Жолтай Әлмашұлы. Олигарх және Олимп (роман-элегия)

ӘДЕБИЕТ
3263

“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”

Абыз Ахмет Иассауи

Түркі данасы


“...Иманы кеткеннің, жиғаны кетеді!”

(халық сөзі)


“Жар басындағы жантақты, жанынан кешкен Нар жейді...”

(халық сөзі)

(Жалғасы) 


Жазушының жанайқайы не?


1

Алғашында мүлде түсіне бермейтін.

Жазушы деген кім? Ол қандай мамандық? Оларға арналған қызмет орны бар ма өзі?..

Қай жерде оқып, қандай диплом алады екен? Диплом алған соң, нендей мекемеге қызметке тұруға құқылы? Жұмысқа ала ма әуелі?

Бірақ... өздері соншама асқақтап, аспан тіреп, менмеңсіп жүретіні қалай? Бұл қандай кісілік? Кімге көрсеткен кісілігі?.. Қандай паңдық?..

Міне, осы сауалдардың барлығы да Ханмұрат үшін жауапсыз қалып қоя беретін. 

Ол ғана емес, көңілінің терең түкпірінде жазумен айналысатын адамдарға деген құрметі аз еді. Сыйлаудан гөрі сырт айналуға бейім тұратын.

Америкада жүрген кезінде, неге екені белгісіз, Аспан ағасының кермектеу сөзінен бе, осы жазушы деген ат аталса, аса ұната қоймай, іштей қатты қарсылық нышанын әйгілеп қоя беруші еді. Шерқалаға келгелі бері, міне, айға жуық ішінде, қызық болғанда, сол ой қуған қиялшыл жанмен мидай араласып, тым жақындап, сөзден сөз туындатып кететін сияқты. Ол да Ханмұратты әркез көргенше ынтығып, іздейтін жағдайға жетті білем. Алайда, араларында бәрібір бір салқындық сызы сезіліп қалып жататын.

Бүгін тағы да кездесе қалып:

– Інім, Америкаға қашан табан жалтыратасың? – деп сұраулы жүзбен назар салып тұрды.

– Кетем ғой. Бірақ, мына сөзіңіз...

– Білем. Саған енді мұндай сұрғылт та суық, кетеуі кеткен ел ауыл саналар ма! Анадай ғажап та әсем, көрікті қалада өскен соң, бізге мұрныңды шүйіріп қарасаң да жарасады, әрине.

Бозбала дереу шалт сөйлеп, құлшынып ала жөнелді.

– Жоқ, аға! – деді. – Сіз мені дұрыс ұқпаған сияқтысыз. Әрине, Америкада өкіл әкей Томастан қалған бизнесім бар, қалай дегенде де ары қарай жүргізіп-жалғастыруым керек-ақ. Десе де ол деген – Шерқаладан қашқақтап, бойды аулақ салып, бас тарту емес...

– Поу, қу бала! – деді Жасхан. – Сенің ішкі сарайыңа бүккен бықпырт ойыңды білмейді деп пе едің?

– Жоқ, ағасы, мен шын сөйлеп тұрмын.

– Ендеше, ашық сөзге серт айт! Саған Америка қымбат па, жоқ кіндік қаның тамған Шерқала қадірлі ме?

Інісі еш мүдірмеді, жауабын да жылдам жеткізді.

– Шерқалаға әлемдегі ешбір шаһарды айырбастамаспын!..

Осындай нық сөзді естіп тұрып, Жасхан жылап жіберуге шақ қалған.

– Сендер... – деді даусы дірілдеп. – ...Мөп-мөлдір, тап-таза қалыппен өссеңдер, бұл Шерқала шөгіп кете қоймас. Қайта түлер! Ал, біз... осал да жасық ұрпақ екенбіз. Жүдетіп алыппыз бұл ауылды...


* * *

Әңгіме арнасы осыдан соң тағы да өзінің бала күнгі досы – Елмұрат жайына ойыса берген. Оған себепші – Ханмұрат.

– Сенейін десем де сене алмай жүрмін. Ол сонымен кене шаққаннан өлді ме, жоқ әлде онкосырқаттан...

Сөзді одан әрі балалатпады, тез іліп алып, нық көңілмен былайша жалғады.

– Онкологиялық сырқат – біздің өңірдің қауіпті тажалына айналғаны қаш-шан! Сосын да осы күні ауыл адамдары сырқаттың атын атауға да қорқатындай.

– Көп уақыт осылай жалғасып келе ме?

– Өте көп уақыт. Әлде он, әлде жиырма жыл... Мүмкін, одан да ұзағырақ...

– Жасырмай айтыңызшы. Жаман кеселден қанша кісі көз жұмды жақын жылдарда?

– Е, оны кім санапты! Статист-маман емеспін ғой, інім! Алайда, бір нәрсені ашық айта аламын: мұндай ауруға шалдыққан кісінің аман қалғаны некен-саяқ. Тіпті бәрі көз жұмды десем де, артық айтпаған болар едім...

Ол осылай сөйлеп тұрғанда Ханмұраттың көкейіндегі лықсып тұрған кермек сауал жүрегін дүрсілдетіп жіберген. Білгісі келетіні көп-ақ. Әсіресе, өз әке-шешесі жайлы... Бәлкім, олар да осы кеселмен көз жұмған болса ше!

“...Сұрайын ба, жоқ әлде... тағы да сабыр сақтай тұрайын ба?..”

Ханмұрат енді қанша тежеп ұстаса да, көкейінде көптен мазалап жүрген бір сауалды тоқтата алмай, тәуекел деп төтеледі.

– Аға, менің әке-шешемді көрдіңіз бе?

Жасхан селк етті. Селк етіп, жас бозбаланың жүзіне барлай қараған.

“...Осы уақытқа дейін өз ата-анасы жайынан мүлде бейхабар болып келе жатқаны ма сонда?.. Әй, сорлы бала десе...”

– Інім, – деді сосын. – Саған айтар-ақ едім, жаныңды жаралап аламын ба, қайтемін...

– Айтыңыз! Енді есейдім. Білсем деймін...

Бәрібір сылқ етіп көне салмай, басын алып қашты.

– Жо-жоқ, аузым бармайды. Мен емес, басқа біреу айтсын. Қинама мені, Ханмұрат-т...

Осылай деп алып, орнынан тұрып, тұра жүгіргендей желіп кетіп, ұзап бара жатқан...

Ханмұрат аң-таң...

Тұрған жерінде қаққан қазықтай қақиып қала берген. Сұрақ бар, жауап жоқ...


2

Қайда барса да, қыр соңынан қалмай, ішке бүккен бүркеме құпиясын білмекке қайта-қайта құлшыныс танытқан Ханмұрат ақыры арманына жетіп тынды. Келесі күндердің бірінде Жасхан бала жігіттің дегеніне көніп, ішкі сырын лақ еткізіп ақтарды.

– Ай, айналайын інім-ай! – деді қатты күрсініп алып. – Айтпай-ақ қойсам деп едім, еркімді алып біттің-ау өзің де... Бір жағынан енді есейген тұста бар шындықты біліп алғаның да дұрыс.

– Айтыңыз! Енді несіне бүркемелеп, жасырып ұстайсыз...

Бозбала да қадалған сонадай. Жабысты да қалды.

Аз-кем ойланып тұрды да:

– Бұл өзі өте ауыр жағдай ғой, қарағым! – деді. – Ауылымызда бұрын-соңды кездеспеген оқиға. Әй, осы біздің ағалар да...

– Аға дегеніңіз кім сонда?

– Осы шағын қаланы басқарған шалағай басшыны айтамын да. Ол кез – енді ғана Кеңес өкіметі құлап, жаңа заманға аяқ басқалы тұрған шақ. Жоғары жақтан қомақты қаржы бөлінгені естіліп қалған соң, біздің кішкене қалаға қандай ғимарат салып алу керек­тігі талқыға түсіп кеп бергені. Қала әкімі Тасқара менмен, мінезді адам – өз дегеніне басып, қасарысып отырып алды. “Біз балалар үйін салып алуымыз керек!” Оған сенің әкең Сазанбек ә дегеннен-ақ қарсы шықты. Әкімшілікте қызмет істейтін. “Қазақ деген елдің қай заманда да жетімі жыламаған, жесірі иесіз қалмаған, одан да елге аса пайдалы аурухана үйін салғанымыз орынды.” Бірақ, әкімнің аты – әкім, өз дегенін өткізді. Міне, сол жеңіліс сенің әкеңе аса ауыр тиді білем, араларында тағы нендей айтыс-тартыс өрбігенін қайдан білейін, бір-ақ күнде тілден айрылып, төсек тартты. Сол жатқаннан оңалмады. Арада екі-үш күн өткенде бақиға озып кете барғанын естідік. Анаң байғұс та жүрек талмасы бар әлжуаз жан-ды, отағасының төтен өліміне қатты күйзеліп, ол да көп ұзамай жарық дүниеге қош деді...

– Ал, маған... – деп, Ханмұрат қинала тілге келген. – ...басқаша айтушы еді... Мен естіген әңгіме мүлде басқа...

– Кімнің қалай қиюластырып айтып жүргенін білмеймін, өзім білетін ақиқат осы. Ал, сен... жалғыз тұяқ едің, әуелі Елмұраттың атасы Қабыш қария бауырына басты. Бірер жыл сол үйде өкіл бала болып жүре тұрдың. Есіңде ме, жоқ па – білмеймін. Сәл кейінірек... балалар үйінің ғимараты аяқталып, іске қосылғанда қала әкімі бірнеше балалармен бірге сені де сол жерге әкеліп тықпалады...

Осы тұста әңгімесін кілт үзді. Әрі қарай айта беруге өзінің де жаны сыздап ала жөнелгендей. Аз-кем үнсіздіктен соң:

– Апырмай, біздің жымы бөлек жол соқпағына түсіп кетуіміз қиын-ақ шығар! – деді. – Бұл қазақ баяғы қазақ емес, әбден өзгерген, бірақ бар қасиетінен жұрдай, жүдеген ел...

– Қазақ неге алға жылжу орнына артына қарай шегіне береді, а?

– Міне, бұл жұмбақтың шешуін мен қанша талпынып бақсам да шеше алмай келемін. Бәлкім, сендер, жас ұрпақ шешерсіңдер әлі...

Әңгіме осымен бітті.


* * *

Жас жігітке бәрін де түгелімен ашып, тәптіштеп түсіндіруге жүрегі дауаламаған, алайда бұл қайғының орын алу тарихын бір кісідей білуші еді. Ауыл арасындағы сыпсың сөздің білдіргені мынадай: Тасқара балалар үйін салуға сонша құмартып, тіпті қара бас беделін тіге кіріскен себебі – үстінен аз-кем пайда көрмекші екен; бұны әкімшілік ішінде жүрген Сазанбек сезеді де, онымен жаға ұстасуға дейін барады; бірақ әкімнің аты әкім, өз дегенін өткізіп, ешкімді де билетпеген; ақыр аяғында Сазанбек сал болып құлап, тілден айрылды...

Биліктің күші қойсын ба – бұл жайынан ауыл-үй жақсы біле тұра, ешбірі Тасқараға “о, жүзіқара неме” деп айта алмады. Ол өзінің мақсатын орындап, жүз орындық балалар үйі салынып бітті деп қағаз толтырып, нәтижесінде онда отызға жетер-жетпес қана панасыз қалған шиборбай тәрбиеленіп жатқан-ды.

Солардың бірі – осы Ханмұрат еді... 

3

Жалғыз қалған сәтінде шетелден келген бозбала өксіп жылап, төтеннен бақилық болған әкесі мен шешесін еске алып, ұзақ дөңбекшіді. Олардың бет-бейнесі де есінде жоқ. Ана мейірімі де еске түспейді. Тек... Елмұраттың атасы Қабыш қарияның “Құлыным-ай, жетімегім-ай, алдағы тағдырың қандай сыбаға сыйлар екен сенің?” деп емірене құшақтаған кездері ғана еміс-еміс елес бергендей бұлдырайтыны бар. Бірақ, оның өзі де сағым сияқты, бір жері анық, екінші тұсы күңгірт...

Ал, Елмұратпен достығы, әрине, өле-өлгенше есінен кетер ме? Ол бұны күн сайын көрмесе, ішқұса күйге түсіп кетердей, аса құштар көңілдің адамы еді. Екеуі дос бола жүріп, алдағы армандарға да бірге құлаш ұрар ма еді, аяқ астынан америкалық бизнесмен келе қалмағанда...

Жо-жоқ, өкінгені емес, Томас ағай өз әкесінен көрмеген мейірімді төгіп бақты-ақ. Азамат болып өсіп, оң-солын тануына нағыз жанашыр жанның ықыласын білдіргенін сезбеді емес, сезді. Кім біледі, Томас өзімен бірге ала кетпегенде, алғы тағдыры тайғақты жолға түсіп кетер ме еді... Шын жанашыр кім бар мына сұрқиялау тірлікте?.. 

Әрине, Қабыш қария бар. Ол кісінің мейірімін сезінді, жүрегімен қабылдады да. Тіпті әнебір жылы “Балалар үйіне” алып кетіп бара жатқанда ақсақал көзін жасаурата:

– Бізге баладай сіңісіп кетіп еді, біздің үйде-ақ жүре бермеді ме!.. – деп кемсеңдегенін де жадында сақтап қалған.

Сонда Тасқараның кежие қарап тұрып:

– Өтірік жанашыр мінезді қалайша құбылта ойнап жібересіңдер, а? – дегенін құлағы шалған. Ақсақал енді қасқая:

– Ал, солай дерің бар, ендеше, баланы үйімде қалдыр да, сол жетімханаңа мені апарып таста! – деп еді-ау!..

Жазушы ағасымен әңгіме үстінде бұл түйткілдің де жұмбағын іштей шешіп алып еді. Қала әкімі Тасқара мемлекет қаржысына далитып тұрып “Балалар үйін” тұрғызғанымен, бұл шаһарда оны толтыра қоятын жетімектер мүлде аз еді. Дереу орынды толтырып, жұмысты бастамаса жоғары жақтан әлде ескерту, әлде сөгіс алып қалуы да мүмкін. Міне, осыны ойлап жанталасқан Тасқара әр үйде кірме күйін кешіп жүрген әкесіз не шешесіз балаларды жылдам жинастырып, жетімханаға әкеліп тыға берген. Қабыш қарияның көзінің алды жасаурап тұрып, “үйде қала берсе де болар еді” деуінің де, сосын қаттырақ сөйлеуінің де түпкі себебі осында жатқан-ды.

Ал, ол кезде аюдай күркіреп, жағын қайшылаған қатыгез әкімге кім қарсы келе қойсын!

Тасқараның тасы ойдан қырға қарай өрмелеп тұрған шақ еді...

Ол ғана емес, америкалық бизнесмен Томас ағай да көлігіне мінгізіп жатқан тұста, Қабыш ақсақал таяғына сүйене тұрып:

– Қайда жүрсең де бір Аллаға тапсырдым, жолың ақ болсын, құлыным! – деп қамқор көңілдің қимастық үнін шығарып еді-ау! – Тағдырың осылай қиюласты, енді қайтейін...

Естіді. Естіген сәтінде көзінің алды тұманданып, еріксіз булыға жылаған. Ішінен тынып жылаған-ды.

...Бұның қарақан басына өмір деген сағым тірлік осындай сый-сыбаға әзір­леген екен де!


* * *

Бұл күнде Қабыш қария әбден қартайып-жүдеген. Белі бүгіліңкі. Қолына таяқ ұстап, сол таяғына сүйеніп қана қадам басады. Қалт-құлт тірлік...

Ол кісінің өз жасынан да озыңқырап, тез қартаюына Елмұраттың тосын қазасы қатты әсер еткендей. Сол күннен бастап ақсақал әредік өз-өзінен күбірлеп сөйлейтінді шығарыпты. Тіпті кей күндері үйден шығып кетіп, ауылды ұзақ кезіп жүреді дейді. Кездесе қалған кісіден:

– Менің Елмұратымды көрдіңдер ме? – деп сұрайды екен...

Әнеукүні Жанмұратқа еріп, үйіне барған сәтінде қария Хан­мұратқа бетін бұра сөйлеп, салалы әңгіменің жібін тарқатқан. Көңілдегі күдігі сейіле түсті. Сөзін маңыз бере тыңдады. Ақыл-есі орнында тәрізді.

– Ана ағаң Нартүйе болса, сен соңынан ерген Тайлақсың, – деген. – Екеуіңнің қолыңнан көп нәрсе келетін шығар, сірә! Бұл – әке-шешелерің мәңгі тыныстап жатқан асыл топырақ қой, ойлан­саңдаршы...

Одан басқа да жағдаяттар тілге тиектеліп, біріне-бірі тізілген.

Ханмұрат ол үйден ауыр оймен шығып еді. 

Ақсақалдың сөзі мен жазушы ағасының әңгімесі бір-біріне сабақтасып жатқанын ұққан... 

Жоқ, қария ақыл-есінен адаса қоймапты. Оны өсектеп жүрген­дердің өздері ақыл жағынан кенде қалып қойғандар шығар, сірә!

“Қабыш атай ұзақ-қ жасай берсе екен” деп ішінен ізгі тілеу тіледі.

(Жалғасы бар)

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...