«Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров елорда...
Атырау театр фестивалі шымылдығын ашты
Атырау қаласында өтіп жатқан Рахымжан Отарбаев атындағы III-ші театр фестивалінің шымылдығы - Астана қалалық Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік Академиялық музыка драма театрының «Әміре» спектаклімен ашылды. Осы орайда Павлодар Мемлекеттік университетінің профессоры, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Серік Елікбаймен жедел сұхбат жасаған едік.
- Рахымжан Отарбаевтың драмасын көріп шықтық. Әміре туралы қандай ойға қалдыңыз?
- Жалпы Әміре жөніндегі айту өте қауіпті тақырып, Себебі, Әміренің басқа бір қыры мен басқа бір пластын ашып жазған бір ғалымдардың еңбектері қылаң етіп, сонымен қатар міндетті түрде Жүсіпбек Аймауытов та жарқ етіп шыға келеді. Мысалы, Ақтамақ жөнінде айтылған дүниелері. Жалпы Рахымжан ағамыз Әміре туралы бұған дейін айтылмаған қазақ өнерінің кеңестік кезеңдегі қалтарыстарын ашық айта алғаны көрініс береді. Сонымен қатар сахнаға шыққандағы: бүкіл сол кездегі әртістер айтатын Әмірнің ең соңында айтатын сөзі көп нәрсені аңғартады. Сахнаның басындағы, ішіндегі, сахнаның сыртындағы өмірі: Әміренің шын дәрежесіндегі ішкі қарама-қайшылықтарын айшықтайды. Мысалы бір қарағанда Әміренің сахнаға жарқ етіп шыға келгендегі түрі мас адамды елестетеді. Ал шын мәнінде ол мас емес. Осы орайда ақындар мен әртістер осындай ішікіш келеді деген қара таңба мойынға тағылғаны өкінішті. Бірақ бұл неге солай болды, оларды осындай күйге қандай себеп жеткізді деп сұрау ойымызыға келе бермейді. Негізі, Әміренің ішкі жан дүниесі өзгелерге қарағанда көп нәрсені елден бұрын танып, ұға алды. Ол қатардағы жадағай көптің бірі емес еді. Өзі араласқан Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай соның куәсі. Әміре Алаштың бір арда азаматы болатын-ды. Осы орайда Әміренің потенциалын Рахымжан ағамыз мүлдем өзге бір пласта алып шыққаны қуантады. Әрине көрініс кезіндегі әртістердің ойынына қарап, кейбір жерлеріне көңілің толмай қалып жатыр. Мысалы Мұстафа Шоқай маған интелигент сияқты болып көрінді. Ал менің көргім келгені интелигентпен қатар оны түркі жұртына тән күрескер ретінде көргім келіп еді. Яғни сол жағы солғын түскен тәрізді. Екінші бір пікірім: «Ақтамақ кетті» дегені - әншейін сөз арасындағы айта салынған ескерусіз сөз сияқты шыққандай болды. Неге десеңіз, бұны: асыл жарынан, сыңарынан айырылған аққу секілді, соңғы қайғылы қоштасу ретінде бейнелеу керек пе еді деп ойлап қалдым.
Әмірені алып кеткеннен соңғы сахнаға маска киген тобырдың шығуы өте әсерлі болды. Бұл қайнап келген сәтті көрініс деп айта аламын және оның әлі де қайнай түсуіне тілектестік білдіремін. Басты жетістік материал бар, әртістердің қарым-қуаттары да жеткілікті.
Айта кеткен жөн, негізі талантты адамдар туралы жазу өте қиын. Соның ішінде әртістер, әншілер өмірін сахналау асқан шеберлікті талап етеді. Себебі сол образды шығару үшін орындаушының өзі де сол дәрежедегі талантқа ие болуы тиіс деп ойлаймын. Осы орайда «Әміре» спектаклі сәтті шыққан дүние деп бағалай отырып, әлі де талқылайтын, ширата түсетін сәттері бар екенін ескерте кеткім келеді.
- Біз драматург пен әртістер жұмысы туралы айттық. Ал режиссер жұмысы туралы не дейсіз?
- Режиссердің еңбегі әрине өте қомақты. Менің байқағаным бұл театрдың режиссеры символға көп мән беретін секілді.Сахнаға аппақ, қып-қызыл дүниелерді алып кеп, бояларды ойнату жағы жағымды әсер тудырды. Бір әттегенайы, мына театр сахнасы ондай мүмкіндіктерді көрсетуге таршылық жасағаны бірден байқалып тұр. Дегенмен соған қарамастан,қолдан келгендерін жасай алды деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Заман Төлеуов
Атырау қаласы