Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кез...
Ақын Алма Түсіпбекованың 7 өлеңі
4387
"Мәдениет порталына" бұған дейін елге белгілі бір топ ақын өлеңдерін ұсынған болатын. Бүгін Алма Түсіпбекованың 7 өлеңін оқыңыздар!
ПАРНАС Ит талаған етегін, Бұл қоғамға не етемін? ...Бәрін тастап шығам да, Парнас тауға кетемін. Жырға толы етегі, О, Музалар мекені! Құшағыңа ал! Шаршатты Жәдігөйдің жетегі. Жанса үміттің шырағы, Қаулар көңіл құрағы. Қандыр, менің шөлімді, Касталия бұлағы! Кезсем таудың бөктерін, Сарай тапсам көп-көрім. (Қамқоршысы өнердің, О, Аполлон! Текті едің!). Жанның сен боп күн-айы, Сені ес көрдім ұдайы. Құшағыңды аш, Аполлон- Көктегі күн құдайы! Өзге ақылын ұғам ба? Кеттім, білем, шығанға. Арманымның ақ тауы - Парнас! Саған шығам ба?.. КЕЛБЕТІҢ СЫР ҚОЗҒАСЫН... Бұлт торлады аспанды, Құлазытты ой еңсені. Жиі ауыртып жас жанды, Ойлай берем мен сені. Өркөкірек өмірде Сен едің ғой – сенгенім. Қаяу салдың көңілге, Дерек үздің. Келмедің. Биік өскен бәйтерек, Қылғаның не мұнша зар? Айта салсаң қайтер ед, Қайтқан құстан бір хабар? Сағыныштан тұрса әлем, Ал-дағы ізде қолға шам. ...Самал желден бір сәлем, Болар еді жолдасаң. Мұқата алмас ештеңе, Қайран күндер! Сауық ед. Ертемен де, кешке де, Жауын болып жауып өт. Ер едің ғой ел сенер, Теңіздей бол – сарқылма. Маған өкпең болса егер Найзағай боп жарқылда. Енші, ғажап пішінге, Келбетің сыр қозғасын. Сүртіп кетші түсімде, Көңілімнің көз жасын... ҒАШЫҚ ЕКЕНМІН... Сағынып сені жүрмін мен, Ой мені мұңға жегеді. Жарасын жанның білдім мен, Себебі мынау, себебі - Ғашық екенмін!.. Түсімде көрем мен сені, Өзіңе ғана бас ұрам. Сенімен арман – еңселі. ...Сырымның несін жасырам- Ғашық екенмін!.. Тербелген самал желменен, Сырымды ұқшы, тал-қайың. Жай таба алмай сенделгем. ... Себебін саған айтайын- Ғашық екенмін!.. Мұңлықтың күнін кештім мен, Айрылып бұл күн төзімнен. Емеурін күтпей ешкімнен, Жайымды ұқшы көзімнен- Ғашық екенмін!.. Аққулар жүзген жайменен, Айдынды сүйгем жасымнан. Жайымды демен, сайлы ерен, Сырымды сенен жасырман- Ғашық екенмін!.. Құдірет бардай бір сенде, Асылым! Таудай еңселі. Жанымда менің жүрсең де, Сағына берем мен сені. Себебі – Ғашық екенмін!.. ШІРКІН-АЙ!.. Жүк артып алып атанға, Жапанға кетсем... Жапанға. Құм кешіп жүрсем сосын бір, (Дайынмын іштей сапарға). Жабырқау жанға ексе гүл, Сырымен жанға сепсе нұр. Тарамыс қолын ұсынып, Сырласым болса – сексеуіл. Білдіріп маған аяныш, Жаныма болса таяныш. Тікен де болсаң сипар ем, Құмдағы өскен баялыш. Құмдағы ғажап тыныштық, Шуақ боп жанға тым ыстық. Бойымды жазып жатайын, Жіберген қала құныс қып. Көшеді құмдар, көшеді, Өткені сонда өшеді. ... Өкпек боп соққан өткені, Маңдайым соры – бес елі... Бір жүріп келем, бір құлай, Табар ма мені жыр-құмай? ... Құмменен бірге мұңым да, Көшіп бір кетсе... Шіркін-ай!.. СЕНІ САҒЫНДЫМ Айдын көлден жалғыз аққу көргенде, Жабы – тірлік жаныма кеп төнгенде, Күй кешкенде шерлі, мұңлы, шерменде, Сені сағындым... Сағынышқа қалай ғана жан шыдар? Өткен күндер сезімімді қамшылар, Тереземді қаққан кезде тамшылар, Сені сағындым... Тақырып боп мен жазатын дастанға, Тылсым сыр кеп тұнған кезде аспанға, Қара түн кеп иығымнан басқанда, Сені сағындым... Санама ойды өмір жиып сатылап, Алтын түстес күйге енгенде атырап, Қалықтап кеп құлағанда жапырақ, Сені сағындым... Қолыма алып өзің жазған хаттарды, Кезіп келем біз жүретін бақтарды, Көрген кезде құлап жатқан ақ қарды, Сені сағындым... Жақсылықтың желбіретіп желкенін, Шақырғанда ертегідей ертеңім, Бірақ, бірақ... қажағанда келте мұң, Сені сағындым... МАХАББАТТЫҢ ЖАЗАСЫ Сен – айыптысың. Жазаға тартыласың, Содан кейін мәңгілік талқыдасың. Білесің бе, жаным-ау, айыбыңды, Махаббаттың қашаннан жайы мұңды. Замананың айналған ермегіне, Кінәлісің - өмірге келгеніңе. Жүрегіңе сыйдырып шапағатты, Кінәлісің – маздаттың махаббатты. Сабырымды әкетіп – айшылыққа, Сезімімді қалдырдың қайшылыққа. Қайырлады қайраңға төзім-кемем, Кінәлісің – түніме, көз ілмеген. Тыныштығым үрікті, тағылымды, Кінәлісің – сарықтың сабырымды. Айналғансың махаббат аңшысына, Кінәлісің – көзімнің тамшысына. Шарпығандай жанымды тылсым демің, Тағы кінәң – ол менің күрсінгенім. Арманымның аумағы – байтақ ерен, Кінәлісің – атыңды айта берем. Таппай қалдым шешімін тең есептің, Кілтін «ұрлап» алыпсың келешектің. Әлемдегі ең тәтті азабым-ау, Тағылатын өзіңе жаза – мынау: Жегілеміз, сезімнің жетегіне, Бір барамыз махаббат мекеніне. Берілмейміз ешқашан қайғы-мұңға, Бір барамыз аққулар айдынына. Бақыт құсын алмаймыз өкпелетіп, Жанымызды жүреміз көктем етіп. Түнектерді серпеді алауымыз, Ал, адалдық – көктегі жалауымыз. Бірімізді-біріміз аялаймыз, Мәңгіліктің мекенін саялаймыз. Сенің салған әніңе қосыламын, Махаббаттың жазасы – осы, жаным!.. БӘРІ ДЕ МАХАББАТТАН БАСТАЛАДЫ (аударма) Р. РОЖДЕСТВЕНСКИЙДЕН Бұзылып қара сөздің тас-қамалы, Барлығы махаббаттан басталады! Барлығы махаббаттан басталады: Гүлдің көзі, баланың жанары да, Әлгі жұмыс, билеген сананы да. Не сезім бар бір одан асқан әрі, Барлығы махаббаттан басталады! Махаббаттан! Мен оны дәл білемін, Махаббаттан жүрегім жанды менің. Барлығы – махаббаттың қарымтасы, Өшпенділік – махаббат қарындасы. Махаббаттан басталған арманың да, Шарап ішіп шалықтап қалғаның да. Қорқыныш... Оны жеңген ұнтағың да, Жететін сағындырып нұр-таңың да. Тағдырдың таусылмайтын талқысы да, Жабырқау тіршіліктің жалқысы да. «Өмір сүр!» Көктем солай сыбырласа, Түрегел, намысыңыз жығылмаса. Сонда сен тіктелесің, теңселесің, Тірлігін тауқыметтің еңсересің! Тағдырдың ашылғанда қас-қабағы, Бәрі де махаббаттан басталады! ...Бәрі де махаббаттан басталады.