Ақын Ардақ Нұрғазының 7 өлеңі

7 ӨЛЕҢ
6634

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Бүгін қазақ поэзиясының жаңашыл ақыны - Ардақ Нұрғазының 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!

Ақын Ардақ НұрғазыАқын Ардақ Нұрғазы1.Кесілген алма ағашы

Көктемде еккен үш алма ағашының, 
Екеуі көктеді.
Біреуін ақырында кесіп тастадым. 

Кесіп тастаған себебім,
Ағаштың бас жағы қурап, тамырға жақын тұсы
Көгеріп тұрды.

Әр күні үзбей алма ағаштармен қатар,
Өзге ағаштарға су қиямын. 
Соның ішінде әлгі кесілген ағаш та бар. 

Өзгелермен қатар әлгі екі алма ағашы көгеріп, көтеді
Жапырақтары да желектеп өсті.
Тек жапырағы да, өзі де жоқ әлгі кесілген ағаш. 

Әр күні ағаштарға шелектеп су қиямын.
Осынау әдетім жайқала өскен ағаштармен арадағы уәдем сияқты.
Біз бір-бірімізбен үнсіз келісіп, уағдаласып алған жандар тәріздіміз. 

Тек, әлгі кесілген ағаш...
Сабырым кете береді:
Ол мені өзгелер сияқты өзіне тартпайды. 

Мен оның осында екенін, тынысын, сыбдырын
Маған тіл қатқанын,
Естіп, сезіне алатын емеспін.

Ол жоқ сияқты.
Ол жоқ болғанан кейін,
Мен де өзімді, дегбірімді жоғалтқандаймын. 

Кесілген ағашқа тағы да су құйдым.
Бұл менің жоқ ағашқа неге су қия беретінімді
Әлдеқашан ұмытқан кезім шығар:

Бірақ, сол күні кесілген алма ағашы тамырынан көктепті. 

2.Біздің аулада жирен бие құлындаған еді...

Сол жылы біздің аядай, шағын аулада
Жылқы құлындаған.
Үш күн бойы әкем әлденеге сабырсызданып, 
Дегбірі қашып
Үйге бір кіріп-бір шығып жүргенін біз 
Аңғарған жоқпыз.
Әкемнің ұзаққа созылған үнсіздігі 
Құлын түсіп, енесі оқыранып
Біздер «жатсынады» деген әкемнің айтуымен
Үйге тасаланып,
Терезеден қарап тұрғанда ғана үзілген.
- Жирен құлын екен, енесіне тартқан маңдайында төбелі бар, - деген әкем сонда,
Дауысында кеудесін басқан тас түскендей әлдебір қуанышты әуен бар.
Сол ай төбел құлын біздің аулада үш ай бойы сайран салды.
Әкем енесін байлап, оны көбінше бос қоя беретін. 
- Тай болғанда белгілі болады қандай жылық болары, - дейтін бір шетте, ойнақтаған құлынға қарап тұрып әкем. 
Жирен құлын құйрығын тік шаншып, арлы-берлі шапқылағанда
Мен қорқып, үйге қарай қашатынмын.
Әкем тұрады қай кезде құлын өзіне құйындап келіп, сасылып
Иіскелеп, осқырынарын күтіп.

Арада талай жылдар өтті. 
Жирен бие мен құлынын әлдеқашан ұмытқан кезім.
Үйге таудан бір танысымыз келді.
Шай үстінде өзінің сатқан жылқыларды айдасып, Үрімжіге барғанын
Вагонға басып жібергені туралы айтты.
Өңінде мен бүгінге дейін дәп басып айта алмайтын бір тылсым ірең бар. 
- Ғажабы сол, үш ай өткенде, екі мың шақырымды, арада үлкен шөлды басып, 
Жылқының біреуі біздің Тәкілгенге қайтып келіпті, - деді ол.
Соны айтты да, ол тына қалды. 
Әкем де тіл қатпайды. 
Олар үндемеуге уәделесіп алған жандар сияқты. 
Бір кезде танысымыз ақыры үнсіздікті бұзып, бірінші болып өзі тіл қатты:
- Шалдар содан: «кімнің жерінде жүрсе де, енді оған ешкім тимесін де, қумасын, бос жүрсін...», - депті. 
Мен әкеме бұрылып:
- Тәкілген деген қай жер? – деп сұрадым. 
Әкем:
- Біздің жылқыларды, баяғы жирен биені қосқан жер, - деді.
Сонда барып менің ойыма балалық шағымның ұмтылған бір көрінісі қайтып оралды:
Біздің аулада жирен бие құлындаған еді.
Мен қорқып үйге қарай қашқанда,
Ойнақтаған қасқа құлын әкеме келіп асылып, иіскеп
Оқыранып тұрған еді...

3.Маған осы ертек ұнамайды...

Ұлым екеуміз, 
Асық иіріп, ойнап отырмыз
Ойыма тосыннан Ертөстіктің ертегісі келе қалды,
Бірден ғасырларды аттап өтіп,
Сорқұдықтың басында тұрғандаймын,
Неге екен, осы ертек маған ұнамайды
Неге ұнамайтынын енді түсіндім.
Сорқұдықтың басында мен 
Кемпірді емес, әкемді жолықтырдым
Бала кезімдегі сияқты,
Маған ертек айтып, менімен асық ойнап отыр.
Кезек маған келгенде, аз кідіріп қалсам керек
Ұлым бетіме қарап қояды,
Мен иірген асық неге бүк түсе береді?
Алшы түсіре алмай қыстықсам,
Әкемнің алшы түскен асығы көз алдымнан кетпейді.
Мен иірген асық тағы да бүк түсті,
Келесі де, әкемнің иірген асығы не түсер екен?
Алшы түсетін шығар?!
Ұлым менің қолымдағы асықтың жерге түсер сәтін 
Қалт жібермей қадағалап отыр.
Бұл жолы, бұл жолы менің асығым алшы түсті.
Әкем жымиып қарап қояды ,
Мен масаттанып әкеме бір, алшы түскен асығыма бір қараймын
Ұлым маған қарағыштай берді,
Менің тағы да асық иіруімді тосып отыр.
Ол тағатсыздана өз асығының алшы түсуін күтуде.
Біздің ортамызда дамылсыз асық иіріліп жатыр,
Біз асық иіріп ойнап отырмыз.

Мен Сорқұдықтың басында тұрмын.
Маған осы ертек ұнамайды. 

4.Іңір 

Бұл іңір, 
Мен білетін іңірден басқашарақ.

Мен білетін іңірде,
Әкем сыртта, қора жақта мал жайлап жүретін.
Қас қарайған,
Шешем тамақ пысырып, отбасында әбігер болатын шақ.
Әпкем шам жанып тұрған терезеден көрініп тұратын,
Ол әлдебір үй жұмысымен әбігер.
Әкемнің дауысы естілер еді,
Қарауытқан шарбақ пен ағаштардың аржағынан.
Кеше ғана туған бұзауды енесінен айрып байлау керек,
(Ол шешемнің тапсырмасы)
Бұзау жанасып еміп қоймау керек.
Ақ күшік әлдеқайдан сылаң етіп жетіп келеді,
Қараңғылықтан «мен мұндамын» дегендей.
Қолыңды иіскейді, бойыңа асыла кетеді.
Жұлдыз санап,
Аспанда жамырап жана бастаған түн шырақтарына телміріп 
Тұрғаныңда. 
Мазаңды алады,
Ол Жолдыаяқ қой, Жолдыаяқ
Қайбір жақтан асығыс оралған.
Әкемнің дауысын естіп қора жаққа кеткенімен,
Сол минутта қайтып оралады.
Алды-артыңды орап,
Дәл бір сен қалап шақырып алғандай арсалаң қағады.
«Маған қатысты әлденені ұмытқан жоқсың ба? Әлде мен қателесіп тұрмын ба» дегендей,
Оң-солыңа шығып шиырлайды.
Іргедегі көршінің бағынан асып шұрқырап ұшқан бір үйір торғай
Сау етіп жетіп келер еді.
Үй алдындағы жылауық талға сүңгіп кетеді.
Ағаш басы бір сілкініп алады да, ештеңе болмағандай жым бола қалады.
Әлде қайда қараңғыдан мысықтың мияуы естілер еді.
Керіліп, созылып, бір есінеп алып
Жарық түсіп тұрған есікке қарай беттеген.
Көше жақтан біреулердің күңгірлеген дауысы шығады,
Тастақ жолды тықырлатып бара жатқан тағалы тұяқтың дүбірі ол.
Ұзақта, тым ұзақтан үрген иттің дауысы естілер еді сонда:
Еміс-еміс, самарқау, сараң, ерінген...
- Балам-ау, не қылып тұрсың мұнда? – деп әкең шыға келеді қараңғыдан,
Қолғабын шешіп, үстінің шаңын қағып, назары басқа жақта тұрса да,
Дәл саған сұрау қойып тұрғаны.
Шешеңнің дауысы естіледі сонда, асқа шақырған.
Ізінше әпкең терезеден сығалайды – жарықтан қараңғыға,
«Бұлар қайда жүр? барып шақыру керек пе? жоқ?» дегендей.
Сонда ғана сен үйге шынымен ораласың, 
Әлгіндегі ойнаған ойының қиялынан босанып.
- Жүр, - деп әкең үйге беттегенде, соңынан ересің. 
- Осы Жүкей қайда? – деп ақыры сен де біреуді есіңе алып, іздейсің
Саған керек ол, ол қарындасың.
Бұл іңір, жұлдызды аспан, отбасы, әке мен шеше
Жартылай ашылған есіктен төгілген шырақтың нұры...

Ал, бүгін іңір басқаша,
Бұл алыста қалған сол іңірдің жалғасы.

5.Жұлдызды өлең

Жұлдыз -
Алыста және жақындасың,
Сен.
Бір сөзсің,
Жанасың, өртенесің, нұрланасың
Қараңғыда.
Үнсізсің,
Ешкім білмейтін жердесің 
Саусақтың бедерінде. 

6.Алғашы жаз

Жаздың алғашқы күні, ақыры
Ыстық та жетті.
Мен бақшада, құлпынай мен сарымсақ атызының арасында отырмын,
Бұл менің көктемде қолақпандай қыстық аяқ киім киіп жүріп көтерген жер. 
Қыстың тоңы әлі жібімеген, батпақты топырақты күрекпен қопарып,
Жылымық тартқан күннің шуағында, бас киімімнің астында,
Жіпсіген маңдайымның терін сүрткем.

Дәл қазір де күн сол орнында тұр.
Құдыретті, қуатты шуақ қыр арқамды оттай қарайды.
Ештеңе өзгермеген сияқты, бірақ, бәрі өзгерген.
Көктемдегі күннің нұры қара жердің тереңіне шөгіп,
Әлдебір арыдағы тәннің, топырақтың бойындағы тілекті оятқандай. 

Картоптың жалпақ жапырақтарын далда еткен бір үйір құмырысқа,
Көлеңкеден бір шығып, бір кіріп, тынымсыз шапқылап жүр. 
Әуеде қалықтап, гүрілі жер жарғандай болып ұшақ өтті. 
Мен өз көклекеме өзім қорған болып отырмын.
Баяу желпіген желемік когалды шалғынның басын тербейді.
Бірде күшейіп, бірде басылып тұрған самал,
Бір тал құлпынай, құлпынайдың мәңгі өзгермес сол дәмі. 

Бұл, оба басталғаннан кейінгі, алғашқы жаз. 

7.Сөздің дәмі

Сөздің дәмін алған сәтіңде
Әлдеқайда раушан қауашағын 
Жарады.

Қайраңдағы жазу
Толқын шайған сайын 
Жаңарады.

Тұтқынның төбесінде
Мамырлайды
Бір шүлен ақ бұлт. 

Орман мен жауын
Қапысыз қауышқан
Бір тұлға.

Тарихтың әлдебір парағынан
Будақтаған түтін
Көріледі.

Қайтып келіп есік қағып тұрған
Жанның қасынан
Басын бүркеген күндер жылыстап өтіп барады.

Ғасырлардың ізінде
Шапқан аттың тағасы жатыр
Тат басқан, топыраққа тамыр тартқан.

Шындық қараниетке шөккенде
Құладүзде тұрған сахнаның пердесі
Ашылды.

Көлеңкелер қарық болып 
Құшақтасып жатыр
Тас көбіктен де жеңіл.

Қармақ қапқан балық бар күшін салып
Тулайды
Сарғайған қағаздың бетінде сужаңа жазу.

Толқын келеді, кетеді
Жағада
Күндер шашылып жатыр.

Релист ауыстыратын жерде үнсіз мүлгіп 
Пойыз тұр
Әлдеқайда қараңғыда мас біреудің ән салған дауысы 
Естіледі.

Терезенің сыртында айсыз түн
Әлде кім
Күндерін қаттап қара канвертке салып қойды.
author

Ардақ Нұрғазы

АҚЫН

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда оқушылар онлайн оқып жатыр, деп хабарлайды madeniportal.kz.  Облыс аумағында...

Жаңалықтар

Жалақыны бірнеше рет заңсыз өсіргендер анықталды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Мәліметтерге сүйе...