Қазақ киносындағы отбасының, әке мен ананың, ұл мен қыздың, келін мен ата-ененің орны қалай бейнелен...
Нәзира Рахманқызы: Кино арқылы сананы билеуге болады
Өткен ғасыр еншісіне тиесілі «Барлық өнердің ішіндегі біз үшін ең маңыздысы – кино!» деген қағида әлі күнге өзектілігін жоя қойған жоқ. Қайта кино өнерінің рөлі күн өткен сайын арта түсіп, жаңаша сипатқа ие болуда. Экрандық туындылар бүгінде әр елдің идеологиялық қуатты құралына айналды десек, артық айтқандық емес. Бұл ретте мамандар қазақ ұлттық кино өнерінің қазіргі бағыт-бағдары мен келешегі туралы не айтады? Болашақ жас кинематографистердің кәсіби біліктілігін жетілдіріп, мамандарды ұлттық рухта тәрбиелеу үшін не істеу керек? Қазіргі мәдени-идеологиялық майданда қазақ киносы қаншалықты қауқарлы? Бүгінгі әңгімеде белгілі кинотанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ осы және жас буынды кино өнеріне баулудың басқа да сан-сапат ерекшеліктері туралы баяндайды.
– Жақында Қазақ ұлттық өнер университеті «Кино өнері және телевизия» факультеті студенттерінің курстық фильмдерінен онлайн-байқаудың жабылу рәсімі өтті. Әңгімемізді осы жобадан бастасақ.
– Мұндай байқаулар университетімізде жыл сайын өтіп тұрады. Әбден қалыптасқан үрдіс десек болады. Өйткені байқау болашақ киногерлердің аяқ алысын, қуантарлық тұстары мен әттеген-айларын зерттеп-зерделеуге мүмкіндік береді. Кез келген өнер иесі секілді болашақ кинематографист те шәкірт кезіндегі еңбектері арқылы тәжірибе жинайды, өседі, ой-өрісін жетілдіреді. Сондықтан студенттің университет қабырғасындағы фильмін ертең оны үлкен киноға алып келетін ішкі үні, бояуы, сезімі, ой-толғамдары, кинематографиялық стилі деп қабылдауымыз керек. Яғни мұндай жұмыстарды студенттің болашақ кинобағдарламасы деуге толық негіз бар.
– Жастардың фильмі несімен ерекшеленеді?
– Байқауда 30 фильммен таныстық. Олардың 21-і – көркемсуретті, 5-еуі – деректі, 4-еуі – анимациялық фильм. Әрине арасында үздіктері де, көркемдік деңгейі төмендері де болды. Дегенмен, сәтті шыққан дүниелердің басымырақ түскенін айтқым келеді. Жалпы, университетімізде кино мамандарын даярлау ісі 2010 жылдан бастап қолға алынған болатын. Осы он жыл ішінде әжептәуір тәжірибе жинақталды деп ойлаймын. Студенттеріміздің фильмдері көптеген халықаралық кинофестивальдарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Солай дегенмен әрбір жетістіктің артында шәкірттерге дұрыс бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген ұстаздардың қажырлы еңбегі тұрғанын айтпай кетсек, тағы болмайды.
Бұған дейін «Театр, кино және ТД» факультетінің құрамында болып келген «Кино және телевизия» кафедрасы өткен жылы «Кино өнері және телевизия» факультеті болып жеке отау құрды. Тағы бір қуантарлығы – «Кино суретшісі» деген жаңа мамандық ашылды. Кинода тек сценарист, режиссер, оператор, актер, дыбыс маманының ғана емес, суретшінің де еңбегі өте маңызды саналады. Оның үстіне елімізде кәсіби кино суретшілерінің саны саусақпен санарлықтай ғана. Ал фильмдердің қатары жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын ескерсек, қазақ ұлттық кино өнеріне арнайы мамандандырылған суретшілердің қажет екендігі айқын аңғарыла түседі. Жаңадан ашылған бұл мамандықтың алғашқы нәтижесі осы байқау барысында-ақ байқалып қалды. Өнер бәйгесіне қатысқан фильмдер негізінен осы жағынан бізді көбірек сүйсінтті. Сонымен қатар музыка факультеті шәкірттерінің қолтаңбасы тәнті етті. Мәселен, Бейбарыс Нұркенұлының (Әсия Сүлееваның шеберханасы) «Сайқымазақ» («Шут») деп аталатын фильмінің музыкасын жас композитор, бүгіндері докторантура бөлімінде оқып жүрген Олжас Байбеков жазған. Кино суретшілері секілді бізде арнайы музыка жазатын мамандардың да тым аз екенін ескерсек, мұндай тәжірибелер уақыт өте келе қазақ киносы үшін үлкен олжаға айналуы әбден мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, студенттердің көпшілігі фильмдерін университеттің арнайы жабдықталған кинопавильонында түсірді. Павильонның шағын кеңістігі олардың түс-бояу, жарық, деталь, дыбыс, ракурс, план, т.б. маңызды элементтермен жұмыс істеуіне мүмкіндік бергені қуантты.
– Байқауда ерекше көзге түскен фильмдерді атап өтсеңіз.
– Мысалы, «Анамның аты Бақыт» көркемсуретті фильмі (реж. Ш.Сержан; Е.Нұрмұхамбетовтің шеберханасы) анаға, жалпы отбасы, ошақ қасындағы әйел тағдырына көңіл бөлуімен ой салды. Фильм кейіпкерлерінің кинематографиялық бейнесін дәл, нақты бере алуымен қызықты. Шұғыланың алғашқы «Самал» фильмі өте сәтті шығып, біраз фестивальдың бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Шынын айтсақ, екінші фильмі қалай болар екен деп аздап жүрексіне күткенбіз. Өйткені режиссердің нағыз сыналатын тұсы да – екінші фильмі ғой. Жас режиссер сол үмітімізді ақтады. «Самалда» басталған тақырыбын, кинематографиялық стилін бұл фильмде де жалғастырып, тіпті тереңдете түскен екен. Жалпы, Шұғыла Сержан – өзіндік үні, көзқарасы, айтары бар, болашағынан үлкен үміт күттіріп жүрген жастардың бірі. Бұған дейін үнемі замандастарының қызықты бейнесін ұсынып жүрген Әмір Әменовтің (Е.Нұрмұхамбетовтің шеберханасы) «Айлық күні» фильмін сәтті туындылар қатарына жатқыздық. Бұл фильм бір қарағанда қарапайым секілді көрінгенмен, сюжетінің кино тілі көмегімен сан қатпарланып, тереңдеп кете баратынымен ерекшеленеді. Бүгінде киноэкраннан тазалық, мөлдірлік, поэтикалық сарынды өте сирек кездестіретініміз рас. Кейде кино кеңістігіндегі қатыгездік, зұлымдық, мейірімсіздік, дөрекілік кейіпкерлердің сыртқы әлемнен қорғануының жалғыз жолы болып қалғандай әсер қалдырады. Бұл ретте Әділ Нұрмұхамбетовтің (Ә.Сүлееваның шеберханасы) бірде-бір диалогы жоқ «Бір күні саябақта» («Однажды в парке») фильмінің лирикалық-поэтикалық, нәзік әрі мұңды бояуы назарымызды аудартты.
Әліби Мұқышевтің (Ә.Райбаевтың шеберханасы) «Өшіргіш» атты анимациялық фильмі де – ойлы, астарлы, мазмұнды дүние. Бар болғаны қалам мен өшіргіштің көмегімен адам баласы өмірінің кейбір тұстарын көрсете алған бұл фильм ұтымды метафоралық бейнелерімен ерекшеленді. Сондай-ақ болашақ анимациялық кино мамандарын даярлап жүрген Жәнібек Нұрбектің шеберханасында оқитын студенттердің де шығармашылығын атап өткім келеді. Олар – «Өткір заттар» (реж. Әмина Тазиатова) және «Қызғылт көзілдірік» (реж. Алтынай Кеңесбек) фильмдері. Әдетте жас киногерлерді (тек олар ғана емес-ау) қазақ әдебиетін білмейді, оқымайды деп сынап жатамыз. Шынында да, бұл тырнап қалса, қансырап шыға келетін беті ашық жарамыз ғой. Тіпті ересек кинематографистердің арасынан ілуде бір-екеуі болмаса, қазақ жазушыларының шығармаларына мән бермейді. Сондықтан белгілі кинорежиссер, продюсер Сламбек Тәуекелдің шеберханасында оқитын Назерке Базарбаеваның Төлен Әбдіктің «Қонақтар» деп аталатын тамаша әңгімесі желісімен экрандалған жап-жақсы фильмін көргенде шын қуандық.
– Студент жастардың мұндай салмақты тақырыпты қаузауы, әрине өте құптарлық жайт. Дегенмен, әттеген-ай дейтін тұстары болды ма?
– Әрине студенттердің аяқ алысы жаман емес. Шығармашылық ізденістердің бар екені байқалады. Бір әттеген-айы – қазақ тілінде түсірілген фильмдер аз. Бұл анығында – дәл қазір еліміздегі толықметрлі фильмдерге де ортақ өзекті мәселе. Мысалы, өткен жылы көрерменге 46-47 фильм ұсынылса, соның ішінде қазақ тілінде түсірілгені онға жетпейді. Жыл сайын қайталанатын көрініс осы. Тіпті ақпанның соңы мен наурыз айының басында Ұлттық киноны қолдау орталығы өткізген питчингке қатысқан 88 киножобаның бар болғаны жеті-сегіз пайызы ғана қазақ тілінде қорғалды. Бұл енді дабыл қағатындай жағдай. Тым болмағанда, елуде елу болса, мейлі-ау. Жоқ, жеті-сегіз пайыз. Қазір өз тілімізде жақсы фильм түсірілсе, қуанбақ түгілі, алақайлайтын жағдайдамыз. Ол түгілі кейіпкерлері анда-санда қазақ сөзін әңгіме арасында қыстыра кетсе, оған кәдімгідей ішіміз жылып қалатын жағдайға жеттік. Бұл енді барып тұрған сорақылық. Өзекті өртейтін жанайқай! Алпауыт мемлекеттерді, жан-жағымыздағы көрші елдерді айтпағанның өзінде, бір миллионға жетпейтін халқы бар Саха елі киносын тек өз тілінде түсіреді. Содан олар көштен қалып қойды ма? Ресей билігі «Неге сендер фильмді орысша түсірмейсіңдер?» деп олардың көмейіне қорғасын құйып жатыр ма? Керісінше, саха киносы қазіргі таңда біздің көп кинематографистеріміз атүсті қарайтын өзінің ана тілімен, әдебиетімен, ауылының өмірін көрсетуімен-ақ сый-құрметке ие болып жатыр.
Болмаса Тәжікстанның Таулы Бадахшан аймағын мекендейтін саны тоқсан мыңнан аспайтын шугнан деген халық бар. Бұрын бұл халықтың тілінде (шугнан тілі) бірде-бір көркем фильм түсірілмеген екен. Қазір ондай фильмдер біртіндеп пайда бола бастады. Мысалы, жас тәжік режиссері Умедшо Мирзошириновтың «Мушкилкушо» (2016) деген фильмі бар. «Мушкилкушо» – шугнан тілінде түсірілген екінші фильм. Онда шугнан халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі керемет көрсетілген. Тілін түсінбесеңіз де өте қызығып көресіз. Көріп отырып, оларға деген іштей бір құрмет пайда болады. Міне, тілдің құдіреті деген осы емес пе?! Сондықтан еліміздегі кино мамандарын даярлайтын барлық жоғары оқу орындары тіл мәселесіне назар аударса екен деген тілек бар. Өйткені ертең киногерлердің қатарын толықтыратын да сол оқу орындарының түлектері ғой. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егеменге» берген сұхбатында: «...Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты əлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны əрдайым есте ұстау керек», деді. Осы қағиданы киногерлер де ой-қазыққа айналдырса, қанеки.
– Тағы бір мәселе – жұртшылық субтитрдың қателерін көп сынап жүр. Бұл туралы не айтасыз?
– Басында қазақ тіліндегі субтитрлар сын көтермейтін. Бірақ біртіндеп аз да болса жөнделіп келеді. Сондықтан студенттер де қазірден бастап өз фильмдерінің субтитрларына мұқият назар аударғаны жөн. Жастар қазір мүмкін, мұны маңызды емес деп ойлар, бірақ қалай болса солай аударылып берілген субтитрды оқығанда фильмді қабылдау қиынға түседі. Субтитрды сауатты беру – автордың сол тілге деген құрметі мен өз ісіне жауапкершілікпен қарауының белгісі. Қалай болғанда да, фильмде бәрі маңызды. Тіпті фильмге қатысқан адамдардың аты-жөні, фильмнің аты қалай, қандай шрифтпен жазылғанына дейін. Мұның барлығы – фильмнің атмосферасына кіруге әсер ететін, тіпті жанрын да айғақтап тұратын маңызды компоненттер. Былайша айтқанда, экрандық туындының кәдуілгі шағын кіріспесі іспетті. Сондықтан кәсіби кинематографистер титрдың дизайнына дейін мұқият назар аударуы тиіс.
– Қазақтың менталитетіне қабыспайтын фильмдер қаптап кетті. Мұның себебі неде?
– Таза бұлақтың суы мен дүкенде сатылатын тазартылған судың дәмінің арасы жер мен көктей емес пе? Ал таза бұлақтың суының дәмін татып көрмеген адам жаңағы тазартылған судың дәмін керемет санауы мүмкін. Фильм де солай. Оның «дәмінің» нәрлі-нәрсіз болуы автордың ішкі дүниетанымына байланысты. Ал ол түйсік-таным өзінің ана тілімен, ұлттық тамырымен ұштасып жатпаса, бәрі бекер деп ойлаймын. «Бәрібір емес пе, бастысы ол фильмде кино тілі бар ғой» деген пікірді алға тартатын әріптестерім бар.
Мәселен, қазақ ұлттық кино өнерінің інжу-маржаны болып саналатын «Қыз Жібекте» кино тілі жоқ деп айта алмаймыз. Осы фильмнен бір ғана мысал келтірейін. Ер адам бейнесіндегі балбал тастың жанында Төлеген мерт болатын эпизод көрерменнің есінде қалды. Егер назар аудара қарасақ, көне дәуірдің көзіндей сол балбал тастың өзі де Төлеген қазасының тірі куәсі іспетті екенін байқаймыз. Бұл қалай беріледі? Эпизод соңында Төлегеннен басталған камераның қозғалысы жаңағы балбал тасқа барып тоқтайды. Бір ғажабы, басындағы көріністердің бірінде «көздері айқара ашылып, бізге қарап тұрған» мүсін камераның өзіне келіп тоқтаған тұсында жанары төмен қарап тұрғандай әсер береді. Бұл көрініс оның Төлегеннің қазасына қайғырып, аза тұтуы секілді сезіледі. Бір ғана балбал тасты «ойнату» арқылы фильмнің поэтикалық кино тілі, мағынасы қаншалықты тереңдей түскенін көріп отырмыз. Егер авторлардың жан дүниесінде сол поэтикалық тілмен ұштасып жатқан әуез, дүниетаным болмаса, мынадай сұрапыл көрініс туар ма еді?
Иә болмаса, «Қилы кезең» фильмінің соңындағы Жүніс бай Тоқтардың алдына құндыз бөрік пен алмас қылыш қоятын тұсын алайық. Жүністің дәл осы әрекетін жаны қазақ кез келген адам түсінеді. Қазақтың жанын ұқпаса режиссер дәл солай көрсете алар ма еді? Бірде-бір сөзі жоқ осы эпизодтағы жаңағы екі детальдің өзі-ақ қазақтың фильмі екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Мінекейіңіз, кино тілі – бұл ең алдымен, автордың дүниетанымы, жаны. Меніңше, оның басқа формуласы жоқ. Сондықтан Феллини, Тарковский, Куросава, Тарантино, Кустурица болғысы келетін жас режиссерлер, ең алдымен осыны түсінсе деймін. Мәселен, Феллинидің кейіпкерлерінің ағылшынша немесе жапон тілінде сөйлеп жүргенін немесе америкалық фильмдердегідей іс-әрекеттерге баратынын елестетіп көріңізші немесе Шукшиннің кейіпкерлерін. Әрине мүмкін емес. Өйткені олардың әрқайсысы ең алдымен, өзінің халқының жанын, кескін-келбетін, ішкі жан әлемін көрсетті. Анаған немесе мынаған ұқсайтын фильм түсірем деген жоқ. Сондықтан олар кино тарихында қалды.
– Киносын орысша түсіретін бізден басқа халық бар ма өзі?
– Қазір бізде ауылға, қазақ тілі мен әдебиетіне архаика ретінде қарайтын қауіпті көзқарас пайда болды. Ең қауіптісі – «өзімізден басқаның бәрінікі – керемет, егер солар секілді сөйлесек, соларға ұқсатып фильм түсірсек» деген жадағай пиғылдың түпсанаға терең бойлап кеткені. Ал ондай күлдібадам фильмнің оларға да, бізге де қызық емес екенін түсінбейді. Бұл жердегі басты мәселе – өз-өзіңді жақсы көрмеуде, сыйламау мен бағаламауда болып тұр.
Осыдан бес-алты жыл бұрын Кабардин-Балқар елінің астанасы – Нальчик қаласындағы Солтүстік Кавказ өнер университетіне іссапармен бардым. Сол университеттегі режиссура мамандығын аккредитациядан өткізетін халықаралық сараптау комиссиясында жұмыс істедім. Аккредитация талаптарының бірі бойынша студенттер түсірген фильмдерді көрдік. Алғашқы тамашалағанымыз – ағылшын, орыс тілдерінде түсірілген, өңшең «жылтырақ» («гламур») фильмдер еді. Комиссия мүшелерінің көңілі аса толыңқырамай, «өз тілдеріңізде түсірген жұмыстар бар ма?» деп сұрадық. Ал комиссия құрамында менен басқа, Польша, Армения, Ресей, Германия елдерінің өкілдері бар болатын. Бір кезде ана тілдерінде түсірілген екі фильм алып келді. Олардың бірі ауыл, екіншісінде қала тұрғындарының өмірі жайында. Тілін түсінбесе де, комиссия мүшелері соны ұнатып көрді. Өйткені ол жұмыстарда халықтың тілі, жаны бар еді. Міне, осындай фильмдер ылғи да қызығушылық тудырады. Әйтпесе әлгі «гламур» фильмдер мына екеуіне қарағанда техникалық сапасы жағынан әлдеқайда жоғары болғанмен, бізді бұл қызықтырған жоқ. Басқаларға еліктеуден туған фильмнің тағдыры осылай аяқталады, ешкім көрмейді.
– Ал енді таза қазақы сипаттағы төл туындыларымызды түсіруге қазір не кедергі болып отыр?
– Көрші қырғыз елінің киносына қызығып қарайтындар көп. Айыр қалпақты ағайынның фильмін басқа елдікімен шатастыра алмайсыз. Міндетті түрде барлығы болмаса да, басым көпшілігінде әйтеуір бір халықтық салт-дәстүрмен, наным-сеніммен байланысты көріністер жүреді. Олар да біз сияқты халық емес пе? Бірақ неліктен олардың жастарының да, ересектерінің де фильмдері ұлттық бояуымен, үнімен ерекшеленіп тұрады? Оның себебін осыдан екі жыл бұрын ұқтым. Алматыда өткен кинофестивальға келген белгілі қырғыз режиссерінен: «Жас киногерлерді даярлауда қандай ұстанымға жүгінесіздер?» деп сұрадым. Режиссердің айтуынша, алғашқы курста студенттер міндетті түрде қырғыздың әдебиеті мен салт-дәстүрін зерттейді екен. Тіпті халықтың тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көріп-білу үшін ауылдарды аралауға тура келеді. Содан кейін ғана қалған дүниеге назар аударады. Міне, бар болғаны осы. Әуелі өзінікін танып-білу, содан кейін ғана басқа әлемге көз тігу талап етіледі. Керісінше емес. Бізде де неге осы ұстанымды талап етпеске? Осы жерде тағы бір өзекті мәселенің шеті қылтияды. Неге бізде тарихи-биографиялық фильмдер мен сериалдардың сценарийін жазып, түсіретін мамандар жоқтың қасы? Егер түсіріле қалса, титрдан ылғи да аға немесе орта буын өкілдері арасынан бір-екі адамның ғана аты-жөнін оқимыз. Ал жастар ше? Неге жастар арасынан мұндай тақырыптарға бара алатын жақсы мамандар шықпайды?
– Қазіргі жас буын өкілдерінің шығармашылығына қатысты тағы да қандай өзекті мәселелер бар?
– Еліміздегі үш оқу орнында болашақ киногерлер даярланады. Бұл, әрине өте жақсы. Өзімізді мамандармен қамтамасыз ету – уақыт талабы. Осы тұста тұрақты өтіп тұратын республикалық кинофестивальға зәрулік білінеді. Ондай жобалар бір кездері болған, бірақ басында республикалық деңгейде басталады да, көп уақыт өтпей халықаралық фестивальға айналып шыға келеді. Бола берсін-ау, оған ешкім қарсы емес. Бірақ республикалық деңгейде өткізілетін фестивальдың артықшылығы – төл киномызға мән беруге үйретеді. Мұндай сын алаңы жастардың киносында қандай артықшылықтар мен кемшіліктер бар екенін танып-білуге, зерттеуге мүмкіндік береді.
Мысалы, 2006 жылдан бастап бес жыл қатарынан Алматы қаласында «Дидар» республикалық кинофестивалі өтті. Бұл фестивальдың ерекшелігі – жыл сайынғы жеңімпаздарға «Қазақфильм» киностудиясы толықметрлі фильм түсіруге мүмкіндік беріп отырды. Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Жасұлан Пошанов, Серік Әбішев, Азамат Дулатов, Еркінбек Птыралиев, Әзіз Жанбакиев секілді басқа да көптеген белгілі кинематографистеріміз сол «Дидардың» «шекпенінен» шықты деуімізге болады. Сондықтан «Дидар» кинофестивалі қазақ киносына бір топ талантты жастардың келіп қосылуына ықпал ете алды.
– Соңғы жылдары фестиваль өткізуден жарыс болып кеткен секілді. Он шақты фильмді жинайды да, фестиваль өткізе береді. Фильмдер фестивальдан фестивальға көшіп жүре береді. Мұның пайдасы бар ма?
– Әрине фестивальдың көп болғанына қуанасың-ау. Бірақ олардан жастардың әрі қарайғы шығармашылығына пайда бар ма? Мәселе – сонда. Қазір фестиваль өткізуде жүйе жоқ. Сондықтан еліміздің жас кинематографистерін ортақ мүддеге біріктіретін, тұжырымдамасы айқын және мемлекеттің қолдауымен тұрақты өтіп тұратын республикалық фестиваль өте қажет. Тек фестиваль ғана емес, жас киногерлердің шығармашылығымен айналысатын, зерттейтін орталық керек.
Бір өкініштісі, жақсы бастамалар кейде аяқсыз қалады. «Қазақфильм» киностудиясында біраз жыл «Дебют» шығармашылық бірлестігі жұмыс істеді. Оның басы-қасында белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев жүрді. Осы «Дебютте» қаншама дарынды жас өз фильмдерін түсіріп, шығармашылық қолдау тапты. Олардың фильмдері әлемнің небір халықаралық кинофестивальдарында жүлделі орындарға ие болып, қазақ киносының абыройын асырды. «Дебют» жас кинематографистерге шығармашылық тұрғыдан тамаша мүмкіндік берді. Бұл елімізге өте қажет бірлестік еді. Өкінішке қарай, жастардың шығармашылығына мықты серпін берген бірлестіктің өткен жылы жұмысын тоқтатқаны көңілге қаяу түсірді... Талантты баптасақ, қолдау көрсетсек қана өсіп-өнеді.