Ақын Ерлан Жүністің 7 өлеңі

7 ӨЛЕҢ
10761

COVID-19 - адамзат тарихындағы он сегізінші пандемия. Адамзат тарихында қаншама соғыс, қаншама пандемия болды. Бәрі де өтті. Ия, бәрі де өткінші. Бұл апат та өтер, кетер... Жайбырақат, жайдарлы күнімізге де оралармыз. Шыдайық, сақтанайық, жақынымызға жанашыр болайық! Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал ЖұмабайТоқтарәлі ТаңжарықҰларбек НұрғалымұлыЫқылас Ожайұлы, Мирас АсанТөлеген Меллат секілді ақындар өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын - Ерлан ЖүнісМархабат!

Ақын Ерлан ЖүнісАқын Ерлан ЖүнісЖолжазба

1.

Мына ауыл қай ауыл, ақырғы ауыл,
Жолбелгінің қарашы оқылмауын.
Құс қанаты талғандай шалғай түздің,
Құс қанаты күйгендей лапылдауын!

Сары дала сыйдиған, еті қашқан,
Жарлы төбе, жесір қыр, жетім аспан,
Жатқан жері бабамның демесе жұрт,
Тұрмайтыны баланың екібастан!

Көлшігі бар аядай, бір-ақ ұрттам,
Бүк түсіпті сол тұсқа бұралып тау.
Маған қарап қария кемсеңдейді,
Қалаға кеткен ұлға шырамытты-ау...

2.

«Осы маңда ел жатқан» деді маған,
Деді маған ел жақтан коңыр адам.
Өзі өмірден ештеңе сұрамапты,
Сұрамапты ештеңе өмір одан.

Аласы да жоқ екен, бересі де,
Алданбапты дүниенің елесіне.
Қалатынын ұқпадым үнсіз неге,
Алатынын білмедім нені есіне!?

Бір күрсініп алып ол терең ғана,
«Кеп тұр» дейді, білмеймін, келем бе, аға...
Сенде бары – осы ауыл жайлы естелік,
Менде бары – мұңдылау өлең ғана!

Аң қараймыз дей ме екен қырға шығып,
Калмағанын білем ғой құр да шілік.
...Осы құмнан жаралған қос қоңырым,
Бірте-бірте барады құмға сіңіп...

3.

Ойлап келем әрнені, ойлап келем,
Ауылыңа жетем деп қай жақпенен.
Түзге батып барады қара жолдар,
Күзге батып барады ай баппенен.

Ой, қара жол ұзайды шиырлана,
Ширатайын деді ме қиыр дала.
Бірде қыз боп билейді тыр жалаңаш,
Бірде құс боп айналар құйын ғана.

Ой, қара жол, қара жол, қалай барам,
Қара да жоқ жол бойы қарайлаған.
Боз далада бейуақ бөрі ұлыған,
Бөрі емшегін тартқылап бала ойнаған.

Қыр басынан құлдилап көш құлайды,
Көшкен жұрттың көзінен жас бұлайды.
Арасынан салт атты суыт шығып,
Қамшысымен құйынды осқылайды.

Қандай бала, құдай-ау, кайдағы адам,
Қос көрді ме бұл көзім айдаладан?
Қырға шығып қарасам... қалың қопа,
Жұрт түгілі, жын-пері жайламаған.

Жортпаған жон, дөңес жоқ торымаған,
Алыс болды-ау бұл жұрттың жолы маған.
...Балбал тасқа сүйеніп, қалғып кетіп,
Көзімді ашсам: көк қала, қалың адам...

Жүрек маусымдары

(триптих)

1. Өткенде...

Өткенде...
өмірді бастарда,
көктеуге ынтыққан өмірмен,
көктемге ынтыққан көңілмен,
тап келдім,
тап келдім сенің мен,
әлемің,
аспаның,
жаныңа,
көп келдім көктемгі бағыңа,
бұйығы, балауса шағыңда,
шашыңа көк гүлдер тағына,
сен жүрдің,
сен жүрдің ішінде ен гүлдің,
«Махаббат бар ма?» деп мен жүрдім,
сендіргің келетін,
күн өпкен жүзіңнен мен өпкім,
жаныңды жанымның төрі еткім,
тәніңді тәнімнің төрі еткім
келетін,
о, бәлкім, сен білдің,
мен сонда білмеген екенмін,
ертерек бүрлеген екенмін,
бір баққа бөлене бермесін,
бір бақта гүлдеген екеудің,
өткенде...
өмірді бастарда...

2. Дәл қазір...

Дәл қазір... тек басқа қалада,
Сен жайлы ойланды бір адам,
қалаға,
жымиған, жылаған,
дәл қазір арылған күнәдан,
дәл қазір күнәға бататын,
қарады ол:
сен жайлы ойланды,
терезе алдына байланды,
есіне түсірді жайдарлы,
кезіңді,
кезіңді жабыққан,
оның шын сүйерін жаңа ұққан
кезіңді,
кезіңді
сүйікті болудан жалыққан,
сүюге ұмтылған өзгені,
өзгеге арналған сөздерің,
өзгеге қараған көздерің,
мұңайтып тұрғанын сезбедің,
дәл қазір... тек басқа қалада,
сен жайлы ойланған адамды,
өзіңе айналған адамды,
өзіңе байланған жанарды...
Дәл қазір... тек басқа қалада...

3. Күні ертең...

Күні ертең... көк пен жер есенде,
Алқоңыр күздер
Мен
Көгілдір көктемдер есенде,
Сол сәтке адаспай жеткендер
Есенде,
бір ақын,
Сен жайлы жыр оқып тұратын,
Ел жайлы жыр оқып тұратын,
Жер жайлы жыр оқып тұратын,
Есіңе түскенде,
дәуірлер, замандар көшерде,
қалалар, адамдар көшерде,
О, бәлкім дәл сенің көшеңде,
О, бәлкім орталық алаңда,
Арманшыл, адасқақ сол жанға
Далалар, өзендер, ормандар,
Жолдар да, таулар да, қорғандар,
Уақыттар, халықтар, белдеулер,
Гүлзарлар, нөсерлер, желдер де,
Құлдыраулар менен өрлеулер,
Ең ұлы сезімге сенгендер,
Ескерткіш қойғанда,
Ғарышпен тыныстап жүректер,
Атқақтап, тыныш қап жүректер,
Саған кеп ұсынса, таң қалма,
Қолына гүл ұстап жүректер,
Күні ертең... көк пен жер есенде...

Шұғылалы түн

(триптих)

1.

Ұлы бесін. Үмітті шақ.
Жазғы жаңбыр, өтпелі. 
Түбіт мұртты жігітке ұқсап,
Толқығаны, не еткені,
бұл көңілдің?!

Тамылжулы,
Жастық әні – жас үміт,
Әлденеге абыржулы,
Әлдекімге асығып,
Келем...

Бір тал, жоқ, екеу ме,
Үш шоқ гүл ме, жоқ әлде?!
Тағдыр бізді тақ етер ме,
Жұп етер ме?
Обал не,

Ғалжа ғұмыр кешпек – күнә,
Сүймек – тағы сүннәттан,
Есіл күннен ес кетті ме,
Босқа өтті ме,

Мың батпан
Мұң көтеріп, жол таба алмай
Жан таба алмай жол сұрар?!
Бұл жолдарды бірге өтерлік,
Бір жан болса, сол шығар,

Деп, келемін,
Тамылжуда,
Жастық әні – жас үміт,
Әлденеге абыржулы,
Әлдекімге асығып...

2.

Сам жамырап... самаладай жұлдыздар,
Салқам күйге шомып жатқан шақтарда,
Адамдарды алаламай жұлдыздар,
Алақанға қонып жатқан шақтарда,

Аспан жерге құштарланған шақтарда,
Жер де аспанға сырын ашқан шақтарда,
Айналаға құстар қонған шақтарда,
Ай гүлдері бүрін ашқан шақтарда,

Әрбір сөзден бақыт гүлі бүр атып,
Әрбір демнен сол гүлдердің иісі аңқып,
Бір нәзіктік тұл бойыңды жылатып,
Бір ғажайып ту биіктен күй шалқып,

Тұрған сәтте...
ойды,
мұңды,
төзімді,
Бостандыққа ұшырдым да бір-бірден,
Кеудеме ыстық қыса беріп өзіңді,
Көздеріңнен үнсіз сүйіп тұрдым мен!..

3.

Жұлдыздар ауып, жұлдыздар ауып барады,
Адамдар түгіл, айға да «сүй» деп жүргендей,
Қисапсыз шырақ аспанды жауып барады,
Қиссауи ғашық айнала билеп жүргендей,

Тұп-тұнық көздер тұңғиық сырын ашардай,
Толықсып барып, тамып та кетер тәрізді,
Жап-жарық жүрек жалынын әсте баса алмай,
Жарқырап тұрып, жанып та кетер тәрізді,

Албырт бір сезім аңқылдақ тілді сөйлетпей,
Сөйлесем, тілім кесіліп түсер тәрізді,
Шілденің түні сусылдап шәйі көйлектей,
Үстіңнен қазір шешіліп түсер тәрізді,

Шабытты шақта шалықтап тұрып екеуміз,
Жұптасқан күйі жұмаққа кетер ме екенбіз,
Қона алмай бір сәт қалықтап тұрып екеуміз,
Ғарышқа түпсіз құлап та кетер ме екенбіз?!

Ғаусар да ғұсни аңыз боп қалып әлемге,
Сүюге бәрін шақырып тұрар секілдім,
Айналып сосын асқақ та ақық өлеңге,
Аспаннан ғана оқылып тұрар секілдім!

***

Шіркін, сенің жүрегің нұрдан болса,
Күнмен бірге көгімде тұрған болса,
«Тәңірден соң бір саған аманат» деп,
Көңіліме көңілің кұрбан болса.

Шіркін, сенің жүрегің гүлден болса,
Гүл күлгенде, ол бірге күлген болса,
Қызыл-жасыл дүние қызығына,
Құрғыр көңіл қана алмай жүрген болса.

Шіркін, сенің жүрегің мұнар болса,
Сол мұнарға сенімім шығар болса,
Қалау, аңсар, үміт те, жанымыз да,
Бір ойға ұйып, бір сөзге тұнар болса.

Шіркін, сенің жүрегің менде болса,
Сезімге бай, секемге кенде болса,
Ғұмыр бойы сырыңа сырым бойлап,
Қанша қазсам сарқылмас көмбе болса. 

Шіркін, сенің жүрегің қалам болса,
Жазар едім дүние жаңарғанша,
Жазар едім дүние тазарғанша, 
Шіркін, сенің жүрегің... амал қанша. 

***

Осы көз – туыс маған,
Осы ерін – бауыр маған,
Көңілмен суыспаған,
Жүрекпен ауырмаған,
Кездескен кез есімде,
Ұялшақ түн есімде,
Сен соны сезесің бе,
сен соны білесің бе?! 
Жанарың... есімде мұң – 
өлеңдей оқылмаған,
Осы қол – досым менің,
бұл құшақ – жақын маған!
Кешікпей келші дедің, 
келмедім, алыстадым, 
ойларың – көршілерім,
сөздерің – таныстарым! 
Сәулем-ау, содан бері – 
кері жол, теріс орам,
ұнатса адам нені,
ұзамаушы еді содан, 
Ал мен ше,
безінемін,
Дүние – көзіме жын,
бөтенмін өзіме өзім,
дұшпанмын өзіме өзім!
author

Ерлан Жүніс

АҚЫН

Жаңалықтар

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры және оның Батыс Қазақстан облысындағы өкілі, жемқо...

Жаңалықтар

Ауқымды су тасқындарына байланысты сәуір айының басында Жаңа адамдар зардап шеккен аймақтарға жібе...