Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыкалы-драма театрының жаңа ғимаратының...
Есмұхан Обаев. Режиссерларда "өзім білемдік" басым
Пьеса сюжеті қарапайым, бірақ жаныңды түршіктіреді: бір отбасының ұлы нашақор атанады. Ол өзінің де, жақын адамдардың да өмірін тас-талқан қылады. Жылқытай есімді жас жігіт үйленгісі келіп, Тоғжанды ата-анасымен таныстырады. Бірақ кейін жолдан адасып, есірткіге үйір болады. Оның адамдық болмысынан түк қалмаған...
«Түнек торы» атауымен сахналанған осы пьесаны Жетісай қалалық Қ.Жандарбеков атындағы драма театры қалай шығарғаны туралы шағын талдау сөз кезегін Қазақстанның халық артисі, Есмұхан Обаевқа берелік:
- Жалпы алып қарағанда менің көңілімнен шықты дейтіндей ештеңені көре алмадым. Былай қарасаң сахнада режиссердің, суретшінің жұмыстары көрініп тұр. Образды арқандар, торлар, жыландар, сосын «мәңгілік ескерткіш» сынды бейнелерді айтуға болады. Бір қызығы осы қойылымдағы басты рөлдерге анау қараңғыда жүрген нашақорлар ие сияқты. Жаңағы айтқан «мәңгілік ескерткіш те» соларға қойылған ба деп қалдым. Өйткені сол қараңғылықтағы нәрселер - көрерменге ұсынылған басты көрініс және осы қойылымның іліп алары ма деп қалдым. Негізінде біраз жұмыстар жасалған. Дейтұрғанмен, режиссерлардың арасында: «өзім білем» деген кереғарлық бар. Соның кесірінен пьесаға қайшыны қаттырақ салып, келген жерінен де келмеген жерінен де кесе береді.
Осы орайда мынау кемпір мен шалдың бұл жерде ешқандай қажеті жоқ сияқты. Олар ештеңені шешіп тұрған жоқ. сонымен қатар конфликтіні де ары қарай дамытып, өршітетін қауқар жоқ, оларда. Бұрындары осы спектаклді бір-екі қабат көрген едім. Онда, бұл қойылымдағы көрінбей қалған бір-жар адамшылығы бар кейіпкерлердің сықпыты есімде қалыпты. Осы жолы соларды көре алмадым. Анау Камила деген сұрқайы образдағы қыздың бейнесі - қазіргі кездегі өршіп бара жатқан «құлқын» деген індеттің суретін көрсетеді. Ол өз міндетін фигурасы арқылы, қылықтары арқылы жан-жақты атқарып тұр. Бірақ былайда көрініп тұрған бейнеге асыра акцент беру қажетсіздеу секілді. Менің ойымша оның киген костюміне көңіл аударған жөн бе деймін. Тым тар секілді көрінді. Көрініс біткенше дар етіп жыртылып кете ме деп қайғырып отырдым. Бұл әншейін ұсақ-түйек дүние болып көрінуі мүмкін, ал шын мәнінде осының барлығы спектаклдің болмысын құрайтын маңызды нәрселер деп есептеймін.
Сырттай қарағанда бұл жеңіл-желпі дүние сияқты көрінуі мүмкін, ал шын мәнінде бұл ұлттық трагедия! Сондықтан автор өкпелемесін десеңіздер, шығарманың ішіне тереңірек үңіліп, дәйекті еңбек етуге үйренгендеріңіз жөн секілді.
Жазып алған Заман Төлеуов