Ақын Бауыржан Майтайдың 7 өлеңі

7 ӨЛЕҢ
4493

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Бүгін қазақ поэзиясының жас буын, жаңашыл ақыны - Бауыржан Майтайдың 7 өлеңін ұсынамыз! Мархабат!


ШЕҢБЕР

 Көп қабатты үйлер көкке қол созғандай көрінеді...
 Ағаштар да тамырынан қашып шыққысы кеп
 немесе тамыры ағаштан кеткісі кеп жанталасқандай көрінеді.
 Бұл рас, тілсіз түсінер түс іші,
 Түсте ғана осылай болар.
 Әлде біздің,
 өмір – түс,
 түсіміз өмір ме?
 Не екенін білмейтін шығармыз.
 Біз де өзімізден қашып шыққымыз келетіндей,
 Әлдебір теңіз жағасындамыз,
 Ағысы жоқ, жақындайды,
 Толқыны жоқ, тұншықтырады.
 "Топан су қаптады, бізді құтқаратын кеме бар,
 Нұхтың кемесі" деген әуенге сіңген баяғы дауыстар,
 Оған апаратын көп жолдарды да айтады,
 Сенеміз, сендіреді,
 Ол Нұх кемесі емес екенін сезсек те үміт көзін ашамыз.
 Бізде тек үміт қана қалды.
 Өзімді түс көріп жатырмын деп сендірем,
 Өңім болса мен жынданған шығармын.
 Түсіміз – шын өмір,
 Өміріміз көрген түс сияқты.
 Ешкім де құтқармайды.

 ҚЫЗЫЛ ӨЗЕН

 Есімнен кетпейді, өзен жағасында әкемнің,
 Осы өзен басында баласына қанжар қадаған әке туралы,
 Бала қанына мына өзен түсін жұттырғанын естігені жайында айтқаны.
 Өзенге қорқа қарағаным...
 Есімнен кетпейді,
 Өзен жағасындағы сол сәттік көрініс.
 Толқынға қасқая бағынған өзен жиегі.
 Өтіп жатқан уақыт пен егіз өзен өзін-өзі жұтып жорғалап,
 Ұсақ толқындар бір-бірін жетелей жағаны қармап,
 Қорқа қарасаң үріккен,
 Күле қарасаң күлген бейнеге енгені.
 Әкеме қарағаным...

ЖЕТКІЗУШІ

 Шағылған құмыра, сынған жапырақ,
 Әлде көбелектің сыңар қанаты,
 Оларды бүтін көргім келеді,
 Бала кезіңде кемпірқосақтың жартысын іздегенім сияқты.
 Әкем әкесінен қалған сынған заттарды қайта жасап,
 Шешем әжесінен қалған өнерімен жыртық шекпен жамайтын.
 Екеуіне де қызыға алмадым,
 Олар үйреніп алуымды жиі айтқан.
 Мен оларға тартпадым,
 Олардың жамап-жасқап қалдырған дүниесі тозған,
 Расы - уақыт уыстап шашып жіберді.
 Балаларыма шешем тіккен шекпен және
 Әкем жасаған ескі мылтықтың суретін ғана көрсете аламын.
 Олар мен мақтауын асырған соң ғана суретке қызыға қарайды.
 Соңғы кезде түсімде
 әкем мен шешем
 ауылдағы көпірден өтпекші боп жүргені...
 Көпірге сенбейтіні,
 Ренішке толы көздеріне сызылғаннан...
 Бірде көпір жоқ сияқты,
 Бірде көпір мен боп елестейді.

Ертоқым

 Өзен жағасында
 Арғы жағаға өте алмай қалған қайықтың кебін киіп
 тозған ер-тоқым қалыпты,
 сыңар үзеңгіні құшаққа басып .
 Оның қандай бір тақымға тақ болып ,
 қайсы бір арғымаққа жарасып қонғанын сездім.
 Оны бір жанның жүрегіндей аялап,
 жаңбыр мен желге тигізбей қорғағанын сездім.
 Ал енді қадірсіз күйінде
 арғымақ үстінде болса таулардан асатын ертоқым
 өзеннің ар жағына өте алмай тозған .
 Мен оған ұзақ қарап,
 алдыңғы қасына бас сүйеп сыбырладым:
 "Кешір, біздің арғымағымыз жоғалған" деп.
 Мұрныма жылқының исі келді.

 Атқа мінген адам

 Қобыз үніне қарап жасағандай
 даладан мен оны көрдім,
 аспаннан аңға құйғытқан қыран дерсің,
 жердің бұ шетінен ана шетіне шапқанын.

 Ол да мені көрді,
 Менің тілімде сөйледі,
 Мен өз тілімді түсіне алмай тесіле қарадым.
 бұл қылығым саңырау адамның ерін қыбырын баққаны.

 Кенет кері бұрылып құйғыта жөнелді шаңдатып,
 Түр-түсін көрмедім...
 Не дегенін білмедім...
 Тек ғана ат тұяғының дүбірі құлағымда қалды.

 Оны
 ат тұяғы мен желге міне кеткен шаң арасынан тани алмай,
 Үңіле қарап өзіме ұқсаттым.

 Ескі кітап

 Ең ауыры
 біздер жайлы аңыз арқалаған керуеннің
 кеңістіктерге көпір болып,
 Төрт тарапқа бойлап
 құс жолындай құжынап тартылғаны...

 Көшпенділердің дүбірі жерді тітірете топан судай жосып өткені,
 Жер бетін махаббатың аудай жапқаны,
 Сəбилік тазалықтың жұпар боп бұрқырай тарағаны,
 Осылардың бəрі де
 Жер бетінде емес, ескі кітапта ғана екені.

 Өткел

 Ол ұлы мінген тайды жетелеп өткел жағасына келді,
 сосын ұлына өткелден өткенде
 қамшысын суға түсіріп алмауын айтты

 Ол өткел ортасына барып ұлына қарағанда,
 ұлының қамшысы əлдеқашан суға кеткенін байқағанымен
 үнсіз жылжыды .

 Қарсы жағаға өткенде,
 өзінің бір кезде осы өткелде
 кездігін жоғалтқанын есіне түсіріп
 өткелге қарады,
 Ол баяғыдай тыныш ағып жатыр.
author

Бауыржан Майтайұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Екібастұзда түнде жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен оқушы іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды madeniport...

Жаңалықтар

Павлодар облысында қыз зорлаған адам өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды madeniportal.kz. Ер адамның...