Құм жұтқан қалалар. Ерте заман «метролары».

ТАНЫМ
12330

«Мен 1945 жылдың күзінде жергілікті қарт кісілердің көмегімен көне Сайрамдағы жер асты жолының аузын таптым. Оның ішіне түсіп екі шақырымдай жол жүрдім. Жер асты жолы Қазығұрт тауына қарай кетеді екен. Іші кең, ауасы таза, тек қана жарық жоқтың қасы. Қабырғалардың кей жеріне тас өрілген».

Еркеболат Бекмухаметов, техника ғылымының кандидаты, дербес пенсионер, Алматы қаласы.


«Ежелгі Отырар маңайында Пышақшы деген төбе бар. Бұл төбе кезінде Отырардың қосымша серіктерінің бірі болғаны анық. Жергілікті қарттар сол Пышақшы төбенің бүйірінде жер асты жолына түсіретін тесік бар деседі».

Сауранбай Баубеков, Қызылқұм ауданы, «Талапты» совхозы.

Жер асты жолы... Бұл жолдарды қай заманда кімдер салған? Оларды нендей мақсатқа пайдаланған? Қазіргі Шымкент облысында тап осы жер асты жолына байланысты айтылып жүрген аңыздар ақиқат па?

Осы әңгімелер жас кезінен есіткен талай жанның көкейінен мықтап орын алғаны ақиқат. Ежелгі Отырар, Сайрам, Түркістан қалаларында тұратын көне көз кәриялар осы жер асты жолдары жайлы не қилы қызық әңгімелер айтып отыратыны әлі есімде. Соның күллісіне таңдай қағып өскен маған жер асты жолының құпиясын ашу парыздай көрінетін. Әрине, бұл даңғаза, қызыққұмарлық емес... жер асты жолдарында да халқымыздың көне тарихы бар дегендіктен туған ой болар. Бұл құрылыстар да ертедегі ата-бабаларымыздың аласапыран тағдырына байланысты салынған болар. Иә, халқымыздың қала салу, отырықшылану кезеңімен көбірек шұғылданар ма еді. Мезгіл өткен сайын жер асты жолының құпиясы да ұмытылып барады, бірақ қызықтыра береді.

Жер асты жолдары туралы тарихшылар өте сараң айтады. Солардың біразына жүгініп көрейік.

Ертедегі грек тарихшысы Геродот парсы патшасы Кирдің сақтар еліне жасаған жорықтары жайлы жазған өзінің еңбегінде былай дейді: «Кир қолы Яксартының арғы жағындағы сақтардың (массагеттер — біздің арғы ата-бабаларымызды осылай атаған) сарбаздарымен қатты ұрыстар жүргізді. Массагеттер көшіп жүретін, әрі тез, әрі тұтқиыл қимылдайтын жандар. Олардың қорғанды қоныстары да болды. Қорғанда тұратын массагеттер парсы қолына ешқашан беріліп көрген емес. Қол қорғанды бұзып, ішке басып кіргенде әлдеқандай құпия жолдармен халықтың қаладан шығып кеткенін көріп, жер сипалап қала беруші еді»87.

Тарихшы айтқан «әлдеқандай құпия жолдар» тап осы жер асты жолдары екені даусыз.

Осыдан соңғы бір деректі әйгілі ақын Фердаусидің «Шахнама» дастанынан табамыз. «Яксартының оң жағалауында сақтардың Канг Вигишт деген қаласы болды. Парсы әскерінен қашып келе жатқан Афрасиаб («Шахнамадағы» басты кейіпкер) осы қалаға ақырғы рет келіп бас сауғалады. Қаланы парсы қолы қоршап алады. Сонда, Афрасиаб қаладағы құпия жер асты жолымен қашып кетеді»88 дейді ақын.

Ал Фердаусидің өзінің атақты дастанын тек қана тарихи шындықтан, өмірде болған хандардың өмірінен алып жазғаны баршаға мәлім. Сондықтан да оның кітабы «Патшалар тағдыры» деп аталған-ды.

Жер асты жолдары туралы академик Марғұлан былай дейді: «Ташкент айналасындағы аудандарда аралас тұратын қазақтар мен өзбектердің арасында ежелгі Шаш (Ташкент) қаласының маңында жер асты жолы болғаны туралы аңыз осы күнге дейін айтылып жүр. Сайрам селосының тұрғындары ерте кезде Сайрамнан — бір жағы Түркістанға, екінші жағы Шашқа дейін жалғастырып жататын жер асты жолы болғанын осы күнге дейін растайды. Ал Сайрамның өзінде, көне мешіттің алдында, сол жер асты жолына түсіретін шағын үңгірдің аузы бар»89.

Аталған тарихшылар жер асты жолы туралы түбегейлі пікір айтпаса да, сол дәуірдегі жағдайға байланысты оның сыр-сипаты мен маңызын аз да болса аңғартып кетеді. Келтірілген үзінділерден біз екі түрлі қорытынды жасаймыз. Бірінші, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі жер асты жолдары өте ертеде, шамамен алғанда біздің дәуірімізге дейінгі IV—III ғасырларда салына бастаған. Екінші, бұл жолдар дүние жүзіндегі жер асты жолдарының ішіндегі ең ұзыны.

Жер асты жолдарының өзіне сапар шегелік.

1964 жылдың июль айында елді аралауға жолға шықтым. Сапарымды ежелгі Сайрам қаласынан бастағанды жөн көрдім. Сәті түссе, көптен құмартып жүрген жер асты жолдарын іздегім келді.

Көне Сайрам қазіргі Шымкент қаласының оңтүстік жағында қашықтықта жатыр. Қала Талас Алатауы мен Қазығұрт тауының түйіскен қолтығында, яғни, аңғар тартып ағатын Сайрам өзенінің жағасына орналасқан. Ежелгі қала сүлдесі тым жүдеу. Әр жерде қалқиып-қалқиып тұрған қорған қалдықтары ғана көрінеді. Мұнда құлпытастар, мавзолей, көне медреселер қалдығы қыруар жерді алып жатыр. Әзірге бүтін тұрғандары Қарашаш ана (Ахмед Яссауидің анасы) мавзолейі, Мыралы мавзолейі, аттан айтып, азан шақыратын бірер мұнаралар ғана.

Аталған құрылыстардың архитектуралық салыну жүйесі өте әсем, бірін-бірі қайталамайды. Қабырғалары ақ, қызыл қыштармен өрілген. Күмбез, қалпақтарға ешқандай темір, не ағаш пайдаланылмаған.

Көне қалалардың архитектурасын, көлемін, онда мекендеген халық санын шамалап, дәлелдеудің бір әдісі — сол қаланы қоршаған қорғандағы қақпалардың санына назар аудару болып табылады. Егер қорғанға жасалған қақпа саны көп болса, онда мекендеген халық та көп, соған лайық қаланың көлемі де үлкен болғаны, деп топшылауға негіз бар. Мысалы, ежелгі Отырарда бес қақпа, Сығанақта төрт қақпа, Түркістанда төрт қақпа, Сайрамда бес қақпа болған.

Көне Сайрамда қорған қақпаларының орны әлі де анық білініп жатыр. Қорған негізінен тас пен қыштан қатар, жарыса өріліп, тұрғызылған. Сондықтан да қорғанның орнынан үйіліп қалған қыруар тас қаландыларын көреміз. Ал қыштарды жергілікті тұрғындар тасып әкеткен.

Сайрамдағы жер асты жолдары өте құпия ұсталған. Олар туралы не қилы әңгімелер айтқанымен, жергілікті халықтың оған түсетін ауызды дәлдеп көрсете алмайтындығының да себебі осы. Біледі-ау, деген қарт кісілердің санасына: «киелі жер, ондай орынға баруға шариғат тыйым салады» деген ұғым әбден сіңіп қалған.

Алайда әуелі сондай қарттарға жүгінуге тура келді. Ақырында, бір қари (құранды жатқа білетін адамды осылай атайды) жер асты жолдары туралы таяу жылдарда ешқандай сыр ашып, ешкімге айтпауға сөзімді алды, оларды көрсетуге келісім берді.

Жер асты жолы... Оның аузы көне қорғанның ішінде болып шықты. Көзбен мөлшерлегенде қорғанның оңтүстік бұрышында елеусіз бір қирап қалған мұнараның (минарет) түбінде жатыр. Бетін жарым-жартылай жыңғыл басып кеткен. Академик Ә. Марғұланның айтуынша, жер асты жолының аузы ескі мешіт алаңында болатын. Бірақ, академик халықтың ауызекі айтқанына сүйенген секілді. Ескі мешіт пен әлгі қираған мұнараның ара қашықтығы онша алыс та емес. Демек, зерттеушілердің кейбір жағдайда жаңылуы әбден ықтимал. Олай дейтін себебіміз, көне Сайрамда қираған ескі құрылыстар өте көп. Ал оның үстіне жерасты жолдардың басқа да кіріп-шығар жері болуы да мүмкін нәрсе.

Жер асты жолына түсіретін үңгірдің аузы елеусіз болғанымен, оның іші бір қарағаннан-ақ кең екені байқалады. Үңгірдің ернеуінен төмен қарай тас басқыш жасалған. Жердің бетінен бірте-бірте түсетін бұрыш (көлбеу бұрыш) шамамен 30°-қа тең. Жер асты жолының бағыты оңтүстік-батысқа қарай кетеді. Ал жер асты жолының едені құрғақ топырақ. Түсе беріс жердің едені, қабырғалары тас. Он бес қадамдай жүріп негізгі жер асты жолына жеткенше маңай қара көлеңкеленіп тұрды. Қалта электр шамын пайдалануға тура келді.

Жер асты жолының биіктігі екі жарым метрге, ал ені бір жарым метрге жуық. Қатар жүрген үш кісі сиярлық. Үңгірдің ауасы таза, құрғақ. Ауыздан алыстаған сайын жер асты жолының ішкі тұрқы да анық байқала бастайды. Қабырғалардың кейбір жері таспен өрілген, көп жері жалаңаш, саз топырағы көрініп тұр. Жолдың жалаңашталған бұл жері уақыт өткен сайын тозудан болуы ықтимал.

Жер асты жолының ішінде шашылып жатқан немесе құлап қираған ешнәрсе байқалмайды. 40—50 қадамдай жүргенімде үңгір ішіне әлде қайдан түсіп тұрған әлсіз жарық көрінді. Дәл төбеде құбыр-тесік бар екен. Тесіктің аумағы үлкен кесенің бетіндей. Құбыр-тесікті қышпен өріп шығарыпты. Ауыздың арғы жағынан көгілдір аспан «сынығы» көрінеді. Таза ауа мен әлсіз жарықтың осы құбыр-тесіктен келіп тұрғандығында дау жоқ.

Құбыр-тесіктер шамамен алғанда жер асты жолының әрбір 40—50 қадамдай аралығынан төбеден шығарылып отырған. Бұл тесіктер жер асты жолы —«метролардың» өн бойында болуы мүмкін. Өйткені, ары қарай жүре түскенімде, әлгіндей тесік тағы да ұшырасты. Әрине, құбыр-тесіктер бірдей қашықтықта, тең аралықта бола бермеуі де мүмкін. Жол-жөнекей өзен, тау кездеседі. Сондай кедергілерге байланысты тесіктердің ара қашықтығы да, мөлшері де үнемі өзгеріп отырады.

Құбыр-тесіктердің жер бетіне шығар аузын құрылысшылар аса тапқырлықпен жасаған. Оған дәлел, жолдың үстімен арнайы жүрген кісінің өзі әлгі тесіктерді ешқашан да байқай алмайды. Тесіктер аузы жер бедерімен үйлестіріліп жасалғандықтан, құпия жатады. Олар не бір жақпар тастың арасынан, не бұтаның астынан шығарылған.

Енді жер асты жолының ішкі сипатына келейік.

Жер асты жолының қос қабырғасы тік, еденге 90° бұрыш жасап тұрады. Қабырғалардың биіктігі кісі бойынан асады. Бірақ бұл биіктік барлық жерде бірдей емес. Жердің бет бедеріне қарай өзгеріп отырады. Төбесі күмбездене барып қосылған. Қабырға мен жол үңгір төбесінің арасында не бағана, не ұстын жоқ. Оның себебі, төбе мен қабырғаның арасы киіз үйдің уығындай күмбездене иіліп келіп жалғасады. Бұдан, құрылысшылардың жер асты жолын салуда салмақ заңын қатты ескергені байқалады. Жолдың үстіндегі салмақ оның төбесіне емес, қос қабырғасына түседі. Ал, күмбезденген төбе ең арысы қалыңдығы бір жарым метрдей енсіз жердің салмағын ғана көтереді. Бұл, әрине, қабырғасы аса мықты күмбезге дәнеңе де емес.

Жер асты жолы жобасын жасаушылар салмақ заңын, жердің бедерін және топырақ құрамын ерекше есепке алып, құрылыстың сан ғасырлар бойы бұзылмауына жағдай жасаған. Сондықтан да дәл бұл күйінде, әлі де болса талай жылдар бойы, жер асты жолы келушілерді таңдандырып, қызықтыратыны анық. Жолдың ішінде құлап, бүлінген жер жоқ: іші таза сақталған. Демек, талай зерттеушілердің назарын аударып, оның картасын түгелдей жасап, түсіруге себепші болар деген де үміттен аулақ емеспіз.

Жер асты жолының кейбір жерлерінде бүйірден қазып шығарып жасалған кішкене қосымша бөлмелер де бар. Бөлмелер әрбір он метрдей ара қашықтықта, бір-біріне қарама-қарсы салынған. Осы қалпында жер асты жолы үлкен зал тәрізді болып көрінеді. Бөлмелерді «құжыра» деп атайды. Құжыралардың ұзындығы жатқан кісінің бойындай, ені бір жарым метрдей келеді. Үңгір-бөлменің іші, шынында да адам жатуға лайықталып жасалған. Қабырғаның оң жағында кісі сиярлық кішкене нар текпішек бар. Нар текпішектің бас жағында шырақ қоятын шағын қондырғы тұр. Қондырғының маңайы шырақ түтінінен әбден ысталып кеткен. Осы нарларға ерте заманда кісі жатқаны байқалады. Кейбіреуінде төсеніш еткен, шиден тоқылған шыпталар жатыр. Жергілікті қарттармен сөйлесе келе, әлгі құжыралардың жайымен де танысқандай болдым...

Сайрам қаласы XII—XVI ғасырлар арасында күшті дамып, өркендеген. Онда халық саны да өскен. Сол кезде мұсылман дініндегі бір ағым — суфизм Сайрамда үстемдік құрып тұрған. Бұл кезде мешіттер жергілікті дін басыларының қолында болды. Жер асты жолының бөлмелерін де сол дін басылары салғызған. Олар мінәжат етіп келген адамдардың қайыр-садақасын алып, оларды сол құжыраларға түсіретін болған. Мақсат: келген адамдар өздерінің күнәсінен арылу үшін, оның ауыр-жеңіліне қарай, әлгі бөлмелерде белгілі бір уақыт ішінде жападан-жалғыз жатып шығуы керек. Дін иелері тек осыдан кейін ғана ондай жандардың бойынан күнәсі кетеді-міс деп сендірген. Оның үстіне діндар, тақуа адамдар сол құжыраларға отырып алып зікір (құдайды мадақтайтын көп кісілік хор) салатын болған. Міне, осындай зікір салу үшін Сайрамнан гөрі Түркістандағы жер асты жолдары қолайлы етіп салынған.

Сайрамның жер асты жолындағы құжыралар оншалықты көп емес. Олар жолдың түсе беріс аузынан бір километрдей ұзағанша ғана кездеседі. Әрі қарай жалғыз жер асты жолының өзі ғана созылып кете барады.

Жер асты жолымен шамамен алғанда бір километрдей жол жүрдім. Ақырында, кейін шығуға тура келді. Өйткені, мұнда жүру үшін үлкен дайындық жұмысы керек еді. Оның үстіне, жалғыз-жарым жүру де қауіпті...

Сонымен жер асты жолдары екі бірдей мақсатқа арналып жасалғаны байқалады. Біріншіден, ерте кезде шапқыншылық өте көп болған. Сырттан келген жау қалаға басып кіретіндей жағдайда, қала датқалары, қолбасшылар қалған қолымен осы жер асты жолы арқылы шығып, құтылып кететін болған. Бейбіт күндерде патшалар бұл үңгір-жолдарға қазына-мүлкін сақтаған.

Екінші мақсат, халықты дінге тікелей бағындыру, жолдарды діннің күшті құралына айналдыру болып табылады. Дінге бағынбаған адамдарды осы жолдарға түсіріп, түрлі «кереметтер» көрсетіп, санасын улап отырған. Көп уақыттар бойы әлгі құжыраларға тақуа адамдарды қамап, аруаққа, рухқа сендірген.

Алайда Сайрамдағы жер асты жолы ең әуелі бірінші мақсат үшін, яғни соғыс жағдайына байланысты қазылған. Оған дәлел, бұл жердегі жол қаланың оңтүстігіндегі Қазығұрт тауына дейін апарады. Көне Сайрам мен Қазығұрт тауының арасы 40—45 километрдей. Сырттан келген жау қаланы басып алған кезде аман қалған қол дәл осы жер асты жолымен тауға шығып, құтылып кетіп отырған. Сол қол тау басынан келіп, күтпеген жерден басқыншы жауға сан рет күйрете соққы бергені бізге Рашид-ад-Диннің, Геродоттың, Джувейнидің шығармаларынан белгілі.

Уақыт өткен сайын жер асты жолдары ұмытыла берген. Ең әуелі оның түсе беріс аузы бітелуге айналған. Сөйтіп, тек ауыз-екі әңгімелерде ғана айтылып келді. Олай болса, жолдарды түбегейлі зерттеп, олардың салыну сырларын, пайдаланылу мақсаттарын анықтау мәселелері — тарих ғылымына көптеген міндеттер жүктейді.

Ал көне Түркістандағы жер асты жолының мақсатына келсек: ол тек қана дінді уағыздау үшін салынған. Бұл жолдарды «ғалжа» деп атаған. «Ғалжа» деген араб сөзі. Қазақша — жалғыз отыру, өмірді жалғыз өткізу деген ұғым береді. Ғалжаға бұл дүниелік өмірден безіп, «тәубасына келу» үшін ақтық сағатын жалғыз өткізгісі келген діндар қарттарды отырғызатын болған. Шынында, Түркістандағы жер асты жолы ұзыннан-ұзақ емес, екі бүйірден бөлме-бөлме мекен-жай етіп қазылған. Ғалжалардың бірінде, 63 жасында Ахмет Яссауи мекендеген көрінеді. Кейіннен көптеген бөлмелер зікір салатын орындарға айналдырылған.

Түркістандағы жер асты мекенінде кезінде ондаған адам бір мезгілде қатар тұрып, шайынатын (дәрет алатын) су құбырлары жүргізілген. Кей бөлмелерде «хамам» деп аталатын моншалары болған. Қазір, мұндағы жер асты құрылыстарының көбі қирап бүлінген. Су құбырлары қаңсып қалған. Төменге түсіретін тас басқыштар кісі жүруге қауіпті. Ешкім ішіне түспейді.

Ежелгі Түркістандағы жер асты мекеніне түсіретін басқыштың аузы қазіргі Ахмет Яссауи мавзолейінің қақпасынан оңтүстікке қарай бір километр жерде — қираған ескі мұнараның түбінде жатыр...

Отырар қаласында да ұзаққа созылған жер асты жолы болған. Бұл жол Түркістан мен Отырардың арасын жалғастыруы да әбден ықтимал. Өйткені, жергілікті диқандардың арық қазып жүріп, талай рет осы жер асты жолының үстінен шығып қала беретін кездері де болған. Кей жерлерде кішігірім канал суын жұтып қоятын оқаптар да бар. Осы оқаптардың күллісі бір кездердегі жер асты жолдарының кездейсоқ тесілген төбесі екені даусыз.

Ертедегі Отырар қаласының жер асты жолы оны Пышақшы, Көкмардан, Алтынтөбе, Құйрықтөбе секілді серіктерімен құпия жалғастырып жатқан. Жолдардың әсіресе, соғыс кезінде көп пайдасы тиген. 1219 жылғы монғол шапқыншылығы кезінде жер асты жолдарымен жергілікті халық азық, су, қару-жарақ тасыған. Алты ай қорғаныстан кейін қала қирап, жер асты жолдарының аузы көміліп қалған. Сондықтан қазіргі кезде, қираған Отырардың ішкі қорғанынан жер асты жолының аузын табу мүмкін емес. Себебі, қаланы қыруар қыш, тас, топырақ үйіндісі түгелдей басып жатыр.

Ал осы жолдарға түсер ауызды қаланың жоғарыда аталған серіктерінен, қазіргі кішігірім төбелерден іздеген мақұл. Бұлай дейтін себебіміз, сондай түсе беріс ауыздың бірі — Пышақшы төбесінің оңтүстік бүйіріндегі жыраның етегінен табылды.

Жер асты жолдары біздің ежелгі қалаларымыздың дүниеге келу дәуірін өте әріге сілтейді. Отырар, Түркістан, Сайрам қалаларының архитектурасын, құрылыс ісін анығырақ елестете түседі. Бұл құрылыстар өз кезіндегі озық мәдениеттің куәсі.

Бұл жер асты жолдарын сол ерте заманның «метролары» деуге де болады. Бірақ электр жарығынсыз, байланысы жоқ «метро». Ол мыңдаған құрыш білектердің күшімен салынған. Білімді-өнерлі ата-бабаларымыздың келер ұрпаққа қалдырған ұлы ескерткіші іспетті.

Жер асты жолдары — Оңтүстік Қазақстандағы тарихи ескерткіштердің аса бір маңызды саласы. Оларды дәйекті зерттеу арқылы біз ертедегі халқымыздың қала салу, мемлекетке айналып, өркендеп-өсу дәуірін анығырақ білеміз. Бабаларымыздың талай қиссаға азық болған жауынгерлігін, соғыс ісі жетістіктерін білеміз. Күні бүгінге дейін құпия болып келе жатқан кітапханалар мен қазына-мүліктердің тығылған орнын табамыз. Ел арасында айтылып жүрген қызықты аңыз-әңгімелердің сырын ашамыз. Сондықтан суретшілер Одағы мен Архитекторлар Одағының есіне осы бір маңызы зор мәселені салып, жоғалып, өшіп бара жатқан тарихи мұраларды жаңғыртып — баспасөз бетіне түсіруін, оқырман қауымды қуантуын тілер едік.

Дүкенбай Досжан

author

Дүкенбай Досжан

Қоғам

Елімізде жалғызбасты әкелердің саны 70 мыңнан асады , деп хабарлады madeniportal.kz. Саят есімді жа...

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...