Айзат Қадыралиева. Рахымжан Отарбаев - нысанасына дәл тигізген драматург

ТЕАТР
3989

Қараша айының 18-21 жұлдыздары аралығында Атырау қаласында, Рахымжан Отарбаев шығармашылығын насихаттауды мақсат тұтқан -  дәстүрлі республикалық театр фестивалі көрермен көзайымына айналмақшы. Сол дүбірлі өнер додасына орай театр жаншыры, театртанушы Айзат Қадыралиевадан сұхбат алған едік:

Рахымжан Отарбаев қандай драматург еді? Сіздіңше, несімен ерекше болды?

Әдебиет саласында бірқатар жазушылар драманың жанрлық сырын терең түсіну үшін сөз өнерінің табиғатын танып қою аздық етеді. Драмалық теориялық қағидаларын, синтетикалық сипатын, оның өнердің басқа түрлерімен салыстыра қарауды талап етері рас. Жасырары жоқ, драмаға қалам тартушылардың көбі сахна заңдылықтарын сақтай бермейді. Одан қалса сөз қуалау көп, яғни ой қайталау көп. Эпос пен лирикаға қарағанда драмадағы қақтығыс өткір болуы тиіс. Осы жағынан Рахымжан ағаның бағы жанды. Оның біраз пьесаларының сюжеті шымыр келеді. Кез-келген драматург өзінің шығармасын оқу үшін емес, сахнаға қою үшін жазу керек деп ойлаймын. Яғни музыканы, кескін өнері талаптарын бір бүйірінде сақтап отырып жазса, онда оның ғұмыры ұзағырақ болады. Мысалы, Шекспирдің барлық пьесаларында театр шарттары ескерілгендігі авторлық ремаркаларында айқын көрініп тұрады, өйткені ол театрда жұмыс істеді, сахнаға не керек екенін толық білді. Сол сияқты, Рахымжан ағаның драманың жанрлық білімін айқындайтын алтын өзегі әдебиет шеңберінде жатса да, ол тек әдебиетпен шектеліп қалмай, театрдың принциптерін ескере отырып шығармаларын тартысқа құра білді. 

Драматургияда жаңалық әкеле алды ма?

Әр драматург өзінің өмірлік көзқарасымен, стилімен жаңалық алып келе алады. Рахымжан ағаның шығармаларының өн бойынан бұрыңғы көнерген сөздерді, шайырлы сөздерді, қанатты сөздерді ұшыратамыз. Яғни тілдің сөздік қорында сақталғанымен, қарым-қатынаста жиі қолдана бермейтін көне сөздерді кездестіріп жатамыз. Ол айшықты сөздерді бағзы күйінде ала салмай, оларды өз мақсаттарына орай жаңғыртып шығара алғандығы. Жалпы психологиялық әдістерді, фольклорлық және фантастикалық элементтерді, басқа да толып жатқан шарттылық амалдарды әр драматург өз ыңғайына қарай қолданады. Осы тұрғыдан алғанда Рахымжан аға әлеуметтік топтарды бейнелеу барысында кейіпкер мен көрерменді бауырластыру үшін көркемдік бояумен буы бұрқыраған күйде қауымға тез жету үшін қызмет етті.

Тарихи тақырыптарға жазылған драмалары несімен ерекше?

Өмірдегі әртүрлі мәселелерді елеп-екшемей шығармаға тықпалай беру өнерге жат нәрсе. Қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстардың терең астарына үңіліп, қайшылық өзегін ашудан Рахымжан ағаның шеберлігі барын байқадым. Ол «Абай», «Бейбарыс сұлтан», «Мұстафа Шоқай», «Махамбет», «Әміре», «Фариза-Мұқағалилардың» ұсақ тірліктеріне шүйлігіп, шалажансар дүниелер тудыруға қарсы болды. Документ, факт, детальмен ғана емес, олардың жан-дүниесіндегі бұлқыныстарын, ащы запырандарын көркемдік нақыштармен жеткізе білді. Бір ғана мысал, «Бас» пьесасындағы Мәскеуге кетер алдында Махамбеттің бас сүйегін кімге қалдырарын білмей шарқ ұрған Ноэльдің әрекеті арқылы қоғамдағы әділетсіздіктермен бетпе-бет келесің. Тұлғалардың табиғатын мүсіндеу барысында драматург, айналасындағы жағымпаздық, екіжүзділік, өтірік белсенділік, ала аяқтық – осы алуандас келеңсіз тұстарды мансұқ етуі, оны сахна элементтеріне сай көрсете алу – драма үшін негізі міндеттерінің бірегейі деп білемін.

Сонымен қатар заман трагедиясын - кері кеткен кезең келбетін, ащы шындығын астарлап, тұспалдап, кейде уытты күлкімен нақ бере алды ғой, айталық, "Двойник", "Нашақор", "Анфиса"...

Иә, дұрыс айтасыз. Біз неге күлеміз? Мақсатқа жету жолында турашылдықтан таю, сөз бен істің сәйкес келмеуі, қоғамға лайықсыз мінез көрсету, тақта отырғандардың далбаса тірлігі, оларға жағынатын екіжүзділердің есерсоқ ісі – осы секілді күлкі тудырар себептер бар. Қоғамда болып жатқан осындай жағдаяттарды автор комедия жанрлық тәсілдермен жақсы бере білді. Р.Отарбаевтың пьесалар циклының ішіндегі ерекше маған ұнайтыны осы «Двойник». Драмалық тартыс жедел басталып, өткір дами түседі. Бай деген кейіпкердің жағдайы оқырманның ықыласын тез бұрып алады. Байдың өзіне ұқсас двойниктің табуын, жан сауғасы, араша тілеген ерлі-зайыптылардың тірлігі бүгінгі күннің дәл көрінісі. Авторлық мақсатты, суреткерлік мұратты күлкі арқылы, мысқыл арқылы орнықтыру – Рахымжан Отарбаев нысанасы.

Мазмұнды сұхбатыңызға көп рахмет!

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...