Авторы Николай Александрұлы Бердяев1Біздің дәуірімізде таным үшін де, және өмір үшін де мәдениет пен...
Ұлттық-мемлекеттік идеология: Алтын Орда мен Қазақ хандығындағы руханияттың көне қайнары
Мәңгі ел, Мәңгі мемлекет, Мәңгі халық..... Адамзат тарихында елес берген қаншама мемлекеттер осы мәңгілікті аңсады. Тарихтың түрлі кезеңдерінде замандарын дүр сілкіндірген империялар өздері салтанат құрып тұрған мемлекеттердегі саяси-экономикалық, мәдени жетістіктеріне масаттанып, елдерінің мәңгі жасайтынына шүбәсіз сенді.
Бір кездері «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған Мысыр перғауындарынан енді, тек бальзамдалған жансыз мумиялары мен шөл далада мелшиген пирамидалары қалды, шумерлер мен аккадтардың, Вавилон мен Урартудың кезіндегі сапырылысқан тіршіліктерін баяндайтын жазба кесектері қалды. Ислам әлеміндегі сансыз империялардың орнын басқан, суы тартылған көлшіктей ұсақ, бытыраңқы мемлекеттер де кезінде мәңгілікті армандаған. Бұл мемлекеттердің билеушілерінің аты-жөніне «Шығыс пен Батыстың әміршісі», «Дін мен сенімнің тірегі», «Алланың жердегі көлеңкесі» деген астамшыл титулдар қоса жазылатын еді.
Бүтіндей құрылыққа биліктерін жүргізген Америкадағы үндістекті ацтектер мен маялар да испандықтар келгенге дейін ну орман мен биік таулардан, сарқылмас байлықтары мен мыңғырған малдары жайылған шұрайлы жерлеріндегі мәңгі мемлекеттерінің тілеуін тілеп өмір кешті. Алғашқы испандықтар келгеннен бастап бас-аяғы бір-екі ғасыр ішінде мәңгілік мұраттарына жетпек түгілі халқы тоз-тоз болып, билеушілері құлға, ханшалары күңге айналды. Енді міне, меңіреу резервацияларда арақ пен есірткіге еліріп, ескі замандардағы ұлы мемлекеттері жайлы мұңлы әуендерді испан-үндіс тілдерінің қойрытпақ әуенімен шырқап, мәңгірген күй кешіп отыр.
Кешегі өткен Кеңес империясы да тек өздерінің ғана емес, коммунистік шапанды жамылған бүкіл әлем мемлекеттерінің де мәңгі жасайтынына сенімді болды. Бірақ, небәрі жетпіс жыл ғұмыр кешіп, ол да өзі сияқты мемлекеттердің тағдырын құшты. Әрине, өз замандарында осы мемлекеттердің өздерінің мемлекеттерінің мәңгі жасайтынына нық сенімдерінің негізі де бар еді. Ұлан-байтақ территория, аста-төк байлық, бағынышты халықтар мен мемлекеттер, дамыған экономика, қуатты әскер, озық мәдениет–мемлекеттің әлеуетін күшейтіп, билеушілерін масаттандырды. Дегенмен, олардың мәңгілік мақсаттары аяқасты болып, армандары баянды болмады. Біршама ғалымдар бұның себебін ішкі және сыртқы тарихи саяси-әлеуметтік факторлардың түрлі аспектілерін қарастыра отырып зерттеді. Себеп неде?
Біздің ата-бабаларымыз да дала көшпенділерінің басын қосып, алғашқы өз мемлекеттерін құрғанда Жаратқаннан өз мемлекеттерінің мәңгілігін сұрағандығында шүба жоқ. Көне түркі сына жазбалары, Шыңғысхан мемлекеттері туралы деректер мен құжаттармен танысу барысында көшпенділердің басты саяси мақсат ретінде «Мәңгі ел» құруға талпыныстарының болғандығын байқаймыз және бұл арманының шынайы негізі болғандығына да көз жеткіземіз. Бірнеше мыңдаған жылдар бойы бірде үзіліп, бірде қайта жалғанып осы заманға жеткен мемлекеттілігіміздің тарихын зерделесек, ата-бабаларымыздың мәңгі мемлекеттілікті тек армандамай, оның мықты іргетасын қалап кеткендігі белгілі болады.
Біздің мемлекеттіліктің үздіксіз жалғасып келе жатқан сабақтастығының себебіне үңіліп оны өзге тарих сахынасынан жоғалған мемлекеттердің тағдырымен салыстыра қарастырсақ, біздің де мәңгілікке таласымыздың барлығы өзінен-өзі анықталады. Дәстүрлі түркі мемлекеттілігі–Жаратушы еркімен құрылған, табиғат пен қоғамның шебер үйлесімділігін сақтаған, Жаратушы заңдарымен үндестікке негізделген мемлекет. Біздің ата-бабаларымыз перғауындар мен ацтек көсемдері, немесе араб халифтеріне қарағанда иманды істерімен Жаратқан жасаған ережелерге, адамгершілік пен ізгілік талаптарына сай болды.
Ұзақ жылдар бойы өзге ұлттың қол астында болып, өзге дүниетанымдық құндылықтардың езгісіне ұшырап, едәуір өзгерістерге ұшырап, тоқыраған қазақ мемлекеттілігі қайта тәуелсіздік алып, мәңгі ел құру туралы ата-баба аманатын қайта арқалады. Талай мемлекеттер жоғалып, талай халықтар жойылғанда қазақтың өз мемлекеттілігін мыңдаған жылдардан бойы ұстап тұруы шынында да таңқаларлық құбылыс болды. Бірақ, Жаратқанның шыдамды да сабырлы, иманды да арлы, қанағатшыл да қарапайым халыққа ерекше ықыласы түсетінін ескерсек бұған сірә да таң қалмассың. Кеңестік биліктің езгісіне түсіп, Жаратқан еркінен тыс қолдан жасалған кеңестік-коммунистік идеологияның өңдеуінен өткен бұл қайран халық өзінің ата-бабалары салып берген сүрлеуден таймай, дүниеге деген өздеріне тән көзқарастарын өзгертпеді. Арқа еті арша, борбай еті борша болып, кеңестің малын бағып, осы еңбегі үшін коммунистің қызыл билетін алып тұрып, бұл қазақ Жаратушыға «тәубә» деді. «Малым жанымның, жаным арымның садағасы», «Көппен көрген ұлы той», «Малымды алсаң да пейілімді алма» деген ниеттерін өзгертпеді. Дүние мен малға қызығып ары мен ұятын сатпады. Ұлы халықтың шектен тыс қарапайымдылығы мен қанағатшылдығын басқалар түсіне алмады, кекесінмен қарады, мазақтады. Бірақ сол сабырлылық пен қарапайымдылығы, қанағатшылдығы мен кең пейілінің арқасында өз мемлекеттілігін қайта силады.
Тәуелсіздік алып, көк түріктердің көк байрағын қайта желбіреткен тұста қазақ мемлекеттілігінің баяндылығы, мәңгілігі де сол Жаратқан еркіне, оның көрсеткен жолымен жүріп, ата-баба дәстүрін қайта жалғастыруға байланысты болып тұр. Қазіргі аса жылдам дамып отырған жахандану жағдайы саяси эксперименттерді көтермейді. Зерттеушілер кеңес кезеңіндегі қазақ халқына жасалған сынақтардың зардабы жалғаса берген жағдайда халықтың мүлдем жойылып кету мүмкіндігін теріске шығармайды. Сондықтан да мыңдаған жылдар бойы тарих сынынан өтіп ысылған дәстүрлі мемлекеттілігіміздің рухани тірегін қайта қалпына келтіріп, заман талабына ыңғайлап, пайдалану мүмкіншіліктерін қарастыру кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.
Тарих көрсеткендей, адамзаттың жауы–адамның өзі, қанағатсыздық, нәпсіқұмарлық, жыртқыштық. Ізгілік жойылғанда мемлекет те, адамзат та жойылады. Адам баласының жүрегіне ізгіліктің нұрын құятын тарихи тамырдан нәр алған тәрбие, дәстүр. Дәстүр мен тәрбиені Жаратушы оны өзінің рухани өкілдері арқылы халыққа арнап жасады, ал оны қолдайтын, іске асырып пайдаланатын қоғам. Қазақ халқының да тарихтың өне бойында жүйеленіп, ысылған дәстүрлі дүниетанымы бар. Түбі Жаратушыдан болғандығы үшін заман дамып, уақыт өткен сайын, ғылым мен технология, қоғамдық қатынастар жетілген сайын осы дәстүр өз маңызын арттыра түсіп, қоғам қажеттілігіне барынша көкейтесті бола түсуде.
Сақтар, ғұндар мен Алтын Орда, Қазақ хандықтарының аралығында едәуiр уақыт өтiп, түрлi саяси-мәдени, экономикалық ерекшелiктерге ұшырататын тарихи кезеңдер өткенiмен осы мемлекеттер арасында, олардың даму деңгейiне қарамастан тарихи сабақтастық, идеялық ұқсастық, дәстүр жалғастығы орын алды. Этностың шаруашылық типі мен мәдени-рухани тұтастығына мұрындық болған осы дәстүр жалғастығы тарих бойында мемлекет құрушы этностың тағдырын шешті. Бұл сабақтастықты байқаған зерттеушiлер де «көшпелiлер өмiрiнде ғасырлар алмасуына орай қоғамдық құрылымға уақыт өз түзетуiн енгiзгенiмен, түп негiздiң өзгерiске түсе бермейтiнi белгiлi» деп өз бағаларын берді.
Зерттеушілер «тарих бетiнде әр кезеңде бiрiн-бiрi ығыстырып, бiрiнiң орнын бiрi басқан көшпелi халықтардың халықтық атаулары мен олар құрған мемлекеттердiң аты өзгерiп жатқанымен, олардың iшкi құрылымдық жүйесiнде ерекше бiр назар аударарлық ауытқулардың бола бермейтiнi де содан’‘ деп орынды көрсетті. Ортағасырлық түркi мемлекеттерiндегi идеология қазығы ретiнде алынған дәстүрлi дүниетанымның идеологиялық қайнар-күшi орасан зор болды. Қоғамның iшiнде тәртiп орнатып, қоғам жұмысын реттейтiн, қоғам мүшелерiн бiрiктiретiн ереже сол қоғамның баяндылығының кепiлi болып табылады. Мемлекеттiң де тағдыры осы ереженiң пәрмендiлiгiне байланысты болатыны анық. Ортағасырлық мемлекеттегi қоғам мүшелерi мен билеушi топ мемлекеттiң тұрақтылығы үшiн тұрақты заң керек екендiгiн түсiндi. Ондай заңды адам қолымен жасау мүмкiн болмады–адам жасаған заң әрдайым адамдардың талабы мен тiлектерiне орай өзгерiске ұшырайтын едi. Сондықтан да адамдарға мүлде тәуелсiз, олардан әрқашан биiк тұратын Құдай заңдарының жөнi бөлек болды– адам заңы өзгередi, ал Құдай заңы ешқашан өзгермейдi. Осындай бұлжымас заңдардан тұратын ереженi тек дiн ғана бере алды. Ортағасырлық түркiлер де өз мемлекеттерiндегi Тәңiрi қалауымен жасалған заңдардың пәрменiне сүйенудi қалады.
Түркі мемлекетінде жетекшілік дәрежеге жеткен дәстүрлі дүниетаным мемлекеттік жүйе мен этностың мәдени-шаруашылық ерекшеліктерінің қалыптасуына ықпал етті. Мемлекетті мекендеуші халықтың мәдени құндылықтары да дәстүрлі дүниетаныммен жымдаса отырып дамыды. Бұл турасында Д.Кенжетай ‘‘Дәстүрлi түркiлiк дүниетаным бүгiнгi ұлттық-мәдени ұстамдарымыздың негiзi. Дүниетанымның негiзгi ұстыны мәдениет болса, мәдениеттiң күретамыры оның тiршiлiгi мен мен қалыптасуына қажеттi құндылықтар жүйесiн реттеушi күш–дiн болып табылады. Мәдениеттiң дүниетанымдық құндылықтары тiкелей трансцендентальды киелiлiкпен, яғни Ұлы Тәңiрiмен үндестiкте болғанда ғана тұрақты құндылықтық сипатқа ие бола алады...... Дәстүрлi түркiлiк дүниетаным–исламнан бұрынғы түрлi мәдениеттiк қабаттардағы тiлдiк, дiлдiк және ойлау құндылықтарының жиынтық болмысы’‘ деп жазады.
Көне кезеңдердегi ерте түркiлiк тайпалық-мемлекеттiк құрылымдардың қарапайым түрлерiнiң құрылуынан бастап Қазақ хандығының дәуiрлеу кезеңiне дейiнгi кезеңде дәл осы дүниетаным түркiлердiң мемлекеттiлiгiнiң қалыптасып, дамуына ықпал еткен сенiм-наным жүйесi болды. Ата-баба әруағына, табиғатқа тағзым, жан-жануарларды құрметтеу сияқты ұсақ, қосымша сенiм элементтерiнiң ең басында жалғыз Жаратушыны (қазақтар оны Тәңірі, Құдай, Алда, Аллаћ деп әртүрлі атағанмен, негізгі идея– жалғыз Жаратушы болды) мойындайтын сенiм жүйесi тұрды. Түркi мемлекеттiлiгiнiң дамуы барысында түрлi тарихи кезеңдердi бастан өткерген бұл жүйе өзiнiң монотеистiк сипаты мен ерекшелiгiне қайшы келмейтiн өзге келiмсек, жат идеяларды қосып алып, күрделене, көмескілене түстi.
Түркi қағанатының құрылуының алғашқы кезеңiнде идеологиялық факторлар маңызды роль атқарды. Әртүрлi тiлдiк-нәсiлдiк ерекшелiктерге ие этностарды былай қойғанда бiрыңғай этникалық текке ие көшпендiлердiң өздерiнiң арасында қағанаттың құрылу қарсаңында идеологиялық бiртектiлiк аса күрделi болды. Қағанаттың құрылуымен ортақ идеологиялық ұстанымның жетекшiлiкке жетуiмен осы түркiлiк және түркiлiк емес (ирандықтар, моңғолдар, арабтар) этникалық топтардың бiрiгу процесi етек алды. Қағанаттағы саяси тұрақтылықтың да кепiлi дәстүрлi дүниетанымның идеологиялық мүмкiншiлiктерiне тiкелей байланысты болды.
Осылайша, жаңа құрылған түркi мемлекетi үшiн iшкi бiрлiктi сақтап, бекiту басты мақсат болды. Ал, оны қағанат халқын бiрiңғай идеологиялық бағдарды ұстанбай мүмкiн болмады. Сондықтан да қағанат билеушiлерi ел халқының дәстүрлi дүниетанымының жақындасуына ерекше көңiл бөлдi.
Ежелгi түркiлерде билiк жоғарыдан төмен қарай жүргiзiлгенi белгiлi. Бұл дәстүрлi түркi дүниетанымына саяси билiк теократиялық негiзде қалыптасқандығының белгiсi. Түркiлерде саяси билiк пен үстемдiк көзi Тәңiрден алынған. Осы орайда ‘‘қаған’‘ ел мен Тәңiрiнi, ел мен қоршаған әлем арасын байланыстыратын көпiр мiндетiн қоса атқарды. Қаған Тәңiрдiң құты арқылы билiкке ие болды. Яғни, билеушi халық алдында Тәңiрi тарапынан жiберiлген қаған ретiнде шексiз беделге ие бола отырып, Тәңiрi алдында ел мен халықтың тағдыры үшiн үлкен жауапкершiлiкке де ие болды. Оның мiндетi халықтың әлеуметтiк жағдайын жақсарту, iшкi саяси тұрақтылық пен халық бiрлiгi, елдi сыртқы жаудан қорғау болды. Мемлекеттiң негiзi, негiзгi заң–төре болды. Төренiң негiзi–мәдениет, салт-дәстүр, ал мәдениеттiң негiзi–Тәңiрлiк сенiммен бекiтiлген құндылықтар жүйесi.
Дегенмен, уақыт өте келе көк-түріктер қағанаты саяси-экономикалық тұрғыда қаншалықты күшейе берсе, діни-идеологиялық тұрғыда соншалықты әлсірей берді. Тіпті, саяси-эконмикалық тұрғыдағы даму жеделдей түскен сайын, рухани тоқырау шапшаңдай берді. Түркi мемлекеттiлiгiнiң қалыптасып, дамуына мұрындық болған дәстүрлi дiн негiзiндегi идеологиялық жүйе түркi билеушiлерi тарапынан өзгеріске ұшырай бастады. Бiр жағынан, түркi билеушiсiнiң шексiз билiгiн қамтамасыз ететiн көршiлес мемлекеттердегi деспоттық жүйенің ықпалы, екiншi жағынан сол мемлекеттердiң түркiлерге қатысты тынымсыз сыртқы саясаты түркілердегі дәстүрлi дүниетанымның идеологиялық бағдар ретiндегi маңызын төмендете бердi. Қағанның билікке шексіз ықпал етуге тырысушылығы қағанат ақсүйектерінің наразылығын тудырды. Билеушінің қағанаттың ықпалды топтарымен санаспауы мемлекетті азамат соғыстарына алып келді.
Түркi мемлекеттiлiгiнiң дағдарысы түркі билеушілерінің тарапынан түркiлiк дәстүрлi дүниетанымның мемлекеттiң дамуы үшiн керектi жүйе ретiнде тоқырауға ұшыратуымен қатар келдi. Аталмыш діни жүйенің бұл мiндеттi атқарудағы жетiмсiздiгi, оның сол кездегi әлемдiк дiндермен идеологиялық бәсекеге түсе алмайтындығы арқылы анық бiлiне бастады. Бiрiншi түркi қағанаты ыдырағаннан соң пайда болған Шығыс Көктүрiк қағанаты Ишбараның билiгi кезiнде (581-587 ж.ж.) iшкi алауыздықтар мен Қытайдың арандатушылық саясатының нәтижесiнде әлсiрей түсiп, бiртiндеп Қытайға тәуелдi болып қалды.
ҮIII ғасырдың екiншi жартысынан былай түркiлер бiрiмен-бiрi байланысты терең дағдарыстарды бастан кештi. Бұрынғы бiртұтас қағанат ұсақ бөлшектерге бөлiнiп, саяси бытыраңқылық орнады. Дәстүрлi мемлекеттiк жүйе бұзылып, түркiлердiң мәдени-идеологиялық бiртұтастығына сызат түстi. Өздерiнiң дәстүрлi мемлекеттiк құрылымы мен идеялық тұғыры бар сол кездердiң iрi мемлекеттерi Қытай, Византия және Иран сияқты мемлекеттермен иық тiрестiретiн, бүкiл азиялық даланы бiрiктiретiн көне түркi қағанаттарының билеушiлерi үшiн ең басты мiндет мемлекеттi сақтап қана қоймай, дәстүрлi ортақ тiл мен дүниетанымға ие iрiлi-ұсақты туыс тайпаларды бiрiктiрiп, оның iргесiн бекiте түсетiн әлеуметтiк саясат пен басқару жүйесiне қажеттiктi сезiндi. Әсiресе, дәстүрлi дүниетанымға негiзделген дәстүрлi идеологиялық жүйенiң дағдарысы кезеңiнде бұл қажеттiлiк барынша айқын байқала бастады. Өйткенi, көне түркi қағанатының ыдырауының басталуымен Ашина әулетiнiң билiгiнiң тоқтауы ғана емес, сондай-ақ сонау ғұн дәуiрiнде үстем болып, түркi қағанаты кезiнде де жетекшi жағдайда болған дәстүр, дәстүрлi дүниетаным, рухани құндылықтардың дағдарысы да анық бiлiне бастады.
Түркi қағанатында үстем болған дәстүрлi идеяның тоқырауы мемлекет халқының да болмыс-тiршiлiгiне айтарлықтай әсер еттi. Көктүрiктердiң кезiнде жетекшi орынға ие болып, түркiлердiң дәстүрлi дүниетанымымен тығыз өрiлген идеологияның дағдарысына сыртқы факторлар да өз әсерiн тигiзбей қоймады. Әсiресе, Византия, Қытай, Иран сияқты мүлде бөгде дүниетанымды ұстанатын елдер мен халықтар сол дәуiрлерде де маңызды геосаяси орынға ие түркi мемлекеттерiне рухани ықпал етуге тырысып бақты. Олар түркi билеушiлерiнiң дәстүрлi идеяны басқа дүниетанымдармен ауыстыру қадамдарына қолдау көрсеттi. Түркi билеушiлерiнiң қолдауымен түркi қоғамына енiп үлгерген бөгде идеялардың әсерiнен түркi қоғамы рухани-мәдени, саяси-әлеуметтiк трансформацияға ұшырады.
Жоғарыда атап көрсеткенiмiздей, осындай күрделi кезеңде түркiлер даласына түрлi жолдармен, түрлi мақсаттармен түрлi дiни ағымдар мен идеялар тоғысты. Осылардың негiзгiлерi манихей, христиан-несториан, будда, иудей, ислам дiндерi түркiлер арасында түрлi дәрежеде дамып, тарады. Бұлардың кейбiреулерi түркi қоғамында уақытша болса да жолы болып, ресми-мемлекеттiк дәрежеге жетсе, кейбiрi түркi қоғамының тек жекелеген билеушiлерi мен олардың жанұяларының қызығушылығын ғана тудырды.
Ең алдымен баса назар аударатын мәселе ол–осы дiндердiң түркi мемлекеттерiндегi идеологиялық дағдарыс кезеңiнде билiк тарапынан сұраныс пен қолдауға ие болатындығын көремiз. Ұлы Даладағы осындай идеологиялық сапырылыстар кезiнде Қытай да жағдайдың өз мүдделерiне қызмет ету жағын қарастырып жатты. Қытайлық емес әулеттердiң бiрiнен соң бiрiнiң қол астына өткен солтүстiктi босатып қана қоймай ‘‘жабайыларды’‘ өздерiне бағындыру қытай саясаткерлерiнiң ұзақ мерзiмдi мақсаты болды. Көшпендiлердi бiр-бiрiне айдап салу сияқты дәстүрлi қытай саясатынан өзге көшпендiлер арасына алауыздық тудыру мақсатында олар құрған мемлекеттегi жетекшi идея ретiнде басқа идеяларды ендiрiп, тарату да солтүстiктегi көршiлерiнiң iргесiн шайқалтатынына сенiмдi болды.
ҮII-ҮIII ғ. Батыс түркi қағанатында да будда iлiмi тарай бастағанмен оның халық арасында қолдауға ие болуы онша табысты болмады. Хуэйчаоның айтуынша ҮIII ғ. басында батыс түркiлерiнiң негiзi будда заңымен таныс болмады. Монастырь да монах та болмады. Бұл туралы З.В.Тоған да қарлықтар арасында буддизм тек аристократияны ғана қамтығанын, ал былайғы қара халық ‘‘дiнсiз’‘, яғни өздерiнiң көне нанымдарында қалғанына баса назар аударады. Қытай тарапынан ҮIII ғ. жиырмасыншы жылдары осы елмен жеңiстi соғыстан соң, Бiлге қаған әкесi мен ағасы–Елтерiш пен Қапаған қағандардың саяси бағытын күрт өзгертедi. Ол өзiнiң кiшi iнiсiнiң қайтыс болғанда жаздырған өз apologia pro vita sua-сында ‘‘мен өз өмiрiм мен халқымның болашағын табғаш халқымен бiрiктiрдiм’‘ дейдi. Ол сол кездегi Қытайдағы танымал дiн буддизмдi мемлекеттiк дәрежеге көтермекшi болады. Оның қытайшыл саясаты қағанат ақсүйектерiнiң қатал қарсылығына ұшырайды. Олардың қысымымен Бiлге өз идеясынан бас тартуға мәжбүр болады.
Көріп отырғанымыздай, будда діні түркілер арасына жекелеген түркі билеушілері арқылы еніп, көбінесе билеуші тап пен билеуші әулетін қамтыды. Түркі билеушілері қолдау көрсеткен діннің қағанат халқының арасына жаппай тарай қоймау себебін біріншіден, түркілердің көне нанымы қара халықтың рухани сұранысын қанағаттандыра алды, екіншіден будда діні идеялық тұрғыда Жалғыз Жаратушыға сиынатын түркілердің ескі дінімен мүлдем үйлесе алмады. Үшіншіден, билеушінің ниетін сезген ақсүйектер жаңа діннің билік жүйесіндегі қағидаларымен келісе алмады.
Түркілер арасына келіп, олардың мемлекеттеріндегі жетекші идеологиялық дәрежені иемденгісі келген діндердің бірі христиан діні болды. Христиан діні түркілер арасына екі түрлі жолмен енді. Біріншіден, ресми түрде–Византия империясының түркілерге қатысты сыртқы саясаты шеңберінде сауда-дипломатиялық қарым-қатынастар арқылы. Екіншіден, осы Византиядағы ресми жетекші идеология тарапынан қуғынға ұшыраған христиандық діни ағымдар арқылы.
Бірақ, түркі билеушілерінің тарапынан ғана қолдауға ие болған бұл дін де олардың күткен нәтижесін бере алмағандықтан, ең бастысы түркілердің дүниетанымдық негіздерімен сәйкес келе алмағандықтан түркілер арасына тұрақтап беки алмады.
Бөгде идеялардың өздерi ресми дiнiне айналған түркi мемлекеттерiндегi терiс ықпалының зардаптарына Хазар қағанаты жақсы мысал болады. Бұл қағанат алдымен ғұндардың, кейін Түркі қағанатының бір пұшпағы саналып, көк-түріктердің билеуші әулетінің мұрагерлері билеген мемлекет болды.
Сол дәуiрдiң өзiнде аса маңызды геосаяси аймақта орналасқан қағанат территориясы өзге мемлекеттердiң қызығушылығын тудырып, қағанатпен қарым-қатынас олардың сыртқы саясатындағы жетекші орынға айналды. Түрлі жолдармен ықпал етуге тырысқан олар қағанаттағы енді ғана басталған идеологиялық тоқырауды пайдаланып, өз идеяларын жарыса тықпалауға тырысты. Осылайша қағанат бөгде идеялардың тоғысу нүктесiне айналды. Хазар қағанатының саяси тарихы мен әлеуметтiк-қоғамдық өмiрiнде түрлi дiндердiң тоғысуы үлкен роль атқарды. Қағанаттың негiзiн құрған ру-тайпалардың ежелгi наным-сенiмi Тәңiрлiк болғанымен батыстың, әсiресе Византия империясының ықпалы артып барып, христиандық дiн тарай бастады. Дегенмен, аталған дiндер Хазар қағанатында айтарлықтай қанат жая алмады.
Обадий бек хазар қағандары әулетiне жатпайтын көп бектердiң бiрi болды. Ол хазар қағаны сарайында қызмет еткен иудей дiнiндегi бiр хазар бегiнiң ұлы бола отырып, иудейлер мен руластарының қолдауымен мемлекеттегi барлық билiктi қолына алды.
Бiрақ, түркi дүниетанымына жат дiндi мемлекеттiк дәрежеге айналуы Хазарияның саяси құлдырауын жеделдеттi. IХ ғ. басында Хазарияда азамат соғысы етек алды.
Түркi мемлекеттерiнде ресми дәрежеге жеткен бөгде идеялардың бiрi–манихейлiк. Осы дiннiң Ұйғыр қағанатының құлауын жеделдетушi фактор екендiгiне қарамастан, көптеген зерттеушiлер бұл мәселенi жете қарастырмады.
Қағанаттағы рухани өзгерiстер ең алдымен дiнге, атап айтқанда манихей дiнiмен тығыз байланысты. 762-763 жылдары Ұйғыр қағаны Бөгi қаған Тан империясының астанасы Лоянда манихей уағызшыларымен ұшырасады. Бұл кездесу ұйғыр мемлекетiнiң тағдырына түбегейлi ықпал еткен тарихи оқиға болды. Қаған мен оның жақындары манихей уағызшыларының екi күндiк уағызынан соң осы дiндi қабылдайды. Ол қағанатқа жаңа дiннiң төрт миссионерiмен қайтады. Қаған жарлығымен манихей iлiмi Ұйғыр мемлекетiнiң жаңа ресми-мемлекеттiк дiнi болып жарияланады. Әрине, жаңа дiннiң бұрынғы көшпендiлердiң шаруашылық тәсiлдерiнiң өзгеруiне, олардың мәдениетiнiң жаңа формалармен толығуына әсер еткендiгi анық. Дегенмен, бұл жаңа дiннiң мемлекеттің саяси тағдырына түбегейлі әсер еткен ауыр зардаптар да әкелгендiгi, ең бастысы қағанаттың құлауына бiрден-бiр себепшi болғандығы да шындық.
Жаңа дiн бұрынғы бiртұтас халықтың iшкi алауыздығын тудырды. Көпсанды мұрагерлер тарапынан билiкке таласты тудырып, дәстүрдi жақтайтындар тарапынан қарсылыққа душар болды. Бұдан өзге, түркiлердiң дұшпандары осы сәттi тиiмдi пайдаланып, түркiлерге өз ықпалдарын күшейте түстi. Мысалы, қағанаттағы дiнаралық жанжалдар кезiнде Қытай үкiметi мемлекеттегi дәстүрдi жақтаушыларға қолдау бiлдiрiп, оларды манихейшiлерге қарсы айдап салды.
Ұйғыр қағанатының манихей мемлекетiне айналуы және осы дiндi ұстана отырып, қасиеттi жердегi қара шаңыраққа ие болып қалуы басқа түркi тайпалық одақтарының заңды наразылығын тудырды. Олар қандай да жолмен қасиеттi мекендi жат дiннiң шырмауындағы ұйғырлардан құтқарып алуды мақсат еттi. 840 жылы қырғыздар тарапынан рухани азып-тозып, iрiп-шiрiген ұйғыр мемлекетi құлатылды.
Осылайша, ҮI-ХIII ғ.ғ. аралығында салтанат құрған Түркi мемлекеттерiндегi мемлекеттiк құрылымның маңызды бөлiгi ретiнде түркiлiк дәстүрлi дүниетаным негiз болған дәстүрлi дүниетаным өз өмiршеңдiгiн сақтады. Дәстүрлi дүниетаным халық пен билеушi арасы, мемлекет пен халық арасы, табиғат пен адам арасы, отбасы аралық мемлекет iшiлiк қатынастарды ғана емес, түркi мемлекетiнiң сыртқы саясатын, көршi елдермен терезесi тең ел ретiнде қатынасқа қол жеткiзетiн саясатын белгiлеп беретiн мәселелердi де реттеп отырды. Түркi мемлекеттерiнде орын алған рухани процестердiң нәтижесiнде түркi мемлекеттерiндегi дәстүрлi дүниетаным да өзгерiстердi бастан кешiрдi. Ортағасырлық түркi мемлекеттерi тек көршiлерi тарапынан қарулы шабуылдарды ғана емес, идеологиялық басқыншылықтарды да көрдi. Осыған қарамастан түркi қоғамында дәстүрлi дүниетаным негiзiндегi идеология мемлекеттiлiктiң алтын қазығы болып қала бердi. Түркi билеушiлерiнiң қолдауына ие болып ресми дәрежеге жеткен жат жұрттық идеялар көбiнесе түркi қоғамының ыдырауын жеделдеттi.
Бастапқыда қару жолымен түркiлер арасында саяси үстемдiкке ұмтылып, осы жолдағы басты бәсекелесi түркi дүниетанымын мүлде қиратып, орнына орнығуды көздеген жаңа дiн–ислам түркi қоғамында өзгерiссiз түрде жетекшiлiкке талпынды.
Көне сенімде исламның қағидаларына қарсы келмейтiн, қайта адамның рухани дамуына бiр-бiрiн толықтырып, бiрдей қызмет ететiн дiни-идеялық элементтердiң мол болуы түркiлердiң жаңа дiндi тез қабылдауына оң әсер еттi. Бұған әсiресе, екi дiндегi абсолюттi рухтың сипаттарының ұқсастығы себеп болды. Түркiлер де Тәңiрге серiк қоспады, оны жалғыз деп бiлдi. Исламды қабылдаған соң түркiлер өздерiнiң түсiнiктерi жетпеген, діни мәселелерге қатысты сұрақтарына қасиеттi Құран кiтабы арқылы жауап тапты, дiни түсiнiктерiн кеңейттi. Түркiлердiң исламды қабылдауда табысты болуларына түркiлердiң билiк жүйесi мен исламдағы басқару принципiнiң тамырластығы да әсер етпей қоймады. Исламның алғашқы кезеңдерiндегi әлi деспоттана қоймаған мемлекеттi билеу жүйесi мағыналық жағынан түркiлiк дәстүрмен ұқсас болды. Ұзақ ғасырлар бойы Орталық Азияда ислам тек діни жүйе ретінде ғана емес, қоғамның әлеуметтік өмірін қамтитын, өзіне ғылым, мәдениет пен білімге де әсер еткен және тарихи дәстүрлер мен адамдардың құлықтық түсінігі мен тұрмысына терең із қалдырған институттар кешені болды. Ислам өзіне зайырлы және діни саланы қамтып, құлық пен құқықты теңестіреді. Исламның қоғамдық идеалы рухани және саяси билік дін көсемдеріне берілген теократиялық мемлекет болды.
Түркiлер арасына бiртiндеп тарай бастаған жаңа дiн түркi жүрегiн күшпен жаулап алудың мүмкiн еместiгiне көз жеткiзiп, көшпендiлер дiнiне айналудың жаңа жолдарын қарастыра бастады. Түркiлер де өз кезегiнде мұсылман-түркi мемлекеттерiнiң саяси-мәдени дамуына исламның көшпендiлерге жат, дәстүрлi емес нұсқасын үлгi етiп алудың алғашқы зардаптарын сезiндi. Әсiресе, исламның отырықшы ирандық дәстүрмен бiте қайнасқан саманилiк мемлекеттiк үлгiнi түркi мемлекетiне көшiре қабылдаудың зардаптары, ең алдымен саяси-мәдени, қоғамдық-рухани салада айқын бiлiндi. Мiне, сондықтан да Қожа Ахмет Йассауи, Бақырғани, Йгүніки сияқты сопылық ағым өкілдерінің ислам мен дәстүрлi дүниетанымның өзара үйлестiретiн iлiмiнiң түркi мемлекетiнде жетекшi орынға шығуы бұл қайшылықты шешiп, исламның түркiлер арасына, түркi дүниетанымымен үйлесе отырып сiңуiне ықпал жасады.
Ұзақ ғасырлар бойы Орталық Азияда ислам тек дiни жүйе ретiнде ғана емес, қоғамның әлеуметтiк өмiрiн қамтитын, өзiне ғылым, мәдениет пен бiлiмге де әсер еткен және тарихи дәстүрлер мен адамдардың құлықтық түсiнiгi мен тұрмысына терең iз қалдырған институттар жүйесі болды. Ислам өзiне зайырлы және дiни саланы қамтып, құлық пен құқықты теңестiредi. Исламның қоғамдық идеалы рухани және саяси билiк дiн көсемдерiне берiлген теократиялық мемлекет болды.
Түркi билеушiлерiнiң түркiлердiң басын қосып, ортақ идеологиялық құндылықтар төңiрегiне бiрiктiруге талпыныстарына қарамастан жекелеген билеушiлердiң өз мүдделерiне орай жасаған саяси әрекеттерi салдарынан бiрiгу процесi ыдырау процесiмен қатар, бiрдей жүрiп отырды. Жоғарғы тарауларда көрсеткенiмiздей «киiз туырлықты түркiлердi» бiр шаңырақ астына бiрiктiруге деген Шыңғысханның жемiстi саяси әрекеттерiнен соң көшпендiлердiң бiр-бiрiнен алшақтап, бөлiнуi қайта жалғасын тапты. Түркiлердiң бақытына орай келген ортақ идеологиялық бағдарға айналған ислам дiнiнiң саяси-рухани күш-қуатына қарамастан түркi мемлекеттерiнiң бөлшектенуiн ешнәрсе тоқтата алмады. Бiр кездерi бiр мемлекет туының астында өмiр сүрген түркi халықтарының ыдырауы одан кейiнгi кезеңдерде де жалғаса бердi. Бiр қызығы дiни-идеологиялық жүйесi мен жосын-жоралғылары бiртұтас кешендi құрайтын ислам дiнiнiң өзi түркiлердiң саяси, этно-мәдени және шаруашылық-экономикалық тұрғыда бiр-бiрiнен алшақтау процесiне түбегейлi тосқауыл қоя алмады. Мұның ең басты себебi исламның өз iшiндегi кейбiр дiни қағидаларға байланысты қарама-қайшылықтардың болуы және осы қайшылықтардың негiзiнде бiр-бiрiмен ымыраға келе алмайтын исламдық ағымдардың пайда болуы және осы ағымдардың түркi мемлекеттерiнде идеологиялық жетекшiлiкке ие болуы болды.
Исламды өз мемлекеттерiнде ресми дәрежеге көтерген түркiлер бастапқыда жаңа дiннiң қасаң қағидаларымен бетпе-бет келді. Ислам дiнiнiң өз тарихындағы ғылым мен шығармашылыққа дем берушi қасиетiнен айрылып, қасаң, шеңберi тарылған, тек әдет-ғұрыптар ережесiне айналуы исламның дағдарысын тудырды. Сопылардың дiннiң iшкi иiрiмдерiне кiрiп, Ақиқатқа ұмтылып, Құран мен дiннiң құпиясын ашуға ұмтылыстары «дiн сақшыларының» күшiмен тоқтатылды. Бұрын ислам демеген астрономия, математика, химия сияқты ғылымдардың одан әрi дамуына тосқауыл қойылды. Бұл орайда діни қасаңдық түркілік-исламдық ғылымның одан әрі дамуына кедергі келтірді.
Ортағасырлық түркi қоғамында саяси-идеологиялық үстемдiкке ие болған ислам дiнi өзiнiң шынайылығымен дәл осы кезеңде саяси-экономикалық, рухани мәдени дағдарысқа тап келген түркi қоғамын қайта түлетуге ылайықты жүйе болды. Дегенмен, осы кезеңдегi авторлардың еңбектерiн талдау, түркi қоғамына ислам дiнiнiң енуiмен, исламның алдындағы орын алған рухани-саяси дағдарыстың олардың исламды қабылдауымен түбегейлi шешiлмегендiгiн көрсетедi. Әсiресе, бұл сол кездегi авторлар М.Қашқари, Ж.Баласағұн, А.Йассауи және А.Игүнiки шығармаларының сарынынан анық байқалады. Мысалы, алғашқы мұсылман түркi мемлекетi–қарахандардың тұсында өмiр сүрiп, жасаған Махмұд Қашқари өз шығармаларында ислам құндылықтарын жырлап насихаттай отырып, түркi қоғамындағы келеңсiздiктердiң исламданған мемлекетте де белең алуына қынжылады:
Заман түгел күйредi
Парасат пәктiк сиредi
Азғын, жауыз жиналды
Даңқты бек жоғалды.
Түркiстан сопылығының белдi өкiлi Ахмет Йассауи хикметтерiнен де сол кезеңдегi түркi-мұсылман қоғамындағы дағдарыстағы рухани жағдайды байқауға болады:
Әулиелер айтқан уәде келер болғай,
Қияметтiң күнi туың болды, достар.
Ақылды құлдың болғанын бiлер болғай,
Ел-жұрттан мейiр, шапағат кеттi, достар.
Үлкен, кiшi адамдардан әдеп кеттi,
Қыз, келiнмен, нәзiк жаннан ұят кеттi.
“ұят барда иман бар” деп Расул айтты,
Арсыз қауым бүлдiрiп бiттi, достар.
Осы кезеңдегi ислам-түркi әдебиетiнiң өкiлi Ахмет Игүнiки өзiнiң «Ақиқат сыйы» атты дiни-этикалық шығармасының негiзгi мазмұны дiндi уағыздау, жалпы адамзаттық құндылықтармен бiте қайнасқан ислам моралын түркi қоғамына насихаттау болып келетiнi белгiлi. Ол шығармасында:
«Достық кеттi, шындық қайда?
Мың адам досың болса, бiреуi адал емес.
Шын досың болса мұны сырты деп бiл»-дейдi.
Ол исламданған түркi қоғамындағы рухани дағдарыстың белең алуына қынжылып, шарасыздық танытты: « ....Бұл күнде адамгершiлiк сырты оңбағандық. Жәбiр-жапа толып кеттi, теңiзден асып төгiлдi. Қайда уәде, аманат, iзгiлiк қайда деп ашынған ақын, ислам әлемiнiң бiр парасына айналып, надандықтан ажыраған жұрттың өз дәуiрiндегi дағдарысына күйiнедi.
«Құтты бiлiк» авторы Жүсiп Баласағұн да заманының тозуына қайран қалып, тығырықтан шығар жол iздейдi:
Ел неге азды? Заңды қалай түзедiм?
Қай заманға келдiм, қалай жүремiн?
Иә, жынды, иә ақымақ шығармын,
Айтқанымды ұғындыршы–ұғармын!
Сауда қуып, бұзылды ма маңайым,
Елес пе әлде, көзiмдi кең ашайын!?
Кезiктiм бе кiл сондайға, ағайын?
Әлде өзiм бе, қырсық буған анайың? – деп қоғамдағы рухани дағдарыстың себебiн бiлмей дал болады. Тiптi, шарасыздықтан исламға дейiнгi дәстүрдiң өзiн аңсағандай түр танытады:
...Заң, iзгiлiк кеттi–ниет қарайып,
Сұмдар қалды, қайдан шындық табайын?
Бұрынғылар бойы таза, тiк жүрген,
Шын перiште екен, оны кiм бiлген?!.
Дегенмен, мұсылман әлемiнде догматикалық теологияның даму кезеңi өз мүмкiншiлiктерiн түгесiдi. Исламдағы түрлi идеялар арасында таласты мәселелер туды. Суфизмнiң бастапқы даму кезеңiнде дiни жетекшiлер қоғамның бiлiмдi топтары арасынан шығып, ресми дiнге қорған болған билiкке оппозицияда болды.
Ислам дiнiн қабылдаған түркiлердiң де саяси-мәдени тұтастығы олардың осы дiндi қабылдап, өз мемлекеттерiне ресми идеология еткен кезеңдерден берi қарай әлi де болса сұрақ күйiнде қалды. Осы орайда, түркi мемлекеттерiнiң ортағасырларда орын алған алауыздықтарының негiзгi себебi түркi билеушiлернiң жеке саяси мүдделерiне қатысты болғанмен, ислам iшiлiк қайшылықтардың орын алып, жекелеген ислам дiни ағымдарының түркi мемлекеттерiндегi маңызды саяси-рухани тетiкке айналып, осының негiзiнде түркiлер арасындағы дiни алауыздықтардың өршуi де әсер еттi. Елде саяси бытыраңқылық, әлеуметтiк дағдарыс пен экономикалық құлдырау орнаған кезде осындай дiни ағымдар күшейiп түркi халықтарын ендi бiр дiннiң iшiндегi түрлi дiни ағымдар негiзде одан әрi бiр-бiрiнен алыстата түстi.
Осылайша бір кездері біртұтас болған бұрынғы көшпенділердің Ұлы мемлекеті Шыңғысхан тарих сахнасына шығар тұста тоз-тоз болып, түрлі діндердің идеологиялық ықпалына түсті. Шыңғыс хан өзінің басты әскери-саяси қадамын да осы «киіз туырлықты көшпенділерді» біріктіруден бастады.
Бiртұтас түркi халықтарының дiни негiздегi алауыздықтары жайлы әзiрбайжан халқының ойшылы Мырза Фаталы Ахундов «Бiзде бiрлiк жоқ. Кавказды мекендеушi мұсылмандар екi топқа бөлiнген: бiрi–шииттер, келесiсi–сунниттер. Шииттер суниттердi жек көредi, суниттер шииттердi. Олар бiр-бiрiн тыңдағысы келмейдi. Мұндайда бiрлiк қайдан болсын? » -дейді. Тағы бiр түркi ойшылы Зардеби, «Бакуде суниттер мен шииттердiң қатынастарының шиеленiскенi соншалық, Бакуге келген суниттер өздерiнiң дiндерiн жасыруға мәжбүр болады» деп жазады.
Түркiстан даласында да түркi мемлекеттерi арасындағы дiни негiздегi әскери қақтығыстар етек алды. Бұл әсiресе, иассауийа ағымын ресми дәрежеге көтерген Қазақ хандығы мен нақшбандийа ағымындағы өзбек мемлекеттерi арасындағы қатынастарда анық байқалды. Мәуреннахрда ХҮI ғ. басында Темiр әулетiнiң құлдырауымен күшейген Шайбани әулетiнiң билiгi кезiнде сопы iлiмiнiң нақшбандийа ағымының жетекшiлерiнiң саяси әрекеттерi белсендi бола түстi. Әсiресе осы кездегi сопы жетекшiсi Махдуми Ағзамның саяси доктриналары өзбек мемлекетiнiң тынымсыз сыртқы саясатының қалыптасуына өз үлесiн қосты. Өзбек мемлекетiнде нақшбандиа ағымының әсерiнен дiни бағытқа ие болған өзбектер қазақтарды «дiнсiздер» деп санап, ислам дiнiн жамылып үнемi шабуылдар ұйымдастыратын кезi де осы кез. Өзбек, Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтарының қазақтармен жауығып, жиі, жиі елді шабуының себебі де осы діни мәселеде жатыр. Бiр дiннiң iшiндегi екi сопылық ағымның арасындағы саяси күрес ұзаққа созылды.
Бұл орайда, сопы ағымдарының да кез-келгенiнiң түркi ортағасырлық мемлекеттерiнде табысты идеологиялық бағдарға айнала бермегендiгiн көрсетедi. Мысалы, ХIII ғ. ортасында Берке Бұхар шейхы Шамс ад-дин әл-Бұхаридiң кубравиййа тариқатi өкiлiнiң мүридi бола отырып, Дештi-Қыпшаққа осы сопылық iлiмдi ресми ағым ретiнде көтередi. Бiрақ бұл ағымның түркi дүниетанымымен аса ымыраға келе қоймайтынын түсiнген ру билеушiлерi Беркеден соң қайтадан Тәңiрi сенiмiне кеттi. З.Жандарбек пiкiрiнше парсы тiлдес, отырықшы мәдениетке ие ел арасынан шыққан нақшбандиа, кубравиййа iлiмдері көшпендiлерге жат болды.
Дештi-Қыпшақ даласындағы бүкiл тарихи өзгерiстердiң негiзгi қозғаушы күшi рухани процестер болғанын көрсетедi. Түркiлердiң өздерiнiң рухани дербестiгiн сақтай алмауынан мемлекеттiлiгiнен айрылуы арасында тiкелей байланыс барлығын мына мысалдан көруге болады. Шыңғысхан Ясасынан кейiн Дештi-Қыпшақ даласында төрт заңдық жоба қабылданыпты. Бiрiншi, Едiге би жасаған Жаса мен Төре заңдар жинағы, екiншiсi, Қасымханның қасқа жолы, үшiншiсi Есiмханның ескi жолы, төртiншi Тәуке ханның жетi жарғысы, Едiге заңы, Төре мен Жаса түркiлiк бағытқа негiзделдi. Оған орда iшiндегi тәжiктер қарсы күрестi. Ал Есiм Шыңғысханға дейiнгi қарахандарға бағытталды. Есiм хан тұсында мемлекеттiк құжаттар қайта парсы тiлiнде жүргiзiле бастады. С.Зимановтың айтуынша: Негiзгi қайнар көзi Ұлы Даланың әдет-ғұрып жүйесi, мәдени дәстүрлерi болып табылатын қазақтың ата-заңдары қаншама ғасырлар бойы тiкелей және жанама түрде әр түрлi мемлекеттер тарапынан қысым көрiп, олардың идеологиялық әсерiн сезiнсе де өзiнiң таңқаларлық өмiршеңдiгiн көрсеттi. Әрине қазақ қоғамы осындай күштердiң әсерiнен елеулi түрде өзгерiске ұшырап отырған. Бiрақ, оның құқықтық мәдениетi мен тiл мәдениетiн ешкiм, ешбiр күш өзгерте алмады. Олар мұндай қиын-қыстау жағдайларда да тек өзiн сақтап қана қоймай iштей күшке ие болып, нығайды да.
Ал, ХIҮ ғ. иассауийа шайхтарының көмегiмен Алтын Орда ханы Өзбек ислам дiнiн қабылдап, сол кезден бастап ол ресми дiнге айналды. Алтын Орда билеушiлерi жаңа мемлекетке дiни-идеологиялық негiз керек екенiн түсiндi.
Осы кезден бастап, яғни, Өзбек хан тұсында Алтын Орданың жаңа идеологиясы базасы шаманизм мен исламмен өрiлген қалыптасқан йассауийа болды. Әр тайпаның одақта, әр оның бөлiгi йасавиййа тариқаты бағытына ие болды. Мүршiт-мүрид болған сопылық ұйым негiзiнде жаңа рулық-тайпалық байланыс қалыптасты. Әр жүзге, әр қазақ ауылында сопы шейхтары пiр болды. Йассауи жолы бойынша адамның кемелденуiне «отан», «елдегi тыныштық», «бауырластық», «мемлекет басшысына берiлгендiк» сияқты көне түркiлiк дәстүрлi ұстанымдар қазақ мемлекетттiлiгiнiң жүйесiмен байланысты болды.
Қазақ хандығы құрылу қарсаңында түркі әлемі терең саяси-идеологиялық дағдарысты бастан кешіп жатты. Бұрынғы «киіз туырлықты» көшпенділер түрлі діни-идеологиялық ағымдардың ықпалымен бір-бірінен іргелерін аулақ салып, саяси-мәдени біртұтастығынан айырылды. Тіпті, ортақ жауларына бірігіп күресудің орнына тақ таласы мен бақталастықтың құрбанына айналып, бір-бірімен қырылысты. Бұрын саяси бодандары болған Ресей, Қытай мемлекеттері осы сәтті пайдаланып, саяси еркіндікке қол жеткізіп, енді түркі-қыпшақтық Қырым, Астрахан, Сібір, Ноғай хандықтарын бірінен соң бірін жаулап ала бастады. Түркi мемлекеттерiнiң бiр-бiрiнен оқшаулануы олардың әрқайысында идеологиялық құндылықтардың өзiндiк ерекшелiктермен дамып, бұрынғы қайшылықтың одан әрi тереңдеуiне себеп болды.
Қазақ хандығының негізін Керей хан мен Жәнібек хандар қалаған соң қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз, саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолында да тамырын дәстүрлі дүниетанымнан алып, исламмен бекітілген мемлекеттік идеология өз ықпалын тигізді.
Алдымен патшалық Ресейдің, кейін кеңестік биліктің отаршылдық саясаты өз қазанында өзі қайнап, ғасырлар бойы сабақтастық дәстүрді сақтап, дамып келе жатқан мемлекеттілігімізге, әсіресе рухани идеологиялық жүйемізге ойсырата соққы берді. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, жоғалтқандарымызды түгендеп жатқан тұста аталар аманатына адалдық танытып, идеологиялық бағытымызды сырттан іздемей, тарихи тамырларымыздан нәр алсақ құба құп болар еді.
Жомарт ЖЕҢІС
Тарих ғылымдарының кандидаты
Ш. Ш. Уәлиханов атындағы
тарих және этнология институтының
жетекші ғылыми қызметкері.