Хәрри Поттерді қазақша сөйлеткен Раиса

СӨЗДІҢ АТАСЫ
5308

Әлем әдебиетінің шыңында тұрған тың туындыларды қазақ тіліне аудару көп машақат пен қыруар қаражатты талап ететін іс екендігін көпшілік біле бермейді. Таныса отырыңыздар, мұндай салмағы зіл батпан жауапкершілікті арқалап, игі істі атқарып жүрген жанның бірі – Раиса Сайранқызы. Моңғолияда өсіп-өнген қандасымыздың атажұртқа қайтып оралғанына небәрі алты-ақ ай уақыт болса да, бітірген шаруасы қыруар, алға қойған мақсаты да орасан. Осы орайда, аударма ісін алға сүйреп, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, күллі қазақ баласын әлем әдебиетімен сусындатуды діттеп жүрген отандасымызбен сұхбаттасқанды жөн көрдік. 

Раиса СайранқызыРаиса Сайранқызы– Раиса ханым, ел ішінде ау­дарма ісінің кенжелеп дамып келе жатқаны белгілі. Оның үстіне, бұл – зей­не­тінен гөрі бейнеті басым, кірісінен гөрі шы­ғы­ны көп жұмыс. Мұндай мех­натты істі қолға алуыңыз­ға не түрткі болды? Оның үстіне, маман­ды­ғыңыз қар­жыгер болса, неге сол салаға бет бұр­­­ма­дыңыз? 

– Әлбетте, сіз айтқандай өз мамандығым бойынша қаржы саласына бас сұғып кетуіме бо­лар еді. Оның үстіне, осы са­ла бойынша оқыған қос дип­ломым да, тәжірибем де бар. Алайда маған бұйырғаны осы іс екен. Негізінен, аударма ісін қолға алуға итермелеген бірнеше себеп бар. Ең әуелгі себеп – өзім кітапты сүйіп оқи­мын. Кітап – бала кезімнен келе жатқан ең жақын досым. Кітап дүкендеріне кірсем болғаны, қай сөреге бірінші жақындарымды білмей, төбем көкке жетеді. Екіншіден, кі­тапты сүйсініп оқу қабілетін өзіммен қатар, балаларымның да бойына дарыта білдім. Кітапты балаларыммен жарыса оқимын. Кенже балам әлі кішкентай, сол себепті оған да түсінікті болу үшін әдейі дыбыс­тап қатты оқимын. Сон­дай-ақ балаларыммен кітап­тағы кейіпкерлердің рөлдерін бөлісіп аламыз. Мәселен, кітапта пойыз бейнеленсе, пойыздың дыбысын келтіремін немесе аю не қоян суреттелсе, ортаға секіріп шығамын да, сол аңдардың дауысын саламын. Бала әріп танитын жасқа келмесе де, иллюстра­ция­ның көмегімен оның көк­жиегін кеңейтіп, түсінік-та­нымын өзгертуге болады. Сосын тағы бір себеп –  бірнеше жыл бұрын Алматыға қыды­рып келгенімде балаларыма қазақтілді кітап сатып алмақ бо­лып, кітап дүкендерін ара­ла­дым. Қызық болғанда, сө­ре­ден балаларға арналған қа­зақ­тілді кітаптар таба алмай, ана­дан бір сұрап, мынадан бір сұрап, әлекке түскен жайым бар. Сол кезде бұл істі Алматыда да әрмен қарай дамыта тү­с­емін деген тоқтамға келдім. 

– Демек, сіз ашқан Steppe&World баспасы Ал­ма­тыға көшіп келгеніңізге дейін істеп тұрған ғой? 

– Иә, баспаның жұмыс іс­теп тұрғанына үш жылдың жү­зі болды. Мұны алғашында Ұлан-Баторда ашқанбыз. Айта ке­терлік жайт, аудармаларымыз тек Қазақстан ғана емес, Моң­ғолиядағы қазақтілді ор­таға да таралады. Мәселен, қазақ тіліне аударылған алғашқы туынды «Ақын қоян» сол елде шықты. Біз үшін тек ау­дарманың сапасы ғана маңыз­ды емес, сонымен қатар кі­таптың сыртқы келбеті де  жо­ғары дәрежеде болуы шарт. Сол себепті «Ақын қоянды» Гон­конг қаласында басып шы­ғарып, бірінші болып Моң­ғо­лия қазақтарының балаларына тараттық. 

– Аудармаға кітаптарды іріктеу ісі қалай жүзеге аса­ды? Әлде белгілі бір ақыл­дас­тар алқасы бар ма? 

– Жоқ, ешқандай да ақыл­дас­тар алқасы жоқ. Барлығын өзім таңдаймын. Ең әуелі әлем­дік рейтингке жүгінемін. Со­сын авторларына мән беремін. Мысалы, Эрик Карлдың «Қо­мағай жұлдызқұрт» туындысын әлем бойынша «Төрт жасқа дейінгі балаларға ар­нал­ған топ-10 кітап» рейтін­гісі­­нің ең жоғарғы орында тұрғаны үшін аудару қажет деп санадым. Ал «Ақын қоян» шы­ғармасының авторы бри­тан­дық жазушы Джулия Дона­льдсонды күллі әлем заманауи ба­лалар әдебиетінің «Шекспирі» деп таниды. Тағы сол Джулия Дональдсон жазған «Груффало» ертегісін Еуропа бала­ла­рының түгелі дерлік сүйсініп оқиды десем, артық айтқандық емес. Сол себепті Еуропаның да­мыған мемлекеттерінің ара­сынан іріктеп, ең жақсы, ең таңдаулысын әкеліп, аударт­қы­замын. Сондай-ақ мені кі­тап жәрмеңкелері мен көр­ме­леріне жиі шақырады. Мә­се­лен, өткен жылы Италияның Болонья қаласында жыл сайын өтетін балалар әдебие­тінің жәрмеңкесіне шақырту алдым. Мұнда жаңадан шық­қан кітаптармен танысып, өзіме керегін түртіп қайттым. Ең қызығы – сол жерде жоға­ры­да айтып өткен әйгілі бри­тан­дық жазушы Джулия Дональдсонмен кездестім. Ол кісінің көптен бері Алматыға келуді көздеп жүргендігі мені тіпті таңғалдырды. Сосын, әрине балаларымның қай кі­тапты ерекше ынтызарлықпен оқитынын сыртынан бақылап, зерттеп, түртіп отырамын, со­сын әлгі кітап туралы ақпарат жинастырамын. Мұндағы мақ­сат – тек менің ғана емес, күл­­­лі қазақ баласы оқысын де­ген тілек. Мұндай бәсі биік туын­дыны оқыған қазақ балалары үлкейгенде сондай таң­ға­жайып туынды жазатын шығар, кім білсін?! Қазіргідей қолыңды созсаң, қалағаныңа жетуге болатын заманда қазақ ба­лаларының қазақ әдебие­ті­мен қатар, әлем әдебиетінен де хабары болса екен деймін. Қа­зақ балаларына әлем әде­бие­тінің есігін ашқым келеді. 

– Шетелдік авторлармен, баспалармен байланысты қалай орнатасыз? 

– Жалпы, бүгінде баспа индустриясы керемет дамы­ған. Кітап аударамын деген кез келген адамға есік айқара ашық. Дей тұрғанмен, мұның өзін­дік шарттары бар, сол шарт­тар бойынша нарыққа ойын­шы болып кіресіз. Бар­лық шарттарын орындасаңыз, қолға алған ісіңіз де оңала түседі. Егер автор рұқсатын ал­ғанша шыдамай, шығарып қой­саңыз, жұртшылық мұны пла­гиат санап, айналып кел­ген­де зардабы өзіңізге тиетіні айт­паса да түсінікті. Біз бар­лық шарттар мен ұста­ным­дар­ды қатаң ұстанамыз. Негізі, ресми рұқсатты баспа үйлері­нен аламыз. Қолымыз жетіп жатса, автормен байланысамыз болмаса автордың агентіне шығамыз, сөйтіп екіжақты келісімшарт жасасамыз. Қа­зіргі таңда жалпы саны алты-жеті кітапты аударуға заңды түрде құқымыз бар. 

– Сіздер аударған «Груф­фа­ло» туындысының же­лі­сі бойынша Алматы мек­теп­терінің бірінде қойы­лым көрсетілген екен. Аз уа­қыт ішінде оқушыларды бұл кітап осыншалықты сүйсіндіріп қана қоймай, мек­теп сахнасында қойы­лым қоюға қалай итер­ме­ле­діңіз? 

– Иә, «Груффало» ертегі­сі­нің сахналанғанын көріп, бойымызды мақтаныш кернеді. Бұл негізінен қазақ тілінің жанашыры саналатын мектеп директорының қолдауымен жасалған іс. Оның үстіне, бұл ер­тегінің қазақша нұсқасын өте-мөте ұнатқан қазақ тілі пәнінің ұстаздарының да ең­бегі орасан. Олардың бұл ша­ра­ға белсенді атсалысып, оқу­шы­лармен қатар уайымдап жүр­генін байқап, жүрегім жібіп сала берді. Ал қойылым соңында көрермен болып келген оқушылар да, ата-аналар да түрегеліп тұрып қол­паш­­таған сәтте еңбегіміздің зая кетпейтіндігіне көзім жетті. 

– Сіз тек әлем мойын­да­ған балалар әдебиетін қа­зақ тіліне аударуға ден қой­май, ересектер аудиториясын да қамтуға тырысудасыз. Талай киноға арқау болған бестселлер туынды «Анна Франктің күнделігі­нің» қазақ тіліндегі нұс­қа­сы жуырда ел ішіне тара­мақ. Бұдан бөлек, қоржын­да­рыңызда ересектерге ар­нал­ған тағы қандай туын­­­дылар бар? 

– Айта кетерлігі, елге кел­ген­де әлемдік бестселлер саналатын «Анна Франктің күнде­лі­гін» оқымаған адамдар бар екендігін естіп-білгенімде таң­ғалғаным бар. Себебі Моң­ғо­лиядағы отандастарымыз бұл кітапты басынан аяғына дейін оқып, баяғыда-ақ «тауысып» тастаған. Сөйтіп, «кім ау­да­рады екен, кім бастайды екен?» деп күтіп отырғаннан гөрі, өзім бірінші болып бас­тайын деп шешіп, нәтижесінде ресми рұқсатпен аудару құқы­ғын иелендім. Алдағы аптада Нұр-Сұлтан қаласында атал­ған кітаптың тұсаукесері өт­пек. Бұл кітаптан бөлек, ал­да­ғы жылы кәсібін дөңгелеткісі ке­летін кәсіпкерлер үшін әй­гілі Гарвард мектебінде басылып шығатын Harvard Business Review журналының бірнеше сериялы мақалалары қазақ тіліне аударылады. Сонымен қатар мойнына мінген жалқау­лығын жеңіп, тау мен тас қо­па­рардай дәрежеге жеткізуді көздейтін кайдзен фило­со­фия­сы туралы кітап жарық кө­реді. 

– Ақпан айында «Анна Фран­ктің күнделігінен» бө­лек, тағы бір әлем мойын­да­ған туынды «Гарри Поттер» оқырманға жол тарт­қа­лы отыр екен. Басқа кі­тап­­тарға қарағанда, бұл туын­дыға сұраныс әлде­қай­да көп шығар? 

– Иә, қазірдің өзінде сұраныс өте көп. Әлеуметтік желідегі парақшаларымызға «Қайдан алсақ болады? Қалай қол жеткізсем болады?» деген сыңайлы пікірлерді қаптата жазу үстінде. Негізі, бұл бестселлерді маған дейін де  үзіп-үзіп аударған әуесқойлар бар екен, бірақ көбінде орыс тілінен тәржімалапты. Десек те, ресми түрде түпнұсқадан аударған алғашқы баспа болып есептелеміз. 

– Биыл балаларға арнал­ған тағы қандай кітаптарды қазақшаға аударуды көз­д­еп отырсыз? 

– Биыл америкалық жазушы Джеф Киннидің балаларға арналған Diary of a Wimpy kid (Әлсіз балақайдың күнделігі) атты кітабын қазақ­шаға аудармақ ниеттеміз. Күлкілі комикстерден құрал­ған бұл кітап телефонға телміріп отыратын балақай­дың көңіліп аулап, қызығушы­лығын арттырады деген сенімдеміз. Сонымен қатар атақты британдық жазушы Роальд Да­льдың Charlie and the Chocolate Factory (Чарли жә­не шоколад фабрикасы) және Matilda (Матильда) атты шы­ғар­малары қазақ тіліне аударылады. 

– Жоғарыда «көпшілігі мені әлі танымайды» деп ай­­­тып қалдыңыз. Осы орай­­­да өзіңізді кітапқұмар оқырманға кеңінен таныс­тыра отырсаңыз. 

– Ұлан-Батордың тумасымын. Онда 4 жасыма дейін тұ­рып, кейіннен отбасыммен Мы­сыр еліне көшіп кеттік. Әкем көп жыл қатарынан Моңғолия елінің атынан Мысырда, Кувейтте және Таяу Шығыста дипломатиялық қыз­мет атқарғандықтан, өмі­рім­нің жартысынан көп бө­лі­гін шетелде өткізуге тура келді. Анам – қазақ тілінің маманы. Осы Алматыдағы ҚазҰУ-ды бі­тірген. Содан болса керек, қан­ша шетелде жүрсек те, от­ба­сында тек қазақ тілінде сөй­лесетінбіз, қазір де солай. Мысыр елінде елшілік жанын­дағы орыстілді орта мектепті бітірдім, сосын сол елдің университетіне оқуға түстім. Кейіннен Англияда магистратура бойынша білім алдым. Бертін келе біраз жыл Германияда тұр­дым. Сосын жолдасыммен ақыл­даса келе Алматыға кө­шу­ді құп көрдік. Жолдасым де­мекші, ол кісінің мамандығы –  математик, сонымен қатар, ғы­лыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді әрі кәсіппен айналысады. Жолдасымның өз кәсібі, өз жұмысы болса да, ары-бері жүр­генде балаларымыз өсіп қал­ғандығын ескеріп, ата­жұр­тына келіп тұрып көрсін, түп тамырын білсін, дінін-ділін да­мытсын деген мақсатта елге оралған жайымыз бар. Жай ора­лып қана қоймай, байқап отырғаныңыздай, ісімізді де да­мытуды көздеп отырмыз. 

– Елде еңбек етіп жат­қан аз уақыттың ішінде ісіңіз­ге тосқауыл болған әл­де­бір мәселелер туындады ма? 

– Алғашында неден бастарымды білмей дал болып жүр­генім бар. Ара-тұра бюрокра­тияға жол берілген кездерді де бай­қадым. Негізінен, терминология жағынан біраз қиын­дық­тар туындады. Алайда ко­ман­дамдағы кәсіби аудармашылар амал-айласын тауып, реттеп, түзеп жатыр. Негізі, елде жақсы адамдар көп екен, барлығы жан-жақтан көмек­тесіп жатыр. Қазақ тілі десе ішкен асын жерге қоятын аудармашы, редактор, корректор, дизайнердің барлығы дер­лік шыр-пыр етіп, жүгіріп жүр. Сосын тағы бір байқа­ға­ным – халық бір вакуумның ішінде қалып қойған секілді. Халық дереккөзі Ресейден шығатын ақпараттың ортасында өмір сүргенді ұнатады екен. «Бұл кітаптың орыс ті­лін­дегі нұсқасы бар, қазақ­ша­сынан не пайда?» деген секілді пікірлерді де естідім. Орысшасын оқып қойса, қазақшасын тағы бір оқысын. Қазақша оқы­са, мүлде бөлек әрі ерекше сезім туындайтыны хақ. Қарап отырсаңыз, орыс халқы әлем­нің барлық туындыларын өз тіліне аударып алған. Шама-шар­қымыз жетіп тұрса, бізге де неге аудармасқа? Орыс тілін қаладағылар түсінер, ал алыс­тағы ауылдың шетіне шық­саңыз, орыс тілін білмейтіндер саны өте көп. Сол себепті оларға да әлем әдебиетінің бір үзігімен танысып, тыныстауға мүмкіндік беру қажет-ақ. 

– Өзіңіз айтып өткен­дей, кітап оқуда өз тілін менсінбей, орыс тілін алға тар­татын қандастарыңызға не айтасыз?

– Шіркін, біздің тіліміз – өте бай, өте әдемі, өте икемді ғой. Сондай керемет тілімізді мақтан тұтқанға не жетсін?! Қазақ тілінің беделін арттыра түсіңіздер! Қазақтілді кітапты жерасты қылмаңыздар, оқып жүріңіздер, бөлісіп жүріңіздер, мейлінше бір-біріңізге айта жүріңіздер!   

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ