Дәуірбек Дүйсебаев: Терезенің алдында таң жуынды

ӘДЕБИЕТ
4906


Ақын Дәуірбек Дүйсебаевтың Астанада жыр кеші өтеді


2018 жылғы 13 мамырда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басқарма басшысы, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, бірнеше республикалық мүшайралардың жүлдегері, ақын Дәуірбек Дүйсебаевтың «Дүр дүниенің парасат тәжі» атты шығармашылық кеші өтеді.

Қазақстандық дипломаттар бірлестігі, Қазақстан Жазушылар одағының Астанадағы филиалы және ҚР Ұлттық академиялық кітапхана бірлесе отырып, елорданың жиырма жылдығына арнап ұйымдастырған бұл жыр кешіне ақын-жазушылар, ғалымдар, дипломаттар, кітапхана оқырмандары, студент жастар мен мектеп оқушылары қатысады. 

Осы шығармашылық кеште дипломат ақынның 2004 жылы жарық көрген «Сағынып жүрмін» және 2013 жылы шыққан «Оянып кеткен ақ сәуле» атты кітаптарында басылған және кейінгі кезде лирика, ғашықтық, туған жер, сағыныш, азаматтық тақырыптары мен сарындарында жазылған өлеңдері оқылады, сондай-ақ ән шырқалып, күй тартылады.

Кеш аясында өткен «Менің тілім өлмейді» атты жыр оқу сайысында елордадағы мектеп оқушылары аталмыш автордың өлеңдерін жатқа оқиды. 

"Мәдениет порталы" ақын кешіне сәттілік тілей отырып, оқырман назарына бір топтама өлеңдерін ұсынады.





Терезенің алдында


Терезенің алдында таң жуынды,

Жарқ еткен тән босатты бар буынды.

У қайтарсын жайылған нәпсі уытын,

Ей, аяқшы, әкелші әлгі уыңды.


Мөлдір әйнек артында таң шомылды.

Жетпей жатыр созғанмен саусағымды.

Қысқа қолым жетпеді таңға сұлу,

Ей, аяқшы, қайтейін, тау шағылды.


Терезенің алдында таң сыланды,

Ойнап, шашты гауһардай тамшыларды.

Кім тұсаулар ес шығып босқан ойды?

Құйшы, аяқшы, басайын сәл құмарды.


Терезенің адында таң күледі,

Күлкісімен сиқырлап алды мені.

Таң қыздырған бұл қанды у мұздатсын,

Кел, аяқшы, басталық әңгімені.


Мына таңды-ай! Жаппай-ақ қойды етегін,

Қане, аяқшы, емдеп көр ой кеселін.

Таңнан өзге еш адам келмей қойды-ау,

Білмей жүр ме терезем қайда екенін?



Таста да тіл бар


Таста да ғажап бар ма әлем?

Тастан мен тірлік, жан көрем.

Тастар да тас боп ұйықтай ма,

Тұра ма сосын таңменен?


Іздесең суды таста бар,

Тас емес, бәлкім жас болар.

Дүниені тастай сезе алмай,

Жер басып жүр ғой қасқалар.


Мәңгүрттің дерті асқынды,

Еліне тасын лақтырды.

Шуылдақ өңкей неменің 

Түсінігі де жоқ тас құрлы.


Бабамның сырын ашқанда,

Алғысымды айттым тастарға.

Адамның мұңын ұқпаған

Кісіде жүрек, бас бар ма?


Есіріп найсап, жөні жоқ

Көрсетті құқай сан рет.

Мен сонда балбал тастармен

Көріскім келген еңіреп.


Мейір бар таста, дәлелі – 

Тасжарған гүлдер әдемі.

Үміттің гүлін солдырған

Қоғамның іші тар еді.


Саңылауы жоқ... аш көзі...

Бұл надан неткен қатты еді!

Тамшыға төбе тестірген

Қатты емес екен тас, тегі.


Таста да тіл бар, айғағы – 

Дерегін алға жайғаны.

Туған тіл ар ғой. Арсыздар 

Түсінбей соны қойғаны.


Көрген күніміз осындай.

Құт болсын бізге ғасыр қай,

Төрге озған мына мақаулар

Зіл қара тасқа басылмай?


Үш жүрек


1949 жылға дейін Қытайда еркектерге

 көп әйел алуға рұқсат болыпты.


Аштықтан қырылған ғасырда кешегі

Халқымның маңдайда соры бар бес елі.

Миллиард қытайдың мерейі үстем ғой,

Күрделі жайларды салмақпен шешеді.


Бейжіңде оқыдық, көкейде – сан арман,

Халыққа қызықтық өз орнын таба алған.

«Қытайлар неге көп?» - деп едім, мұғалім

Бүй деді: «Ханзулар әйелді көп алған.


Ата мен анаға құрметпен қараған,

Немере сыйлауды парызға балаған.

Көп сәби өсіпті қытайдың үйінде,

Өйткені баланы бақыт деп санаған.


Рас айтам, қытайлар көп алған қатынды...

Бір жолы бір доктор қонаққа шақырды.

Таң қалдым, әлемге танымал адамның

Үйінен көргенде екі әйел ақылды.


Әр алуан екен ғой әр адам тағдыры,

Сүйіпті ол сұлуды жастықтың бал күні.

Соны ойлап шаттанған, соны ойлап мұңайған,

Сұлудың құрбысы ұнатқан, ал, бұны.


Жас жігіт ғашық боп өткізді мың күнді,

Ақыры сұлуға сезімін білдірді.

Қызығы, сол ару шарт қойған жігітке:

«Тимеймін, - деп – егер алмасаң құрбымды».


Солайша ол қондырған қос бірдей бақ құсын,

Достық пен ғашықтық үйлесім тапты шын.

Бақытты күн кешті үш жүрек жарасып,

Бір көрді өмірдің тұщысын, ащысын».


Сол үйден көргенін бақытты ең әсем

Айтқанда мұғалім, толқыдық ересен.

Расында, өзгемен өмірлік шаттығын

Бөліскен әйелдің пейілі кең екен.


Жақпады-ау, шамасы, мұғалім жауабы,

Орыс қыз мұрынын шүйіріп қарады.

Ресейде адамдар азайып барады,

Бізде де жетісіп тұрғаны шамалы.


Император емтиханы


Жанып-сөнген шоқтай болып өтіп жатыр замандар,

Нендей мұра қалдырғанын басқа дәуір бағамдар.

Император сынағынан өткен екен Қытайда

Уәзірлік лауазымнан үміті бар адамдар.


Райлы сәт туған кезде кім мұрсатын жібермек?

Бай, кедей де ұмтылыпты біраз жайды білем деп.

Үміткерлер император емтиханын тапсырған

Құрқылтайдың ұясындай құжырада тізерлеп.


Небір бастар шөл аралап, кешіп келіп теңізді,

Үлкен сынға түскен екен үмітімен ең ізгі.

Талапкерлер шабыт тілеп сенделіпті, себебі

Өлең жазу емтиханның шарты болған негізгі.


Кімнің таңы күліп атты, кімнің бағы жанбаған?

Қатал сынақ ұшқыр қиял, көркем ойды таңдаған.

Қыпшақ билік құрған елде, қойылған бір талап сол – 

Өлең жаза білмейтіндер ел басқара алмаған.


Ол кез солай, бір сөз үшін ердің құнын кешеді,

Бір шумақ жыр тауып айтса, құл азат боп кетеді.

Сөздің құны артып тұрған Таң дәуірі тұсында,

Мұның өзін қыпшақтардан келген дәстүр деседі.


Қазір бізде уәзір біткен алшаң басар аяғын,

Тілін білмей, жөнін ұқпай таппақ болған баянын.

Әлгіндей бір емтиханды тапсыр десе, жазғандар

Нансыз қалып жүре ме деп, мен соларды аядым.


Күзгі қайың


Өз қолыммен өлтірдім есіл күнді,

Өтті бір жаз өткен соң есім кірді.

...Есерсоқ жел еліріп, етек жұлқып,

Жас қайыңды мұңайтып шешіндірді.


Жел дегенін істеді... сұрақ қалды,

Енді кімге егіліп, сыр ақтарды?!

«Бәрі өткінші, өткінші...» өксіп-өксіп,

Булығыңқы бұлтты аспан жылап та алды.


Зорлық көрген ойға алып жайын түнгі,

Зіл артылып кеудеге уайым тұнды.

Бәлі, бәлі... қыздайын беті ашылған,

Бұрылыста бұлғақтап қайың тұрды.


Ақ түсімен әлемді бояп барша,

Біз қайтейік кәрі қыс таяп қалса.

Қыс қойнында тұншығар қайың арман,

Жас көктем кеп пәктігін оятқанша.


1993 жыл.


Өнерлі жастың өлімі


Ол «нарықтан» күтпеген бе тәтті үміт?

Жан жарасы кетті ме әлде асқынып?

Біз тұратын жатақхана артында

Жіпке асылып жан тапсырды жас жігіт.


Тұрды жұрт та қара күздей күйге еніп,

Өнерлі еді ол, - деді біреу именіп, -

Соңғы кезде жұмысынан қысқарып

Жан болатын жүрген әбден күйзеліп.


- Өнер қуар заман ба бұл, әсілі? 

- Пұл таппай ма болса өнері, ақылы?

- Жар, баласы жылап қалды-ау, - деп жатты

Жатақхана еркегі мен қатыны.


Жетті арбалы сұр мәшине аптығып,

Шықты ішінен шылым шеккен қос жігіт.

Мәйітті алып, ырғап-ырғап тұрды да,

Тастай салды арбасына лақтырып


Айыптыны тым алыстан іздеме,

Бәлкім, кінә жатқан шығар бізде де.

Мәйітхана жаққа қарай саңғырлап

Көк арбада кете барды мұз дене.


Түстеп тани алмай жүрген асылын

Сен не деген парықсыз ең, ғасырым!

Сүйген құлға өнер бердің, енді, Аллам,

Тәуір қылып бере көрші ақырын.


Бұлттармен сырласу


Бұлттар, бұлттар, көшесіңдер шудаларың желкілдеп,

Өздеріңді күткен далам, ақ жүрегі елпілдеп.


Сендер келіп кеудемізде бүршік жарды жас үміт,

Білем, білем, барасыңдар Алатауға асығып.


Шыңға тиіп сырға толы желіндерің сыздаған,

Нұр себіңдер ақ қайыңның ақ сезімін шырмаған. 


Қуантыңдар сұлуларды ақ қайың мен теректей,

Жас аршалар нұрға бөксін сүтке тойған бөбектей.


Кел, кел, бұлттар, жоғары өтіп, қалықтаңдар көгімде,

Дос-дұшпаннан кім болмаған менің мына төрімде?


Қастың бірі басып кірген сендер келген жақтардан,

Міне, содан бұл далада бақытсыздық басталған.


Иә, сендер нұр төктіңдер, сыйладыңдар мол жауын,

Ал, олар ше? Қара аспаннан қан жаудырған сол қауым.


Қашып шығып, шығыстағы бір алапат құйыннан,

Жұрт бар тағы, өткен ғасыр осында кеп жиылған.


Ел екен деп ауып келген зорлық көріп күштіден,

Заңғар тауым қорғап бақты тырнақты мен тістіден.


Бүгін олар, таң қаламын, кеудеге нан пісті ме,

Қарағысы кеп тұрады Алатаудың үстінен.


Тойып алып, аяқ тепкен, күн кешкен соң уайымсыз,

Наданы көп жұрт болар ма доңыздан да қайырсыз?


Енді осылар салмай ма екен бір уақыт өткенге ой?

Кешір, бұлттар, бұлар менің көңілдегі өкпем ғой. 


Ғафу етші, сырымды айтып, тым егіліп кеттім бе?

Сен есен бол, дархан елім, ор қазбаған ешкімге.


Төгіп жырды, ұшсам бұлттар, өздеріңе ілесіп,

Толқыр ма екен туған жердің теңбіл тасы дір етіп?


Бұлттар, бұлттар, барасыңдар шудаларың желкілдеп,

Бұлттар, бұлттар, енді кімге жан сырларым шертілмек?


Сұлу тал


Сұлу тал тұр көркейтіп көл жағасын,

Бұтағының иілтіп жерге басын.

Жапырағы желменен бірге ырғалып,

Деп тұрғандай көркімнің бер бағасын.


Орын тепкен таудағы ғажап төрге,

Сол тал күліп қарсы алар қонақты өрде.

Нұрлы таңда жапырағын күнге жайып,

Таранады сұлу тал қарап көлге.


Қуанады ол көлден өз көріп түрін,

Жымияды, жүзінен төгіп нұрын.

Осында ұшып келуге құс та құмар,

Басқалардан бәсі артық көріктінің.


Қайта-қайта бейнесін көріп судан,

Көркем талдың өн бойын желік буған.

Назданады кербез тал шашын желпіп,

Тыңдап жырын құстардың төгіп тұрған.


Тал суреті төсінде қалқу үшін,

Тынши қалар көл бір сәт тартып ішін.

Сырт пошымын қалыпты көрсетпек боп,

Сездіргісі келмейді толқынысын.


Осы өңірде асып тұр талдың бағы,

Түн сыбырлап бұл жайлы, таң жырлады.

Көз салғанда ол судағы өз келбетіне,

Толқып кете береді көлдің жаны.


Атамекен


Балығы тайдай тулаған...

Бақасы қойдай шулаған...

Қайран да менің Еділім!

Қазтуған жырау


Жүргенде аңсап елдегі нұр көктемді,

Теһранға қоңырқай күз жеткен-ді.

Осы маңда үш қазақ жүр деп естіп, 

Бізді түрікмен жігіті іздеп келді.


Жарқын мінез көрсетті ол жайсаң күліп,

әрі құдай сыйлапты қайсар қылық.

«Қорқамыз ғой ат жейтін қазақтан», - деп, 

Әзілдеді ирандық бойшаң жігіт.


Жыр оқыдық, ән салдық, сыр ақтардық,

Жанымызға нұр тарап шуақтандық.

«Отаныңа өзіңнің қайтпаймысың?» -

Деп, аңдамай біз одан сұрап қалдық.


Кенет онда алаулап ыстық жалын,

Шашыратты көзінің ұшқындарын.

Іргедегі картадан «отаным» деп,

Хазар көлдің көрсетті түстік жағын.


«Жұртым осы, жүректе от ұштандырған,

Амал қанша, болған соң іс тағдырдан?

Шекараны өзгелер кескен кезде, 

Тілім жерді елімнен тыс қалдырған.


Бабам қанша ту ұстап атқа мінді,

Менің қаным өзен боп ақтарылды.

Ата жаумен қырқыстық, майдан қылдық,

Әне, солай түрікмен жатқа кірді.


Атажұртты тұтамын аса құрмет,

Бөтен жақта ешқандай шатағым жоқ.

Құдай нәсіп еткенде, мына жерді, -

Қарап тұрды ол, - еліме қосамын», - деп.


Қайрат көрдік түрікменнен осындай көп,

Жарқылдады ол тілетін жасындай көк.

Басқа жұрттың басымен ойлап келген

Бізге бұл сөз көрінді тосын жай боп...


Атамекен, ардағым, төр жайлауым!

Шүкір, биік тауың бар, кең қойнауың.

Бірақ әркез жүрегім толқып жүріп,

Еділ, Алтай, Шаштағы жерді ойладым.


Тәубе


Шет елде күрдтің жігіті, бір алып өрен,

«Қазақтың елі қандай?» - деп сұрады менен.

Мақтандым біраз: «Біздің жер – ғажайып өлке,

Ақындай шалқып оқитын бұлағы да өлең.


Рухымдай асқақ, аспанмен таласқан таулар,

Көңілімдей жарқын далама жарасқан бау бар.

Қазақстан, ол ер қазақ мекені, - дедім, - 

Қалдырған сонда бастарын адасқан жаулар.


Сол жердің қоңыр кештерін, құба таңдарын

Жаныммен сүйем, - деп едім – ұнатам бәрін»,

Күрдтің жігіті: «Бақсызбын, отансызбын», - деп,

Егіліп қатты жылады. Жұбата алмадым.


Білмеймін, жігіт жан дертін жаза ма жылай?

Қасіреті оның қоймады мазалап ұдай.

Отанның терең қасиетін ұға алмай жүрсем,

Аяма, менің басымды жазала, құдай!


Өз ел-жұртына қарайтын өкілдей бөтен,

Көзқаман, тексіз, мәңгүртті кешірмейді екем.

Кейде, рас, күйгем адам боп жаралғаныма,

Ал қазақ болып туғанға өкінбей кетем.


Төрткүлтөбе


Өлкемде бар ескі сүрлеу, жұмбақ жота, көне жар,

Соның бәрі деп тұрғандай: «Өткеніңнен өнеге ал!».

Қосмолада, ортасында біз тұратын ауылдың

Төрткүлтөбе аталатын төрт бұрышты төбе бар.


Уақыт көші өткен ізін шаңмен көміп көшеді,

Көнекөздер бұл төбені қамал болған деседі.

Болса болар, сол арадан көп жәдігер табушы ек,

Бала болып ойнап жүрген кезімізде кешегі.


Жүрсек-тағы туған жердің төсін қазып, бұрғылап,

Қария қыр біздер үшін айтар ма екен сыр, бірақ?

Өркен жайып жатса керек Жібек жолы бойында

Тараз, Сайрам, Алтынтөбе (біздің ауыл), Мыңбұлақ.


Керуен көшсе, қарап қойып Қаржантаудың шыңына,

Сөзсіз, бәрі өткен екен осы араға бұрыла.

Мұра болып қалған болар ұлы Жібек жолынан

Біздер көрген аспаһани қылыш пен нән құмыра.


Көктем сайын есіреді тентек Тастақ өзен де,

Іргесінде үлкен тарих жатқанын ол сезер ме?

Осы маңнан алтын іздеп кетіп еді біраз жұрт

Жан қысылған «нарық» атты «өтпелі» бір кезеңде.


Ұлан-асыр байлық қосқан өркениет қорына

Жұртым бүгін өркен жайсын, тізгін алған қолына.

Өткенді ойлап, ынтық оймен Төрткүлтөбе басынан

Қарап қоям ғайып болған Ұлы Жібек жолына.


Қытай қорғаны үстінде


Әкеліп еді Қорғанға тағдыр даңғылы,

Екі қазақ жүр, байқадым жаңғырғанда үні.

«Мықты болған ғой біздердің бабаларымыз, - 

Сондықтан, - дейді, - қытайлар салдырған мұны.


Қиялы самғап ежелгі ғасырға барған

Екі қазақты көрдім мен басында Қорған.

«Мәнжүр, Тибет пен Шыңжаңды кейін алған ғой,

Шекара, әйтпесе, - деді олар – осында болған.».


Тауларды көріп қондырған сағым басына,

Тауымды менің болмады сағынбасыма.

Қабырға салған мыналар, көшпелілердің 

Найзасының ұшы батқан соң қабырғасына.


Құшағында ыстық ойландым тұрып әсердің,

Ішінде жатыр Қорғанның, сыры жат елдің.

Қамал салуға себепкер болған адамдар

Қайдан боларын білген-ау, түбі, қатердің.


Тамырымда оттай көшпелі қаны маздаса,

Көрінер  жар да, қамал да... – бәрі далбаса.

Өзіне қорған соқтырып бұғауламаса,

Күйдірер ме еді жер түбін жалыны аждаһа?


Қорған үстінде жүйткітіп көңілді сынап,

Ойыма ала берген ем елімді жырақ.

... Әлгі екі қазақ жүр ме екен бабасын мақтап?

Туған жеріміз деп еді Егіндібұлақ. 


О, туған жер


О, туған жер, сен деп күйіп, өртенген

Жан болсам да, игі ісім жоқ ел көрген.

Еш болмаса, қоспаппын-ау бір үлес,

Бұлбұлыңдай таңыңды әнмен көмкерген.


Аһ, дариға-ай, тар шеңберден әрі аспай,

Дем бермеппін ардақты елге Алаштай.

Тым құрмаса, түсірмеппін саямды,

Жапаныңда жалғыз өскен ағаштай.


Ой төксем деп бақтарыңдай мәуелі,

Сырымды ашқам аспаныңа әуелі.

Оралсамшы, көктеміңдей жадырап,

Өңіріңе гүл қадайтын әдемі.


Терегіңді тербемедім самал боп,

Найзағайдай шаша алмадым заманға от.

Тек, әйтеуір, жұбанамын төсіңде

Бір кішкене төмпешік боп қалам деп.


Асқар болсам аспаныңнан сәл төмен,

Бұйыра ма, бірақ, ондай мәртебе?

Мен қайтсем де, барымды сап, талпынып,

Топырағың боп қалу үшін тер төгем.


Ойға оралтып шақты нұрға бөленген,

Әлдиле, өлкем, күндерді айтып көнерген.

Армансызбын, құшағыңда жатуға

Лайықты жан боп қалсам егер мен.


Сарыарқа


Алтын аймақ, Сарырқа, ақ бесігім!

Бағытысың бүгінде бақ көшінің.

Саған деген ықыластан туған өлең

Дүниенің шырылдап қақты есігін. 


Сенен ұққам шын парқын кеңдіктің мен,

Мен толғасам, толғаймын сендік тілмен.

Іңкәр болмау ерлікке мүмкін бе екен,

Топырағыңды басқан соң ерлік сіңген.


Абылайлап ұрандап, қабанбайлап,

Жауға шапқан, қылышын бабам қайрап.

Бірлік рухы қорғаған бұл байтақты 

Басып жүрсем, ересен алам қайрат.


Сонда сезім билейді ырқы күшті

(Түсініңдер мендегі бұлқынысты).

Арқа аязы арқамды шымырлатса,

Сергіп қалам, шерімді сілкіп ішкі.


Пай-пай, далам, нұрлысың жарық таңнан,

Алыптардан төсіңде қалыпты арман.

Құшырланып жұтамын кие ауаңды

Хан Кенеден қайсарлық дарып қалған. 


Менің тілім өлмейді


Асқар тауым, байтағым, өзен-көлім, 

Орманы мен даласы кең өлкенің – 

Бәрі-бәрі күбірлеп оқып жатыр

Менің анам тілінде өлең-шерін.


Беу, құт мекен, бөленген ән-арманға!

Сөйлепсің-ау қазақша жаралғанда.

Сенен нәр ап, тыныстап, саф ауаңмен,

Құйған екен бұл тілді бабам қанға.


Бойымдағы бабамның осы қаны,

Бұлқынғанда, көзімнен от ұрады.

Туған тілім бір кезде қанмен сіңген

Толқып жатыр туған жер топырағы.


Көктем туып, жапқанда гүл қыратты,

Қанша шыбық бұл жерде бүршік атты.

Солар менің тілімде сөйлегенде,

Бұлақ шат боп тау-тастан ыршып ақты.


Мұхит-теңіз тыңдасам гүрілдерін,

Естіледі одан да тілім менің.

Дала тілін – кеңдік пен ерлік тілін

Мәңгі өшпес қып санама сіңіргемін.


Туған тілсіз мен өмір сүре алмаймын, 

Тағдырына толғанбай тұра алмаймын.

Ырза болсын ер бабам аруағы,

Өз тілімде мен оған дұға арнаймын.


Ей, жат тілді, алсаң да төрін заман, 

Қадір тұтқын әз тілін керім бабам.

Намыс буып тау-жандар теңселмесін,

Күңіренбесін кек кернеп көңіл-далам. 


Жалын атып қаншама қайсар өркен,

Ана тілмен асқақ ой айтады ертең. 

Қиямет күн туғанша ғаламшарға

Өз тілінде сөйлейді байтақ өлкем.


Қасіреттен қаншама қалыпты аман,

Өлмес тілім, тұрса есен алып далам.

Бақи жаққа кетерде туған тілді

Ғарыш жаққа рухыммен алып барам. 


Жаңа жыл кешінде


Ол кезде жаңа жылды тойлаған біз

Жастықтың мастығына бойлағанбыз.

Кеудемде бір ерекше күй қалдырдың,

Сол кеште қар шашысып ойнаған қыз.


Күтпегем. Мені тастап ағат сынға,

Кенеттен кеттің қашып қар аттың да.

Біле алмай тосын жайда қайтерімді

Мең-зең боп тұрып қаппын қараппын да.


Түн-бақыт бізді ораған құшағына 

Айналған ертегінің мысалына.

Япыр-ай, байқасамшы ұқсайтынын

Аппақ қар ақ көңілдің нышанына.


Соңынан бойды жиып тұра қудым,

Белгісі болар, сірә, ұнату бұл.

Екеуміз қар шашысып шаттаныстық,

Ыңғайын таба алмастан сыр ашудың.


Меңіреу үнсіздігін түріп түннің,

Аймақты сыңғырлатып күліп тұрдың.

Әдемі, айта алмаған жан сырыңды 

Әсерлі қылығыңнан ұғып білдім.


Қос-қостан құрбы-достар дараланып,

Қыстың ақ көшелерін араладық.

Біздерді табыстырған сол бір кешті

Білмеймін, қалай онда бағаладық?


Жүзіңнен таң қаларлық шырай көрдім,

Сұп-сұлу бітіміңді шын ай дермін.

Сүйсініп сымбатыңа келе жатып,

Арман-ай, әлім қашып құлай бердім.


Басымда шаттық пенен мұң арбасқан

Кез еді ол көздерімді мұнар басқан.

Тұршы деп ынты-шынты өтінесің,

Сонда мен әлек болам тұра алмастан.


Шырылдап бір мен үшін бұлай жаны,

Түсерін от пен суға кім ойлады?

Мұңайып бір ару тұр, мен жатырмын,

Сүйкімді, ә, ару қыздың мұңайғаны!


Асыл жан бәйек болса қиыла шын, 

Жүрегім өрекпитін, жиі ұратын.

Қасымда бірге жүрген елес ару,

Ертең сен қандай жанға бұйырасың?


Әрине, болғанмен бұл сыйы бар күн,

Алдында жауаптымын биік ардың.

Арманда кетпес үшін балбыраған

Ақ көңіл ару бетін сүйіп алдым.


Ертесі есім кетіп мүлде менің,

Елестің жетегінде жүрген едім.

Тағы бір тосындағы наз қылығың 

Ойыңның жеткізгендей бір дерегін.


Маңымнан зулап ақ қар ұшып өтті.

«Ұруға қандай жанның күші жетті?»

Осы оймен жалт қарасам, сен екенсің,

Бір сәтке таң боп қалдым ісіңе епті.


Тұрғандай күліп алда үміт-бағым,

Жүрегім дүрсілдеді, жылып қаным.

Сондағы бір ұққаным – болдың маған

Дегендей сол бір кешті ұмытпағын.


Уа, тырналар!


Уа, тырналар, самғаған күнге қарап,

Енді менде таусылды мүлде тағат.

Алтын күндер қалдырған Алматыма

Қақсам ба екен сендермен бірге қанат?


Уа, тырналар, сендерге ауады аңсар,

Ұл ем мен де тау менен даланы аңсар.

Қиқуларың құйқамды шымырлатсын,

Серпін берсін жүрекке шалажансар.


Уа, тырналар, құса боп түн сабылғам,

Алатауға түсімде мұң шағынғам.

Сағыныштың тілінде жыр оқиын,

Жеткізіңдер, жан болса шын сағынған.


Уа, тырналар, өтер-ау түстей жалған,

Мына пенде шіркінде бітпейді арман.

Елеңдеймін Көктөбе жаққа қарай,

Тұлпардайын дүбірге түспей қалған.


Уа, тырналар, көңілімнің көп алаңы,

Мені ойламай, ұшыңдар одан әрі.

Алатауда жалт еткен жаһұт сезім

Қайда барып, білмеймін, жоғалады.


Ұшты тырна тізбегі алға асыға,

Бет алысы шығыс қой, Алматы ма?

Қанатты ем ғой, ұша алмай қала бердім,

Тағдырыма амалым бар ма, сірә?


Уа, тырналар...


Жұлдыздар үндемеді


Қарап тұрмын, мұнда да сол түнгі аспан,

Жұлдыздарды, әнекей, көрші ымдасқан.

Сен солардан жолдашы лебізіңді,

Дауа болсын ғашықтық дертін басқан.


Жұлдыздарға сыр айтқам түн алдында,

Аяулы жан, сен оны ұға алдың ба?

Тым алыста сарғайып жүрген менің

Сәлемімді ап, жымиып қуандың ба?


Өрт сағыныш өртеді жас жанымды,

Өз жайына қалдырдым басқа мұңды.

Неге мына жұлдыздар тіл қатпайды?

Тұрған болар бұлт басып аспаныңды.


Аңсарымның жетпеді бір дерегі,

Қайтіп енді жан-жағым гүлденеді?

Көп тілекті айтып ем жұлдыздарға,

Көп түн өтті, ал олар үндемеді.


Ұзақ күттім, қылаңдап таң келеді,

Бір жауабың еді ғой бар керегі.

Сен де өкпелеп жүрсің бе жұлдыздарға,

Кеттің бе екен ұмытып әлде мені?


Вокзал


Қолды сүйіп қолымды қалған қысып,

Алматыға кетуші ем арман құшып.

Осы вокзал еді ғой мені өзіңіз

Шығарып сап сан мәрте, алған күтіп.


Енді келіп егілем, ақтарылам,

Сыр іздеймін қаланған тастарынан.

Сіз барда, әке, бұл вокзал өзгеше еді,

Тірлік кешіп жататын шат-шадыман.


Қайда, жанға сол вокзал сыр құятын?

Қазір өңі бозарған, сұрқия тым.

Мерекенің базары секілді еді,

Септі бүгін көңілге сұр сиясын.


Мына гүлзар (ол кезде гүлі ашылған)

Пойыз күтіп сізбенен тұратын маң.

Қарайтынсыз ойланып составтарға:

«Жылдар сынды, - деп – зулап шұбатылған».


Сіз кеткелі, шынарым заңғардағы,

Өңін берді өмірдің тозған бағы.

Өзіңіздей енді ешкім қарсы алмайды,

Құлазып тұр, мінекей, вокзал маңы.


Құлақ салсам вагондар ырғағына,

Қамалады өзі кеп мұң жаныма.

Қараң қалған вокзалда күңірендім,

Қарап тұрып зулаған жылдарыма.


Құстар қайтып келді, әке...


Құстар қайтып келді, әке, сырнайлатып,

Сездіңіз бе, әуенін тыңдай жатып.

Сізді іздеді өлкеден, таппаған соң,

Қанатына ұшты олар мұң байласып.


Аңсап олар дәл сіздей текті арысты,

Тауды шарлап, аралап кетті алысты.

Қазығұрттың басынан көп айналып,

Қосмоланы, міне, енді бетке алысты.


Еш өкпем жоқ ақ жүрек ұялыға,

Жеткен екен сізді алып қиялына.

Басу айтты қамыққан көңіліме,

Қарғыс айтты және де Зия ұлына.


Есті екен-ау, текті екен мына құстар,

Көңіл айтып келіпті түу алыстан.

Бірге егілдім қанатты достарыммен

Сізді жоқтап, қайғырып жылап ұшқан.


Самғады олар жанардан жас сауғалап,

Күңіренді қара жер аспан қарап.

Тағы да, әке, ұша алмай қалды ұлыңыз,

Қанатының жарасын жатқан жалап.


Аза

          

Үш жасында анадан жетім қалған әкем-ай,

Тасжарғандай тас түннің төсін жарған әкем-ай.

Сан қатерден аман қап, шарықтай енді бергенде,

Басыңыздан көшті ме есіл жалған, әкем-ай?


Өгей шеше өш болып зар қақтырған, әкем-ай,

Киізге орап, үстіне тең бастырған, әкем-ай.

Дем үзгелі жатқанда, Мәмбет баба құтқарып,

Сау қап, балғын күндерін жалғастырған әкем-ай.


Өгей шеше бал шағын ащы қылған, әкем-ай,

Екінші рет жүк асты бастырылған әкем-ай.

Тыныс жетпей жатқанда, ісмер Ботай аршып ап, 

Жаны қайта өмірге тапсырылған әкем-ай.


Суға да ағып, сақтапты ұлық Аллам, әкетай,

Жаны көріп қиындық сірі болған әкетай.

Шора базар барғанда құдыққа да тасталып,

Аман шығып, одан да тірі қалған әкетай.


Қызыл тілмен шиырлап ой тастаған әкем-ай,

Сөз дегенде, құлжадай ойқастаған әкем-ай.

Қазақ, өзбек елінде аузына жұртты қаратып,

Тау суындай күркіреп той бастаған әкем-ай.


Жүрегіңіз наданға ашынды ма, әкем-ау?

Ашынғаннан қаныңыз тасынды ма, әкем-ау?

Пасықтан пасық Заманбек қоқыс төгіп мешітке,

Есек байлап есікке, басынды ма, әкем-ау?


Молда болып, айбыны айдан да асқан әкем-ай,

Жәһілдермен жауласып, майдандасқан әкем-ай.

Жамандардың жасқағын елемегін деуші еңіз,

Өттіңіз бе көңілге қайғы алмастан, әкем-ай?


Шын егіліп жырына мұңын қосқан әкешім,

Кеттіңіз бе қайрылып бұрылмастан, әкешім?

Ит тірлікте пендеден көңілі қалып, итіне 

«Шынтамыр» деп ат қойып, сырын да ашқан әкешім.


Не де болса, дедік қой бір Алладан, әкем-ай,

Жалған десе, дүние шығар жалған, әкем-ай.

Бір малғұнның оқ сөзі жүрегіне қадалып, 

Жығылғанда, дариға-ай, тұра алмаған әкем-ай.


Бейбастыққа селт етпей жүре алмаған әкем-ай,

Әділеттің жолында ұрандаған әкем-ай.

Жылай да жылай жасымды тыя алмадым, жаныңыз

Жаннат барсын деп қолға Құранды алам, әкем-ай.


Асқар таудай әкем-ай,

Өтіпті бастан неше жай.

Жүрегімен қуанып, жүрегімен қайғырған

Өзіңіздей ғасылға ғұмыр бір келте екен-ай.


Каспийге сыр


Жағада жүрмін, Каспийдің түстік жағында,

От ойларымнан орандым ыстық жалынға.

Мендегі сезім бір болса, болатын шығар

Ұясын аңсап, сағынған құстың жанында.


Жабырқау шалқар күрсініп, ышқынса мұнда,

Бір өксік келіп кептелген жұтқыншағымда.

Толқыны тулап тербелген телегей теңіз,

Мен де дәл сондай, шамасы, түстім сарынға.


Қарт Каспий, толқып, шертесің Азия шерін,

Көнені көрген өлкенің қариясы едің.

Мойындағайсың, өзіңнен алып екенін

Отанға деген бойымда дария-сезім.


Иранның қызы иманды, ибалы ма еді?

Құйқылжып тұрған үнін айт, қинады мені.

Бәрін де қойшы, бабамыз қан жуған теңіз –

Ыстық екен ғой Каспийдің дидары, лебі.


Хазарды көріп жайнаған аймақта мына,

Бойыма қуат кіргендей, қайрат қаныма.

Жармасып толқын жалына тартып кетуге 

Дайынмын Ақтау, Атырау айлақтарына.


Сезім толқыны кеудемде тебінеді көп,

Теңіздей шерін толқытты егіле жүрек.

Сан ғасыр бойы сыр тұнған бойын жазбақ боп,

Көк тауға қарай көк теңіз керіледі кеп.


Керемет, көрсең көркем тау төскей сауығын,

Мәңгілік көктем жайлаған беткей бауырын.

Каспийден қанат қағатын қазбауыр бұлттар

Бұл маңнан әсте өтпейді төкпей жауынын.


Ынтық аспанын теңіздің жылатқан демі,

Ән тыңдап жатар мың-мың сан бұлақтан жері.

Ғажап маң, бірақ жетпейді туған жеріме,

Жақсы көрмекпін мен оны жұмақтан гөрі.


Тынымсыз теңіз. Жоқ және маза құстарда,

Ғашық деп қалам толқынға жанап ұшқанға.

Тербеліп тұрып Каспийдің толқындарымен

Ып-ыстық сәлем жолдадым Қазақстанға.


Мөлтек сыр


Сіз жақтан ескендей боп көктем лебі,

Алаулап тұла бойды от кернеді.

Ешкімнен дәл осындай жылылықты

Жүр едім сезіне алмай көптен бері.


Күлкіңіз сыңғырындай таза күміс,

(Мұндай да болады екен жаратылыс).

Апыр-ау, өзіңізбен кездескелі

Кеудемде ашылғандай жаңа тыныс.


Бір кезде сөнген үміт жанды қайта,

Шіркін-ай, алсам соны ән қып айта.

Рас айтам, талай болды, еш адаммен

Сырласып көрмеп едім дәл бұлайша.


Бұл қалай, сізге қарай асыққаным?

Тоқтаңыз, айтайыншы ашып бәрін.

Сәл ғана өзіңізбен тілдескенде,

Бақыттың қалғандаймын татып дәмін.


Байқалды бойыңыздан ұяң қылық,

Жүрегім мазаланды, жиі алқынып.

Сізбенен кездескелі, сенесіз бе,

Кеттім мен өмір емес, қиял сүріп.


Біз жүрген бақ


Қоңыр мұңын қондырып ақ сарайға,

Үнсіз қалды беріліп бақ тағы ойға.

Кешкі салқын кетті ме бой тоңдырып,

Ақ мамыққа орана бастады Ай да.


Бұрынғыдай күлімдеп ол да бүгін,

Шашып тұрды елжіреп жанға нұрын.

Елеңдеймін, естіліп қалатындай

Біз жүрген бақ ішінде қалған үнің.


Ол кездердің болатын кеші жарық,

Жарқын шағын тал да тұр есіне алып.

Мұндағы асыл сезімді елеместен,

Уақыт қана зырлауда көсіле ағып.


Осы маңды алаңсыз аралайтын

Кезді ойласам, мұң кешер сана жойқын.

Сондағы асау бір сезім оянар ма,

Асып-тасса, әй-шайға қарамайтын.


Жабырқаймын, үстесе ойға мұң күз,

Жадыратар жанымды қайда бір қыз? 

Қай қиырда, қалқам-ау, жүр екенсің,

Кешкі бақты біз жүрген ойлап үнсіз?


Бәлкім, бәрі басқаша болар ма еді


Марқұм Әлжан ағам дәрігер 

болу жөнінде кеңес беріп еді


«Жастайыңнан шырағын жақтың ба арман?

Мұратсызға – дейді ағам – бақ тұрмаған.

Мамандықтың төресі – дәрігерлік,

Тіпті Чехов жазушы доқтыр болған.


Қадам басқан өмірге ең алғашқы

Баулу керек кәсіпке зерек жасты.

Көргені көп суреткер болар, інім,

Көргені жоқ өмірден не жазбақшы?


Іздемпазға қонады ой мерейлі,

Зергер ділге түйгенін бейнелейді.

Доқтыр болып бірдеңе түртіп жүрсең,

Мұныңа ешкім, шырағым, қой демейді.


Жаннан гөрі сезімін жырлайтын тек

Дәрігерге жасар жұрт тынбай құрмет. -

Сосын әзіл тастайды, - Доқтыр болсаң,

Қыз-келіншек кеудесін тыңдайсың», - деп.


Мал сой десе, сөзді айтып өлердегі,

Деп жалтарам: «Епті інім менен гөрі».

Қой союдан тайсақтар бұл баланың

Адам сою қолынан келер ме еді?


Бір кезгі ағам сөзінен сыр бағам да,

Өзге көзбен қараймын бұл ғаламға.

Бәлкім, бәрі басқаша болар ма еді,

Жүректерін қыздардың тыңдағанда. 


Бадам


Бабам жатқан жерде бір бадам өскен,

Бала кезде көріп ек, қала ма естен?

Өзгеріпті сол қорым, бадам да жоқ,

Содан бері қаншама заман өткен.


Өскен қабір басына бадам өзі,

Атам ертіп апарған бала мені.

Піскен бадам жемісін үзіп беріп,

Артта қалған күндерге ол қарап еді.


Иә, ол кез алапат заман еді,

Соны сезген бабамыз дана ма еді?

Бар кітап пен жазбасын сандыққа сап,

Көмдіріпті сол маңға бабам өзі.


Бабамыздың басында бадам бар-ды,

Сырттай байқап тұратын адамдарды.

Не жайлы екен бабамның жазбалары,

Айтты ма екен көне өткен замандарды?


Бабамыздың басында бадам болған,

Не бар енді бұл маңда содан қалған?

Бабам неге жасырды кітаптарын,

Сескенді ме заманнан, жамандардан?


Қабірінің басына бадам өскен

Бабам қауіп көріпті «жаңа көштен».

Ұрпағына кесірі тимесін деп,

Қазынасын өзімен ала кеткен.


Бабамыздың моласы – бадам жаны,

Жазбада ма бабамның бар арманы?

Әкеміз де шарқ ұрып іздеп еді,

Атасының сандығын таба алмады.


Сандық та жоқ, қалмапты бадам дағы,

Жоғалғандай көне сыр ғаламдағы.

Өзің жазған жазбалар жайын ойлап,

Байыз таппай жүр, баба, балаң жаны.



Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...