ұдайы керек-ақ!!!