Бірінші бөлім: Тағдырым – темірқазығым. ҚарашаңырақАрмысың АлманияҰлттық қауіпсіздік комитетін...
Бақыт Беделханұлы. Тәңірмен де тең сөйлескен текті жыр!
2364
Серік Ақсұңқардың «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» атты кітабына ой-толғақ «Өлең – сөздің патшасын...» тағына отырғызып, тарланбоздарға зәру боп көрмеген жұрттан едік. «Сөз құдіретін - өз құдіретім» - деп ұққан едік.Ұлағаты - ұлы көш, ұлттан едік. Сиқыр үні сайтанмен де сырласып, тылсым-тілі періштемен де мұңдасқан рухтан едік. Арғысы – Анарысты айтпағанда, бергісі - Күлтегіннің көк тасындағы күмбірлеген күміс жырлырым да – бір тіл еді. Өзгенікі, «өздеріңдей» болсақ – деген, жай ғана сұңқыл еді!.. Кеміткенім емес, шындықтан сөз бұзылмайды. Құдайдың құдіретімен өлместің емін іздеген Қорқыт бабамның әруағы разы болсын! Оның мәңгілігіне – артында қалған қазынасы қазы болсын! Өлместің емі – осы – деп, Қобызды адамзаттың қолына ұстатты емес пе? Абай әулие «Өзі үшін өмір сүрген адам – өзі үшін оттаған малмен тең ...» дейді. Ал, Қорқыт «Өлместің емі – өнер, өнеге, ғибрат, ұрпақтан ұрпаққа мұра болар қасиет» - екенін дәлелдеді. Тәңірдің тілі, табиғаттың үні, тылсым дүниенің сыры, жан-жүректің мұңы ымыралас екенін ымсыз-ақ түсінетін едік қой. Енді, мен - төтесінен құлдилап көрейін. Өйткені, осы әңгімені айту үшін, жазым боп кетсем де жазығым жоқ екенін білем. Өйткені, бұл – Тәңірінің сөзі – өлең туралы. Өлеңге айналып, тылсыммен тең сөйлесе алатын ақын тұрғысындағы тұғырлы кеп. Қолымызға қалам алып, бірдеңені былықтырып жүргелі, алды-артымызды ораған от-ауыз, орақ-тілді ақындарды қалдырмай оқып келеміз; Жек көрем итті!.. – десе, Көкбөрі боп көкке ұлып кетеміз. ...Сәуірбек аға, Ғафу ет, сүрағаныма, Арғымақтардың да адамша жылағаныма?! – деп, жүрегі аттай туласа, Кентаврға айналып шыға келеміз. ...Арыңнан өксіп боп шығады да, Аузыңнан өлең боп төгіле салады... Ары қарай ақындық әлемнің кеңістігін Ақсұңқар боп шарламасаң да ...шама-шарқыңша самғайсың. Ол – жәй Ақсұңқар емес, Ақсұңқардың Серігі!!! Бірде тұңғиығына батырып, бірде түпсіз көгіне шақырып, бірде Тәңірмен мұңдасып, бірде табиғатпен сырласып, бірде мына жалғанның жағдайын жалғыз өзі ойлап жүргендей болады.Иә, жарасып-ақ тұр. Мұқағали көкемнің «рух болмаған жерде, түк болмайды» - дейтіні бар еді. Менің Серік ағам Ұлттың ақыны ғана емес, Рухтың ақыны! Ал. Рух – Алашқа ғана емес, түгел түркі дүниесіне, қала берді адамзатқа ортақ құдірет. ...Тәңіріге оқитын күнде ішімнен, Дұғам болды осы бір өлең деген... ...Күлтегіннің көзінің қарашығындай, Менің жырым мынау елдің ділін, Үнін сақтап тұр! Рас айтады. Көктен түскен төрт кітап та Күлтегіннен қалған тас кітап та өлеңмен жазылған. Өлең-дұғаң өне бойыңды балқытып, Тәңірмен тең сөйлесе алатын құдыретің болмаса, мұң мен сорға басыңды мың рет батырсаң да мұндай ақындық рухқа жете алмайтының анық. «Қолына қалам-қағаз алып, өлең жазуға отырған ақын Құдайдың алдында отырғандай сезінбесе, ол – далбаса... » - деп бір қайырып, қайрап сөйлейтіні бар еді, Серік ағамның. «Көкейіндегі – Күлтегіннің жазуын» Тәңірге жаздырып, тамырында сөйлетіп отыратыны – содан екен ғой... ...Батырлары болмаса – қорқақ бүкіл адамзат... Ақымақ бүкіл адамзат – Ақындары болмаса! Ақын мен батыр қосылмай, рух болмайды! Екеуі - құстың қос қанатындай болмаса, түк болмайды!Тәңірмен де тең сөйлесе алатын, текті жырдың тұғырында ту боп желбіреген Серік Ақсұңқар – мемлекеттік сыйлықтың мәртебесін асқақтататын айбынды да әруақты ақын! Бақыт Беделханұлы, ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма төрағасының орынбасары.