Қуыршақ театрының ардагер артисі Сәбила Абуева мерейлі 75 жаста!

ТЕАТР
1160

Қазақ қуыршақ театрының қара шаңырағы саналатын Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының ардагер артисі, қуыршақ театры сахнасының «патшайымына» айналып, бүгінде 75-ші бекетіне келсе де, бойындағы қуаты мен шабыты сарқылмаған актриса Сәбила Абуеваның сахнада жүргеніне 55 жыл! 

Жарты ғасырдан астам уақыт қуыршақ театрында қажырлы қызмет етіп келе жатқан қазақ қуыршақ өнерінің анасы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі, «Сахнагер-2018» Ұлттық театр сыйлығының «Сахналық ғұмыр»  номинациясының иегері – Абуева Сәбила Меңдіғалиқызы салиқалы сахна майталмандарының шеберлігінен өтіп, өмір тәжірибесін жинақтап, маңдай терін тамыры терең театрға төгіп келе жатқан ардагер артист. Талантты дариын иесі 1947 жылы тамыз айының 9-шы жұлдызында Атырау облысында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1967 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында бастап, театр сахнасында үлкенді-кішілі рольдерді ойнады. 

1969 жылдан Мемлекеттік қуыршақ театрында өзінің өнер жолын асқан белсенділікпен бастаған ол бүгінде өзіндік сара жолын қалыптастырған шебер тұлғалардың бірі. Киелі сахнада үздіксіз еңбек еткен театр ардагері балаларға арналған 300-ден астам әр түрлі жанрдағы рольдерді сомдап келеді. Актрисаның әрбір кейіпкері кәсібилігімен, шынайылығымен ерекшеленіп, театр репертуарындағы спектакльдерді көркейтуде сүбелі үлес қосуда. Бүгінде өзінің ізін басып келе жатқан жастар үшін «өнердегі ұстазы» атанып та үлгерді. 

Сахнадағы 55 жылдық еңбек жолында  Қазақстанның еңбек сіңірген артисі П.Поторока, ҚазССР халық артисі Ә.Мәмбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қ.Ешмұратова, Қазақстанның халық артисі С.Шүкіров, ҚР Мәдениет қайраткері С.Мақұлбеков, т.б. өнер иелерімен замандас бола жүріп, өмірлік сахналық мектептен өтті.

Көптеген халықаралық, республикалық фестивальдердің лауреаты.  Ұлттық қуыршақ театр өнерін дамыту жолындағы толассыз еңбегі үшін құрмет грамотасы, әр түрлі  алғыс хаттармен марапатталып келеді. Осы жылдар ішінде еліміздің барлық облыстарында, сондай-ақ, Вьетнам, Компучия, Өзбекстанның Ташкент, Бұқара, Самарқанд, Түркменстанның Хиуа, Науаи, Қытайдың Пекин, Гуанчжоу, Түркияның Бурса, Измир, Ресейдің Мәскеу, Курган, Қырғызстанның Ош, Бішкек, Жапонияның Иида т.б. қалаларында өткен халықаралық қуыршақ фестивальдеріне қатысып, қазақ өнеріне өлшеусіз үлесін қосып келеді. Көптеген қуыршақ фестивальдерінде қазылар алқасының тұрақты мүшесі. 

С.Абуева өзін тек театр саласында ғана емес, экран өнерінің дамуына да үлес қосуда. Мәселен, режиссер Б.Шәріповтың «Кінәратсыз күнә», Г.Омарованың «Бақсы», Н.Игіліктің «Жаныңда жүр жақсы адам», С.Құрманбековтың «Ауыл сақшысы», Р.Қосайдың «Кеңесшілер», А.Сатаевтың «Анаға апарар жол», Н.Адамбаевтың «Келинка Сабина-2», Г.Абуеваның «Іңкәр жүрек», Э.Әбдіжаппаровтың «Арман қала» фильмдерінде түсті.  

Сахнадағы ойнаған рөлдері: «Мұңлық-Зарлық» – бәйбіше, мыстан; «Чемпион Қожа» – әже, жалқау; «Терісқақпай» – Тәпә, «Жомартпен болған оқиға» – Жомарт, «Аққу туралы аңыз» – мыстан, ақ құс; «Кербақбай» – оқушы; «Сәбираның әлегі» – кемпір; «Орашалық Ораш» – Сабира, Қарашаш; «Звездочка» – Ай; «Театр одного актера» – екі дәу, ата, ана, түлкі; «Заветное слово» – Бабка, бәйбіше, жезтырнақ; «Тарқамайды тойымыз» – шығыс қызы, прибалты, армян, Майкл Джексон, Алла Пугачева; «Солнечный лучик» – мысық, «Аистенок и пугало» – түлкі, «Күнше» – мыстан, «Балапан» – күшік, «Үйрек» – түлкі, «Алдар көсе» – шайтан; «Рыс по имени Рыс» – бақа, «Киелі алма» – Ібіліс, «Маугли» – ана қасқыр, «Гадкий утенок» – аист, балапан; «Қуыршақ думан» – акробат, Роза Бағланова, Майкл Джексон, сыған қызы, шығыс қызы; «Үш торай» – Наф-Наф; «Аленький цветочек» – кикимора; «Солдатский котелок» – медбике, «Бременские музыканты» – мысық; «Аққу жібек» – аққу; «Аладдинің сиқырлы шамы» – ана; «Әли-Баба және оның қырық қарақшысы» – Ахмед;  «Атамекен» – ана, жылан, маска; «Қаңбақ шал» – әже, түлкі, қызыл дәу; «Буратино» – тасбақа және т.б.

Мәңгі жас өнер ордасы саналатын қуыршақ театрының ардагер артисі Сәбила Абуеваның мерейлі 75 жылдық мерейтойы және сахнадағы елеулі еңбегіне 55 жыл толуына орай ағымдағы жылдың желтоқсан айының 10-шы жұлдызында мерекелік бенефис кеші ұйымдастырылады. Сондай-ақ кеш барысында «Сахна саңлағы Сәбила Абуева» кітабының тұсауы кесіледі. Кітапта Абуева Сәбила Меңдіғалиқызының ұлттық қуыршақ театры өнеріне қосқан зор үлесі турасында танымал тұлғалардың, отандық телевизия өкілдерінің өнер иесі жайындағы толғам-тұжырымдары жинақталған. Жинақ театр өнері, оның ішінде қуыршақ театры өнерінің даму жолына қызығушылық танытқан оқырманға арналған. 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында зауыт жұмысшысы зауыттағы бетон араластырғышқа құлап, қайтыс болды, деп хабарла...