Қазақстанда жаңа заман балаларының таным-түсінігіне лайық әдебиетті дамытуға талпыныс жасалып жатыр....
Абай Мауқараұлы. «Шамақайұлы шалқасынан түсірді!»
(Сыни эссе)
«Шамақайұлы шалқасынан түсірді!». Мынау әлдебір оқырманның сөзі. Нақты атын да қоймай «Қонақ» дей салыпты.
Жазып қалдырған жалғыз ауыз сөзі басқа ұзын-сонар пікірлерді шаң қаптырып кеткен. Неге десең, іліми-ғылыми, көсеми, көкеми, пендеуи... жазылған солардан гөрі осы сөзді қайта-қайта оқып айналшықтай бересің. Өйткені, бұл авторын да, әңгімесін де бір «оқпен атып кеткен». Екеуін де қатар бағалап, қатырып кеткен.
«Болды, болды көңілі күпті қаламгер пақырға бұдан артық не керек!» дейсің... Сөз бәйгесіне қосып жіберген күрең тайын тосып жалтаңдаған қаламгер деген қауымның «оқырман» деген құпия бәлгердің ауызынан не шығады деген күпті көңілі, осындай жалғыз ауыз сөзбен не шарықтап аспанға ұшады, не жалп етіп қара жер құшады.
Өйтетіні, оқырманның бет жүзін көре алмайсың ғой. Кім айтқанын біле алмайсың. Бәлки сұлу келіншек, бәлки өлмелі шал. Мүмкін, заңғар академиктің пікірі, не міскін арбакештің пікірі... Бірақ, қаламгерге оның өзі емес, сөзі қымбат!
Міне, осы оқырманның бірауыз сөзі оның авторын былай қойып, мен секілді бір журналисті де сөйлетіп жібергені тегін емес.
Бұл сөз – жазушы Қуандық Шамақайұлының жуық күндерде жазылып, порталда жарияланған «Сүрткіш» деген әңгімесіне қарата айтылған екен.
Журналистердің де өз-өз «меншікті ауруы» бар. Біздікі бойымызда жазылмайтын созылмалы дертке айналған «Қазақ тілі» мен «Қазақ көшінен» кейін... осындай журналист әріптестеріміздің жазғанына «футбол жанкүйері» құсап «күйіп-пісіп» көңіл білдіру деген тағы бір дерт десе болды.
Сонымен, мен пақыр да «Сүрткішке» көз сүзе қалдым. Қуандықтың журналистіктен жазушылыққа қадам баса сала, алуан тақырыптарға барып жазған әңгімелерінің ішінде «Мемлекеттік мекеме» тақырыбы яки «Шенеуніктер шежіресі» айырықша екенін мына «Сүрткіште» тіпті, айдай жарқыратқан.
Қазіргі оқырманның да қара шыбындай үймелейтін тақырыбы осы. Қуандық ту баста соны дөп басқан. Ал, мына «Сүрткішінде» соны шыңына шығарған! Қалай шыңына шағарған дейсіз бе?
Біздің қазіргі Қазақ еліндегі бүкіл адамдардың жалғыз арманы «бюджеттік мекеменің жалақысын же.е.е.п жантыштықта жату». Оның асу бермес асқары соно.о.оу мәжілістен, сенат, министрлік, ректорлық, биік әкімдіктен кіші әкімдік... ең құрығанда дәрігер, мұғалімдікке қол жеткізу ғой. Қандай жағдайда да мемлекетке адал еңбек етіп күн көру! Иә, адамдардың ниеті өте дұрыс.
Алайда... Мына, «Сүрткішті» оқығанда, Қуандықтың алдыңғы жазған әңгімелеріндегі кейіпкерлермен «жылап-көріскендей» күй кештік. Енді, соны еске түсірейік.
Елді бір шулатқан «Кішкене адамдағы» міскін, бишара, жанкешті мәтін-зерттеушінің көзмайын таусып жазған қомақты кітапқа әлгі нағыз автордың атын қоймай, өзінің атын жеке қойып, біреудің еңбегін заңсыз иеленіп кеткен көзге түспейтін бай-бағлан алпауыт шенеунікті «қарғап-сілеп» едік. Жоқ, онымыз бекершілік екен, түсінбестік болыпты!
Сол алапауыт шенеунікке енді «айналайын» айтуға тура келіп тұр. Неге? Қалт-мұлт етіп жүрген кәрі мәтін-зертеушіге білдей бір мекеме ашып беріп, бөлек офис жасап, қасында сүп-сүйкімді жас қызды хатшы қылып қойып, оның үстіне өмір бойы қолы жету мүмкін емес саналатын төрт бөлмелі баспана алып берген адам, оның дайындаған кітабына өз атын қойып алғаны дұп-дұрыс емес пе! Былайша, әншейін бартер ғана ғой.
Онан кейін, «Пысық жігіттегі» Жоғарғы мектептің кафедра меңгерушісі Жайрат деген жігіттің кез-келген тәсілмен «жайнатып» жүріп, бәрін «қайнатып» барып елдің бәрі қызығатын биік лауазымға шығып кетуі. Сондағы жоғарғы мектептің өте адал оқытушысымен ілесіп біз де оны «оңбаған алаяқ!» деп бір түкірдік.
Міне, бұл да дұрыс емес болған. Шын мәнінде бұл бізідің отыз жылдық тәуелсіздік дәуірінің «Оргинал геройы» екен ғой. Типтік образ. Айналасын «жайратып» жүріп өзін ғана «жайнатып» кетсе ол «герой» емегенде не!?
Онан кейін «Орынбасардағы» білдей бір мемлекеттік мекеменің аса абыройлы бастығының зейнеткерлік жасқа келіп алып, өзінің орынбасары болып сол орынға үміткер боп отырған сәуселімді әне кетем, міне кетеммен дәмелендіріп қойып...оны да зейнеткерлік жастың шетіне әбден таятып әкеп... дегенмен ақыры орнына қоюын... қойғанда... әлгі үміткер таң алаң-елеңде келіп өмір бойы армандаған кең кабинеттің төріне шығып алып, өңім бе, түсім бе, деп отырса... біреулер дабырлап келіп: «Ағасы, мұнда неғып отырсыз? Бұл мекеме қысқарып кетіп, біз құрылысын сатып алуға келіп тұрмыз ғой!» дегенде, тап өзіміз алданғандай, әлгі өмірін бастықтықпен өткізген аяр қақпасты көзімізге көрінсе буындырып жіберердей болып кіжінгеніміз есімізде емес пе!
Ол да қате көңіл-күй екен! Орынбасарға не бопты, ол да өмір бойы орынбасар болып отырды ғой, қайта оған түбінде «сен бас бастық боласың» деп айтқан әлгі өмірлік-бастықтың «адамгершілігін» айтсай!
«Төзімдегі» отыз жыл төзгендерді тіпті, мақтаныш еткеніміз дұрыс сияқты. Алғашқы он жылдықта «Сындарлы саясат» деген сұлу қыздың артынан еріп есіміз шықты, келесіде «Салиқалы саясат» деген сылқым келіншектің қызығымен жүріп күндерді өткіздік, соңы он жыл дегенде «сүркей саяси саясат» деген жәдігөй кемпірді көргенде ғана есіміз кіріпті. Ес кіргенді айтасыз, түгел шешен-көсем болып көшеге шығып кетіппіз, одан да қызығы мақауға кенет тіл кіріп, дүлейдің құлағы естіп кетіпті!
Осындай сан-қырлы сиқырлы саясатпен басқарған шенеуніктердің елінде өмір сүруден асқан абырой бар ма!? Ондай шенеуніктерге ренжу деген кісілікке жатпайды ғой! Міне, интернетсіз онлаинмен басқару деген осы емес пе!
«Бет» деген бір әңгімеде әп-әдемі келіншек суреттеледі. Жоғарғы мемлекеттік мекемеге аса қажетті ақпарат, есеп-қисап дайындайтын қызметкерлері кәдімгі кәсіби біліктілік қажет ететін ұжымға жаңа келген келіншек. Ондағы жігіттер түгел ісіне ықтиятты бірін-бірі жоқтатпайтын жұдырықтай жұмылған ұйым еді. Ано.о.о.у аяқ жетпейтін биіктегі бір алпауыт бастықтың бірдеңесі ме екен, сылқылдаған бір келіншек келіп бір жігіттің орнын «тартып алады».
Бірақ, өте сүйкімді, сыпайы-ақ! Жүдеп тұратын офисті аз күнде жұтындырып, қалай-болса солай жүретін жігіттерді жанарымен үйріп, бәлен жыл бітпеген мұндағы жігіттердің тұрмыстық жағдайын жалғыз телефон соғумен жұнттай ғып... дегендей жаңалық әкелді. Бірақ, атқаратын жұмысқа келгенде жұрдай болып шықты, бірақ мұндағы жігіттер жалғыз келіншектің жұмысын жабыла атқарып жылмағайдай етіп жымын білдірмей жүрді. Сөйтсе, жоғарыдан келген бір жігіт мұндай жөнсіздікке төзбейді екен, келіншектің шиін шығарып кетті. Келіншек оның да шиін шығарып шырғалаң өмір басталады... Әрине, әдемі бетін саудалап «жұмыс жасап жүрген» бұл келіншекті де жақтырмай қалғанымыз рас!
Бірақ, «Сүрткіштегі» аса ауқымды мемлекеттік мекемені талай жыл басқарған, байсалдылығы өзіне жарасқан, сол байсалдылыққа сай алпамсадай денесін азар-азар қозғалтқан, алдыңғы қарыны мен артқы жағы да қатар салбырап кеткен, содан болып қолы кіндікке де, к...ге де жетпей қалған...
Міне, осы алпауыт бастықтың «мемлекеттік бюджет бойынша» қомақты жалақымен төрт атпал жігітті «жедел бөлім» деген атпен ұстап отырғанын... ұстап отырғанда олардың атқаратын тірлігі... айту да қиын-айтпау да қиын... әлгі алпауттың үлкен дәретке отырғаннан кейін құйрығын тазалайтын қызмет екендігін естігенде, жоқ естігенде емес көргенде... анау «Беттегі» сүйкімді келіншектің тіпті де сүйкімсіз емес, бар болғаны «офис мененжер» ғой, түге! деген ащы дауысымыз шығып кетті.
Сонда қараңыз, «мемлекеттік мекеме» тақырыбына әбден құнығып алған бәлекет оқырмандар адам сене қою қиын осы әңгімеге де «Бұл өзі шын ба, жоқ па?» деп, күдіктеніп жатпайды екен. Анау кім екені мәлім емес оқырманның «Шамақайұлы шалқадан түсірді!» деуі содан шыққан сөз. Өйткені, көркем шындық деген осы сендіре білу ғой!
Содан ойға қаласың яғни әңгіме ойға қалдырады бұл біздің елдегі ғана бірегей көрініс пе, әлде, басқа елдер де дәл осылай «мемлекеттік мекемені меншік мекемеге айналдырып ала ма?» деп. Алдымен, Америка еске түседі ғой баяғы, «әй, олар өте ашық ел ғой бүйткізіп қоймас!» деп, бас шайқайсың.
Содан, әдеттегідей Еуропаны ойша шолып байқайсың да «Ой, ол сіркесін санап отырған сыған ел ешуақытта мұндайға бармайды!» деп, және түйіндейсің. Ресейді ойға алғанда, бәлкім бұрын бір ел болдық қой, болса осыларда осындай масақара болуы мүмкін деп, дәметсең де олардың ашық ақпараты бар екенін білгенде Ресей де мұндайға бармайды дегенге келесің...
Енді, мұндай болғанда бұл біздің елдің ғана «шенеуніктердің шектен шыққан» деген ауруы дегенге саясың. Бірақ, сол «шенеуніктер» деп жүргеніміз біздің өзіміз емес пе, онда оларды «шектен шығарушы» себеп не, деген сауал алдыңнан тағы шығады. Соның себебін тапсақ қана, мұндай масқара дертімізді емдеудің, сауығудың жолын табамыз, әйтпесе...
Себеп, өзімізде яғни бәрімізде секілді. Соған бір мысал, айтып сөзімді аяқтайын. Бірнеше жыл бұрын, менің бірнеше әріптестерім Малайзияға барып, содан көрген-білген қызықтарын айтып келген еді. Мұсылман ел, қоғамдық, әлеуметтік жағдайы біраз бізге ұқсайтын жағы да бар. Біздің қонақтар тағы да дәл осындай Рамазан айы өтіп, енді «Рамазан айт» мерекесі болып жатқан кезде сол елге барса керек.
Сөйтсе, ол елде айт мейрамы бір ай жалғасады екен. Ауқатты адамдар шамасына сай өз-өз шағын ауданында, не қала бойынша мереке дастарқанын жайып, тұрғын халқына мейрам қуанышын бөлісетін дәстүрлері бар. Әлдебір күні біздің қазақстандықтар «қала әкімі дастархан жайды» дегенді естіп, сол сылтаумен мәртебелі қала әкіміне жолығып, өздерінің сәлемін жеткізбекші болған ғой. Басқа уақытта ондай биік мәртебелі адамға жолыға алмаймыз, деп ойластырған түрі.
Сонымен, жыйылған топтан қала әкімін көздейді. Көз алдарына қымбат қара мәшинелер, жол полициясының қорғаушылары... қара костюм киіп, галстук тағып сықиған әкімді қорғаштап, қолпаштаған арнайы топ... Бірақ, ондай ештеңе көзге түспейді.
Ақыры, тұрған адамдардан жөн сұрайды: «Ас беріп жатқан қала әкімін қалай тапсақ болады!» деп. Олар айтады: «Анау тамақ алуға тізіліп тұрған әр-әр жердегілерден сұрасаңыздар соның біреуінің ішінде тұрған болар» дейді.
Бұл сөзге біздікілер сенерін де сенбесін де білмей іздестірсе, елдің айтқанындай көпшіліктің арасында әкімнің тұрғанын біреу дәл көрсетіп береді. Әлгі көрсеткенге біздің кісілер қаймығыңқырап таяп барады. Бірақ, оның тұрысына қарап әкім екеніне сенгілері де келмейді. Киімі мына тұрғандардан еш айырмашылығы жоқ, етегі ұзын жазғы көйлек, жұқа шалбар, жалаң аяғына тәпішке сұға салған башпайы көрініп, алдындағы біреумен жайбарақат сөйлесе.е.е.п тұр!
Әй, мынау әкім емес шығар! Әкім мынандай болу деген!.. Біздікілер осындай күдікпен барып сәлем беріп кеп жібереді, ол сәлем алады. «Сіз әкімсіз бе?» дейді. Ол: «Иә» дей салады.
Біздікілер өздерінің шет елден жүргенін, оған арнайы сәлем бергелі ниеттенгенін, мына сауапты ісіне көп-көп рахмет айтпақ үшін іздеп келіп тұрғанын, барынша зор құрметпен айтса, әлгі әкім «Машалла» деген жалғыз сөз қайтарыпты.
Содан, біздікілер осынша үлкен қала әкімінің мына мәртебесіне жараспайтын қылығына «қарындары ашып», «әй, мынау ғана осындай можантопай біреу шығар...» деген күдікпен, «Басқа барлық үлкен әкімдер де дәл осы сіз құсап елмен бірге тұра бере ме?» деген сұрақты қойып жібереді ғой.
Сөйтсе, әлгі әкім: «Олар енді қайда тұру керек?» деп, таңдана сұрапты. Біздікілер осы сәтте ішкі бір ерекше мақтанышпен: «Біздің елдің әкімдері бұлай тұрмайды, оларға мүлде бөлек құрмет көрсетіледі!» деп, айтып салады. Малаизиялық әкім сонда: «А.а а. сонда сіздердің әкімдер басқа ғаламшардан келген бе?!» деп, тіпті таңданыпты.
Бұған қарағанда «шенеуніктің шектен шығуы» деген рухани ауруды жасаған біз, қара халық өзіміз екеніміз дау тудырмайды. Көсемді де көкке шығарған өзіміз, оны да көктен енді түсіре алмай жүрген бізбіз.
Содан да «шенеуніктер» тақырыбын көрсек ащылаған қойдай солай қарай шулап жүгіреміз. Біздің елдегі, әдебиетіміздегі «күйіп тұрған тақырып» осы екен. Оны Қуандық Шамақайұлы дәлелдеудей-ақ дәлелдеді, ақыры болмаған соң «Сүрткішті» бір-ақ жазды, әл керек болса, дегені!
Енді, осылай екеніне көз жеткенде, баяғы «советтік соцреализмдік» кейбір жазушы ағаларымыздың айтып жүргендей «кейіпкер әлі қалыптаса қоймаған өлара кезеңде жүрміз» дейтін сөз әншейін сылтау екен. Өйткені, Қуандық Шамахайұлы бірер жылда жазған оншақты әңгімесінде шенеунік кейіпкерлердің біріне-бірі ұқсамайтын бүтін галлериясын жасап тастады. Олай болса кейіпкерлер жетіп-артылатын секілді ғой.
Кейіпкер керек болса, анау салтанатты сарайлар саналатын министрліктер, соттар, прокуратуралар, әкімдіктердің ішінде қаптап жүрген жоқ па?! Мемлекеттік мекеменің ішіндегі қырық қатпар қызықтар мен шыжықтарды жарыса жазатын қаламгер болса, қазіргі өтпей жатқан қазақ кітаптарын қалың қауым қаптап келіп талап алмаса «ит боп кетейін» дегің келеді екен.
Көптеген жазушылар қайран қабілеттерін қор қылып ел ұқпайтын ұқса да керек қылмайтын, фентези, мистик, модерн деген қайдағы жасанды жамылғы жапқан әңгімесымақтармен тау-тастың арасындағы жын-шайтан, ауылдағы алқаштарды жазып уақыт оздырып жүр. Қуандық жазып үлгермей жүрген осы «шенеуніктер» тақырыбына жарыса келіп кірсе ғой, сонда қаламгерлікте кімнің «тырақы», кімнің «өрен жүйрік» екенін ел де көреді, өздерінің де көздері жетеді, сірә.
Сонымен, жайында жатқан кебісті біріне-бірін тығып кетпесе көңілі көншімейтін қазақ емеспіз бе, Қуандық Шамақайұлына да бірер мін-сын айта кетпесек, ол мінезіміз де «қыңқылдап қалатын» секілді. Қуандықтың әңгімелерің аты көбінде жалқы есім болып жалғызсырап тұрады. Сол тақырыптардың алды-артына сын есім мен зат есім қойып жіберсе, Бейімбет Майлин бабасының ізін жалғастырушы қаламгер екені тіпті, білініп тұрмай ма?! Мәселен, «Орынбасарға» «Орынбасардың арманы» деп, «Бетке» «Әдемі бет» деп, «Сүрткішке» «Көтен сүрткіш» деп...
Бұл біздің журналистік пайым ғана. Егер, әдебиетшіліктің «бес қаруын» асынып алып, Қуандықтың әңгімелерінің жілік майын шағып, зерттеп-зерделейтін кәсіби-сыншы шығып жатса өзі біледі.
28-05-2020. 8.00