СССР халық әртісі, аса көрнекті режиссер Шәкен Аймановтың туған жерінде Ertis Cinema халықаралық кин...
Әлемдегі алғашқы кино
арихи деректерге сүйенер болсақ, алғашқы кино 1895 жылы пайда болған. Ағайынды Люмьерлердің «Пойыздың келуі» («Прибытие поезда») деректі фильмі жарыққа шықты. Бұл - бүкіл әлем бойынша ресми түрде тіркелген әрі көрсетілген бірінші кино. Алайда, 1888 жылы ресми түрде тіркелмесе де француз азаматы Луи Ле Принц фотоэмульсиямен қапталған пленкаға ұзақтығы 2 секундтан асатын «Раундхэй бағындағы көрініс» («Сцены в саду Раундхэй») картинасын түсірген. Әлемдегі алғашқы операторлардың бірі, Джордж Истмэн, бұл картинаның операторы болды. Алғашқы киноға бес әртіс қатысты: Луидің ұлы, Адольф Луи, Харриет Хартли және Луидің қайын енесі мен атасы.
Бұл кинодан кейін «Лидс көпірімен көліктің қозғалуы» («Движение транспорта по мосту Лидс») сияқты бірқатар кино түсірілген болатын. 1890 жылдан кейін Луи мен оның отбасының бірнеше мүшелері құпия жағдайда іс-түссіз жоғалып кетті. Ал оның ұлы фильмнің ресми түрде әлем бойынша бірінші болып мойындалуына ат салысқанмен, оның еңбегі нәтижесіз болды. Кезекті сот отырысынан кейін ол белгісіз біреулердің қолынан қаза тапты.
Луидан кейін бірнеше секундтық фильмдер түсірілгенімен, 1895 жылы ағайынды Люмьерлердің «Ла-Сиота вокзалына пойыздың келуі» атты туындысы әлем бойынша алғашқы кино болып танылды. Кино ұзақтығы - шамамен 1 минут. Фильмде келген пойыздан түскен адамдардың жан-жаққа кетуі мен күтіп тұрған жандардың пойызға мініп, өз орындарына жайғасуы көрсетіледі.
1896 жылы көрсетілімге шыққан фильм сюжеті өте қарапайым. Пойыздың платформаға жақындауы - таңдай қағып, таңқаларлық ғажап дүние емес. Алайда XІX ғасырдың соңында өздеріне қарай келе жатқан пойызды көрген көрермендер естерінен танған.
Сюжеті ұқсас «Жұмысшылардың фабрикадан шығуы» атты фильм түсірілді. Бұл фильм кеш түсірілсе де, оны алғашқы киномен шатастыра бастады. «Пойыздың келуі» фильмінен кейін кинематограф саласы дами бастады. Әлемге танымал бірқатар фильмдерде алғашқы фильм үзінділері көрсетіледі. Бұл кино әлеміндегі алғашқы киноға деген құрметтің белгісі болып табылады.
Суреттер ғаламтор беттерінен алынған