Ақын Сезім Мергенбайдың 7 өлеңі

7 ӨЛЕҢ
3649

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Бүгін қазақ поэзиясының жас буын, сыршыл ақыны - Сезім Мергенбайдың 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!

Ақын Сезім МергенбайАқын Сезім Мергенбай⁂ ⁂ ⁂

 Уа, уақыт!
 ілесе алмай саған қалып кетсем ғой,
 Болып кетсем ғой беймәлім...
 Жалған жатырын жарып кетсем ғой,
 Бақұл боп кетсе ойларым.

 Бәріне түгел талақ айтсам ғой,
 Еркін болсам ғой сендей-ақ.
 Апама марқұм бара қайтсам ғой,
 Бара қайтсам ғой өлмей-ақ.

 Сағынулардан мақұрым қалсам,
 Жан маздамаса бейуақ.
 Маңызы болмай шақырымдар сан,
 Жалт берсем көптің гөйі қап.

 Естеліктерден жат болып кетсем,
 Сақтамай қатпар-қатпарын.
 Жалған заңдарын ақтарып кетсем,
 Төңкеріп кетсем тақтарын...

 Шекті шексіздік сызығын қиып,
 Сүйірлеп сызып кетсем ғой.
 Дүниенің мынау қызығын қиып,
 Бақұл боп кетіп,
 жерлене қалса тепсеңде ой.

 Періштеге де айнала алмадым,
 Бата алмай тағы күнаға.

 Жұт болмап еді қайда қалғамын?
 Тәңірлі ме екен бұл ара?!
 Қадірлі мекен бұл ара?!

⁂ ⁂ ⁂
 
 Мәртебелі минуттар!
 Тірі жанға беймағлұм пиғылы...
 Жұлдызда да құйрық бар,
 Ал естелік - минуттардың құйрығы.

 Оң-солына жіпсіз мойнын бұрғызбай
 Ағып түскен со құйрықты жұлдыздай
 Талайлардың олқы-солқы ғұмырын
 Тосып алар дәрмен таппай құрыдым.
 Әзірейіл - жанға жерік. Жан алғыш.
 Адам әрі - минуттарға тоналғыш.

 "Тобалаған" көп пенденің Тәңірге
 Көрсете алар кәрі - алғыс...

 Сәждесіне ниетсіз-ақ иілгіш,
 Тәспісіне Тәңірден де сыйынғыш
 Мына жұрттан опа табу қиын-ау,
 Ей, толған Ай!
 Тәңіріңмен таныстыршы сыйынар,
 Жазған баста өзге шара қалмады-ай!
 Е-е-ей, толған Ай! Толған Ай...

⁂ ⁂ ⁂
 
 Көктеммен күндес туған мына менің,
 Бозғылт ай болмысыма мелшиеді.
 Күнтізбеден жоқ қылып тынар едім...
 Мен сүймеген көктемді ол сүйеді.

 Ол сүйеді...
 Сүюге тиіс болар,
 Сүйгеніне бір кезгі ұқсатып ап
 Бәлкім алғаш көктемде сүйісті олар,
 Жомарт көктен мөп-мөлдір шық шашырап.

 Ол көктемді сүйеді...
 Сүйсін
 ...мейлі
 Сүю үшін жаралған осы ғалам!
 Ол сүймеген дүниеден сый сырғиды,
 Мен көктемді ол үшін кешіре алам!

⁂ ⁂ ⁂
 
 Зәрлі тым бұ түннің үп-үнсіз мысқылы,
 Шер толы ышқыры...
 О, оның сүйікті әуені - құлазу,
 Көз-жасы - сүйікті түстігі.

 Зарлықтың шашына енеді,
 Көзіне заһарын тұндырып, төгеді.
 Өксігін сүйеді.
 Жылата береді... жылата береді.

 Өзегін өртейді, сағымға жығады,
 Қалтқысыз қол соғып тұрады.
 Қалт етсе...
 Айбоз күн жарқ етсе,
 ...тынады.
 Тынады түбі бір тынады.

 Аспанға қарашы,
 Тәспиық тартам деп үзген ол шамасы.
 Күйзелістерден ол іздеді пәтуа
 Әлхамду... 
 Санашы!

 Салт басты түн бәлкім іздеді серігін,
 Әдейі тұмшалар көрігін?
 Ол бізге шер шағып жүр ме екен о, бәлкім
 баса алмай солығын?

 ...Бетеге, бел асып, бозарып,
 Қош келдің, о, жарық!
 Шерлене бергесін бұ түннің барады
 қадірі қажалып.

⁂ ⁂ ⁂
 
 Қай сүрлеуге түсірмеді ой сәуле,
 Қаншама рет жол таба алмай түн қаттым.
 Өзіңді іздеп барғаным жөн қай шәрге,
 Қымбаттым?!.

 Тең-тең саған,
 Тең-тең маған шер теліп,
 Мысы құрып мызғып жатыр түн, жолдар.
 Арадағы өткел жылдар өртеніп,
 Е-е-ей, жұлдыздар, жастығымды ұрлаңдар.

 Ал сен кімге жастығыңды ұрлаттың,
 Сонау жылы, қымбаттым?!.

 Бұрын қалған балалығың секілді,
 Талас бойын қалмады ма ен жайлап?
 Әлде Алматы қызықтары не түрлі,
 Алып қалды-ау жас күніңді қол байлап...

 Бүгін саған апаратын тарғыл жол,
 Тым бағалы ендігі.
 Бірақ, бірақ...
 Астанаға барғым жоқ,
 Құшағыңда жылытпасың белгілі.

 Мөлдірлерін барымталап, жұтып ап,
 түн өбеді көзімді.
 Бүгін саған жеткізбекші күтіп ал,
 бұлттар мендік мөлт-мөлт мөлдір сезімді...

⁂ ⁂ ⁂

 Әжімдер әрлерде жазылып,
 Мазалар бейдауа бәз үміт.
 Қат-қабат көк үсті - беймәлім,
 Ал жерде - 
 Құдайсыз қазылық.

 Жұбату - жаттанды қаріптер,
 Қаріптер қоғамы - ғаріптеу.
 Ізгі ойлар көрінде өкірді,
 Біздік іс және де көмуге дәріптеу.

 Тереңдеу батырып сызылған әжімін,
 Құдайға жалынып тауысқан қажырын
 Оспадар қылықтар шайқаған қазығын
 Шал-кемпір қарғады өз ұлын...

 Ал олар әлі де өлуде.
 Біздік іс дәріптеу көмуге,
 Барлығы керемет болады,
 Айыбын тарамыс тағдырға телумен.

 Тәркілік мұғжиза тағдырлар сұрауын,
 Сеземін қыларын.
 Кещелеу мұраттар жолында,
 Адасып қалмасын бұ қауым!

⁂ ⁂ ⁂

 Тарамыс түн.
 Тақуа таң.
 Тылсым уақ,
 Сәуле себер жер жаһанға шым-шымдап.
 Түн сүйетін уыт әнеу кірпіктен,
 Ада болмақ сусылдап.
 Сонсоң қалт-құлт қалтыратып тізесін,
 Түн мас күйі кете бармақ құрсылдап.

 Көк сорлайды ерте сөніп жұлдызы,
 Ел зарлайды көктей солып ұл-қызы.
 Күн дерттенер,
 Құрмет те өлер со күні
 Есі ауысып атқан күнге қырмызы.

 Дала кезген дәруіштей данагөй,
 Қат-қат көкті асып,
 Босып барады ой.
 ("Жан тынышы - жұлыныңды үзу ғой.
 Жер тынышы - мола ғой.")

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...