Т. Молдағалиев - 85. Ойдағыдай іске асырылған жоқ.

ӘДЕБИЕТ
3447

Кеше Тұм - ағамның, Тұманбай Молдағалиев ағамыздың үйіндегі Күлтай апаммен сөйлестім. Таң атпай әлдекімдер мазалай берген соң кезекті сондай бір званокқа ұйқысырап салқын жауап беріппін. Түнде кеш жатқан соң ұйқы толық ашылмай қарабастырды. Құдай атқанда апамның дауысын танымай қалдым. Кешірім сұрадым. Ұлы ақынға асыл жар болған аяулы Күлтай апам. Күлтай Қасымқызы текті кісінің перзенті. 

Әкесі Қасым Дүйсекенов пен анасы Мәсиха Дүйсекенова екеуі бірдей 1948 жылы бір Указбен Социалистік Еңбек Ері атағын алған ардақты кісілердің аяулы перзенті.  Ол кісілер Еңбекші қазақ ауданының Түрген қой совхозында тұрды. Түргенге талай бардық. Табиғаты керемет жер. Тұм - ағамның Күлтай апамызға арнап жазған жырларының өзі жеке қалың бір томдық болатын дүние. Күлтай апамыз қандайда бір үлкен құрметтерге лайық кісі. 

Алдағы қыркүйекте 82 - ге келеді. Ақынның жары қандай болу керектігінің тамаша үлгісін көрсеткен санаулы аналарымыздың бірі. Тұм - ағамның үстіне қылау түсірген жоқ. Жарының жұлдызы ерекше жарқырауына бұл кісінің сіңген еңбегі ерекше болды. Қолынан талай дәм таттық. Тұм-ағамызға  еркелеуші едік. Қазақ поэзиясына құбылыс болып келген ақынды қаршадайымыздан оқып өстік. Алматыға алғаш барған кезімізде арнайы іздеп барған ардақтымыздың бірі Тұм- ағам болатын. Тұм - ағамның әкесі соғыстан қайтпады. Артынан қара қағаз келген. 

Әкеге деген сағынышы ақын жырларының арқауына айналды. 2016 жылы 24 томдық таңдамалысын ақынның ұлы Дәурен Тұманбайұлы өзі бас болып өз қаржысына шығарды. Қазақтың ұлы ақыны Тұманбай Молдағалиев биыл наурыздың жиырмасыншы жұлдызында 85 жасқа толды. Ақынның есімін ел есінде қалдыру жөніндегі іс - шаралар ойдағыдай іске асырылған жоқ. Созылып кетті.  Тыңдап отырсаң себепте, сылтауда көп. Бұл үлкен өкініш жүрегімізді ауыртты. 

Дегенмен ұлы ақынның жырлары халық жүрегінен орын алды. Оны миллиондардың жүрегінен ешкім қаулы не бұйрықпен алып тастай алмайды. Қайран Тұм - ағам, міне, қазірде сіздің өлеңдеріңізді оқып отырмын. Ұлы ақынды мәңгі есте қалдыру іс - шараларын қашан басталар екен. Халықтың көкейіндегі бұл сұраққа кім жауап береді?!

Қасымхан Бегманов

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...