Театр және карантин

ТЕАТР
2319

«Қазақстан театрлары және пандемия: қазіргі жағдайы мен болашағы» атты конференциясының маңызы

2020 жылдың 22 мамырында Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан театрлары және пандемия: қазіргі жағдайы мен болашағы» деп аталатын онлайн конференция өткізілді. Конференция жұмысына  театр сыншылары, театрдың директорлары мен көркемдік жетекшілері, режиссерлер, актерлер, драматургтер, әдебиет бөлімінің меңгерушілері қатысты. Алғашқы сөз кезегін алған Халықарлық театр сыншылар бірлестігінің президенті, өнертану кандидаты, доцент Анар Еркебай 2020 жылдың 30 сәуірінде 14 мемлекеттің театр мамандары бас қосқан  Халықаралық ғылыми конференция (онлайн) туралы қысқаша мәлімет берді. Ағылшын және орыс тілдерінде жүргізілген сол конференцияда карантин кезеңі әлем театрларының жұмысына қалай әсер еткені кеңінен талқыланып, онлайн көрсетілімдердің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы өз ойларын ортаға салған театр қайраткерлерінің пікірлерімен таныстырып өтті. 

Бұдан кейін сөз алған Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының директоры А.Қалиева карантин кезінде театр ұжымы өз жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, театр өзінің You Tube арнасын ашып, «Алтын қордағы» спектакльдерді онлайн форматында көрермендерге ұсынғанын және алты мыңға жуық бейне-роликтер жасалып салынғанын айтты. 

Мемлекеттік республикалық неміс драма театрының режиссері Н.Дубс карантин кезінде бірнеше онлайн жобалардың іске асырылғанына тоқталды. Соның бірі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты С.Қабдиева мен өнертану кандидаты О.Батуринаның апта сайын тұрақты дәріс оқуларының актерлер үшін маңызы зор болғанын атап өтті. Театр актерлері күн сайын онлайн репетиция жасап, қызу жұмыс үстінде екендігіне тоқталды.

Ал, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры Е.Жуасбек карантиннің театр жұмысына үлкен кедергі келтіргенін жасырған жоқ. Спектакльдерді онлайн көрсетудің көрермендерге берер әсерінің төмен болатынын қадап айтты. Сондықтан да карантин біткеннен кейін театр сыншылары мен өнер қайраткерлерінің алдында үлкен жұмыс тұрғанын, яғни, театр табиғатын, оның өзіне тән ерекшеліктерін қайтадан басынан бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көрермендерді театрға тарту мәселесін қолға алу қажеттігін алға тартты.

Е.Жуасбектің ойын құптаған Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Б.Бахтыгереев өз пікірін онлайн спектакль көрсетудің дұрыс еместігінен бастады. Театрдың қорында сақталған бұрынғы спектакльдерді онлайн арқылы көрсетуге болғанымен де, дәл қазір репертуарда жүріп жатқан спектакльдерді интернетке салу, көрермендерден айырылудың бастамасы деп ескертті. Сонымен қоса, карантин кезінде театрлардың үлкен дағдарысқа тап болғанын,  театрға мемлекет тарапынан қаржылай көмек керектігін жасырған жоқ. 

Бұдан кейін өз ойларын ортаға салған конференцияның модераторы – театртанушы, өнертану кандидаты А.Мұқан, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы А.Ихсан, Әзірбайжанның тәуелсіз «DOM» театрының режиссері Т.Расулов, Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының режиссері О.Ақжарқын-Сәрсенбек, І.Омаров атындағы облыстық драма театрының режиссері Ә.Баймақанова, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қуыршақ театрының режиссері Қ.Ешмұратова, режиссер Б.Шанин Қазақстан театрларының жұмысына карантиннің тигізген әсері туралы және спектакльді онлайн көрсетудің пайдасы мен зиянын, болашақ сандық түсірілімге қойылар талаптарды қайта қарау, көрерменді театрға қайтарудың жүзеге асыру жолдарына қатысты өз ойларын ортаға салды.

  Екі сағатқа жуық болған бұл конференцияда Қазақстандық театрлардың карантиндегі және карантиннен кейін қалай жұмыс жасау қажеттігі жайында мәселелер талқыланды.

Бақыт Нұрпейіс, театртанушы.

Жаңалықтар

Сенат кулуарында ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары доллар бағамына қатысты сұраққа жауап берді,...

Жаңалықтар

Заманбек Нұрқаділовтың алғашқы жары Нұрбике Нұрқаділова көз жұмды, деп хабарлайды Madeniportal.kz....