Арасында ұйытқи соғып кететін желден үй алдындағы теректер шуылдасып, торғай шықылықтағандай болды д...
Заман Төлеуов. «ҚАРАҚУЫС» (роман)
АЛҒЫСӨЗ
Сағаттың шықылдаған тіліне, күнге, айға байланған уақыт ауаны бір қалпынан өзгермейді дейді ғылым. Алайда адамдардың сезінуінде заманына қарай уақыттың қарқыны әралуан болатын сияқты. Жас кезімде «уһ, бүгін күн батпай қойды-ау» дегенді еститінмін. Әрине, шаршаған адамның сөзі ғой. Ал қазір адамдар таңның қалай атып, қалай батқанына көңіл бөлмек түгіл, көп жағдайда күннің қалай айналып кеткенін білмей де қалады. Бұрын уақыт – сынап десе, қазір атқан оқтан да жылдам зымырайтындай. Мәселен, ел тәуелсіздігінің отыз жылы тап осылай қас-қағым сәтте өте шыққанын көріп отырмыз. Өйтеміз, бүйтеміз, озамыз, әлем өркениетінің алдына шығамыз деген ұрандар көп айтылды.Нәтиже басқа. Рас, жаңадан үйлер салынды, тас және теміржолдар тартылды. Бірақ Бельгиямен қоса алты Франция сиып кетеді дейтін ұланбайтақ жерге ие бола отырып, ет, сүт, басқа да тамақтың түрлерін сыртқа сатпақ түгіл, өзімізге жетерліктей етіп те өндіре алмайды екенбіз, сырттан сатып алады екенбіз. Елде үйсіз-күйсіздер, жетім-жесірлер, күн көрісі төмендер өте көп. Мұның себебін түсіндіретін қоғамдық институттар, жеке ғалым білгіштер жетерлік. Айтып та жатыр...
Ал, әдебиеттің бұл мәселеге қандай қатысы бар? Әдебиеттің шаруасы – адам тағдыры арқылы қоғам келбетін көрсету. Осы тұрғыдан қазақ әдебиеті өткен жылдардың алуан қайшылықты тарихын көркемдей алды ма деген сұраққа, «жоқ» деген жауап алып, ауызды қу шөппен сүртуге үйреніп кеткендейміз. Сол қасаң көңілмен барды бағаламақ түгіл, тіпті соны көрмей де қалады екенбіз. Мен әлеуметтік желіден Заман Төлеуовтің «Қызылауыздың қарғысы» деген хикаятын алғаш оқығанымда басыма осындай ой келді.
Көркем прозаның алғашқы сөйлемінен-ақ шығарманың ішкі күш-қуат лебін сезуге болады деген ұғым бар ғой. Мұны біреу қабылдайды, біреу қабылдамайды, әрине. Мысалы, мен осы хикаятты қолға алып бастап жібергенімде: «Соңғы оншақты жыл, адасқан мал мен жортқан аң ғана жорғалайтын – Жамантас асуы бөктерінде қыбырлаған қос ноқат пайда болды», деген алғашқы сөйлемі бірден ойымды оятып, бойымды дір еткізді. Бұрын ақар-шақар қалың қазақ емін-еркін жайлаған жұрт, қазір елі ауып, құлазып қалған. Бірден ұғасың. Көңіліңе әлдебір жетім сезім кимелеп, жүрегің су ете қалады. Енді мұнда нендей тіршілік, адамдар бар болса, қалай күн көріп жатыр екен деп еріксіз ойланасың...
Оқығаныңның бәрінен әсерлене бермейсің ғой. Мен осы әңгімеден кейін Заман Төлеуов жарияланымдарын қалт жібермейтін болдым. Қазақ әдебиетіне қарым-қалам сілтесі бөлек, жаңа талант иесі келіп қосылған-ау деген ой түйдім. Өмірбаянын тауып қарасам, жас емес, жетпісті иектепті. Әдебиетпен жас шағында біраз әуестенген. Сосын ұзақ уақыт қол үзіп кетіпті. Араға жылдар салып, іштей түлеп барып, әдебиетке қайта оралған. Бәсе, деймін, не жазбасын алған тақырыбын терең білетіні, қоғамның қыр-сырын, адам мінезінің нәзік қатпарларын тамыршыдай тап басатыны өмір тәжірибесінің молдығынан екен ғой. Сол мол тәжірибе, яғни санада, көкіректе жиналған алтын қор Заманды прозаның үлкен де жауапты жанрына алып келді. Ол оқырмандарына «Қарақуыс» деген романын ұсынып отыр. Мен бұл шығарманы да алғашқылардың бірі болып оқыған болармын. Қатты сүйсіндім.
«Қарақуыс» романы, менің пайымымда, жақсы әдебиеттанушы ғалым қолға алып, арнайы зерттеп, талдауды қажет ететін салмақты да сүйекті дүние. Қазақ әдебиетінде бұрын бола қоймаған қалыпта жазылған. Басты кейіпкер алпыстан жаңа асып, зейнетке шыққан адам болса, шығармада одан да ұзақ уақыт қамтылған. Атын атап, түсін түстемесе де кешегі социализм, бүгінгі тәуелсіздік кезең толыққанды көрініс тапқан. Дін адамның бір иығында періште, бір иығында шайтан отырады дейді. Философияда оны адам болмысының екіге жарылуы (раздвоение личности) дейді. Антикалық екіжүзді Янус та осы түсініктен шыққан. Автор туғаннан ойтолғақтағы Ғаламның бүкіл өмірін екіге жарылып жүретін кейіпте суреттейді. Оның жастық шағы, егде кезі, қартаң тартқан уақыты – түк мәні жоқ босқа өткен өмірдей. Махаббатсыз үйленген, жар төсегінен ерте суыған. Қатынынан сырғақсып тау шатқалындағы "Қарақуыс" деген жерге барып жалғыз тұрады. Шәкәрімнің Саятқораға кеткені сияқты. Кейіпкер қанша ойланып, толғанғанда байқайтынымыз, бас сұғып тұрған жері ғана емес, туғаннан қартаң тартқанға дейінгі өмір сүрген ортасы ҚАРАҚУЫС болғандай. Осы қараңғылық ішінен жылт еткен сәуле интернет арқылы танысқан Қырмызы деген қыз. Екеуі мессенджер арқылы өмірдің мәні, махаббат жайында ауық-ауық сөйлеседі. Қырмызы да реалды өмірдің құрбаны, зорлық көрген. Ғалам Қырмызыға әдейі барып жолығады. Қарым-қатынасын үзбейді. Тіпті, оның шығармашылық тапсырмасын да орындайды. Қырмызы менің өмірге құштарлығымды оятты, бұғынып жатқан талантыма бас көтертті деген қорытындыға келеді. Қырмызыға деген махаббатым мені бұған дейінгі мәнсіз ҚАРАҚУЫСТАН алып шығады,мен онымен бас қосуға дайынмын дегендей ой түйеді. Ғалам қияли сияқты болғанмен керемет еңбекқор. Қандай жағдайда болмасын отбасы алдындағы жауапкершілігін бір сәтке де ұмытпайды. Өйткені, оның жастай алған жары Қатша Ғаламның махаббатын саумайды, еркектік, әкелік еңбегін сауады. Ғаламды үй шаруасына жегуге келгенде шебер-ақ. Осы тұрғыдан оқушы да, зерттеуші де Қатша бейнесіне немқұрайды қарай аламас деп ойлаймын. Өйткені Қарақуыс ішіндегі күйкі өмірдің отын сөндірмей, талай шаңырақты күйреп жоғалып кетуден аман сақтап қалған осы Қатшадай көнбісті қазақ әйелдері ғой.
Адамға тән тіршілік те, махаббат та еркіндікті аңсайды. Еркіндік болмаса, жеріңнің кеңдігінен де, асты-үсті тұнған байлығынан да адамға түк пайда жоқ. Шерхан Мұртаза айтқандай, «алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырасың». Бұл – роман желісінің басты өзегі, яғни қазақ та жалпы адамзат баласына ортақ әлемдік өркениет жолына шықса екен дейтін ұлы арман.
Жазушы тілі қарапайым, нақ, әр сөз орнында. Әсіресе, таулы өлкені, бұрынғы советтік тұрмысты қолмен қойғандай шебер суреттейді. Диалогқа ұста. Жалпы, сөзім басында айтқанымдай, қазақ әдебиеті үшін қалыбы бөлек жаңа роман деп қабылдадым. Оқырманы көп, ғұмырлы болғай.
Өтен Ахмет,
Мәдениет саласының үздігі.
I ТАРАУ
Ғалам, биыл ғана үкіметтің жұмысынан қол үзген, алпыстан енді асқан егделеу адам. Кезінде тәп-тәуір спортшы атанған, қимылы әлі де ширақ. Әрине, жаны қиналып ─ қаламсаптан ауыр ешнәрсе көтеріп көрмесе, өзінен- өзі кісі тоза қоймас... Ол, өз жасынан әлдеқайда жастау көрінеді. Осындайда: «Әлі жігіт сияқты боп жүргені менің арқам! Осы еңбегімді ақтаса жарар, бұл!..» деп қырық жыл отасып келе жатқан қара кемпірі – Қатшаның, оңды-солды есіп отыратыны бар.
Азын-аулақ ұсақ малын ауыл сыртындағы жекеменшік бағатын малшыға қосып, жаяулап қайтып келе жатқан Ғалам – мойнынан бір жүк түскендей «үһ» деді. Алты ай қыс жіпсіз байланып, мал қарау да оңай шаруа емес. Бір бас па, он бас па бәрібір, тәулік бойы соның жем-шөбін, суын беріп, жатсаң да соның амандығын тілеп, алаң көңілде жүргенің.
Ертеңгілік салқын болған соң, қалың күртке киген еді. Жотадан қыздырған күн, пырш-пырш терлетті. Онысын шешіп, қолтығына қысты. Ауылына тез жету үшін, алшиып жатқан қасқа белге төте салған-ды. Жота үстіне шыққанша жол-жөнекей неше қабат ентігін басып, кідіруге тура келді. «Ойбу, өкпе мен жүректі май басайын деген екен-ау!» деп, мына күйіне налыды. Елуге келгенше волейбол ойнап, ұжымы атынан команда шығарып, талай жарысқа қатысқан кездерін есіне алды. Спорттан қалай қол үзіп қалғанына өзі де таң. Әйтеуір, бір себеп болды. Адам ұлғайған сайын бірдеңені қосқанның орнына ─ барынан айырла беретін сияқты ма? Бұрын доп ойнамаса, өмірі тоқтап қалғандай құлазушы еді. Енді, уайымдамақ түгілі, мүлдем ұмытып барады. Тіпті, сонысы қазір – алтын уақыт зая кеткен, сау адамға жараспайтын дараң тәрізді...
Жабағы жүні түскен дала сағат сайын түлей бастапты. Жас өскіндердің қаламсап ұштығы бой көрсетіп, жер аяғы құрттаған кез. Жапырағы бозала болып жайылған, жантақтау гүл ботатабанның шоғы әр-әр тұстан мен мұндалайды. Ғалам бастапқыда бір уысын жұлып, үйіндегі кемпіріне апармақ болып ниеттенді де, енді ғана көкке ұмсынып, өмірге талпынған табиғатты үзуге қолы батпады. Ол кемпіріне осы күнге дейін бірде бір рет гүл ұсынбапты. Қазақтың салтында жоқ, жат қасиет бұған да жұқпады білем. Бір жолы танымал тұлғаға қойылған ескерткіш түбіндегі бір себет әдемі гүлді: бекер қурап қалмасын, сосын қара кемпірін гүл силап бір қуантайын деген оймен үйіне апарған-ды. «Зираттың басынан алған гүліңмен құры!» деп Қатша аттанға басып, гүл-пүлімен айдап шыққан-ды.
Тегі, көктем айларында күн көзінен ұшқындаған сәуленің сан тарам бояуы асқына жарқырап, ауадағы ақ пен қараны суалтып, жер бетіне алуан түрлі ніл төгетіндей. Осы бір аласапыран шақта адам санасы да шәмкестеніп, делебесі бостары ушығып, салқынға ұшырайтын тәрізді. Осындайды аңдығандай: батыстан керуен-керуен болып, келіп жатқан жыл құстарының қанатына жабысып, ақ жүрек періштелер мен қанқұйлы жын-перілер де жайнаңдап жететіндей...
Жотаға шыққан соң, сонау, көз ұялтқан көгілдір көктегі қиқулап, қалқыған тырналарды Ғалам күн салып тамашалады. Сосын бойына сергектік дарытқан әдемі самалдың өтіне кеудесін тосып, төңірекке сүйсіне қарады. Арқасын алып Алатаудың өркештеген сілеміне сүйеп, ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласына көсілте көз жіберді. Осы тамашаны жантайып жатып қызықтағысы келді де күрткесін жайып, шынтақтады. Ол, шетсіз-шексіз сайынның жиегіне жетпек пиғылмен ылди-төмен ойша жүгіре жөнелді. Жылқының көтенішегі сықылды қолқылдап бара жатқан керзі етігінің даусын естіді. Қоңылтаяқ емес сияқты еді ғой? Ерінбей шешіп қарады. Қазіргі жұрт бұрынғыдай шұлғау орамайды. Ұлтарағын қалыңдап, бір-екі нәскейді қабаттап кие салады. Ғалам өзінің шындап жүгірмесе де, етігінің қолқылын естігеніне қатты таң қалды.
Ғаламның ойындағы өзі ылдиға қарай құстай ұшып, қарасы енді-енді болмаса – бір белестің астына сіңіп кетуге шақ қалған-ды. Кенет, оның қарсы алдынан үш адамның нобайы іркілдеген сағым ішінен үзіліп шықты. Жиырманың ішіндегі жас жігіт, қырықтан асқан жігіт ағасы мен алпысты еңсерген қырма сақал үлкен кісі екен. Екпінін әрең тежеген Ғалам олармен бетпе-бет тіресе тоқтады. Бөтен кісілерге өз еркінен тыс бір күш сәлем бергізді. Артындағы Ғаламға тете адам бұның сәлемін алған рай танытып, басын изеді. Ешқайсысы елес Ғаламның созған қолын ұстамады.
- Қайда құстай ұшып барасың? – деп сұрады бейтаныс егде адам.
- Айтсам сенбессіз, көкжиекке жетуге...
- Бос әуре, көкжиек деген жоқ, құр көз алдау ғана... Жүр төбеге шығайық. Сені іздеп келеміз. Әңгіме бар, – деп егде кісі өзі жол бастады. Бұлар қаздың балапаны тәрізді іркес-тіркес ілесіп, жоғары өрледі.
Жота үстіндегі Ғалам тұла-бойы маужырап, жаңағы шаршаған денесі әлдебір тәтті, бейқам тыныштыққа бөленіп, көзі ілініп кеткен-ді.
- Өй, мына батыр ұйқыны сойып жатыр ғой! – деп егде кісі кеңкілдей күлді. Елес Ғалам өзін оятпақ болып ұмсынып еді, анау: – Қой, мазасын алмайық, шаршаған шығар. Сен де жарайсың, – деді егде кісі.
- Сіздерді бір жерден көрген секілдімін... Қай ауылдансыздар? – деп Елес Ғалам үшеуге шырамытқан түрмен сығырая көз тастады.
- Көрдің ғой, әрине... Бір емес, мың қабат, – деп жастауы сөзге араласты.
Елес Ғалам оның мынадай дөрекі сөзін ұнатпады. Қабағын шытып: – Әкеңдей адамға қалай-қалай сөйлейсің? – деп дауыс көтерді.
- Жә, ананы оятып алсақ қып-қызыл сойқан сонда болады! Ақырын! – деп қырықтағысы мәмлеге шақырды. Елес Ғаламның басына ыстық қаны шапшып, ашуы алқымын мытып, әлгі боқмұрынмен алыса кетуге шақ тұр. Ол өзінің бойында бір жігіттік қауқар барын іштей сезеді. Жастайынан қалыптасқан жылпыңдық пен сілтеген жеріне дөп тигізетін дәлдігінен әлі күнге дейін жаңыла қоймаған сияқты көрінетін.
- Іздеп жүрміз дейтіндей, менде қай әкелеріңнің құны бар? Ана жындыны оятсам, үшеуіңді бұт-бұт, қол-қол қып үш жаққа шашып тастаймыз!
- Жарайды, сабыр ет... Баламен бала болмасаңшы, – деп егде кісі ерегесті ары қарай өршітпеді. – Табан тозыдырып, әрең тапқанда төбелесуіміз қалған еді! Сендегі бар ақ сайтан бізде де бар.
- Айтыңдаршы, менде не шаруаларың бар? Ала алмай жүрген қандай көз ақыларың бар? Тоқсаныншы жылдарғы рекеттен аумайды екенсіңдер! Ол заман құрдымға кеткен!
- Ол рекет құрдымға кетсе кеткен шығар. Ал, жасаған қиянатыңа жауап беруге әруақытта міндеттіің! Алар ақымыз бар... Біреу емес бірнешеу. Сол үшін, осы үшеуміз сені іздеп келдік. Жыныңды тежеп, біздің уәжімізге құлақ сал.
- Ондай болса, ананы да оятайық, естісін. Мүмкін оның да айтар уәжі бар шығар? Жалғыз мені айналдырғандарың қызық екен?
- Кейін өзің айта жатарсың оған... қысқасы былай, сөз мына жас жігітке беріледі.
Жас жігіт алдыға бір адым аттап, арызын айтататын адамның қарсы алдына қасқая тұрды. Сосын үстіндегі спорттық күртешесін шешіп, қасындағы серігінің біріне ұстатты. Ары қарай нейлон жейденің түймелерін ағыта бастады. Елес Ғалам оған көзі бақырая тіл-ауыздан айырылған адамша сілейе қарап қалыпты. Жас жігіт төсін жалаңаштап ашты да:
- Міне, қара. Бұл сенің қылған қылапатың! – деді. Емшек астынан екі елідей төменірек жерде қабырға арасы ырсиып тұр екен. Осы әзірде ғана пышақ салынған тәрізді, сорғалаған қанның жолағы кеуіп үлгермепті. Ғаламның бақырайған көзі енді мүлдеи шарасынан шықты. Мынадай жарақатпен жүру мүмкін емес! Бұл көріністі ол бір жерден көрген секілденді. Иә. Ол жиырма бес жасында өзіне-өзі пышақ салып, әйтеуір, бұның көрер жарығы таусылмай, пышақ ұшы жүректен сәл ғана мүлт кетіп, аман қалған-ды. Жас жігіттің үстіндегі спорттық киім мен сол кездегі сәнге айналған жасыл түсті нейлон жейде де көзіне оттай басылды. Ғалам мына жігіттен өзін анық таныды. Тек, түсінбегені, бұның жарасынан әлі күнге қан сорғалап жүргені. Ол өзінің жүрек тұсын еріксіз сипады. Шым еткен жіңішке шаншу ту сыртына қарай осып өтті.
- Мен саған пышақ салған жоқпын! – деді Ғалам. Әр сөзін ауырсына айтып, көзіне жас ірке, жас жігітке жаны аши қарады. Анау да толқып тұр екен.
- Білем.
- Білсең неге мені кінәлайсың?
- Егер сен өзіңе пышақ салмағанда мен де аман жүрер едім.
- Жараң ғана жазылмапты, өйтпесе, тірі екенің көрініп тұр ғой...
Осы арада егде кісі сөзге араласты. Ол жас жігітті иығынан қағып, бір шетке ығыстырды да өзі алдыға шықты.
- Біз, бұл дүниенің адамдары емеспіз. Сен де біз сияқты елессің. Ана ұйықтап жатқан Ғаламның ойынан жаралған елессің. Бір айырмашылық бар. Біз іргелес дүниедегі Ғаламның сыңарымыз. Білетін шығарсың, егіздердің кіндігі ғана емес, тағдыры да бір болатынын. Мына жатқан Ғалам жиырма бес жасында өзіне пышақ салды. Бірақ, Жаратушының рахымымен ол тірі қалды да оның орнына мына бейбақ мәңгі өлікке айналды. Осылай қаны сорғалап, Қиямет күні жеткенше жүре бермек. Бұл аз болғандай мынаған қара. Қырықтан жаңа асқан қылшылдаған азамат еді! Мойнын қылқындырған жіптің білеуінен мәңгі-бақи тұншығып келеді.
- Бұған да мен кінәлімін ба? – деп елес Ғалам баж етті
- Әрине, сен емессің. Мына алаңсыз, сілекейі шұбырып тәтті ұйқыда жатқан малғұн кінәлі!
- Ондай болса, оятып алып жабыла текпілейік!
- Одан пайда жоқ.
- Ал сізге не жазды ол?
- Бұл, Жаратушының сиын дұрыс пайдалана алмады. Бойындағы қабілетті ұқпады. Соның кесірінен көрші дүниедегі біз зардап шектік. Мынау жігіт талантын шыңдай түскенде бір ғажап ақын яки жазушы болар ма еді? Ал, мынаның түрі мынау. Мәңгі-бақи тұншығумен келеді. Мен, сайда саны, құмда ізі жоқ біреумін. Мәңгілік адасуға душар қылды. Қарашы, тырайып жатқанын, бірнәрсені тындырып тастаған кісі секілденіп!..
- Мынадай айыптауға келісе алмаймын. Жарайды мен де елес болайын, бірақ, сіздердің де ерік-жігеріңізді мынау неге тежеді? Өз беттеріңізше харакет неге жасамадыңыздар?
- Жаңа айттым ғой, біздің тағдырымыз байланып қалған. «Өзін аямаған, өзгені де аямайды» деген тұжырым осыдан туған. Ол өзіне жасаған қиянаттан өзгенің де зардап шегетінін ескермеді. Жаратушы күллі тіршілікке өмір сүр деп шексіз мүмкіндік берді. Рас, өлім-жітім болуы тиіс. Бірақ, өзіне қол жұмсау деген осы дүниеде ғана бар. Сол сұмдық – барша қанаттас ғаламға зобалаңдай әсер етуде. Бұны доғару керек! Мынау, қырық жыл еңбек еттім, енді соның зейнетін көремін деген тәтті үмітте алаңсыз жатыр. Біз бұған тыныштық бермеуіміз керек. Қуат-қайраты мол кезінде жасамаған ісін, түсі ауып, күні еңкейген шақта жасатып, біздің басымыздағы: мәңгі өлім, мәңгі тұншығу мен мәңгі адасудан арылуымыз тиіс. Өйтпесек: толық адам бола алмаған – жын-сайтанға айналады.
- Айтады екенсіз! Өзі де жын-сайтаннан неміз кем? Мен, мынаның қасында қалуға қорқам!
- Сен оның ойынан ұйықтаған сәтте шығып кеткенсің. Қорықпа, ол сені ешқашан ойына алмауы да мүмкін...
- Мен де сендер сияқты тентіреумен жүрем бе?
- Ол жағын білмедім, мүмкін сен оның ойынан шыққан сәтте-ақ өліп қалатын шығарсың?
- Демек, мынау оянса болды, менің өлгенім бе?
- Иә. Тірі қалғың келсе, зымыра бізбен бірге!..
Ғалам бес-он минутқа созылған құс ұйқыдан қалжырап, әрең оянды. Бұны біреулер жабыла тепкілеп тастаған тәрізді – тұла-бойы қорғасындай ауырлап, кірпігін зорға ашты. Мәңгіріп жан-жағына қарады. Дүние сол орнында тұрған секілді. Бірақ, өзінің ішкі жан-дүниесінің терезесі ашық қалып, сырттағы есірген жынды құйын ескертусіз кіріп кетіп, ретімен тұрған заттарын алай-түлей аударып тастағандай сезінді. Ылғалы қалыңға кеткен жердің бусанысы ма, әлде, кеткен қыстың ызғарынан арыла қоймаған төңіректің демі ме, әйтеуір бір ызбарлы суық есіп тұрғанын аңғарды. Ғалам денесіне яки санасына бір салқынның тигеніне еш күмәні қалмады. Бұндай әлем жаңарып, жер құбылатын, ібіліс жүріп жатқан шақта далада ұйықтау жақсы ырым емес екенін ол біледі. Осындайға ұшыраған талай адамдар жайлы – өз көзімен көрмесе де естіген. Олардың көбісі мына жалғанның берекесін тәрк етіп, ұстатпайтын, жоқ сағымды қуалап кеткен-ді. Бұның да ар жағынан сондай: жоқ іздеген, тентіреуге ынтыққан бір сезімнің қылаңы жылтыңдай бастағандай. Бейнебір, бұның қолын қышқаштай қысып, әлдекім жетекке алғандай. Осындай ала-көңіл, делебесі делбесіз елпілдеген күйге тап болған Ғалам, ауылына жетіп, өз қолымен шатырын көтерген үйіне келіп кірді. Кірген бетте көзі қарауытып, әл-дәрменнен айырылып, төсегіне күрс құлады. Үш күн, үш түн сандырақтап жатып, есін әрең жиды. Дәрігерлер, одан қалды ауылдың бақсы-балгерлері де ем-домын жасап бақты. Ел илануға лайықты соңғы үкімді ауыл имамы шығарды: «Үстінен шайтан аттап кеткен».
* * *
«Жастарға орын бер деп қақсаудан кенде емеспіз. Бірақ, зейнет жасына тақағанда, тағы бір-жар жыл жүре тұрайыншы. Оқып жатқан бала, немере бар» деп талай көке жалынған. Сіз де ертең соны айтасыз. Так что, бір соғымды сайлай беріңіз, осы орында қалғыңыз келсе...» деген-ді жоғарыдағы басшысы, әлдеқандай боп ыңыранып. Басшысының сөзі жынына тиді ме, әлде расында жастарға орын бергісі келді ме, әйтеуір, Ғалам құжатындағы туған күні жеткенде арызын жазып, жұмыстан жалт берген-ді. Осы қылығын кешіре алмаған қара кемпірі Қатша екі-күннің бірінде бұның құлақ етін жейтін-ді: «Әне, пенсияға шықса да пәртбелін тастамай, қанша шал жүр. Ақшаның артығы бар ма, тау қопарып жүргендей, түге!».
Сондай күндердің бірінде Ғаламның «иесі ұстап», қырық жыл отасқан қара кемпірі Қатшамен бітіспес дауға қалды. Бұл жасырақ кезінде қип етсе «өлем» деп үйден қашатын-ды. Әу баста, әке-шешесі, кейін қатын алған соң, Қатшасы бұның ажалына ара түсіп, одан кейін балалары көз жастарын көл қылып, әкелерін аман алып қалып жүрді. Ол өзінің неше қабат өлмек болған әрекетін еске түсірді. Жиырма бес жасында жүрегіне пышақ қадады. Қырық бесінде бақтағы алмағашқа асылды. Пышақ көздеген жерінен мүлт кетіп, қансырап ауруханаға түссе, ал жіп байлаған бұтақ салмағын көтере алмай морт сынып, май көтенмен түскенде құйымшағы сынып, алты ай бойы отыра алмай азап шекті. Бұл амалдары іске аспаған соң, «ер кезегі үшке дейін» десе де – ары қарай бақ сынамады. Бұдан: «Қарағым, неге өлгің кеп жүр?» деп те ешкім сұраған емес-ті. Өзі де не үшін өлуге құштар болғанын ұқпады. Әйтеуір, өлгісі келді де тұрды. Содан жас өскен сайын, алдамшы тірліктің уайымы қалыңдаған сайын – ол аңсары да ұмытылды. Енді алар жанын Жаратушы қалаған кезінде, өзі алсын деген байламға келген сынды...
Осы көктем бұған расында өзгеше бір күй жұқтырды. Сол, мал қосып келе жатқанда бір төбешік басына жантайып, ұшы-қиыры жоқ құба белді сайын далаға сүйсіне қарап жатып, көзі ілініп кеткен-ді. Сол құс ұйқы кезінде бұның түсіне үш адам кірді. Жиырма бестегі жігіт пен қырықтан асқан біреу және оның қалқасында алпысты алқымдаған: өзіне ұқсас, бір егде кісінің сұлбасы ербиген-ді. Елес секілді бұлаң етті де ғайып болды...
Сосынғы бір өзіне де күмәнді көрінетін жайт: ту сыртынан қаперсізде келе қалатын ой түйткілдің пайда болуы. Бұны біреу түрткілеп, мазасын әдейі алатындай. Келе-келе Ғалам өзінің жалғыз еместігін іштей түйсінді. Егер, сол іштегі, әлде, сырттағы серігімен қол ұстаспаса, жан тыныштығын таппасын аңғарды...
- Сенің ақыл-есіңнің ауыса бастағаныңды талайдан байқап жүрмін. Бірақ
тура осылай лағар деп ойламаппын. «Бүйтіп өмір сүре алмаймын!» деген не сөз? Кім жетіскеннен өмір сүріп жүр дейсің? Жаратқан Алла, маңдайыңа не жазса – соны көресің. «Көресіңді көрмей, көрге түспейсің» деген!..
- Мен оған келісе алмаймын! Жол жиегінде отырып, көресімді тосқаннан әбден жалықтым. Кетем. Іздеймін...
- Кетпек түгілі – неше «өлген» қарағымсың ғой. Бара бер, жолың әне. Бағыңды тапсаң, қуанышыңа ортақпын! Соноу жас кезіңнен бұл дүниенің адамы еместігіңді сезгем. Балаларым аман болсын. Тек, әкелері жынданып, үйден безіп кетті деген атақ – беттеріне салық болатын болды!
- Олар жас бала емес, түсінеді.
- Нені түсінуі тиіс? Олар түгілі мен түсіне алмай отырмын. Қысқасы зейнетақыңды мен алатын қып, қолхат таста да баратын жағыңа бар бер. Қолыңда ақша бар болса – малай табылады. Сенің артыңды салмақтап-ақ болдым-ау, осы!..
Қатшамен екеуара болған соңғы әңгіменің сиқы осындай. Сырттай қарасаң, асарын асап, жасарын жасап болған екі егде адамның мынадай тәжікесі сау кісінің көңіліне қона да қоймас. Қатша, бұрын да жетіскені шамалы, енді биылғы жыл құсымен қоса елірген шалының ерекше мінезінен қажыса, Ғалам қарт та өз болмысынан өзі қажыған сыңайлы...
Жалғасын мына жерден оқыңыз
Заман Төлеуов