Әнші ғұмырына, оның шығармасына қатысты қайшылықты жайттар Батыс өлкесіне жақсы таныс «Ба...
Әншілік өнер мен мектептер
Біржан салдың өмірі мен шығармашылығы
Біржан сал - XIX ғасырдағы қазақ музыкасының ең көрнекті тұлғаларының бірі. Оны қазақтың халықтық-кәсіпқой әнінің Арқа дәстүрінің негізін қалаушы деп орынды есептейді.
Біржан өз бойына қазақтың кәсіпқой әншісі, өзіндік артистік бөгемдері - сал-серілер өкілінің бойына тән, сипатына сай, ең жарқын тұстарын шоғырландырған тұлға. Оның есіміне - халықтың еркесі, сүйіктісі, артист мағынасындағы - сал сөзінің мәңгілік бекіп қалуы да заңдылық.
Біржанның әндері қазақ музыкасының классикасын құрайды. Әнші шығармашылығының қазақ әніне тигізген игі ықпалы орасан, сипаттап жеткізгісіз. Халықтық-кәсіпқой әншілердің кейінгі буыны Біржан бейнесі мен шығармашылығын өздеріне идеал ретінде таңдап алды. Оның тамаша музыкалық стилі, өзгеше вокалдық шеберлігі қазақ әнін «концерттілік» ұғымымен, ән өнерінің қалың бұқараға арналғандығымен берік байланыстырды.
Көзі тірісінде Біржанның атағы жер жарды. Әндерінде өз есімінің барша қазаққа - «Мен Біржан атым шыққан алты Алашқа», қазақтың үш жүзіне - «Үш жүзге атым мәлім Біржан едім» - танымал болғандығын тұжырымдауы тегіннен-тегін емес.
Оның танымалдығы қазір де кем емес. Біржанның әндері барлық ірі халықтық-кәсіпқой әншілердің репертуарларында бар, оларды еуропалық мектеп әншілері де орындайды. Біржанның өмірі мен шығармашылығы М.Төлебаев пен Қ.Жұмалиевті қазақ опералық сахнасының інжу-маржанына айналған «Біржан мен Сара» операсын туғызуға шабыт берді.
Біржан есімінің төңірегі аңызға бергісіз әңгімелерге толы. Ал оның өмірі туралы құжаттық куәліктер жоқтың қасы.
Тіпті, туған және өлген жылдары туралы даталардың өзінде сәйкессіздіктер бар. Әншінің туған жылы деп 1825-ші де, 1831-ші жыл да, 1832-ші жыл мен 1834-ші жылдар да айтыла береді. Ал қайтыс болған жылы ретінде бірде 1894, тағы бірде 1895, тіпті 1897-ші жыл да көрсетіледі.
Біржан Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданындағы Ербол деген жерде қоңырқайлау тұрмысты Тұрлыбайдың отбасында өмірге келеді. Болашақ әнші әрі композитор, баланың музыкалық және артистік қабілет-қарымын аңғара біліп, кедергі жасамаған өз атасы Қожағұлдың қолында өседі. А.Жұбанов, Біржан кәсіпқой музыканттың өмірін ерте бастады, деп есептейді. Сақталып қалған әндердің туындау тарихының арқасында әнші өмірінің бірнеше эпизоды ғана белгілі болып қалды [1]. Бұл Біржанның болыстар Азнабаймен және Жанботамен қақтығысы, ағайынды Көлбай мен Жанбайдың ауылында олардың қарындасы Ләйлім- қызбен кездесуі, «Ақтентек» және «Ақбай» әндерінің шығу тарихтары.
Біржан өмірінің ең бір тамаша тұсы - оның найман руынан шыққан айтыскер ақын -Сара Тастанбековамен кездесіп, айтысуы. Айтыс мәтінінен аңғарылуына қарағанда, 37 жастағы Біржан тіл-сөзбен жекпе-жекке шығу үшін сол кезде 17 жасқа жаңа толса да, атағы елге кең тарап кеткен әйгілі Сара ақынды өзі іздеп шығады.
Айтыста Біржанның жеңгені белгілі. Айтыс мәтінін жеңілген ақын көшіріп жазуға тиіс болған және кейіннен айтыс біртұтас шығарма ретінде өмір сүрді. Біржан мен Сараның айтысы төңкеріске дейін Қазанда бірнеше мәрте басылып шықты, сонымен қатар бүгінгі күні де халық арасында бұл айтыстың қолжазбалық нұсқалары кеңінен таралған, оны халық музыканттары (кәсіпқойлары да, әуесқойлары да) жатқа айтып жүреді.
Біржан поэтикалық сөз сайысының халық мойындаған шебері болған. Ол Шөже, Орынбай, Бабақ сияқты айтыскерлермен кездескен.
Біржан өміріндегі тағы бір айтулы оқиға оның қазақ поэзиясының алыбы Абай Құнанбаевпен кездесіп, әңгімелесуі болды. М.О.Әуезовтің роман-эпопеясында аталған кездесу көркемдік шабытпен сипатталады. Абайдың Біржанға сөзсіз әсер еткенін оның ұлы ақынның «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» және «Ахау» («Жасымда ғылым бар деп») атты екі өлеңіне ән жазуы дәлелдейді.
Біржан өмірінің соңғы кезеңі қасіретке толы болды. Оны жазылмас ауыр дерт меңдеді. Академик А.Жұбановтың жазуына қарағанда, Біржанның қасіретін туыстарының оны есінен ауысқан деп тауып, байлап тастауы тереңдете түсті. Ол өмірінің соңғы үш жылын байлаулы күйде өткізіп, қан шіруінің салдарынан көз жұмады.
Біржанның өмірі мен шығармашылығы туралы әдебиет өте аз. Жекелеген мәліметтерді (соның ішінде аңызға айналған сипаттау) поэтикалық шығармалар жинағына жазылған кіріспе мақаладан сүзіп алуға болады. Біржанның әндерін А.В.Затаевич қағазға түсіріп, олар «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» жинақтарында жарияланды. Біржанды зерттеу ісіндегі тұғырлы орында А.Жұбановтың еңбегі - «Замана бұлбұлдары» кітабындағы «Біржан-сал» очеркі тұратыны сөзсіз. Біржан әндерінің ноталық жарияланымдарының үлкен мәні бар - Біржан-сал Қожағұлұлы, жинақ. Әндер, Алматы, 1959, «Ләйлім-шырақ» жин. (құр. Б.Ерзакович, Ә.Дербісәлин, З.Қоспақов), А., 1983, Мұқан Төлебаевтың жазуындағы 100 әннің жинағы «Мақпал» (құр. Н.Кетегенова), А., 1979.
Қазіргі таңда Біржанның 50-ге жуық әндері белгілі. Олар негізінен ірі халықтық-кәсіпқой әншілер - Қали Байжанов, Ғаббас Айтпаев, Қосымжан Бабақов, Әміре Қашаубаев, Темірболат Арғынбаев, Игібай Әлібаев және тағы басқалардың ауыздарынан жазылып алынған. Біржанның стилі елеулі орындаушылық күрделіліктермен сипатталып, зор дауыс пен кең тынысты, вокалдық шеберлікті талап етеді. Біржанның әндері, тұтастай алғанда, ән салудың қарапайым әуесқойларына бой бере қоймайды. Бұл әндерді, сол замандағы сол аймақтың халықтық-кәсіпқой авторы, мысалы Ақан-серінің жан тебірентер әуендері сияқты, хормен айтуға болмайды.
Біржан әндерінің принципті жаңалығы олардың авторлық, жеке тұлғаландырылған табиғатымен анықталады. Көп жағдайларда Біржан ән мәтінінде осы шығарманың тудырушысы дәл өзі болып табылатындығын арнайы атап көрсетеді, басқаша айтқанда, әнге өзінің авторлық «мөрін» басады. Сондықтан, ондағы өнер тақырыбының, ән тақырыбының және шығармашылыққа өз үлесі барлығының болуы, кең дамуға ие болуы кездейсоқтық емес:
Айырылма домбырадан тіл-көмекей,
Сайраған орта жүзде мен бір бұлбұл,
Ән салған, күйін тартқан кескен кәкей.
Бозбала сала білсең, осы әнге бас,
Аңызым жаңа шыққан «Орынборлық»
Домбыра алдым қолға сегіз перне,
Қызығы бұл шіркіннің тартқан жерде,
Қолға алып, әрлі-берлі тартқанымда,
Жаны жоқ кеудесінде адам дерге.
Неғұрлым кең танымалдыққа ие болған деген атақ композитордың бір оқиғамен байланысқан1 - «Жанбота» және «Адасқақ» атты екі әніне тиесілі болар. Аңыз бойынша, әндер әп-сәтте, суырып салмалық жолмен пайда болған. Оның үстіне, олардың композициялық тұрғыдан жетілген шеберлігі мен интонациялық жинақылығы таң қалдырады.
Әндер тап бір шағын екі бөлімді циклды құрайтындай, оның үстіне бір мезгілде бір-бірін әрі толықтырып, әрі бояуларын қанықтырып тұрады. Әндердің өзара жақындығын, сондай-ақ халықтық-кәсіпқой орындаушылардың әндердің мәтіндерін -«Жанботаны» «Адасқақтың» мәтінімен және керісінше - жиі шатастырушылығы да дәлелдейді.
«Жанбота» әні - бұл қажырлы ашуға толы үн қату, бұл әшкерелеуші сөздердің түйдектей ақтарылуы, бұл қуатты жігер мен биік пафостан қуат алған сөз. Ол бірден шың басындағы нотадан (екінші жоғарғы саты) - «Жанбота, өлген жерім осы ма еді?» деген ызғарлы айғай-үндеумен басталады. Декламациялық әуезділігі (әуенділігі) екпінді, түйдекті сөздермен децима диапазоны арқылы «жүгіріп өтеді» және бесінші сатыға жете келіп, шырқау шектегі интонацияда тоқтайды .
Екінші декламациялық толқын сәл төменірек-жоғарғы тоникадан басталады және тап сол амплитуданы (тербелісті): «Көкшетау боқтығына көмген жерің» - қайталайды.
Әуендік дамудың келесі сатысы - бұл енді: «Адамды ұрсын деген осындай статьяң бар ма еді?» деп айқын құрастырылған сұрақ. Ол енді дыбыстар репетициясымен, сексталық секірістің шуағымен берілген. Алайда әлгі сұрақ жауап талап етпейді, ол риторикалық сауал, сондықтан да әуендік қозғалыс жетілген каденциямен төменгі тоникаға алып келеді. Алайда музыкалы-поэтикалық жолдың бұл жерінде аяқтау болуы мүмкін емес. Сөйлем жолы аяқталған жоқ. Жолдың соңғы: «Көргендерің-ай» деген сөзі қалды. Осы сөздерге келгенде әуен төменгі тоникадан жоғарғыға екпіндей ұшып шығады. Ең басты сұрақ та осы. Оның мәні мынада, әнші тыңдармандарына: «Мұндайға қалай төзуге болады?» деп сауал тастайды да, іле-шала соған өзі болмайды деп жауап береді. Бұл «сұрақтың» интонациясы тұжырымды. Осы жерде әуеннің тоникаға, жоғарғыда болса да, тоникаға келетінін атап көрсету керек.
Әннің қайырмасы - қайғылы сезімдерді білдіру. Әнші ыңыранады, ол әділетсіз, жазықсыз өкпе тудырған өксігін тежей алмайды. Қайырманың ортасында жан ашуы мен ауруы: «Сабап кетті-ау!» деп қайта буырқанады және тағы да ыңырсыған өксік...
Композициялық тұрғыдан алғанда ән біртұтастыққа композициялық «арқаларды» қолданудың арқасында жетіп отыр. Әннің шумағында да, қайырмасында да бірдей әуендік фраза айтылады. Сөйтіп, әнде өзіне тән үш бөліктілік - шумақ пен қайырманың арасында және қайырманың өзінің ішінде - туындайды.
«Адасқақ» әнінде автордың интонациясы байсалды, баяндаушылық әуенде. Оны бір дыбыстың қайталануы, ырғақтық түзелгендік «сөйлегіш» етеді. Тек әрбір жартылай сөйлемнің соңында ғана кішігірім әндете созу - сөздің жалғауы іспеттес, лексикалық мағынасы жоқ: «ай, аги-гау-ей» дегендер кездеседі. Ол құдды, үйлесімнің ең бір ширығысты жетінші сатысында басталатын секірісті - қайырмадағы әуендік кең жайылуды алдын ала ескертетіндей. Әуендік фиоритуралар бастапқыда жетінші саты мен жоғарғы тоника аймағын ширығысқа толтыра әндетіп бастайды да, сонан соң шырқау шыңы - «Ахау»-дан кейін төменгі тоникаға алып келеді, ал ол өз кезегінде фиоритуралардың жаңа «таңбасына» тағы бір тұжырымдама алады.
«Ләйлім-шырақ», «Шідер», «Көлбай-Жанбай» атты үш әннен тұратын басқа ән циклы Біржанның ағайынды Көлбай мен Жанбай ауылына бару сапарымен байланысты. Бұл әндерді ортақ тақырып пен ұқсас музыкалық сипаттары біріктіреді. Олардың әрқайсысында - «Ләйлім-шырақта» - Ләйліге, қалған екеуінде - оның ағаларына үн қату, тартысқа шақыру идеясы бүркемесіз енгізілген.
Олардың ішінде «Ләйлім-шырақ» анағұрлым танымал әнге айналды. Ол - «Ләйлі, шырағым менің» деген үш сөздегі әншінің аса жоғарғы регистрдегі жоғарғы тоникаға үш дыбысты фанфарлық келісімен ашылады. Әнде аталған дыбыстар өзіндік тезис ролін атқарады, кейіннен олар, әр жолы - тұжырымдау, сұрау, үндеу-шақыру сияқты мәндердің әрқилы сипатына ене отырып, сан алуан түрге енгізіліп, ойнатылады. Іс жүзінде, әннің бүкіл бастауы осы дыбыстарға құрылады. Тек үшінші жолда, шырқау шектік жол-фразада ғана еппен кеңейтілген, әрі строфаның төрт жолының әрбір жолына сәйкес келетін бір ғана және ауқымды музыкалық фраза төрт рет қайталанады. Соңғы рет бұл мотив шумақтан соң, жалғау ретінде айтылады. Бірақ, бұл жоғарғы тоника ғой, онда халықтық-кәсіпқой ән тіпті де аяқталуы мүмкін емес.
Төменгі тоникаға келу қажет, музыкалық дамуды аяқтайтын сол. Әннің қорытындысы -бұл төменгі тоникадағы ұзақ каданс. Байқауымызша, ол автордың ішкі ойын (иносказание) музыкалық әдіспен білдіруді көздейді - өйткені, әнде тек шідердің жоғалуы туралы айтылғанынан гөрі, қыздың сұлулығына тамсаныс басымырақ емес пе? Бұл жерде өзінің жылылығымен есіңнен тандырар нәзік, құштар сезімге толы интонация басымдық алып тұр. Жоғарғы тоникаға қайта айналып соғу, біздің ойымызша, орындаушылар тарапынан енгізілген жаңалық, ол өзге ұлттардың ықпалымен байланысты және 20-шы ғасырда пайда болған.
Халықтың сүйікті әніне айналған Біржан әндерінің бірі - «Айтбай». Айтбай - әнде сөз етілетін қыздың есімі. Алайда, солай болса да, аталған әнді махаббат лирикасына жатқыза қою қиындау. Оның мәнін бәрінен бұрын ондағы соңғы екі жолдан ұғынуға болады:
Атымның қақ тұрады сауырына,
Қос тепкі салып келем бауырына.
Қолынан шай құйдырып ішейін деп,
Келемін Айтбай сұлу ауылына.
Мамекең Айтбай десем күлімдейді,
Сұр жорға астымдағы сүрінбейді.
Аққудай аспандағы жүз құбылтып,
Сал Біржан ән салуға ерінбейді.
Өмір мен өнер сұлулығын бастан кешу, өмірге көңілі толу, өзінің «көкте қалықтауын» сезіну ән бойында тұнып тұр. Оның әуені тұтатылған от-шашу (фанфар) сияқты, жоғарғы сатыға төменгі екінші сатыдан шарықтайтын кварталық жүрістерден басталады. Жоғарғы тониканы тұжырымдауға тиісті интонациялар трубаның шақыруына ұқсап, кеңінен шырқалады. Ақырында тоника пайда болып, сол жерде төменгі, неғұрлым тұрақты деңгейде тұжырымдалады.
Әннің шумағында жинақталған тұрақсыздықтың орасан қуаты - екінші жоғарғы деңгейді (үш мәрте) тұжырымдау, оны әндету - жоғарғы тониканы бір мәртелік («қос тепкі» сөздерінде) айтып өту кезінде таусылып қалуы мүмкін емес. Қайырма басталатын жоғарғы тоника осы жүрістің қашықтыққа шешімі ретінде естіледі. Бәлкім, бұл әннің әуенінде «ауаның», кеңістіктің осыншалық сезілуі де сондықтан болар. Мөлдір де жеңіл, өрнекті оюларға толы қайырма шумақтық интонацияны, бірақ тек варияцияланған түрде қайыра қайталайды. Аталған әннің шумағы мен қайырмасы бір жалғаумен біртұтастана біріккен - шумақтың да, қайырманың да соңында, тониканы әнге қосатын бірдей әуендік фраза естіледі. Бүтіндей алғанда бүкіл қайырма - тониканы тұжырымдау. «Ақындық әуен формуласының» семантикасы бұл жерде тап бір «екі еселенгендей» болып тұр.
Бұл ән М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсындағы Біржанның сахнаға шығардағы ариясы ретінде пайдаланылған. Байқауымызша, композитордың бұл әнге өз таңдауын тоқтатқан себебі - оның музыкасының ерекше көңілділігінде, салтанаттылығында болса керек. Арияға Көкшетаудың сұлулығын суреттейтін және Қояндының жәрмеңкесін сипаттайтын сөздер қосылған. Қосылған сөздер музыканың көтеріңкілігіне, ұрандылығына тамаша сәйкесіп түсті. Операның премьерасынан кейін «Айтпай» әні жаңа, опералық сөздермен орындала бастады. М.Төлебаевтың музыкалық-драматургиялық жаңалығы - Біржан ариясының негізін қалаған шумақ-куплет, ал әннің жалғасы - шумақтың музыкасын ол әйелдер хорына тапсырғаны болды. Сол арқылы әннің дыбысталуының ырғақтық жеңілдігін басып көрсетті.
Біржанның «Жонып алды» әнін халықтық-кәсіби өнерінің шынайы манифесті деп есептегеннің артықтығы жоқ. Әннің үш шумағында халықтық-кәсіпқой әннің маңызды қағидалары қалыптастырылған. «Жонып алды» деген атының өзінің сөзбе-сөз алғандағы: әлденеден жонып, қырнап, әдемілеп ойып алды деген мағынасы - оның қайталанбастығын, ерекшелігін, сонылығын ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар әлден-ақ белгілі бір шығармамен жұмыстың, әндік түрдің мұқият өңделуі мен оның сақталуының және оқшаулығының қажет болғандығын аңғартады. Алайда, бәлкім, ең маңыздысы - ол өнер саласының өзі - ән көркемдік пен сұлулықтың сипатындай айқындалып, белгіленіп және шырқалғандығы болса керек. Ән - өмір мен мәдениеттегі жоғарғы құндылық. Жоғарғы сезімдер мен терең ойлар әлемінің өздері тап сонымен тығыз байланысқан.
Аты еді бұл әнімнің «Жонып алды»,
Алғандай, сұлу жонып, өрім талды.
Жасымнан сүйіп салған ән болған соң,
Жаңылмай, әлі күнге есте қалды.
Жан едім, әсем әнді сүйіп айтқан,
Жағымды көпке бірдей, жұрт ұнатқан.
Келетін нақысына, жүз құбылтып,
Кейде өрлеп, кейде шалқып, баяулатқан.
Кім сүймес, көкке өрлеген әсем әнді,
Көңілдің күйін шерткен көркем, сәнді.
Болғандай бойға қуат, ойға азық.
Балқытып еріткендей, тербеп жанды.
Ән мәтіні асқан шеберлікпен шығарылған. Қара өлең жанрына тән, дәстүрлі (аава) ұйқасынан бөлек, бұл жерде жолдарды жұптап біріктіретін (АА, ЖЖ, ЖЖ, КК, КК, ББ), бастапқы ұйқас бар.
Әнде әншінің өз әрекетіне терең саналылықпен қараушылығын куәландыратын орындаудың, ән салудың әртүрлі әндерде шашылып тасталған қасиеттері де шоғырландырылған.
Әннің музыкалық идеясы Біржанға тән мелодикаға (әуенділікке) - бірден көтеріңкі шабыт, қуат беретін бесінші сатыдан жоғарғы тоникаға белсенді өрлейтін құралдармен білдірілген. Әрбір буынды әндеттіретін сегіздікпен біртегіс қозғалу әнге қанат бітіріп, қалықтатады. Қайырманың әуендік әшекейлері, олардың еркін өрілуі жарық шашып, өмір қуанышын асқақтатады.
Көптеген халықтық-кәсіпқой авторлардағыдай, Біржанның шығармашылығында да «автопортрет» - ән, өзін- өзі таныстыру әні бар. Оның аты да солай - «Біржан сал» деп аталады. Баршамызға белгілі, мұндай әндерде, әдетте, жанрдың қайдан шыққандығын, оның айтыстағы ақынның өзін таныстыру дәстүрімен сабақтастық байланысын көрсететін белгілі бір музыкалық құралдар жиынтығы қолданылады. Бұл бастапқы «айхайдың» музыкалық көрінісі (АӘФ - ақындық әуендік формула) - барлық мүмкін болар әдістермен жоғарғы тониканы - тональды-үйлесімділік, ырғақтылық, қозғалысты-экспрессивті - білдіру. Оның көптеген басқа әндерінде АӘФ сан қырлы және айқын түрге енгенімен, айтылып отырған жағдайда Біржан аталған әуендік құралды қолданбайды.
«Біржан сал» әнінде әуен тоникалық үшдыбыстық сатыда асықпай қозғалады. Әрбір фраза тұрақты бесінші сатыда тұйықталады. Үшінші әуен-жол іштей үлкен секіріспен кеңейген. Ақыр соңында әуен жоғарғы тоникаға қозғалыстың мақсаты ретінде жетеді. Төртінші жолдағы ұзақ каданс осы бір байсалды да өзіне-өзі сенімді және өрлікке толы пікірмен аяқталады.
«Жайма шуақ» әні («Жалғыз арша» деген атпен орындалады) Біржан салдың ән жинақтарына енбеген, бірақ ол поэтикалық жинақтар мен топтамаларда кездесіп отырады. Біржанның авторлығын ән мәтінінің өзі айтып тұр. Онда тек Біржанның есімі мен басқа әнінің аты ғана айтылып қоймай, сонымен қатар «Ләйлім шырақ» әнін ол қашан шығарғаны туралы да ескертіледі:
Көл жағалай бітеді көкше құрақ,
Шырқаушы еді осылай Ләйлім-шырақ.
Қозыбақтың үйінде мәжіліс боп,
Әні еді Біржан салған «Жайма шуақ».
Әуеннің бесінші сатыдан жоғарғы тоникаға қарай екпінді өрлеуі, оның тұжырымдамасындай, дәл осындай жетінші және бесінші сатыдағы белсенді түрде бекуі, мәтіннің барлық осы дыбыстарда әндетілуі - мұның барлығы ақындық «Мен»- ді байқатумен, ақынның тыңдармандарға өзін таныстыруымен байланысады. Алайда бұл лирикалық ән, ол туралы тек поэтикалық мәтін ғана емес, сонымен қатар «әуенді және нәзік», «өте нәзік» деп белгіленген кеңінен шырқалар эпизодтар да айтып тұр. Бір әнде сапалық жағынан әртүрлі екі элементтің бірігуі көтеріңкі шабыт пен ақындық құлаш сермес лирикалық сезімнің симбиозын бермейді. Әдетте, Ақындықтың қуаты мен тапқырлығы бірлесе отырып, лирикаға маңыздылық пен тереңдік, тіпті біршама театралдық қасиет те береді. Алайда «Жайма шуақ» әнінде олар өзінің бастапқы сапасындай, араласпай, бірақ, бейненің екі жүзіндей, оның екі күйіндей бірге тұрады.
Ақындық әуендік формула мәтіннің тек бірінші жолын ғана ұйымдастырмайды. Тартылыстың ширығысқа толылығы, үйлесімнің ашылу логикасы бұл әнде, көптеген жағдайлардағыдай, оның барлық әуендік безендірілуін бұйырып (диктует) тұрады. Екі жарты жол да ақындық әуендік формуладан басталады. Алғашқы жарты жолдың әуендік құрылымы бесінші сатыда аяқталады. Екінші жарты жолда ақындық әуендік формула жайылып, жоғарғы тоникада тұйықталған, әуендік құрылымның аяқталуы төменгі тоникаға алып келеді. Қайырмасында - ақындық әуендік формуланың тағы бір нұсқасы (жетінші сатыдан) тұр.
Ақындық қайнарды тұжырымдау идеясы бүтіннің ауқымында жүзеге асырылған. Лирикалық сәттер бейненің мәніне қайшы келмейді, олар оның ішінде тұрады. Музыкалық тұрғыдан бұл сол мәндегі лирикалық нұсқаны білдіруді әр жолы беріп отыруымен көрініс табады. Жолдың бірінші жартысында бесінші сатыны тұжырымдау оның ұзақ әндетілуімен ауысады, ал екінші жарты жолда және қайырмада тониканы тұжырымдау мен әндету де екі ипостасьта - АӘФ- да және лирикалық эпизодты кең ауқымда шырқауда көрініс табады. АӘФ-ның және шырқалатын эпизодтардың өлшемі мен сапасы бастапқысына тура пропорционалды түрде өзгереді.
Бесінші сатыдағы әндету мен бірінші жарты жолдағы жоғарғы тониканы бір реткі қуатты тұжырымдау, екінші жарты жолдағы АӘФ-ның неғұрлым кең ашылуы -тониканың анағұрлым ұзақ шырқалуы. Қайырмадағы тұрақсыздықтың қуатты импульсы (жетінші сатыдан басталатын АӘФ) - ән соңындағы шырқаудың тұтас «платосы». Әндегі өз бойына тұлғаның әртүрлі күйі мен қырларын сыйғыза алған көркемдік бейненің сыйымдылығы қандай да бір айқын идеямен, нақтылы сезімді білдірумен қаншалықты байланысса, мінезбен, индивидуальдылықпен, идеяны тасымалдаушының өзінің мәнімен де соншалықты ұштасады [3].
Біржанның стилі - айқын концерттік, негізінде ақындық үндеушілдік, жарқындық, бұқарашылдығы жарқырап тұратын стиль.
Өнерге, махаббатқа, сұлулыққа толы Жер бетіндік тұрмыс қуанышы тақырыбы -«Жамбас сипар» әнінің басты тақырыбы. Бұл әндегі музыкалық бояулар палитрасы жарқын да мерекелік реңктерінің молдығымен тамсандырады. Шумақтың нәзік пентатонды әуені халықтық-кәсіпқой махаббат әндерінің («Гауһартас», «Алқоңыр», «Қарағым-ау» және басқалары) - интонациясына құрылған - бұл салттық интонациялық кешен.
Өз шумағында Біржан жарты жолды мүшелеудің нәзік, дәстүрден тыс ерекше түрін -өлең мен шумақтың (напев) асинхрондылығының арқасында - екеу емес, керісінше, үш әуен-жолға бөлуді қолданған. Өзінің масштабтары бойынша әннің қайырмасы шумақтардан асып түседі. Ал оның орындалуы (Біржанда әрқашанда дерлік) өте жоғары вокалдық техниканы, кең тыныс пен дауыс диапазонын талап етеді. Қайырманың бірінші бөлімі шумақ әуенінің вариациясына (ойнауына) негізделген. Әннің түпкі тінін әнге қосатын, тұрақты қайталанып, тап бір «сөйлеп тұрғандай» дыбыстардың, сатылай екпіндейтін жүрістер мен нәзік оюлы фигуралардың үйлесім табуы бастапқы бейнені жаңа бояулармен жарқыратып жібереді.
Қайырманың екінші бөлімі жоғарғы тониканы тұжырымдаумен басталады, сол тақырыпқа бағытталған тағы бір тамаша, жарқыраған вариацияның үні естіледі. Үйлесімдік бағдарлардың (соль, ре, си, ре) сызығын көрсететін әуендік пассаждарға жеткен тониканың, қарқын мен динамиканың (фортиссимо) от шашқан, көз қарықтырар жарығы мерекелік, қуанышты эмоциялардың «жарып» шығуына мүмкіндік береді. Бірақ образдың мәні сол баяғысынша. Қайырманың екінші бөлігіндегі әуендік сызық шумақтың потенциалдық қуаты мен қайырманың бірінші бөлігіндегі оның вариациясын бұрып әкеледі. Әннің ең соңында - жан тебірентер штрих - осы бір тамаша «юбиляцияның» (соңғы үш тактінің) нәзік бастапқы бейнесін еске түсіреді.
Біржан шығармашылығының соңғы кезеңі оның науқасымен байланысты. Осы кезең ішінде шығарылған барлық әндері оның туыстарына, балаларына өзін босатуды, қолын шешуді сұраған арнаулардан: «Ақық» (қызының есімі), «Теміртас» (ұлының есімі), «Дүние» (өмір, тағдыр), «Аттанамын», Біржанның ауырып жатқандағы әні, Біржанның қайтыс болар алдындағы әні, әйелі Әпішке айтқанынан тұрады. Өмірінің соңғы кезеңіне жатқызылатын жеті әнінің ішінде, әсіресе, жиі орындалатыны «Теміртас». Бұл ән, «Дүние» әні сияқты, композитордың одан бұрынғы әндерінен аса қатты ерекшеленеді. Пафос пен декламациялылық, тамаша фиоритуралар мен қайырмалардағы әуендік «шырқ үйірілу» жоғалады. Аталған әндердің музыкалық тілі қарапайым да сараң. Біржан стилінің негізі - музыкалық ойдың тереңдігі мен айқындығы жалаңаштанып қалды.
«Дүние» әнінің негізінде шумақтың сөздері әндетілетін ауқымды музыкалық фраза жатыр.
Еу! Дүние өтеріңді-оу, біліп едім,
Білдірмей серілікпен жүріп едім.
Бұл күнде арық қойдан бағам төмен,
Үш жүзге атым шыққан Біржан едім.
Ел кездім-ей, Кертөбелді арықтаттым,
Жақсыға сөз сөйледім анықтатып.
Үш жүзге атым шыққан Біржан едім,
Құдайым, қойды-ау бүгін шалықтатып.
Теміртас, Асыл, Ақық-еу, парасатты-ау,
Кем қылмай өсіріп едім салтанатта-ау.
Жанашыр, іштен шыққан құлындарым,
Шешіңдер, білегіме арқан батты-оу.
Шешіңдер, білегіме арқан батты-оу.
Әуен әрі әндетпелі және баяндау жағынан түсінікті. Бұл ән мен сөздерде - қайғы және қашып құтылмасты ақылдылықпен, қайыспай қарсы алу бар. Әннің аяқталғандығын әннің үш шумағынан соң, кода ретінде айтылатын шағын қайырма қорытындыны білдіреді.2
Пайдаланылған әдебиеттер
1. А.Жұбанов. Замана бұлбұлдары. Біржан сал. А., 2003.
2. Біржан сал Қожағұлұлы. Өлеңдер. (ред. және түс. жазған Е. Исмаилова), Алматы, 1967 ж.
3. С. Елеманова. Қазақтың дәстүрлі ән өнері. «Қазақтың ауызша-кәсіпқой әндерінің семантикасы» тарауы. 80-85- беттер. А., 2000 ж.
Жаяу Мұса
Атақты әнші, ақын, халық композиторы Жаяу Мұса Байжановтың қазақ музыка мәдениетінен алатын орны ерекше. Ол - ән-өлеңдері арқылы өзіне дейін қалыптасып, дамыған ұлттық әншілік дәстүрді жалғастырумен қатар оны жаңа түр, соны көркемдік мазмұнмен байытып, қазақ музыкасына көптеген шығармашылық жаңалықтар әкелген дарынды әнші-композитор. Жаяу Мұсаның өмір шындығынан туған, көркемдік дәрежесі жоғары музыкалық образдармен сомдалған туындылары халықтың ән өнерінің шоқтығын биіктете түсті. Халық талантының тарихта аса ардақталып аталуында азаматтық, күрескерлік, ақындық қасиеттерінен асыңқырап түсіп жататыны біздіңше – музыкалық дарыны мен композиторлық тіл өткірлігі. Композитордың асқақ азаматтық рухтағы әндері қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына асыл қазына болып қосылды.
Жаяу Мұса шығармалары шындықты жырлаудың айшықты үлгісі болып табылады. Өмірі патша әкімдерімен, бай-феодалдармен күрес-тартыста өткен халық композиторы қазақ ән өнеріндегі демократиялық бағыттың өкілі болды. Ол өз шығармаларында еңбекші елдің тағдырын, қайғы-қасіретін, үміт-арманын тебірене толғап, өмірінің соңғы күніне дейін халықтың жырын жырлап өтті. Жаяу Мұса бай-шонжарларға қарсы күресте «би-болыстың үйін жығатын» отты ән-жырларын идеялық қару етіп, өз заманының қоғамдық болмысын батыл шенеп, сынады. «Ақ сиса», «Шормановқа», «Толғау» әндерінде ел билеушілерінің халыққа жасаған зорлық-зомбылығын әшкерелеп, оларға деген халық наразылығын бейнеледі.
Жаяу Мұсаның замандас әнші-композиторлардан бір ерекшелігі - ол сол кездегі қазақ ауылдарындағы әлеуметтік өмірден түсінік-пайымы бар, көзі ашық, сауатты азаматтардың бірі болған адам. Тап тартысының теориясын оқып білмесе де, таптық жікті ел ішіндегі теңсіздіктен, әділетсіздіктен, халықтың ауыр тұрмыс-тірлігінен танып, ой түйе білген Мұсаның әлеуметтік көзқарасы қазақтың тұңғыш демократ-ағартушыларының прогресшіл идеяларымен ұштасып жатыр. Ол Шоқан Уәлихановтың, Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің демократтық-ағартушылық қызметтеріне сырттай ғана қанық болған жоқ, олардың көзқарастарын қолдап, шығармаларын жұртшылыққа таратушылардың бірі болды. Ыбырай Алтынсариннің өлеңіне ән шығарып, Абайға арнап өлең жазуы кездейсоқтық емес-ті. Өз шығармаларында Пушкин, Гоголь, Глинка, Кутузовтарды жырлауы, Л.Толстой кітабы кейіпкерінің атын баласына қоюы (Мұсаның үлкен қызының аты Анна), сондай-ақ хайуанаттарды персонаж етіп ән- өлең шығаруы, қазақ әнші-композиторларында сирек ұшырасатын жағдай - күнделік дәптерінің болуы - осының бәрі композитордың дүниетанымының көкжиегін, биік өресін айқындайды.
Жаяу Мұса творчествосының диапазоны кең, әндері жанры мен мазмұны жағынан сан қырлы. Оның әлеуметтік мәні бар «Ақ сиса», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары»; үгіт-өсиет мазмұнды «Арап ұрыға», «Бәшерден»; сезім, көңіл күйді бейнелейтін «Шолпан», «Қыздар-ай», «Ләйлім», «Көгершін»; сатиралық, әзіл-қалжың сипатты «Құлбай бай», «Қазан қыздары» әндері жұртшылыққа кеңінен танымал. М.Байжановтың әндері басқа халық композиторларының шығармаларынан өзінің тақырыптық, мазмұндық және көркемдік ерекшеліктері арқылы дараланады. Оның әндерінің әуендік құрылымынан, интонациялық және ладтық құрылысынан қазақ әндерінде бұрын кездеспейтін соны музыкалық мәнерлік құралдарды айқын тануға болады. Композитор қаламынан қоңыржай лирикалық, кең тынысты әндермен қатар марш, вальс ырғақты шығармалар туды. Жаяу Мұса әндерінің әуендік құрылымында екі түрлі музыкалық интонациялық негіз анық байқалады. Оның бірі ана сүтінен дарыған халық музыкасының қайнар көзі болса, екіншісі вальс, марш ырғағында келетін әндері қала музыкасының әсері еді. Халық музыка тарихының мақтаныштары -Біржан сал, Ақан сері, Ыбырай, Мұхит тәрізді Жаяу Мұса да қазақ халқының бұрыннан келе жатқан әншілік-композиторлық дәстүрін дамытуға өзіндік үлес қосты. Оның Арқаның ән дәстүрінде шығарған «Көгершін», «Сұрша қыз», «Баянауыл», «Гауһар қыз», «Толқыма» әндері қазақ ән өнеріндегі шоқтығы биік туындылардың қатарынан орын алды.
Композитордың марш, вальс ырғағында келетін әндері қала музыкасының әсерінен дүниеге келген туындылар. Жалпы, Жаяу Мұсаның өнер жолына, оның демократиялық көзқарасының қалыптасуына орыстық прогресшіл мәдениеті мен өнерінің тигізген ықпалы зор. XIX ғасырда орыстың озық ойлы өнерінің ұшқыны қазақ даласына жетіп, А.Пушкин, Л.Толстой, М.Салтыков-Щедрин шығармалары қазақ жерінен өз оқырмандарын тапты. Рояль да, скрипкада ойнау өнері халық музыканттарының құлағына шалынып, қырда орыс музыкасының үні қалықтады. Мұның өзі жаңа демократиялық бағыттағы өнердің өркен жаюына әсер етті. Жаяу Мұса орыс музыкасының озық үлгілерінен үйрене отырып, оны өз шығармаларында шебер пайдалана білді. Сөйтіп, өз туындылары арқылы халқымыздың ән өнерінің тақырыптық, мазмұндық ауқымын кеңейтіп, музыка тілін өткірлей түсті. Оның «Құлбай бай», «Тұрымтай», «Башқұлбай», «Қазан қыздары», «Ескендір», «Қыздар-ай», тағы басқа шығармалары осындай әсер, ықпалдан пайда болды.
Жаяу Мұса қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Ақшоқы деген жерде 1835 жылы кедей малшының отбасында дүниеге келген.
Мұса жеті-сегіз жасында ауыл молдасынан хат таниды, жас кезінен өзі қатарлы балалардың арасында өнер-білімге құштарлығымен, ән-күйге әуестігімен көзге түседі. Талапты Мұса домбыра тартуды үйренеді, қолына түскен кітаптарды, қиссаларды қалт жібермей оқиды. Ол домбырамен ән салып, қиссалар айтып, ауыл қарттарының, жастарының ықылас-назарын өзіне аударады. Ауылға жолы түскен әнші-күйшілердің өнерін көрген Мұсаның әнге деген құштарлығы арта түседі. Мұсаның бір ерекше қасиеті - ол естіген әнін бірден қағып алушы еді. Хат танып, көзі ашылғаннан кейін ол білімнің көзі молданың оқуында емес екенін түсінеді. Көкейінде оқып, білім алсам деген арман оянған талапты жастың есіл-дерті ауылдан қалаға кету болады. Ол күндіз-түні қалаға жету жолдарын ойластырады. Бірде Мұса көрші ауылдың Қызылжарға кіре айдайтын бір адамымен келісіп, ешкімге білдірмей үйінен қашып кетеді. «Қазан дәптеріндегі» , «Үйінен өнер іздеп кетті қаша» деген өлеңінде Мұса өнер-білім қуып, үлкен қалаға келген осы сапары туралы баяндайды. Осыған қарағанда, Мұсаны ешкім де оқуға аттандырып салмаған тәрізді. Бұл 1851-1852 жылдардың шамасы болса керек.
Қызылжарда Мұса кісі есігінде отыншы-самауыршы болып жалданады. Сол кезде Қызылжар қаласы қазақ даласының мәдени орталықтарының бірі болған еді. Бұл уездік қалада XVIII ғасырдың екінші жартысында орыс мектептері, кейін бірлі-жарым орыс-қазақ мектептері, қазақ балаларына арналған интернат, ал XX ғасырдың бас кезінде бастауыш мектептер мен реалдық училище ашылды. Ұйқыда жатқандай бұйығы хал кешкен ауыл тірлігіне қарағанда қаланың өмір тынысының өзгешелігін Мұса бірден байқады. Ол мұнда қала өмірімен, мәдениетімен танысады. Кісі есігінде күн көріп жүрсе де, жас бала өнер-білімге талпынып, орыс тілін үйренуге талаптанады. Зейінді жас алғашқы жылдың өзінде-ақ орысша сөйлеуді біршама үйреніп алады. Мұса күн-түн демей, қолынан келетін жұмыстың қандайынан болса да бас тартпай еңбектенеді. Ұсталған гармонь, скрипка сатып алып, бос уақытында осы екі аспапта ойнауды өздігінен үйренеді. Қаланың өнерпаз жастары ұйымдастырған сауық кештерінен мүмкіндігінше қалмай, барып жүреді. Естіген ән-күйлерін гармонь мен скрипкаға түсіреді.
«Ауылға барсам жібермей қояр» деген оймен Мұса Қызылжарда үш-төрт жыл болады. Бұл уақыт ішінде ол өмірдің ой-шұңқырын біршама түсініп, оң мен солын танитын халге жетеді. Домбыра, сырнай, скрипка тартуда қала жастарынан кем түспейтін, он саусағынан өнер тамған Мұса таланты көпті сүйсінтеді. Ол енді сауық кештерінің көркі, бастаушыларының біріне айналады.
Ауылдан алғаш келгенде дүниедегі ең үлкен қаладай көрінген Қызылжарға Мұсаның бірте-бірте көзі үйренеді. Қызылжардың ауылға қарағанда ғана қым-қуыт тірлігі бар, өмір ырғағы біркелкі, мәдени оқиғалары сирек қала екеніне оның көзі жетеді. Қаланың мәдени өмірі жан дүниесі бай Мұсаның рухани тілегін қанағаттандырмайды. Газет-журналдар арқылы Омбы қаласының өмірімен танысқан Мұса соған баруды аңсайды.
1855-1856 жылдар шамасында Мұса Омбыға келеді. Көптеген қиыншылықтардан кейін ол орыс мектебіне оқуға алынады. Көпшілік пікірі бойынша, Мұса белгілі мектепте оқымаған, орыс тілін, білгенінің бәрін өз бетімен үйренген. Алайда, Мұсаның түрлі әкімдерге бай-шонжарлардың үстінен жолдаған архивтерден табылған арыздарының сауатты жазылуына қарағанда, оның орыс мектебінде білім алғаны рас та болуы мүмкін. Сондай-ақ орыстың сол кездегі белгілі ақын-жазушыларының туындыларын оқып, соларға еліктеп шығарма жазу өз бетімен хат танып, сауат ашқан адамның қолынан келеді дегенге жанаспайтын тәрізді. Күнкөріс табу мұнда Қызылжарға қарағанда қиынға соғады. Белгілі мамандығы жоқ Мұсаға алғашқы кезде ыңғайлы жұмыс табылмай, ол біраз қиналады. Алайда, жасынан «тесік өкпе» болып шыныққан, алған бетінен қайтпайтын жалынды жас қиыншылықтың бәріне төзіп, оқу-білімнен қол үзбейді. Мұса біртіндеп орысша жазу-сызуға төселе түседі.
Омбыда Мұсаның өнерге, музыкаға бір табан жақын болуына көптеген мүмкіндіктер бар еді, өйткені оның мәдени өмірінің деңгейі Қызылжарға қарағанда жоғары болатын. Оқу орындары жанында хор, драма, музыка үйірмелері жұмыс істеді, музыкалық-әдеби кештер жиі болып тұрды. Омбыға әнші-музыканттар гастрольге жиі келіп тұратын. Мұса мұнда әскери гарнизонның үрмелі аспаптар оркестрі мен орыстың халық аспаптар оркестрінің концерттерін тыңдап, марш, вальс, полька, мазурка тәрізді музыка жанрларымен танысады.
Мұса Омбының кітапханасында болып, Петербург, Москва, Орынбор, Ақмола қалаларынан шығатын газет- журналдар, кітаптар мен ведомостарды оқиды, солардан бұқара тұрмысына шындық тұрғысынан қарайтын, демократиялық түйінді жазылған мақалалармен танысады. Өзі араласып, әңгімелесіп жүрген адамдардан демократиялық көзқарастары үшін Омбыға жер аударылған орыстың озық ойлы азаматтары жайында естіп, Россияның тарихи-әлеуметтік өмірінен біраз мағлұмат алады. Мұсаның жаңа қоғам лебімен танысуы осылай басталады.
* * *
Омбы дәуірінде Мұса өлең жазумен қатар ән шығаруға да талаптанады. Мектеп жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесінің бір кешінде ол домбырада, гармоньда, скрипкада қазақ, татар, орыс әндерін тартып, өнер көрсетеді. Көпшілік сахнадан жібермей қойған соң, сол жерде қыздарға арнап өлең шығарады. Кейін сол өлеңіне ән шығарып, жастарға сынатады. Ән бірден тыңдаушылардың құлағына жағып, «Қыздар-ай» деген атпен көпшілікке тарап кетеді. Мұсаның тырнақ алды әні осылай дүниеге келеді.
Бұл әннің Омбыда шығуы жөнінде, біздіңше, бірнеше болжаулар бар. Біріншіден, қыздарға көзінше суырып салып өлең шығару, ән арнау сол кездегі сауық кештерінің дәстүрлі құбылысы болатын. Екіншіден, орысша сөйлеуді жаңа үйреніп жүрген адам орыс сөздерін араластырып сөйлеуге құмар болатыны белгілі. Әннің қайырмасына Мұсаның орыс сөздерін қосуы осы себепті болса керек. Ол бұдан кейін шығарған әндерінде де орыс сөздерін орны-орнымен жарасымды түрде қолданып отырған. Солардың ішінде «закон, люблю, сочинитель, холостой, красивый, честь, женатый» деген сөздер кездеседі. Үшіншіден, «Қыздары орыс-қазақ маған іңкәр» деп келетін өлең жолдары әннің қалада туғанын дәлелдейді.
Омбыда біраз жыл тұрғаннан кейін, Мұса еліне қайтады. Баяғыда кірешімен Қызылжарға ұрланып кеткен жалаң аяқ бала Омбыдан еліне өлеңші-әнші, қала өмірін, біраз дүниені көріп ысылған, сауатты азамат болып оралады. Ауылда ол көрген-білгендерін әңгімелеп, ән салып, жүрген жерін думанға бөлейді. Ойын-сауық, жиындарда жас біткеннің бәрін өз маңына бірден үйіріп алады. Орысша еркін сөйлей білетін, ойындағысын тартынбай айта алатын өжет, әнші- өлеңші, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт ауылдастарының құрметіне бөленеді.
Бірақ ауылдың жайы, тыныс-тірлігі Мұсаны қатты ойландырады. Қазақ ауылдарындағы теңсіздік, кедей-кепшіктің ауыр тұрмысы, дау-жанжал, ұрлық-барымта, ел билеуге, болыстыққа таласу, зорлық-зомбылық сияқты көріністердің куәсы болған Мұса осындай кертартпа қылықтармен өз әлінше күреспекке бел байлайды. Әкесі Байжанның пәлен жыл жиналып жүріп сатып алған жалғыз торысын мініп, Баянауыл округін аралап кетеді. Ол ауыл-ауылды аралап, өнер көрсетіп қана қоймай, болыс, билердің басқалар тіс жарып айтуға бата алмайтын түрлі қылықтарын батыл айыптап, «ел жақсыларын» сынайды. Бұл сияқты қара тізімнің ішіне ол Мұса Шормановты да енгізіп жібереді. Бүкіл округке өзінің осы ойын іркілмей айтып жүреді.
Мұсаның бұл әңгімелері Шорман балаларының да құлағына жетеді. «Жаман Байжанның күні кеше қаңғып кеткен баласы Қызылжар, Омбыдан оқып келіп, сырнайлатып, әндетіп, айналасына «жын-шайтандарды» жинап, елдің игі жақсыларының беделін түсірерлік сөздер айтып жүр», - дегенді естігенде Мұстапа Шорманов: «Жаман неменің бір- екі ауыз орысшаға семіруін қара, көрген күнін өзіне көп етейін», - деп ашуланып, бұрқан-талқан болады. Мұсаның көпті аузына қаратып, ауыл арасында беделінің өскенін жақтырмайды.
Бір күні Жаяу Мұса ауылдарының тұсынан өтіп бара жатқанда, Шормановтар оның астындағы атын тартып алып, өзін көк ала қойдай етіп сабап жібереді. Бірақ Мұса Шормановтар тұқымының мұндай зорлығынан жасқанып жасымайды. Атын қайтарып ала алмайды. Өйткені үстемдігі, билігі жүріп тұрғанда, аузы алты қарыс Шормановтар ешкімге де теңдік берген емес. Мұса ат орнына қолына таяғын алып, жаяу-ақ ел аралап, ән шырқап жүре береді. Шормановтар оның атын тартып алып, Жаяу Мұса атандырғанымен, қанша қудалағандарымен ақын жанын жасытып, асқақ әніне тұсау сала алмайды. Шорман тұқымының зорлық-зомбылығына деген ыза-кектің әсерінен композитордың «Ақ сиса» әні дүниеге келеді. Бұл ән халықтың ел билеуші үстем тапқа шығарған үкіміндей болып, жұртшылыққа тез тарап кетеді.
«Ақ сиса» әні - композитордың күрделі шығармаларының бірі. Бұл - теңсіздікке, зорлықшыл, қиянатшыл үстем таптардың іс-әрекеттеріне деген наразылық пен ыза-кектің уытты үнін көрсететін әлеуметтік мәні зор ән. Батыл, оптимистік рухтан туған бұл ән дұшпанға деген бітіспес кектің ғана емес, шындық пен әділеттіліктің жаршысындай естіледі. Бір ғана «Ақ сисаның» үнінен Жаяу Мұсаның ақындық-композиторлық, азаматтық тұлғасын толық танимыз.
Бұл ән - өзінің өткір сарыны, батыл да, өктем табиғатымен, дұшпанына деген қаталдық, мейірімсіздікті білдіріп қоймай, шыншылдық, демократиялық принципті жырлайтын жаңалықтың жаршысындай естіледі. «Бұтағынан орыс симфонизмі тараған «Камаринская» - бір емен деп орыстың ұлы композиторы П.И.Чайковский айтқандай, бір «Ақ сисаның» үнінде Жаяу Мұсаның музыкалық келбеті түгелдей көрініп тұр. «Ақ сиса» жаңғырығы Жаяу Мұсаның басқа да әндерінде ұшырасып, музыкалық шығармашылықтың ұзын-ырғасында лейтмотив есебінде жұмсалады.
Жаяу Мұса Шормановтардың бұл қылығын әнімен көпке әшкерелеп қана коймай, бұрынғы жинап жүрген деректерімен қоса Омбының генерал-губернаторына олардың үстінен арыз жазады. Ол әділдік жолын осылай іздеп табамын, шындыққа жетемін деп ойлайды. Өйткені ауылдағы әділетсіздіктің бәрін көзімен көріп, біліп отырғанымен саяси сауатының таяз болуынан оның түп тамырының қайда жатқанын байыптай алмайды. Шормановтар да қол қусырып, қарап жатпайды. Қолы ұзын олар Мұса тәрізді арызды почтамен жіберіп, істің ақырын күтіп отырмай, Омбыға кісі шаптырып, пара беріп, жоғарғы әкімдердің аузын алады. Соның салдарынан Мұсаның шағымы аяқсыз қалады. Мұстапа: «Жаяу Мұса патша өкіметіне қарсы шығып, қазақтар арасында оған қарсы наразылық күшейту мақсатымен үгіт жұмыстарын жүргізіп жүр», - деген үкім шығартып, оны бірнеше жылға Тобылға (Тобольск) жер аудартады. Бұл оқиға 1860-1862 жылдарда болады. «Қазан дәптеріндегі»: «Мекенжай оның жүрген Омбы болды, Тобылды тауық жылы барып көрді», - деген өлеңі осы мезгілге сәйкес келеді.
Осы айтылғандармен бірге Мұса Байжановтың жер аударылуына тағы бір мынадай жағдай себеп болса керек: «Жаяу Мұса Құдайбергенов деген көңіл жетер адамның аулында қонақ болып отырғанда, II Александр патшаның суретін көреді. Патша десе төбе шашы тік тұратын ол сол жерде суретті алып жыртып тастайды. Мұндай сәтті кезеңді пайдаланған бай, болыстар: «Мұса Байжанов опасыздық іс жасады, патшаның арын аяққа басты», - деп, бұл оқиғаны дереу Дала генерал-губернаторына жеткізеді. Мұны естігенде ол ызадан жарылып кете жаздайды. Генерал-губернатор өзінің ел тонаушы жендеттеріне Байжановты Баянауыл Омбыға дереу және қайткенде де жаяу жеткізуге бұйрық береді. Патша өкіметінің солдаттары жолда әбден сілесі қатып шаршаған Жаяу Мұсаны генерал-губернатордың алдына алып келеді. Омбының облыстық әкімшілігі Мұса Байжановтың наразылық шағымдарын құлақтарына да ілмей, құдіретті патшаның қадірін кетіргені үшін оны он жылға каторгаға жіберуге үкім шығарады».
Жаяу Мұса екі жылдай Тобыл түрмесінде жатады. Даланың еркін ұшқан құсы тар қапаста қиындыққа душар болады. Бірақ жастайынан өмірдің небір тауқыметін тартып, шыңдалған Мұса басына түскен қиындыққа мойып, еңсесін түсірмейді. Каторгадағы істің мән-жайын түсінетін адамдармен ақылдасып, бостандыққа шығуды ойластырады. Айдауда жүрген орыстың көзі ашық азаматтарының ақыл-кеңесі бойынша, «Мені әскер қатарына алсаңыз екен», - деп арыз жазып (біреулер генерал-губернаторға, ал екіншілері патшаның өзіне дейді), солдатқа барып, кесімді мерзімін өтеуге сұранады. Қалай дегенмен де, Мұсаның өтініші қабылданады.
Тобылда болған жылдарында композитор «Сүйіндік» әнін шығарады. Алыста жүріп, ел-жұртын аңсаған Мұса «Сүйіндік» әнінде туған жеріне деген сағыныш сезімін, перзенттік махаббатын бейнелейді. «Сүйіндік, айналайын аруағыңнан, болмайды өз еліңде жүргенде арман», - деп өз тағдырына налиды. Адамның ішкі сезім сырын суреттейтін әннің табиғатында, музыкалық құрылымында да ерекшелік бар. Композитордың өзегін өртеген сағыныш-мұңы әнде мажорлы-минорлы екі түрлі әуен сазы арқылы берілген. Мұсаның «Тұтқын зары» деп аталатын әні де осы кезде шығарылған болуы керек.
Мұса әскерге алынып, Тобылдан шыққаннан кейін, Орынбор арқылы Қазанға келеді. Өзінің «Қазан дәптеріндегі» жазуы бойынша ол бұл қалада бір ай болады.
Орынбор арқылы Қазанда бір ай жатып,
Отарбаға Нижнийде мінеді енді, -
деп жазады автор осы сапары жайында. Мұса осы уақыт ішінде Қазан қаласының өмірімен біршама танысқан болуы керек.
Композитордың «Қазан қыздары» әні осы сапарының жемісі болуы мүмкін. Композитор мұнда татар халқының өнер-білімге ерте жеткенін үлгі етеді. Сонымен бірге қыздарға әзіл-қалжың айтуды да естен шығармайды. Ал, ән өлеңіндегі «Алты ай тұрып Қазанда» деген жолдарына қарағанда, «Қазан қыздары» кейініректе дүниеге келген тәрізді. Бұл Жаяу Мұсаның 1880 жылдары Қазанға қолжазбасын жарыққа шығаруға арнайы барған сапарында туған шығармасы болуы да ықтимал. Өйткені композитордың «Қазан дәптеріндегі» өлеңдерінен мынадай жолдарды кездестіреміз:
Анықтап қоян жылы жаздым мұны,
Тарихты мың сегіз жүз де сексен жылы.
«Қазан қыздары» әнінің әуенінде татар халқының музыкасына тән белгілер, интонациялық сарын кездеспейді. Бұл - Мұсаның өзі болған жерін есте қалдыру мақсатында шығарған, өзіндік композиторлық қолтаңбасынан туған ән.
Мұса Байжанов бұдан кейін әскер бөлімімен бірге Новгород, Мәскеу, Владимир, Петербург қалаларында, Польша, Литва жерінде болады. Оның «Тылында литва, поляктардың соғысын гвардиямен жүріп көрген» деген өлеңі осы жорық жылдарында шығарылған. Сөйтіп, Жаяу Мұса Ресейдің және Шығыс Еуропаның көптеген қалаларында болып, ел көріп, жер таниды.
Кейіннен Мұса Қоқан хандығын басуға жіберілген полковник М.Черняевтің отрядына ауыстырылады. Ол Черняев әскерімен бірге Верныйға (қазіргі Алматы қаласы) келіп қыстайды. Алатауды көріп, Жаяу Мұса өзінің Баянтауын сағынады. Ол туған жеріне арнап, «Баянауыл» әнін шығарады. Ән салмақты, ойлы, байсалды, сазды. Басталуы мен қайырмасының әуені бір-біріне сабақтас өрбиді, біртіндеп дамып, биіктей береді, диапазондық жағы ықшам. Автордың: «Жаман-жақсы болса да, туып өскен ауыл-ай», -деп сағыныш сазын музыка тілімен өрнектейтін тұсы жылы, әсерлі шыққан.
Черняев әскері Әулиеатаға (Жамбыл қаласы), одан кейін Шымкентке барады. Осы аймақты Қоқан хандығының езгісінен босатады. Жаяу Мұса осы оқиғаға байланысты өлеңінде: «Сарыата, Әулиеата қараған соң, Шымкентті көп талады, бек шулата», - деп қаланы алу үшін болған шайқасты, халық басына түскен ауыртпалықты суреттейді. Сондай-ақ осы өлеңінде: «Надандық сол қылықтар бәрі қате», - деп қанды жорықты көзімен көріп, араласып жүргеніне өкінеді.
Черняевтің отрядында қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың да болғаны тарихтан белгілі. Соған қарағанда, Жаяу Мұсаның Шоқанмен кездесуі де мүмкін. Халық аузындағы деректер бойынша, Жаяу Мұса өзінің Шоқанмен бірге болған күндерін өле-өлгенше айтып отырады екен.
Шымкенттен еліне қайтып келе жатқан сапарында Жаяу Мұса «Шолпан» әнін шығарады. «Шолпан» - көтеріңкі леппен айтылатын ойнақы әуенді ән. Композитор мұнда ән арнаған қыз бейнесін жаңа туған Шолпан жұлдызына теңеп, айтар ойын музыкалық образ арқылы шебер бере білген. «Шолпан» әнінің үш варианты бар. Бірінші түрі Қосымжан Бабақовтың, екіншісі 1963 жылы Сымақ Айдарбековтың орындауынан жазылып алынды. Ал, әннің үшінші варианты А.Затаевичтің жарияланбаған қолжазба қорынан табылды.
Өмірдің ащысы мен тұщысын татып, көпті көрген Мұса еліне келгеннен соң, бірнеше таңдаулы әндердің авторы болады. Оның «Тұрымтай», «Ескендір» әндері осы кезеңде шығарылған. Аталған шығармалардың әуенімен композитордың жорық жылдарында құлағына әбден сіңісті болып кеткен марш ырғағы айқын байқалады.
Жаяу Мұсаның сексенінші жылдар ішінде шығарған «Толғау», «Арап ұрыға», «Бозторғай», «Хаулау» әндерінде өзінің басынан өткізген қайғы-қасіретінің ізі жатыр. Бұл әндердің музыкалық бейнелеу, мәнерлік құралдары әр алуан. Композитор басына түскен өмір ауыртпалығын, бай-шонжарлардан көрген қорлық-жәбірін, қуғын-сүргінде өткен тағдырын бірде жабығыңқы, мұңды сарында бейнелесе, бірде жігерлі, өктем әуенмен ұқтырады. Аталған әндердің бір ғана варианттары бар.
Басқа халық композиторларының шығармалары тәрізді Жаяу Мұса әндерінің варианттары әлі де зерттеп, нақтылай түсуді қажет етеді. Мәселен, композитордың кейбір әндерінің шығуы жөнінде әркім әртүрлі топшылап жүр. Мұсаның «Баянауыл» әнінің төңірегінде де осындай таласты пікірлер бар. Сондықтан қолда бар деректерге сүйене отырып, аталған ән жөніндегі пікірімізді келтіре кетуді жөн көрдік.
Халық аузында «Баянауыл басынан бұлт кетпес» деп басталатын «Баянауыл» әні бар. Бұл ән 1934 жылы «Айман- Шолпан» операсына Айманның ариясы болып енді. Осы кезде қағаз бетіне түскен «Баянауыл» әнінің де бес түрі белгілі. Оның үшеуі А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» жинақтарында жарияланған болатын. Адамның есімі тәрізді ән-күйде де халықтың бір атқа бірнешеуін телуі жиі ұшырасады. Мысалы, «Терісқақпай», «Балбырауын», «Қараторғай», «Жайма қоңыр», «Қарға» тәрізді ән-күйлер Қазақстанның әр түкпірінде кездеседі. Бірақ солардың көпшілігінің музыкалық мазмұндары мен формалары, шыққан оқиғалары ұқсас бола бермейді. Сол себепті де, қазақта жалғыз-ақ «Баянауыл» әні бар деген нақты тұжырымға келу біз үшін ғылыми дәлелмен еш байланысты жоқ болжау ғана болар еді. Біздіңше, халық әні «Баянауыл» мен Жаяу Мұсаның осы аттас әні бір-бірімен еш туыстығы жоқ, дербес шығармалар. Сондай- ақ, әр композитордың өз үні, өз суреткерлік шеберлігіне тән шығармашылық қолтаңбасы болатынын ескерсек, Жаяу Мұсаның «Баянауыл» әні музыкалық құрылысы жағынан оның қаламынан туған төл шығармасы екеніне дау туғызбайды. «Баянауыл» әні композитордың жырақта жүргенде туған аулын, оның сұлу табиғатын сағынып-аңсаудан туған әні екенін жоғарыда баяндадық.
Композитор шығармаларының ішінде әсем әуенімен, шабытты сазымен ерекше дараланатыны - «Көгершін» әні. Жаяу Мұса бұл әнді жақсы көретін құстарының бірі -көгершінге арнаған. Әннің шарықтаған әуені көкте самғап ұшып бара жатқан бейбіт құстың бейнесін елестетеді. Құстарға деген сүйіспеншілігін автор «Көгершіннен» басқа «Қаршыға, бүркіт», «Тұрымтай», «Бозторғай» тәрізді әндерінде де бейнеледі. «Көгершін» әні - көңілді лирикада шығарылған күрделі туынды, халық композиторлары шығармаларының ішінде таңдаулыларының бірі. «Жаяу Мұсаның халық әншілерінің дәстүрінен үйреніп, үлгі алғандығын оның «Хаулау», «Сұрша қыз» әндері дәлелдейді.
Мұса әнінің көпшілігі өзіміз білетін Арқаның ән дәстүрінде шығарылған. Еркелеген «Көгершін», өр кеуделі «Хаулау», сағыздай созылған «Гауһар қыз», туған Жер-ананы балалық махаббатпен суреттеген «Баянауыл», алдағы үмітке созған қолдың бейнесіндей жарқын «Сұрша қыз»... Бұл әндер Біржанның, Ақанның, Құлтуманың, Ыбырайдың, Естайдың өзімізге белгілі шырқаған, керілген шебер орындаушыны тілейтін шынайы туындыларымен қатар түседі. Мұнда Мұса қазақтың өзіне дейінгі ән шығару дәстүрін әбден меңгеріп барып, творчестволық құлаш ұрған адам екені көрінеді», - деп жазды академик Ахмет Жұбанов Мұса туралы.
Жаяу Мұса көп жылдар бойы елінен тыс жерде болуына және кедейлігіне байланысты кешігіңкіреп барып үйленеді. 1875 жылдары Жаяу Мұса Ақмола уезіне қарасты Есіл бойын мекендейтін Құлбай деген байдың немере қызы Сапармен танысады. Әрине, Мұсаның бұрынғы кезі болса, Құлбай оған қызын бермек түгілі, аулының маңайына жолатпаған болар еді. Бірақ қанша айтыс-тартыста жықпа- жығылма бола жүріп, өзінің көптің бірі емес екенін танытқан Мұсадан қалай дегенмен де Құлбай сияқты байлардың бірқатары іштей сескенеді.
Аулының маңынан жай қазақ жүре алмайтын Шормановтармен олардың озбырлықтарын халыққа ән-өлеңімен әшкерелеу арқылы алысса да, осының өзі Мұсаның ел арасындағы мерей-мәртебесін биіктете түседі. Черняев жорығынан оралғаннан кейін Мұса «Дәптеріне»: «Сонан соң Қаржас еліне болдым сыйлы»,- деп бекер жазбаған.
Құлбай байдың аулына Мұса бір топ жолдастарын ертіп барады. Ол Құлбайды әнімен, өнерімен жеңеді. Қазақ салтымен той-думанын өткізіп, қалыңдығын алып еліне қайтады. Осы сапарда «Құлбай бай» әнін шығарады.
Бұл әнінде композитор дәулеті мен байлығына мастанған бай аулының тыныс-тіршілігін күлкі, әжуа етеді. Әнді шығаруда өзімен бірге ілесіп барған жора-жолдастарының да ықпалы болса керек. Юмор мен сатираны әуенмен, музыкамен ұқтырып, бейнелеп бере білу қиын дүние. Соған қарамастан, композитордың бұл туындысында шындық нақтылы, дәл бояумен суреттелген. Жаяу Мұсаның «Құлбай бай» және осы сипаттағы басқа да әндері оның композиторлық қызметіндегі тақырыптық жаңалық болып саналады.
Жауыздық пен арамдыққа жаны қас, әділдік пен шындық жолында күрескен композитор ешқашан да ұлықты мақтап, жағымпазданған емес. Ол ойындағысын ашық айтуда ешкімнен жасқанбайды. Мұса әндерінен іште жатқан ызалы кектің жалыны айқын сезіледі. Композитордың осы тұста шығарған әндерінің бірі - «Шормановқа» (Мұстапаға). Мұнда әнші бай-шонжарлардың бұқара халыққа көрсеткен ауыр қысымын суреттей келіп, олардың да үстемдігінің бітетінін, шаңырақтарының ортаға түсетінін, халық тілегінің орындалар күнінің алыс еместігін сездіреді:
Болдыңдар ел менен бай жер қожасы,
Жібермес қара шаруа көздің жасы.
Түсімде талқандалып қара кидің,
Бұзылар қожалықтың ережесі.
Жаяу Мұсаны мұқату үшін Мұстапа Шорманов оның киген киіміне тиісіп:
Тон киген қызыл саңнан Жаяу тоңбас,
Оған ерген Қали мен Мұстапа оңбас.
Арыстан айға шауып мертігіпті,
Тағы да мінім болса, бетіме бас, -
дейді. Мұса сері, сәнқой адам болған, қызыл матадан киім киіп жүреді екен. Мұстапаның «қызыл санан» деп өлеңге қосуы да сондықтан. Жаяу Мұса Мұстапаны әдеттегідей сөзбен түйреп, оның жауыздығын бетіне басып:
Кигенім үстімдегі бәрі қызыл,
Шорманов, сөйлер сөзге тілім ұзын.
Жылансың екі басты ел жалмаған,
Қоймаймын, өлтірсең де айтар сөзім, - деп жауап қайтарады.
Мұса қолы қысқа, кедей болса да - жомарт, халық арасында қадірлі, сыйлы болады. Қай ауылға барса да, оны сый-құрметпен қарсы алады. Мұны ұнатпаған байлар жағы Мұсаға «Мырза- кедей», «Сылқым жаяу» деген ат тағып, оның кедейлігін бетіне шіркеу етіп, қай жеріңнен күйің келеді деп әжуа етеді. Мұндай айдардың тағылуына Мұса қысылмайды.
Байжанның мен баласы мырза-кедей,
Мойнымда тұмарым бар дөдегедей
Жаяу жүріп аттыдай шіренемін,
Жүз қойым, отыз жылқым бар немедей, -
деп әнімен жауап береді.
Мұса әншілік, ақындық өнерімен қатар ауылда болып жатқан түрлі дау-шарларға жиі араласады. Еңбексіз, бейнетсіз мал тауып, ел үстінен күн көріп жүрген ұры-қарыларды өткір сөзімен түйреп, оларды адалдыққа, адамгершілікке шақырады, ақыл айтып, түзу жөн сілтейді. Осыған байланысты туған «Бәшерден» әнінің тарихы жөнінен бір дерек келтірейік. Баянауыл өңіріне аты шыққан Бейсен деген байдың ұлы Бәшерден ер жете келе болыстыққа таласып, оған қолы жетпеген соң қасына қырық жігіт ертіп, елдің малын ұрлауды кәсіп етеді. Ауылды оның бетіне келіп ешкім бір ауыз сөз айта алмайды.
Ақыл айтып, ұрлығын қойғызамыз, жөнге саламыз деп бір күні Бәшерденге сол кезде елге беделді Рахмет пен Шәкен деген молдалар келеді. «Ұрлығыңды қой, құдайға күнәһар боласың, шариғатқа жатпайтын іс істеп жүрсің», деп қорқытып, Бәшерденнің қылығын діни ақыл-уағызбен қойдырмақшы болады. Сөйтіп отырғанда Бәшерден далаға шығып, жігіттеріне: «Осы екі молданың жылқыларының түгін қоймай, Көксеңгірдің ұрыларына айдатып жіберіңдер», деп бұйырады. Біраз уақыт өткеннен кейін, қос молданың жылқышылары келіп, жылқыларын ұрылардың айдап кеткенін айтады. Молдалар, амал жоқ, бір-біріне қарасып, үйден шығып кетеді. Міне, Бәшерденге ақыл айтушылар осылардың кебін киеді екен.
Сол кезде қарамағындағыларға айтқанын екі еттірмейтін Айсабек деген адуын болыс болады. Бірақ ұр да жық Бәшерденге оның шамасы келмейді. Себебі Бәшерден өзінің туысқаны. Жоғарғы ұлықтарға арыз айтайын десе осы жағы қинайды. Ақыры, еш амалын таппаған болыс Жаяу Мұсаға келіп: «Батыр, Бәшерденді сіз тоқтатпасаңыз, ешкімнің әлі келмейтін болды», - деп өтініш айтады.
Жаяу Мұса ауыл адамдары бас қосқан жиында Бәшерденге арнап ән шығарады.
Айтамын тыңдасаң деп Бәшерденге,
Есіктен жалғыз басты сүйретерге.
Анаңыз Орта жүзде асып еді,
Жан шықпай кіргіздің ғой қазбай көрге,
Қарғыстан жыламасын екі балаң,
Артыңда сен жоқ болсаң жоқтыр панаң.
Көп еді жылқы ұрлауға ақыл-айлаң,
Бәшерден, түбін ойла, болса санаң, -
деп молдалар тәрізді о дүниеде кездесер қиындыққа сілтемей, «Ұрлық түбі - қорлық» екенін түсіндіріп, ақыл-өсиетін айтады. Тепсе темір үзетін азаматтың не ел-жұртына, не жеке басына пайда келтірмей, арам іспен айналысып, өмір қор қылғанына қынжылады. Бұл оқиғадан кейін Бәшерден біраз уақыт ұрлығын қойып кетеді.
Композитордың белгілі әндерінің бірі - «Сапар». Жаяу Мұса бұл әнді әйелінің қазасына байланысты шығарған. Сапар төркіндеп бара жатқанда, Ақмола қаласынан 80 шақырым жердегі Тасмола поселкесінде 1895 жылдары 37 жасында қайтыс болып, сол жерде жерленеді. Жан жолдасының қазасы, артында қалған жетімдер қайғысы жасы ұлғайған адамға ауыр соққы болып тиеді. Баласы Салықты ертіп, Сапардың моласының басына келген Мұса сол жерде «Сапар» әнін шығарады. Ән Жаяу Мұса өміріндегі ең бір ауыр, қайғылы кезеңді көрсетеді. Бұл нағыз жоқтау әні.
Мұса жасының ұлғаюына байланысты 1895 жылдардан бастап ауылдан көп ұзап шықпайды. Өзінің бала кезінен сүйетін кәсібі - аң аулап, құс салумен - саятшылықпен айналысады. Жақсы ат, қумай тазы, алғыр бүркіт әншінің айрылмайтын серігіне айналады. Шабыты келген кездерде аң- құсқа арнап, ән шығарады.
Жаяу Мұса 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін қызу қолдайды. Патша өкіметінің іргетасының қозғалуға айналғанын, билігінің ұзаққа бармайтынын сезген ақын азаттық лебінің соғуын, бостандық таңының тууын асыға күтеді.
1919 жылы Жаяу Мұсаның аулына өкіл болып келген ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров оның баласы Салықты ревком етіп сайлайды. Ал, 1928 жылы Жаяу Мұса Кеңес өкіметі өзінің өмір бойы алысқан ата жауларын конфискелегенін көріп, ақтық арманына жетеді. Әнші-композитордың: «Аттыдан жаяу жүріп, кек аламын», - деген ізгі арманы толығымен орындалды.
Осыдан кейін аз уақыт өткеннен кейін, Мұса баласы Салықты шақырып алып: «Ақшоқыға не болыңдар, кедейдің заманы туды, енді сендерден оны ешкім де тартып алмайды», - дейді.
Тоқсан төртте жасым бар,
Енді жүрек басылар.
Мен жүргелі жатырмын,
Қоштасайық, халқым-ау!
Қуаныш заман кез болды,
Еңбегім сіңген Ақшоқым,
Сонан орын қазыңдар,
Борқы ағашы жанына,
Белге мені қойыңдар, -
деген бұл өлеңі бүкіл саналы ғұмырында жүрегі халық деп соққан аяулы әншінің ел-жұртына қалдырған ақырғы аманаты еді.
Азамат ақын, дарынды композитор Жаяу Мұса Байжанов 1929 жылы 31 июль күні 94 жасында дүниеден қайтты. Сүйегі өзі айтқан Ақшоқы тауының бауырына жерленді.
Ұлттық музыка мәдениетінің қол жеткен табыстарын айтқанда, совет заманында ғана пайда бола бастаған музыка жанрларының қалыптасуында Жаяу Мұса қызметінің маңызы зор. Оның ән мұрасы қазақ музыкасының бүгінгідей биік дәрежеге көтерілуіне кесек кірпіш болып қаланды.
Жаяу Мұса әндері қазақ композиторларының түрлі шығармаларына - операға, симфонияға, эстрадалық музыкаға арқау болып, жаңа көркемдік сипатқа ие болуда. Мұсаның көптеген әндері Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын»; М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында пайдаланылды. Мұсаның «Қатын өлгенде» әнін Е.Брусиловский «Қыз Жібек» операсында қыздар хоры ретінде алған. Ән операның бірінші актісінде: «Күн шығарда күлімдеп, түн ұялып қашады, шыға келсе Қыз Жібек, күн де бетін басады», - деп басталады. «Қыз Жібектің» екінші актісінде Жаяу Мұсаның «Тұрымтай» әнін композитор шеберлікпен пайдалана білген. Өте көңілді мажорда, серпінді ырғақтағы ән әуенін композитор операда Төлеген, Бекежан және Сансызбайдың қосылып, жамбы атып түсіру кезінде ойналатын музыкаға арқау етіп алған. Кейіннен биге айналады. Мұнда ол аспаптық музыка ретінде бірнеше рет қайталанады.
Композитордың көптеген әндері - «Хаулау» әнінің бірнеше түрі, «Шолпан», «Сұрша қыз», «Сапар» әндері М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында қолданылды. Осы операдағы Біржан мен Сараның айтыс сахнасында Біржанның «Төскейден жұрт таң қалар желгеніме», - деп басталатын партиясы Мұсаның «Хаулау» әнінің М.Төлебаев жазып алған нұсқасымен айтылады. Басқа варианттармен салыстырғанда, бұл қазақтың ән дәстүрінің сипатында жазылған ұлттық бояу- нақышқа бай ән. Операның екінші актісінде, жастардың Біржанға келген сахнасында Жаяу Мұсаның «Хаулау» әнінің Қосымжан Бабақов орындайтын түрі берілген. Операда «Хаулау» әні Естай ақынның аузында бірнеше рет айтылады. Оның айтқан әні Біржанның алғашқы әнінен бөлекше естіледі. Бұл әнмен Естай халық көңілін ерекше сезімге бөлейді. Операдағы «Хаулау» мен Қ.Бабақовтың орындауынан жазылған ән арасында әуен жағынан айырмашылық бар. Мұндағы өзгеріс тек ырғақтарында ғана емес, сонымен қатар өлшемнің бастан-аяқ бір қалыпта жүріп отыруында. Ән қайырмасын композитор толық пайдаланбай, оның бастапқы әуенін алып, хорды соның негізінде жазған.
«Біржан-Сара» операсының екінші актісіндегі Біржан мен Сараның арияларында композитор Мұсаның «Қатын өлгенде» әнінің бастапқы фразасын қолданған. Ал операның үшінші актісіндегі Сараның лирикалық ариозосы Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әні негізінде жазылған. Кейбір музыка зерттеушілері аталған ариозо «Гауһар қыз» әнінен алынған деген пікір айтады. Шынында да, екі әннің бір-бірімен интонациялық жағынан ұқсастықтары бар, сондықтан екеуінің орнын ауыстырып алу қиын емес. Ал, ариозоны тыңдағанда «Сұрша қыз» әнімен барлық жағынан жақындастығы анық байқалады. Операның үшінші актісінде Алтынайдың Сараға келіп: «Жынданыпты сал Біржан» деген сахнасында композитор Мұсаның «Шолпан» әнін пайдаланған.
Композитор шығармалары әнші-музыканттардың, сондай-ақ қатары мыңдап саналатын әуесқой өнерпаздардың репертуарынан тұрақты орын алды. Кең-байтақ республикамыздың түкпір-түкпіріндегі клуб, мәдениет сарайларында өтіп жататын сауық кештерінде Жаяу Мұсаның әндері шырқалмай қалған емес.
Жаяу Мұсаның кейбір шығармалары Қазақстанда 1920 жылдары пайда болған революциялық ән ретінде айтылып жүр. Мәселен, белгілі «Амангелді маршы» әні Жаяу Мұсаның «Ескендір» әнінің әуенінің негізінде шығарылған. Мұса Байжановтың басқа да әндерінің интонациясында халықтық, революциялық сарын кездеседі. Мұны біз әр кезде түрлі жерлерден жазылып алынған фольклорлық материалдардан кездестірдік.
Мұса әндерін жинап, оны көп ұлтты елімізге танытуда музыка зерттеушісі Б.Ерзакович пен А.Затаевичтер айтарлықтай еңбек сіңірді.
Кешегі қапас заманда «қу кедей», «қашқын», «жаяу» атанған Мұса есімі бүгінде ән дүлдүлі, ақын, халықтан шыққан мәдениет қайраткері ретінде кеңінен танымал. Жалынды күрескер, талантты композитордың адамгершілік мұраттарды жырлаған ән-жырлары өзінің эстетикалық құндылығын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, олардың рухани өмірін байытуға қызмет ете бермек.
Мұхит Мералыұлы мұрасы
Қазақ өнерінің «алтын ғасыры» болып саналатын XIX ғасырда шырқау шыңына жеткен, ауызша кәсіби мәдениетімізде бастауын тереңнен алатын орындаушылық мектептердің бірі Мұхит сал есімімен байланысты.
Әншілік өнер - халқымыздың қателеспес талғамы қалыптастырған ғажайып дәстүрі. Мұхит (Мұқамбеткерей) Мералыұлы (1841-1918) Батыс аймағындағы ірі халықтық әншілік мектептің іргетасын қалаған айтулы өнер иесі - дарабоз әнші, ақын, композитор.
Мұхит мектебі орындаушыдан үлкен шеберлікті, дауыс күшінің зор әрі диапазонының кеңдігін, күрделі әрі екпінді, төкпе күйлерде кездесетін қағыстары бар домбыра сүйемелін талап етеді. Композитор әндерінің аспаптық сүйемелі, алуан түрлі қағыстар мен иірімдердің күрделілігі оның дәулескер күйші болғандығынан хабар береді. Бұл жөнінде А.Жұбанов оның Боғданың, Тазбаланың, Абыл-Қошқардың, Сәулебайдың күйлерін нақышына келтіріп орындаушыларының бірі болғандығын және өзінің күй шығарғандығын да жазады [1].
Демек, Мұхит әндерін домбырамен сүйемелдеп айту үшін әншіден домбыраны күйшіден кем меңгермеу керектігі де талап етіледі.
Композитор туындыларын нотаға түсіріп, шығармашылығы туралы алғаш құнды пікір айтқан этнограф, музыка зерттеуші А.Затаевич: «По характеру творчества Мухита можно назвать «баяном» своего народа. Большинство его песен, по своему старинному складу, по суровой и неизменно благородной мелодической линии звучат как «сказанья», как «предание старины глубокой». ...В области казахской песни Мухит создал из национальных музыкальных элементов своего рода школу, так как творчество его нашло себе и продолжателей (...), и подражателей», - деп оның өзіндік орындаушылық мектебінің негізін қалаған тұлға екендігіне осылай назар аудартады [2, 482].
Сонымен қатар Батыс өлкесінің ән мәдениеті туралы академик А.Жұбанов пен ғалым Б.Ерзаковичтің айтқан пікірлері бар. Осы өңірдің орындаушылық өнері жөнінде фольклорист-ғалымдар пікірлеріне тоқталар болсақ, отандық музыкатануда қазақтың ән жанрын зерттеп, нотаға түсіріп, іргелі ғылыми еңбектерін арнаған Б.Ерзакович Қазан төңкерісіне дейін аймақта ән мәдениетінде орындаушылық және репертуарлық тұрғыдан алғанда екі орындау стилі қалыптасқан деген пікір айтады. Оның біріншісі, негізінен лирикалық және тұрмыстық әндерді домбыра сүйемелінсіз орындайтын әйел адам даусы, яғни «ровное и спокойное, характеризуется камерностью исполнения, созерцательностью без особых темпераментных нюансов», - ал, екіншісі, домбыра сүйемелімен батырлық-эпикалық тақырыптар мен тарихи сюжеттерге құрылған әндерді орындайтын ер адам даусы, «предназначенное для выступлений на состязаниях (айтысах) характеризуется эмоциональной звуковой насыщенностью, темпераментным исполнением, рассчитанным на большое число слушателей», - деп, дауыс мүмкіншілігіне байланысты камералық әйел адам мен сол өңірдің ауызша кәсіби дәстүр өкілін - ер әншіні салыстырады [3,258].3
Халықтық кәсіби әншілік дәстүр болған тұста ондай мектепті «даярлайтын» (кең мағынада: ӘН мен орындаушылық) халықтың ғұрыптық-тұрмыстық фольклоры мен әнсүйерлер шығармашылығының белсенділігі екендігі әннің тарихи-әлеуметтік қалыптасу барысында түсінікті жағдай. Бұл тұрғыдан алғанда Б.Ерзакович бөлген орындаушылықтың бірінші түрі - тұрмыстық және лирикалық шығармаларды айтатын әйел адам дауысы - әуесқой әншілер, екінші түрі - халықтық кәсіби өнер өкілдері. Демек, зерттеуші айтқан «екі стиль» аталған аймаққа ғана емес, Қазақстанның кәсіби әншілік мектептері бар басқа да өңірлеріне қатыстылығы бар: ауызша кәсіби дәстүр бар жерде әуесқойлық деп бөлінетін шартты категория міндетті түрде өмір сүреді. Ал олардың арасындағы айырмашылықтар, ғалым айтқан дауыс мүмкіншілігі мен соған сәйкес репертуарымен анықталмақ.
Халық композиторларының әндері олардың өз репертуарымен қатар, ел арасындағы қарапайым әнсүйерлер арқылы да фольклордың өз ішінде қайта интонацияланып музыкатану мамандарына жетіп, хатталып отырды. Оны мұндай әндердің бірнеше вариантта нотаға түсіп, жариялануынан көреміз. Мысалы, Мұхит шығармашылығы негізінде қарастырып көрейік.
Бірінші, композитор мұрасын алғаш жинаған А.Затаевич өз жинақтарында Мұхиттың әні деген 22 үлгіні, Мұхит әнінің нұсқасы деп 3 үлгіні нотаға түсірген. Бірақ та басылымдардағы бұл үлгілер қазіргі кезде Мұхит мектебінің ізбасары, әйгілі әнші Ғ.Құрманғалиев (1909-1993) жеткізген, әрі оның репертуары арқылы кейінгі ізбасарлары айтып жүрген әндерден алшақ.4 Екінші, 1960 жылы Б.Ерзакович бұрын халық әндері санатында болып келген Мұхит әндерін тұңғыш рет біріктіріп жарыққа шығарды. Бұл жинақта ғалым (Ғ.Құрманғалиевпен қатар) өз алдына орындаушылық стильге жатқызған әйел әншілер Т.Ибрагимова мен Н.Әбілева орындаған «Еркем», «Қыпшақ», «Дүние-ау» әндері мен «Жайма қоңыр», «Айнамкөз», «Паңкөйлек», «Кіші Айдай» туындыларының нұсқаларын берген [4]. Дегенмен олар жеткізген осы үлгілер бүгінгі күні дәстүрлі өнер өкілдерінің репертуарынан орын алмай отыр.
Бұл проблемаға байланысты қазақтың ауызша кәсіби әншілік өнерін арнайы зерттеген ғалым С.Елеманова: «...глубокое осознанное отношение к передаче песни, широкое развитие специфических, чисто музыкальных приемов, выявляющих «преподносимую» природу этого искусства. Природные данные, мастерство, «сделанность» произведения, его глубокая, содержательная трактовка, артистизм - все это направлено на восприятие публики, все это активно на нее воздействует» [5, 92], және де «...некоторые профессиональные песни, отмеченные глубоким своеобразием авторского замысла и особыми исполнительскими приемами, заданными изначально, непрофессиональными певцами никогда не исполняются» [5, 96], - әрі қарай халықтық кәсіби және әнсүйерлер орындаушылықтарының басты айырмашылығын ажыратып жазады. Осы пікірге сүйеніп қорытар болсақ, жинақтардағы дәстүрлі емес орындаушылар жеткізген әндердің нұсқалары мен кәсіби әнші Ғ.Құрманғалиев репертуарындағы әндердің айтылу үлгісінің екі бөлек орындаушылық деңгейге жататындығы және әнсүйерлер жеткізген үлгілердің қарапайым нұсқаларының кәсіби дәстүр өкілдерінің репертуарында жалғастығын таппауы түсінікті болады.
Өлкенің ән шығармашылығының қалыптасу мен даму бағытын анықтауда Мұхит мұрасын түбегейлі зерттеп, жан-жақты саралап барып ғылыми негізді нәтижелерге қол жеткізуге болады.
Соңғы уақыттары Мұхит әндері оның жаңа туындыларының табылуымен толығып келеді. Атап айтсақ, «Көкжар», «Мұхит сал» және Мұхиттың «Үшінші айдайы» деген әндері.5 Мұндай елеулі жаңалықтармен қатар әр жылдарда жарық көрген жинақтар мен күйтабақтарда, соңғы уақытта шыққан аудиотаспалар мен СД-лерде композитор мұрасына қатысты дәлелсіз, күмән туғызатын деректер жиі кездесіп жүр.
Фоножазбаларда Батыс аймағына кең тараған, әнші Ғ.Құрманғалиев репертуарынан белгілі «Жылой», «Доссорда шай құяды Гүлжансары»,6 «Ыңғай-ау» мен «Құрбыжан»,7 «Шандоз», «Жылқышы»,8 т.б. халық әндерінің авторы Мұхит болып көрсетілген. А.Затаевичтен кейін жарық көрген нотасыз өлеңдері 1955-57 жылдары «Қазақ әндері» антологияларында «Зәуреш», «Айнамкөз», «Көк Айдай» әндері 1960 жылдарға дейін басқа да ауызша кәсіби авторлар шығармалары сияқты халық әндерінің санатында болды.
Мысалы, «Адайдың ырғамасы» жинағында Мұхиттың белгілі «Жайма қоңыры» маңғыстаулық қайқы Әділ Кенжеұлының (1870-1932) әні деп [6, 16], «Қолжетпес» шығармасы халық әні «Алқаракөк» деп жарық көрді [6, 93].
Композитордың «Жайма қоңыр» әні Е.Брусиловскийдің «Жалбыр» операсының (1935) I актісіндегі Хадишаның вокалдық патриясына алынған. Мұңды да ойлы әнмен Хадиша Елемеске өз заманындағы қазақ қызының тағдырында кездесетін қалыңға сатылған әділетсіздікті жеткізеді:
Құрбыжан, сөзің тәтті, тілің майда,
Мендей боп жылаған қор азғантай ма...
А.Жұбанов Хадишаның партиясындағы бұл әуенді Мұхиттың «Алуаш» әні дейді және бұл әннің кей жерлерде «Жайма қоңыр» деп те орындалатындығын жазады9 [1].
Қазіргі кезеңде бұл шығармалар халыққа Ғ.ұрманғалиев орындауынан таныс болған. Екі әнді музыкалық жағынан салыстырсақ, «Алуаш» еркін, тайсалмай орындалып, дыбыс пен буын сәйкестігі синхронды сипатта және дыбыс диапазоны ғұрыптық әндерге тән шағын болып келеді (екінші қос тармақтың басталатын тұсында секста интервалында Мұхитқа тән жоғары тірек дыбысқа бағыттай айтылатын әй! қаратпа сөзінің интонациясы бар). Ал «Жайма қоңыр» әуенінің қозғалысы секунда-терциялық, сабырмен баяулай қозғалатын, соңында ән кеудесіндегідей секста көлеміндегі вокализациясы бар қоңыр ән. Бүгінгі күні «Жайма қоңыр» мен «Алуаш» әндері әуені мен мазмұны жағынан екі сипатты, тыңдаушы жадында «тұрақталған», арасы алшақ дүниелер.
Жоғарыда келтірілген А.Жұбановтың сөзін растайтын мына бір дерек болуы мүмкін. Алғаш рет «Жайма қоңыр» әні А.Затаевич жинағында жарияланып [2, № 960], әнге ескертпеде «Мұхит әндерінің арасындағы кең танымалдарының бірі, көптеген әнсүйерлердің сүйікті әні» және ескертпеге редакциядан қосымшада бұл әннің варианты «Алуаш» деген атпен ұсынылады (1921 жылы Б.Джумабаевтан жазылған)10.
«Қара қаншық» әні11. Мұхиттың бұл туындысы бүгінге дейін халық әні болып жарияланып келеді12. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Төлегеннің вокалдық партиясына алынған «Үлкен Ораз» («Үлкен Айдай») және Жібектің IV пердедегі қоштасуына «Дүние-ай», «Зар» туындылары алынған деп музыкалық әдебиеттерде жазылып жүр. Операның трагедиялық шешілімі, Жібектің Төлеген өлімін естіп ендігі өмірден мән таппай, жарық дүниемен қоштасу сәті, зор қайғыға толы «Зар» әнімен басталады («Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы...»). Ал Мұхит шығармашылығында «Зар» деп аталатын ән кездеспейді.
1933 жылдары екі жүзден аса халық шығармашылығындағы әндердің поэтикалық мәтіні қоғам идеологиясына қарсы келіп, айтылуға тыйым салынды13. Орталықтың арнайы саяси тапсырмасымен ән сөздері, олардың тақырыптары «жаңа заманға лайықталынып» жаңадан жазылған еді. Сондай әндердің бірі, саяси астары бар деген туындылар қатарында болған Мұхиттың «Қара қаншық» әні музыкалық әдебиеттерде соңғы кезге дейін «Зар» атанып келді. Ән алғаш рет А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағында авторы көрсетілмей жарияланды [2, № 970]. Бастапқы жеті буын музыкалық фразасы тура қайталанатын АА1 қостармақты ән формасында. Мұхиттың зарлы «Зәуреш», «Дүние-ау», «Азаға салған әні» шығармалары сияқты бұл ән де эолийлік ладында.
Келесі бір ән «Доссорда шай құяды Гүлжансары». Бұл туынды Атырау облысының Мақат ауданы, Доссор деген жерінде өткен ғасырдың 20-жылдары атағы тарапқа белгілі бола бастаған, шай құюды кәсіп еткен Гүлжансары есімді келіншекке арналып шыққан. Ел аузында Гүлжансарыға арналған шумақтар көптеп кездеседі. 1918 жылы өмірден өткен Мұхиттың Гүлжансарыға ән арнағандығы нақты тарихи деректерге жанаспайды, қисынсыз. Осындай тарихи деректерді негізге ала отырып, әннің Мұхитқа телінуі жаңсақ айтылған деп қорытындылаймыз.
«Жылқышы» әніне келсек, әйгілі Көкжар жәрмеңкесінде айтыскер ақын Бала Ораз Өтебайұлымен (1837-1882) кездескен Мұхит оның айтқан жылқышы жігіт туралы әңгімесінен үлкен әсер алып, «Кіші Ораз» немесе «Кіші Айдай» әнін шығарады14. Ән көнеде «Жылқышы» деп те аталған. Бұл әңгіме желісіне арналған осы туынды Мұхиттың шоқтығы биік, қайталанбас қолтаңбасы бар күрделі ән болып саналады. Бүгінде халыққа Ғ.Құрманғалиев орындауынан белгілі:
Жылқысы біздің елдің ала мойын,
Су ішіп айдын көлден салады ойын, -
деп басталатын халық әні «Жылқышы» да әннің көнедегі бір атауына байланысты болуы керек, Мұхитқа телініпті15. Децима дыбыс аралығын қамтитын кең тынысты әннің формасы ABA1B. Кварталық, квинталық секірістері бар, халық әндерінде сирек те болса кездесетін екінші жолдың соңындағы I1-II1-III1 басқыштар интонациясымен ерекше. Мұхит әндерінде осы мотивтің өзіндік маңызы, ән композициясында алатын орны бар. Туындыны халық жадында асқақ, ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен ерекше Мұхитқа телу орынсыз деп қорытындылаймыз.
Сондай-ақ «Ыңғай-ау» мен «Құрбыжан» әндерінің де жөнсіз «авторлары табылып» ғылыми негізден алшақ бұрмаланып жүр. Әр халық әнінің артында бір шығарушысы бар екендігі хақ. Бірақ осындай негізсіз, дәлелсіз деректерді зерттемей қабылдау, яғни халық әнін белгілі бір авторға тели салу ғылыми көзқарасқа жат.
Әншінің өмірбаянынан нақты мәліметтердің жоқтығынан туындыларын оның шығармашылық жолының қай кезеңіне жататындығын дәл айту қиынға соғады. Дегенмен де, отандық музыкатануда бұл бағытта жасалған талпыныстар бар. Мысалы, музыкатанушы М.Құрманғалиева оның өмірі мен шығармашылық жолын шартты түрде үш кезеңге бөліп, шығармаларын соған сәйкес топтайды: бірінші - Мұхит сал мен жігіттік лирикасы, арнау-әндер «Алуаш», «Ақ Иіс», «Қилым», «Қилаш», «Айнамкөз», «Қоқыш», «Дәметкен», «Күлә», «Еркем», «Қолжетпес», «Дидар», «Ілгек», «Келіншек», «Паңкөйлек», «Бала Ораз» («Жылқышы»); екінші - өмір туралы философиялық толғамдар, қызықты кездесулердің әсерінен туған әндер. Автор: «Второй этап творчества, скорее всего, ознаменован песней «Паңкөйлек». «Паңкөйлек» -своеобразный итог, завершение «мушеля» - 25 лет. ...Данный период творчества характерен возникновением песнями цикла «Айдай», «Көк айдай», «Кіші айдай», «Үлкен айдай» и т.д. «Айдай» - о взаимоотношениях курдас, о нормах поведения молодежи, уходящих своими корнями в институт батырства» - деп, философиялық эссеге «Айдай», «Көк айдай», «Кіші айдай», «Үлкен айдай», «Әриайдай», «Иіс», «Бейнем-ау», «Кербез қыз», «Жайма қоңыр», «Жантелім», «Жылой», «Көкжар», «Доңасқан», «Ақ сойқан» әндерін топтайды; үшінші - трагедиялық ерлер лирикасы. Бұл кезеңде жоқтау тақырыбы басым келеді деген пікір айтып, жоқтау тақырыбындағы әндерге «Зәуреш», «Дағанау», «Дүние-ау», «Қыпшақ», «Дүние», «Демалыс», «Қара қаншық», «Алпыс төрт», «Мұхит сал» шығармалары топтастырылады [7, 6].
Зерттеушінің мұндай жүйелеуінде ән мазмұнының қарама-қайшы пікір туғызатын тұстары кездеседі. Олардың кейбіріне тоқсалсақ, мысалы, философиялық әнге топтаған «Көк айдай» ғашықтық ән. Ал, қазір халық әні ретінде орындалып жүрген «Әриайдай» сөзінен махаббат сезімі анық көрінеді:
Жыртылмайды ақ көйлек кең болған соң,
Екі құрбы ойнайды тең болған соң.
Саған айтпай сырымды кімге айтамын,
Шын ұнаған көңілге сен болған соң.
Қаралы үйге көңіл айтып барған сал шығарған «Иіс» әнінде:
Салыңның алып келген иісі осы,
Жетекке жылқысы жоқ, үйір-үйір -
деген сөздерге, мазмұнына қарап философия емес, арнау- әндерге жүйелеу оның ішкі табиғатын нақты ашатын секілді. Сол сияқты жоқтау әндер қатарына кірген «Демалыс» әні мәтінінен оның нақты оқиғада туғанын, тыңдаушысынан демалуға рұқсат сұраған әншінің сөзін көреміз:
Домбыра екі ішекті қолға аламын,
Құбылта он екі алуан ән саламын
Отырған тең құрбылар болса рұқсат,
Шаршадым, біразырақ демаламын.
Бұл туындыда сал-серілер творчествосында жырланатын жастықты жоқтау немесе досты, сүйген адамын іздеп сағыну, мұңаю, қайғы сезімі жоқ (?). Осы секілді «Кербез қыз» әнінің мазмұнында да философиялық эссеге топтауға негіз жоқ деп ойлаймыз.
Композитор әндерінің шыңы «Айнамкөз». Осындай дауыс кеңдігімен қатар, ой биіктігін қажет ететін, әуендік- интонациясы, стилі жағынан бір автор шығармашылығын жазбай танытатын өзіндік қолтаңбаға ие туындылары «Кіші Айдай», «Айнамкөз», «Үлкен Айдай», «Зәуреш», «Паңкөйлек», «Дүние» әндері.
Мұхит шығармашылығында «Айдай» атты циклды әндер бар. Жоғарыда көрсеткендей, зерттеуші М.Құрманғалиева оларды композитор өмірінің екінші кезеңіне жатқызып, Бала Оразбен байланыстырады: «Көк айдай», «Кіші айдай», «Үлкен айдай», «Айдай».
Мұхиттың Ойыл жеріндегі Көкжар жәрмеңкесінде аты- шулы айтыскер ақын, әнші Бала Ораз Өтебайұлымен кездесіп достық қарым-қатынаста болғаны тарихтан белгілі. Бұл әндер «Кіші Айдай» немесе «Кіші Ораз», «Үлкен Айдай» немесе «Үлкен Ораз» деп қатар аталады. Бала Ораздан естіген әңгімесінің әсерімен Мұхит «Кіші Айдай» (немесе «Жылқышы») әнін шығарған.
Бұлар белгілі ауызша кәсіби халық авторларының аттас әндеріндегідей «Хаулау», «Гәкку», «Хаудыр» сияқты болып алексикалық сөздермен аталады. Ол жөнінде әртүрлі көзқарастар бар. Мысалы, белгілі күйші Қ.Ахмедьяров айдай сөзі Айдай мен Таңдай деген екі қызға байланысты шыққан деген пікір айтады16. Ал, ақын Ф.Оңғарсынованың пікірінше, композитордың екі «айдайы» осындай үлкен достықтың құрметіне Оразға арналған әндер болуы мүмкін17.
Ұлттық ән мұхитында кең қолданысқа не айдай сөзіне келсек, бұл көбіне әннің қайырмасында айтылатын алексикалық сөздердің бірі. Қайырма сөзі (Припевное слово) деп аударылған «1000 ән» жинағынан бірнеше ұқсас сөздерді мысалға келтіруге болады: №250 «Ай дай-ай», №254 «Харидай-ай», №432 «Әриайдай» №850 «Ой-дай», №893 «О-дай», №938 «Ай-дай», №941 «Уаридай», №944 «Ай дай», №946 «Дай-дай» және т.б.
Авторлық құқық ауызша кәсіби ән мәдениетінде екі түрмен: поэтикалық мәтіндегі авторлыққа нұсқау және әннің шығуымен, оның сюжетінің аңызымен көрінеді. Осы негізге алып Мұхиттың «Айдай» әндерінің поэтикалық мәтінін мәлімет ретінде алсақ, музыкалық табиғатына қарап, оларды адамның өмірінің кезеңдерін - жастық, орта жас және қарттық кезеңде шыққан туынды ретінде қарауға болады. Бұл тұрғыдан цикл «Көк Айдай» әнінен басталады. Мұндағы «көк» сөзін музыка зерттеуші, күйші А.Тоқтағанның: «Ескі қазақы ұғым бойынша адам өмірі бес кезеңнен тұрады. Он үш жасқа дейін көк өрімдей жас кезі, яғни, «көк» кезеңі» деп, ары қарай 13-25 жас аралығын «қызыл», 25-37 жас аралығын «сары...» - деген дәйексөзімен түсіндіруге болады [9,54]. Егер осы көк сөзін жастықпен байланыстырсақ, әннің көк айдай аталу себебін түсінуге болады. Ән сөзі де махаббат, жастық сезімді жырлайды:
1. Ой қалқам, сен де көркем, мен де көркем,
Қосылса екі көркем болады тең.
Дөңбекшіп төсегімде жата алмаймын,
Есіме сен түскенде сұлу еркем.
Сергек, батыл, ойнақы орындалатын «Көк Айдайдың» сөзі де адамның жас кезеңіне сәйкес суреттеледі. Сондай-ақ Мұхит әндерінің характерін ашуда үлкен рол атқаратын домбыра сүйемеліне назар аударсақ, биік деңгей әндерінен өзгешелігі мұндай күрделі қағыстар комбинациясы жоқ әрі табиғатына сәйкес, халық әндеріндегі домбыра партиясының ролі тәрізді жеңіл, бірыңғай қара қағыспен орындалады.
«Кіші Айдай» әні. Заманның саясатына қарай Ғ.Құрманғалиевтің осы әнді жаңа мәтінмен орындаған варианты бар.
1.Адамның қандай қызық жастық шағы,
Арманы өнер-білім ойлағаны.
Қарыштап алға қарай ұмтылуда,
Сәулеті шақырғандай болашағы.
2.Жас ұрпақ жарастықтың өмір сыры,
Жайқалып жапырағы өскен дәні.
Па шіркін, ойды билеп, бойды алады,
Шарықтап жұрт алдында салсам әнді.
Сол кезеңдегі ән мәтінінің өзгеріске ұшыратылуы жөнінде академик С.Қасқабасов: «Дүниенің бәріне кедей таптың көзімен қарау, адамдардың өмірін, олардың сезімін, ара-қатынасын «пролекульт» көзқарасымен бағалау біраз ән мен күйді, эпостық жырымызды, дастанымызды «халыққа жат» деп есептен шығарып тастауға әкеп соқты. «Ұмыттыру» мүмкін болмаған әндердің сөзін түгелдей, немесе ішінара өзгертуге мәжбүр еткен уақыт 1930-50 жылдар арасы», - дейді [10, 130].
Мұхит әні осы мәтінмен «Жастық шақ» аталып шырқалған кезең өтіп кетті. Әннің өз сөзінің бұлай өзгертілуі оның мазмұны мен эмоциялық күшін әлсіретеді, әннің құдіретін азайтады. «Кіші Айдайдағы» Мен кепіл өткен жастық келмесіне деген жолдардан жастық шағы өтіп кеткен адамның, артта қалған дәуренді еске алу сезімі, яғни, орта жастағы адам сөзіне келіңкірейді. Ал «Үлкен айдай» автордың қолтаңбасы анық көрінетін Мұхитың салады енді Айдайына деген жолдан (авторлық көрінеді) айдай Мұхиттың өз туындысы деп таныстыра басталады. «Үлкен Айдай» композитор шығармашылығындағы диапазоны ең кең ән (дуодецима). Композициялық құрылысы да күрделі. Бұл әншінің өмірдің жақсылығы мен шуағын өнеге етіп айтқан өсиеті сияқты. Мұнда ешқандай махаббаттың, жастық дәуреннің суреттелуі жоқ:
Дүние қызыл түлкі бұлаңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Меңзеген асқар таудай есіл көңілім
Дүниеде еш нәрсеге тына алмаған, -
мәтініне қарай философиялық шығармаға топтауға болады.
Осылайша ән мазмұнына сәйкес талдау мен жүйелеу олардың шығармашылық жолы бойында әр кезеңге жататын шығармалар екендігін ашады.
Қорыта айтар болсақ, біріншіден, орындаушылық проблемасына қатысты - Батыс аймағының ауызша кәсіби әншілік дәстүрі ортақ сипатқа ие. Оның негізін салған Мұхит сал, ал, маңғыстаулық қайқылар дәстүрі бірыңғай ортақ сипатқа ие бола отырып қалыптасқан өзіндік қолтаңбасы бар өңірлік өнер. Және де ауызша кәсіби дәстүр бар жерде әуесқойлық деп бөлінетін шартты категория міндетті түрде өмір сүретіндіктен оларды екі стиль ретінде қарастыруға болмайды; екіншіден, ән табиғатына байланысты - Мұхит әндері опера жанрында қайғылы, мұңды, зарлы кейіпкер бейнесін ашуға қолданылған. «Қыз Жібектегі» вокалдық партияларда қоштасу (екі мағынада: Төлеген ІІ-пердедегі анасы, бауырларымен; Жібек IV-пердедегі өмірмен қоштасуы), зар (Жібек IV-пердедегі Төлегенді жоқтауы), «Жалбырдағы» вокалдық партияда мұңды (Хадиша I-пердедегі тағдырына налуы) көрсетеді; үшіншіден, қолданыс аясына қатысты - бүгінгі музыкалық әдебиетте Мұхит әндерін өз атымен, атап айтқанда, Жібектің IV пердедегі вокалдық партиясындағы «Зарды» - «Қара қаншық»; «Жалбырдағы» Хадишаның партиясындағы «Алуашты» - «Жайма қоңыр» деп атау орынды; төртіншіден, белгілі бір композитор мұрасына қатысты айтылған деректі жан-жақты саралап, орындаушысына мән беріп, ән аңызын зерделеп, әуенін, мәтінін, әннің шығу кезеңін, музыкалық-теориялық талаптарға сәйкес басқа варианттарымен салыстыра отырып белгілі бір тұжырым жасау орынды.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. - Алматы: «Дайк-Пресс», 2001.-440 б.
2. Затаевич А.В. 1000 песен казахского народа (песни и кюи). Изд. 2-е.-М., 1963.-607 с.
3. Ерзакович Б.Г. Қазақ халқының ғашықтық әндері антологиясы. Алматы: «Ғылым», 1994. - 277 б.
4. Ерзакович Б. Мұқит. Әндер. Алматы, 1960. - 34 б. 103
5. Елеманова С. Профессионализм устной традиции в песенной культуре казахов: Рукопись ... канд. иск.: 17.00.02. - Л.: 1984.- 153 с.
6. Адайдың ырғамасы. Маңғыстау әндері, жыр-саздары (Құраст. А. Жаңбыршы). -Алматы: «Нұрлы әлем», 2005. - 176 б.
7. Құрманғалиева М. Мұхит. - Астана: «Фолиант», 2003. - 148 б.
8. Әміржанұлы А. Бала Ораздың «Жылқышы» әні немесе Асалы мен Көкетай хикаясы хақында // «Атырау» газеті, 2001.
9. Есенұлы А., Елеусізқызы Г. Күй - қастерлі әуез. - Алматы: «Өлке», 1998.-216 6.
10. Қасқабасов С. Қазақ әндерінің мәтіні туралы // І-ІІ Қошқар-ата конференциясы «Мәдени мұра: халықтық тарих айту, сақтау дәстүрі және жаңғырту жолдары». «Мәдени мұра: Қазақ әндерінің текстологиясы». - Алматы: «ҚАЗақпарат», 2006.-Б. 126-134.
Жалғасы бар