Қонысбай Әбіл. Коронавирус Аяз Ата секілді

ӘДЕБИЕТ
2049
Қонысбай Әбіл,
Қазақстанның халық ақыны.

Біз біргеміз

Тексермей-ақ мекенжайын, тұрағын,
Елеместен жақындығын, жырағын.
Сараламай жақсысы мен жаманын,
Жіберіпті Алла үлкен сынағын.

Сынақтардың болмайды ғой жеңілі,
Жақсылардың тез өтеді өмірі.
Қайғы-мұңның салмағына жаншылып,
Қанша жанның шегерілді көңілі.

Бір кездері басқа қонған дара бақ,
Ұшатындай жүректерді жаралап.
Коронавирус Аяз Ата секілді,
Бар әлемді жүреді екен аралап.

Ұл жылады әкесінен айрылып,
Қыз егілді анасына қайғырып.
Вирус болса ажал сеуіп жолына,
Жарамады бұрылуға қайрылып.

Шамалыға көштің алдын бермейтін,
Патша көңіл өзіне тең көрмейтін.
Еуропада алпауыттар қиналды,
Орын таппай құрбандарын жерлейтін.

“Сан ажалдан сақтап қалған бір елді,
Қайдан іздеп тапсақ екен кіл ерді”.
Деп көпшілік қысылғанда таңдауы,
Антына адал дәрігерге тірелді.

Әрқайсысың бір-бір жеке таудайсың,
Жүректерді жақсылықпен жаулайсың.
Ақ халатты айналайын дәрігер,
Ақ қанатты періштеден аумайсың.

Күндерімді еске алып бұрынғы,
Дәрігерге жазып ем бұл жырымды.
Ынтымақ пен бірлігімді көргенде,
Сырқаттардың  беті бері бұрылды.

Бала күнгі сезімдерді сағынсақ,
Ата-ананың дегеніне бағынсақ.
Қандай бақыт баласындай бір үйдің,
Бір шаңырақ астынан біз табылсақ.

Өзендерге қайық салып кемеміз,
Бірге жүзсек, талас жоқ, біз жеңеміз.
Болашақты бетке алып келеміз,
Әділеттің жеңеріне сенеміз! 

Көп рахмет!
Үлкенге де балаға,
Екі ай бойы шығармадық далаға.
Бұл  жай ортақ ауылға да, қалаға,
Төрт қабырға салмақ салды санаға.

Сүйінші, елім!
Берік біздің іргеміз,
Тарт қолыңды, коронавирус
Татумыз біз, біргеміз!
author

Әбіл Қонысбай

Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі ресми хабарлама жариялады, деп хабарлады madeniportal.kz. Ресми хабарламада 20...

Шоу-бизнес

Жақында бостандыққа шыққан Мұрат Әбділдә абақтыда жатып 100-ге жуық ән жазғанын айтты, деп хабарлады...