Габирэль Гарсиа Маркес. Айналамда ешкім жоқ...

ӘДЕБИЕТ
1694

«Шарықтау шыңыма шықтым да жан-жағыма көз салып тұрып шошып кеттім: айналамда ешкім жоқ...»

– Сіздің сүйікті ұстазыңыз кім?

– Ұстаз түсінігі мен үшін- адам болып қалыптасуыңа, өмірлік жолды таңдауыңа, жеке қасиеттеріңді дамытуға ықпал ете білген адам. Менің өмірімде ондай адамдар аз емес еді. Олардың ең алғашқысы, нағашы атам- полковник Николас Рикардо Маркес Мехия. Атам, табиғатынан қолөнер шебері-тұғын. Ол кісі алтыннан балық, жүзік, әр-түрлі алқалар мен білезіктер жасайтын. Мен соның жанында өстім. Ол кісінің маған үйреткені көп, өзі қатысқан азамат соғысын да әңгімелеп беретін, табиғат құбылыстарын да түсіндіретін. Атамды сөздердің мағынасын сұрап көп мазалайтын едім, ол кісі білгенін айтып, білмегенде, амалсыздан сөздіктің көмегіне жүгінетін. Немересінің көңілін қалдырған кезі болған емес. 

Полковник Маркес – мені түсінетін жалғыз жақыным еді. Бала күнімде мен өте көп қиялдадым. Әртүрлі жағдайлар мен өмірде жоқ достар ойлап тауып алып, айналамды қатты ауырып жүрмін деп алдауды жаным сүйетін. Сондағы мақсатым – өмірді сәлде болсын қызықтырақ жасау болған. Сол үшін де үлкендерден үнемі ұрыс та еститінмін, олар мені көп сөйлейтін өтірікші деп айыптайтын. Тек атам ғана маған жақ болып, менің қиялдауыма шек қоймаған. Мүмкін, сол кезде-ақ кішкентай өтірікшіден болашақ жазушыны көрген болар. Бір күні, мен салған суреттерді әлдекімге көрсетіп отырып, атам: «Ол суретті жөргегектегі күнінен салады», - деп мақтана сөйледі. Ол о дүниеге аттанғанда, мен сегіз жаста болдым. Менің бар жазушылығым – сол сегіз жасымда, менің бойымда және әлемде болған өзгерісті түсінуге, сипаттауға деген талпыныс.

Мен ұстазым деп айта алатын тағы бір өзге жан – лицейде испан тілі мен әдебиетінен сабақ берген Карлос Хулио Кальдерон Эрмида. Мен оның сүйікті шәкірті болдым. Дон Карлос лицейде тәртіптің бақылаушысы еді. Мен әлденені бүлдіріп, сотқарлық жасағанда, жазалаудың орнына мені партаға отырғызып қойып, ертеңгі күнге әңгіме жаз деп бұйыратын. Сол кісінің арқасында жазумен айналысуды ойлай бастадым. Жазған өлеңдерімді сол кісіге көрсетіп едім, лицейдің әдеби журналына басып шығаруға жәрдемдесті. Ол туындыларымның барлығы сол кездегі ғазиз ғашығыма арналған. Тағы да Кальдеронның арқасында, бір өлеңім «Эль Тьемпода» жарық көрді. Лицейдегі ұстазым тұңғыш кітабымның бір экземплярын сыйға менің тартқан алғашқы адам еді.

Әгәраки, әдебиеттегі ұстаздарды атасам, олар – төртеу. Жалпы тілмен айтсақ, әдебиеттегі ықпалдылық – өте маңызды дүние. Ол мені бұрыннан еліктіреді. Жасөспірім шағымда, қолыма Франц Кафканың «Метаморфоза» атты әңгімелер жинағы түсті. Ол шығарманы оқығанымда кәдімгідей абдырап қалғаным рас. «Міне керемет! Әдебиет деген осы болса, жазуға болады екен», – деп ойлағаным әлі күнге есімде.

Мен әдебиетте жазуға тыйым салынған, мүмкін емес деп ойлаған дүниелерімді жазу керек екенін Кафка көрсетіп берді. Бірден қолыма қалам мен парақ алып, жазуға отырдым. Кафканың әсерінен менің алғашқы туындыларым дүниеге келді. Қазір оларды менің әңгімелер антологияма қосып жүр. Мен оны жаратпаймын, себебі менің алғашқы жазғандарым тым интеллектуалдандырылған және олардың менің өміріме де, ақиқатқа да қатысы жоқ. Жалпақ жұртқа айтқым келгені ол емес.

Маған көп дүние хақында тәлім берген – Уильям Фолкнер. Дұрысын айтсам, ол кісі менің пайымдарымды нақтылады. Ол суреттейтін әлем, менің жазғым келген әлеміме ұқсайды. Фолкнер АҚШ-тың оңтүстігіндегі өмірді баяндайды. Ол жерлер мен дүниеге келген, Колумбияның Кариб жағалауындағы Аракатака ауылына келеді. Мал бағатын жайылымдар, пальма ағаштары, теміржол вагондары... Бұның бәрі АҚШ-тың оңтүстігі мен менің туған жеріме бірдей тән. Әңгіме мынада, Аракатаканы атақты «Юнайтед фрут компани» салған, және ол өзімен америкалық өмір сүру салтын, оңтүстік аймақтардың атмосферасын ала келді. Айтқандай, ол біраз уақыт латындықтарға тән болған. Сондықтан, Фолкнер өзінің Йокнапатофымен, латынамерикалық пен солтүстік америкалық көзқарасымен қоса, менің микрокосмомның бір бөлігі.

Тағы бірі, Вирджини Вульфтың әсерін бөлек, ерекше дер едім. Ол кісінің прозасы фантастикалық, әлем мен барлық дүниеден қатты әсерленетіндігімен дараланады. Ең маңыздысы, уақытты жақсы сезінеді. Ол әрбір секундты, минутты, сағатты, күнді оқырманға жақсы бере отырып, мәңгіліктің бөлшектерін құрастыра білген. Кітаптары маған жазуға көмектесті.

Атамасқа болмайтын тағы бір есім – никарагуалық ақын Рубен Дарио. Оның өлеңдерінде қайталанбас, сиқырлы Кариб Америкасының әлемі бар. Өмірімдегі ең маңызды кітабым «Әміршінің ақырында» мен Дарио мен карибтік көптеген ақындардың өлеңдерін еркін қолдандым. Меніңше Дарио, феодалды диктаторлар заманының ең көп кездесетін ақындарының бірі. Бірақ, Патриарх жайында жазған кітабымда оның орны бөлек, себебі ол кісінің өлең жазғанда пайдаланған тілінің таңғажайыптығы мен үшін кәдеге асты. Онсыз роман да болмас еді.

– Өміріңіз бен мансабыңызға көңіліңіз тола ма?

– Ризамын дер едім. Менің жағдайымда, көңілім толмайды десем, әрине, әбестік болар. Жоқ, жағдайым емес, жасымды ескерсе. Тәнім 76-ға келгенде, «Жаным мәңгі жас», – деп, шошаңдасам, «барлығын басынан бастағым келеді», – деп көлгірсісем, ақымақтық болады. Ерсі көрінсе де өмірдің қарбаласына ойланбастан бас салып кірісіп кететіндей, мен Фидель Кастро емеспін. Кейде оған қызыға да қызғана қарайтын кездерім болады.

Менің егде тартқан жасым еш қиындық туғызбайды. Мен қартаңдыққа әрқашан дайын жүрдім. Шатаспасам, он жасымда менің лақап атым «Шал» болатын. Себебі ылғи да өзімді үлкен кісіше көрсеткен ұнайтын. Сол кездегі құрдастарым да мені үлкендерше ойлап, қарттарша жүріп-тұратынымды айтатын. Өз жасымнан үлкен көрінсем деген қалауым артымнан тағы біраз жыл қалмады. Кейде өзіме де атам секілді сөйлейтінім байқалып қалатын.

Менің мансабым мен өмірімнің шарықтау шыңы іспетті, естеліктерді жазудан өмір бойы қорқынышпен, бойымды аулақ ұстауға тырыстым. Жердегі өміріме нүкте қоюдан қашқақтап, оның жазылу уақытын мүмкіндігінше созғыладым. Менің бар қалағаным – жай ғана өмір сүру. Және, ескеретін жайт, мен әрқашан қиялдан туған дүниелер жазумен айналыстым, ал бұл жерде оқырманға «ащы» шындықты жайып салуға тиіспін. Екі жыл бұрын бұл белден де асып, «Өмір жайында айту үшін өмір сүру» деген атпен алғашқы естеліктерімнің бірінші томын жарыққа шығардым. Ол кітаптың барлық 579 беті тап-таза шындығым. Алғашқы естеліктерімді 1989-жылдан бастап жинап келе жатқанмын, бірақ 2002-жылға дейін жарыққа шығаруға тұрарлықтай ештеңе жинала қоймады. Бірақ, баспадағылар олай ойламады. Олар «бол-болға» салып, асықтырып, ақырында жазбаларымды қолымнан жұлып алардай болды. Мәтінге төрт жүзден астам өзгертулерді теріліп қойған кезінде енгізуге мәжбүр болдым. Ең соңында, кітаптың болмысын ұқтыратын эпиграф қостым: «Өмір – сенің көргенің емес, ол түйгенің мен сенің қалай айтатының».

Шарықтау шегіме жеткен соң, Габриель Гарсиа Маркес есімді адам, бір емес, кем дегенде, екі өмірмен күн кешетінін түсіндім. Оның бірі – өзімнің білетінім, бағалайтыным, әрі өмір кешіп келе жатқаным. Басқасы, өздігімен, маған байланыссыз өмір сүреді. Ол өмірде, әдетте батылым жете бермейтін істер орын алып жатады.

Бұл қақ жарылу менің атағым шыққан соң басталды. Өңім түгілі түсіме кірмейтін мақалалар мен іс-шаралар газет беттерінен қылаңдап шыға беретін болды. Менің оларға қатысым жоқ еді. Жердің әр түкпірінде мен оқыған лекциялар мен менің қатысуыммен өткен конференцияларды, презентациялар мен сұхбаттарды журнал беттерінен көре бастадым. Ең қызығы, сол сұхбатты бермеген болсам да, әр сөзімен келісемін. Бірнеше рет, достарымның үйіне қонаққа барып, өз кітабыма қолтаңба қою үшін кітапханаларына ұрлана кіргенім бар. Бірақ әрқашан да, менің тез-тез жазатын стилімде, менің жақсы көретін қара сияммен, менің қолым қойылып тұратын. Менің тылсым сыңарымның құрбанына айналып жүрген құрдастарыма, ол қолтаңба менікі емес деп айтып ағымнан жарылуға батылым жетпеді. Дәлелдеу, сөзсіз, қиын болар еді. Оның үстіне, мені қартайғанда алжыды деп айтқандарын қаламадым.

Соңғы жылдары, менің сыңарыммен байланысты қиындықтар, қорқынышты, тіпті ыңғайсыздау оқиғалар бола бастады. БАҚ өкілдері, мені аса бір құштарлықпен жерлегісі келгендей, менің өлімім жайлы шулап, жарыса жазып кетті. «Бүгін Габриель Гарсиа Маркес бақилық болды», - деген хабарды теледидар немесе радио қосқанымда бірнеше рет естідім. Екі айда бір жерлеп тұратын бұндай хабарландырулар алғашында ашуымды келтіретін, кейін етім үйренді. Жақында, Мехикода бір журналист: «Маэстро, сізді радиода таңертең қайтыс болды деп еді ғой», – деді. «Көріп тұрғаныңдай, алдыңда өлі күйімде тұрмын ғой», – деуден басқа амалым қалмады. Ал, бірнеше жыл бұрын интернетте бір пысықай менің атымнан қоштасу хатын жариялапты. Мені жақсы көретін әрі мен де жақсы көретін оқырмандарым, сондай арсыздықтың қарабайыр түрін менің жазғаным деп ойлайтындары мені шынымен құлазытады.

Бұның бәрі, атағыңның тым қатты жаңғыруы. Қолдан келер қайран жоқ. Екінші «менім», менің келісімімсіз әлемді еркін шарлап, халықтың қошеметіне бөленіп, ойына келгенін істеп жүр. Біздің ұқсамайтындығымыз есіне кірп те шықпайтын болар. Ол ана жақта, менің өмірім мен мансабымның қызығын көріп, не қаласа соны істеп жүргенде, мен мында жазба үстеліме шұқшиған қалпымда, қайта оралмас жастық шағымды сағынып, қартайып барамын. Қолымнан келгенін істеп бағудамын.

– Қазіргі таңда жан дүниеңіз қандай хәлде?

– Кем дегенде, соңғы он жылда, мені жаһандық өзгеріс алаңдатады. Біздің әлем бұрыс бағытта құлдырай құлап барады. Сол құлдырау әсері барлығымыздың бойымыздан байқалады. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана әлемде болып жатқан жағдайларды анық көре алсам, қазір тіпті бағалап, сұрыптаудан қалдық. Кейде, ештеңені ұқпай, ойлана алмай қалғандай боламын. Бәлкім, саудасы біткен романтик немесе қияли болармын, бірақ ертеңгі ұрпаққа не болатынына шынымен алаңдаймын. Сондықтан, басқа әріптестерім секілді емес, мен өз ойымды анық әрі тура айтудан жасқанбаймын. Көп адамдарға бұл ұнамайды, менің белсенділік танытатынымды жаратпайды. Колумбиялықтарға түп ата саналатын Испанияға бармаңдар деген сөзімді де жақтыртпайды. Кубада болған төңкерілісті жақтағаным да ұнамайды. Колумбия билігі мен партизандар арасындағы бейбіт келіссөздер мен саяси шараларға ат салысқаныма да қырын қарайды. Әрине, кез келген адамның дауысы секілді, менің жалғыз дауысымның құны бес тиын болар. Жалғыздың шаңы шықпас демей ме, сондықтан адамзат болып, «глобалды» проблемаларға қарсы тұруымыз керек. Адамдардың әр текті болып кетуінен, шектен шыққан тұлғалықтан сақтануға тиіспіз. Ықылым заманнан келе жатқан достық пен махаббат сынды құндылықтарды қайтаруға талпыныс жасауымыз керек. Қолымыздан келетініне шын сенемін. Тек, керегі бір-ақ зат- әлемдік өркениеттің рухани жаңғыруына барлығы бір кісідей ат салысса болғаны. Осы тұста есіме, қазіргі жаңа түсінікпен байланыстыруға болатын ескі революция ұраны түсіп отыр: «Халық бір болса, жау алмайды».

– Болашаққа жоспарыңыз?

– Менің бар жоспарым, жаза түсу. Жазусыз бір күн де өмір сүре алмаймын. Сол үшін де құдайым ойымдағын қағазға түсіріп үлгеруге уақыт берер деп сенемін. Соңғы алты жылда тым асығыс болып жүргенімді байқадым. Өмір сүруге асығамын. Естеліктер жазуға асығамын. Соған қарамастан, әдеттегі өмірімді жалғастырып келемін. Бұрынғыдай көптеген қалауларым мен армандарым бар. Орындалмастай мақсаттарымның бірі- ескі достарымды қайтару. Бұл жерде өлім жалғыз кедергі емес. Мәселе басқада. Әр кеш сайын Мерседес екеуміз үстелге отырамыз да қоңырау күтеміз. Достарымыздың бірі хабарласып, кешкі асқа шақырса екен деп тілейміз. 

Өкінішке орай, олар телефон тұтқасын тірі аңыз адам алып, қолы тимейтінін, роман жазып жатқанын айтатынына бек сенімді. Менің уайымым осы болды. Шарықтау шыңыма шықтым да жан-жағыма көз салып тұрып шошып кеттім: айналамда ешкім жоқ... Тас қамалға жабылып, жұрттың назарында болу, өте қорқынышты жағдай. Міне, жазушылық өмірімде мен айналысқан жалғыздық тақырыбы, осы болар. Биліктің жалғызсырауы мен жалғыз билік, менің романдарым мен әңгімелерімнің арқауы болатын. Дәм-тұзым таусылар шақта, өмірдің ащы ойынына құрбан болдым: билік жалғыздығына ұқсайтын, даңқтылықтың жалғыздығына қамалдым.

– Ата-бабаларыңыз бен ата-анаңыз жайында не айта аласыз?

– Атам жайында әңгімелеп бердім. Бабаларым жайында көп біле бермеймін. Әкемнің әке-шешесі испан ұлтынан болған, олар бар ғұмырын Колумбияда өткізді. Атамның әкесі испандық, Астурия провинциясынан шыққан екен. Ол кісі Колумбияға арман қуып, дәулет жинауға келген. Орыс достарым менің армян ұлтына ұқсайтынымды жиі айтатын, кім біледі, тәнімде армяндардың да қаны бар шығар, не дегенмен, Колумбия әртүрлі ұлттың жиынтығы ғой. Армяндар да аз емес. Тіпті Армения деп аталатын қаламыз бар.

Әжем, Транкилина Игуаран Котес, атамның немере қарындасы болған. Олардың үш баласы бар- екі ұл, бір қыз. Әжем, табиғатынан өте сенгіш әрі әсершіл кісі еді. Менің шектен тыс фантазиямның тыңдаушысы да,көзсіз сенушісі де сол кісі. Демін ішіне тарта, әжем менің әңгімелерімді қызықтай тыңдайтын. Бір кезде мені пайғамбар деп шешіп, кейін соның әсерінен төсек тартып жатып қалғаны бар.

Менің анам, Луиса Сантьяго Маркес Игуаранды «Аракатака гүлі» деп атайтын. Анам, өте тәрбиелі әрі биязы-тұғын. Әкем, Габриель Элихио Гарсиа Мартинес, телеграфист болып жұмыс істеп жүріп, кейін кәсіби гомеопат болып кетті. Олар, анамның әке-шешесінің қарсылығына қарамастан отбасын құрады. Атам, полковник Маркес, жалғыз қызын қалтасында бір тиыны жоқ, қарпайым телеграфистке тұрмысқа бергісі келмеген екен. Оның үстіне, атам нағыз либерал да, әкем консерватор. Колумбияда бұл үлкен дау әрі жанжал мен жауласушылықтың себепкері.

Мен отбасымның тұңғышымын. 1928 жылдың 6-наурызында дүниеге келгенмін. Менің дүние есігін ашуым отбасымдағы келеңсіздікті тоқтатты: атам мен әкем қол алысты.

– Сіз үшін өмірдің мәні неде?

– Өзіңді дамыту, Ұлы Арманыңды орындау және нағыз махаббатты сезіну. «Тұлғаның дамуы» деген сіздердің журналдарыңыздың атауы керемет. Құдайдың берген жолымен жүрмесе, адам өзін тұлға ретінде дамыта алмайды. Әрбіріміз басқаның емес, өз жолымызбен жүріп өтуге тиіспіз. Егде жасқа келіп, артқа көз салғанда, өткенің өзіңдікі емес, бөтен әрі ерсі екенін көру, ал алдыңда белгісіздік пен жалғыздық күтіп тұрғанын білу- ұлы қайғылардың бірі. Мен үшін өмірдің мәні, барынша белсенді болу мен өмір жайында баяндау.

Махаббатсыз өмір мүмкін емес. Ғашықтық сезімі өмір сүруге күш беріп, өмірді әрлендіреді. Бұл сезімсіз өмір жай ғана қызықсыз емес, мәнсіз әрі керексіз. Махаббат вирусын жұқтырмаған жүрек, бір күні болмаса басқа күні іріп-шіріп құриды. Жүрек сезімсіз қалғанда, адам да өледі. Пәк махаббатсыз жер әлемі басқа кейіпте болар еді.

– Мінездің қай қырын бағалайсыз?

– Шынайылықты, ол жер бетінен жойылып бара жатқандай. Кейде тіпті нақ шегірен былғарының өзі дерсің. Көз алдыңда кішірейіп, жойылып барады. Кейін ерекше құндылыққа айналып, адамның міндетті мінезінен алынып, артықшылығы ғана боп қалмақ.

– Ұнатпайтын мінезіңіз?

– Өтірік сөйлеу. Ол менің бойымда жиіркеніштен басқа ештеңе шақыра алмайды.

– Ең сүйікті ісіңіз?

– Менің ең сүйікті, ең маңызды, асылында, жалғыз ісім – кітап жазу.

– Әгәраки ұлы сиқыршы бола қалсаңыз, не істер едіңіз?

– Өзім үшін... Өтірік көлгірсу мен жалынды ұрансыз, шынымды айтсам, жанымды қинаған дерттен айырылар едім.

Жақындарым үшін... Қазір қолымнан келмейтіннің бәрін жасар едім.

Кәсібіме байланысты... Жазылған шығармалар ішінен «Жүз жылдық жалғыздықты» алып тастар едім. Тым құрымағанда қайта жазып шығатын едім. Мен ол кітабым үшін ұяламын, бір себептермен оны өзімнің көңілімнен шығардай қылып жазуға уақытым тығыз болды.

Мигель Паласио

2005 жыл, тамыз.

Ықшамдап тәржімалаған: Терликбаев Думан

«Солақайлар» әдеби клубы


author

Габриель Гарсиа Маркес

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...