Томас Эдисон: «Менің анам – менің Жаратушым …»

ТАНЫМ
4676

"Мәдениет порталы" Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының жақында тұсауы кесілген «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» кітабынан жарияланымдар топтамасын  ұсынады. Кітап аналарға арналған... және адамзат тарихында әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті данышпандарды тәрбиелеген аналардың ерекше өмірлік тарихына негізделген. Бұған дейін Мұхаммед Әлидің анасы: «Құдай мені бұл баланың анасы болу үшін таңдады», Дмитрий Менделеевтің анасы: «Батамды бердім, Митенка...», деген жазбаларды ұсынған болатынбыз.


ТОМАС ЭДИСОН  американдық өнертапқыш және кәсіпкер, АҚШ-та 1093, әлемнің өзге елдерінде 3 мыңға жуық патенттің иегері

 Анасы  НЭНСИ ЭЛИОТ

Бүгін, 11 ақпанда, әлемдік ғылымға ықпалын тигізген аңыз адам, америкалық өнертапқыш Томас Эдисонның туғанына 174 жыл толады.

Томас ЭдисонныңТомас Эдисонның балалық шағы

«Менің анам – менің жаратушым, ол мені жетелеп, кез-келген қызығушылығымды қолдап, менің мүмкіндіктерімді ашуға көмектесті», – дейді Томас Эдисон анасы туралы естеліктерінде. 

Томас Эдисонның анасыТомас Эдисонның анасы Бір күні мектептен оралған кішкентай Томас анасына мұғалімінен хат әкеліп береді. Анасы хатты ашып оқығанда, көз жасына булығып, сөйлеуге шамасы келмей қалады. Анасының күйзелген түрін көрген баласы, не болғанын түсінбей, анамды ренжітіп қойдым ба, оның жүрегін жаралап алдым ба, –  деп оның жүзіне үрейлене қарайды.

Күнделікті өмірде сезімін сыртқа шығара бермейтін, ұстамды Нэнси, осы жолы тіпті басын көтеріп, ұлының жанарына қарауға қорқатындай... Ол баласы ұсынған хатпен жүзін жауып, ой үстінде ұзақ отырады. Сол уақытта оның нені ойлап, қандай сезімде болғаны құпия күйі қалды...

Расында да Томас Эдисон жауабын таба алмаған жалғыз сұрақ сол еді. Кішкентай Томас үн қатпастан, анасын құшақтап алды. Ол тіпті анасының неге көз жасына ерік бергенін сұрамады да. Жаратылысынан сезімтал бала, оны сұрап қажеті не? – деп ойлады ішінен. Онсыз да бәрі түсінікті емес пе? Анасы қиналғаннан жылап отыр. Баласының қандай да бір қателігі үшін болса керек...

Көптеген балалар ата-анасының қиналу себебін өздерінен көріп жатады. Тіпті есейген соң да, бала күнгі қылықтары үшін өздерін кінәлайды. Эдисон да анасының жылағаны үшін өзін кінәлі сезінді. Соны байқаған анасы өзін қолға алып, ұлының бетіне күлімсірей қарады. Сол сәтте Эдисонға анасының нұрлы жүзінен күллі әлем жарқырап кеткендей боп сезілді.

Нэнси хатты дауыстап оқи бастады. Бойын мақтаныш сезімі кернеген анасының дауысы Томасқа сенімді әрі қуанышты болып естілді. Мұндайды күтпеген кішкентай бүлдіршін сәл іркіліп, анасына таңдана қарады. 

«СІЗДІҢ ҰЛЫҢЫЗ – ӨТЕ ТАЛАНТТЫ. БҰЛ МЕКТЕП ОҒАН ҚАЖЕТТІ БІЛІМДІ БЕРЕ АЛМАЙДЫ, МҰНДА ОНДАЙ ДАРЫНДЫ ОҚЫТА АЛАТЫН МҰҒАЛІМ ДЕ ЖОҚ. ОНЫ ҮЙДЕН ОҚЫТҚАНЫҢЫЗ ЖӨН», – деп хатты мәнерлеп, бар ықыласымен мақтана оқып, хатты бүктеп, қалтасына салды да, ұлын мейірлене құшағына қысты. 

Анасының дәл осы әрекеті – тек махаббатқа толы ана жүрегінің жылуы ғана емес, анасының бала болашағына қосқан үлесі еді. Анасы сөзбен айта алмағанын жүрегімен жеткізді. «Қандай жағдай болса да, мен сенің қасыңнан табыламын. Мен сені шексіз сүйемін. Өйткені мен – сенің анаңмын. Сенің қорғаушың болып мәңгілікке қала берем. Ештеңеден қорықпа, бәрі де жақсы болады». Әрине, бұл сөздерді ол дауыстап айта алмады, хатта көрсетілген ауыр дертке қарамай, заманының озық тұлғасы бола білген бала Эдсонды кеудесіне қатты қысып, басынан сипады. 

Томас Эдисон – американдық өнертапқыш әрі кәсіпкер. Ол – АҚШ-та 1093, әлемнің өзге елдерінде 3 мыңға жуық патенттің иегері, фонографты ойлап табушы. Сонымен қатар өнертапқыш – телеграф, телефон, киноаппаратураны жетілдіріп, электрлік қыздыру шамының алғашқы коммерциялық нұсқаларының бірін жасаушы. Телефонмен сөйлесудегі «алло» сөзін алғаш ұсынған да осы Томас Эдисон болатын. 

1928 жылы өнертапқыш АҚШ-тың ең жоғарғы «Конгресстің Алтын медалімен» марапатталды. Томас Эдисон – АҚШ Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, КСРО Ғылым Академиясының шетелдік құрметті мүшесі.

 

«СІЗДІҢ КІМ ЕКЕНІҢІЗ, СІЗДІҢ НЕ ІСТЕГЕНІҢІЗДЕН КӨРІНЕДІ». 

ТОМАС ЭДИСОН


Сонымен, осындай біртуар тұлғаны тәрбиелеген әйел кім болды екен? 

Нэнси Элиот Нью-Йорк штатында дін қызметкерінің отбасында дүниеге келген. Оның әкесі еркіндік үшін күрескен батыр адам. Нэнси өте діндар адам еді. Баласын өзі оқытты. Оның білімі мен тәрбиесіне қосқан Анасының ерен еңбегі Томас өскеннен кейін ақталады. Ол бүкіл әлемді өзгерткен құрылғыларды ойлап тапқан талапты өнертапқыш, керемет кәсіпкер болады. Нэнси дарынды ұлын жызып-сызуға өзі үйретіп, Порт-Гурон қаласына көшкеннен кейін оны мектепке береді. Алайда, бұл мектепте Томас ұзақ оқи алмады. Мектеп педагогтары оның ұлы өзге балалармен бірге оқуға қабілеті жетпейтінін айтады. Ұстаздар Томасты өз қатарластарына ілесе алмайды, сондықтан оған мектеп бағдарламасын меңгерту мүмкін емес деп, – оны оқытудан түбегейлі бас тартады. 

Баласының өзіндік ерекшеліктерін ескерген анасы, оның энергиясын дұрыс бағытқа бағыттай алды. 

Нэнси Элиот ұлына тарих пен әдебиетке қатысты шығармаларды оқытып, оның кітапқа деген құмарлығын арттырды. Мектеп оқытудан бас тартқан ұлына өзі талантты педагог ретінде, білім-ғылымға қызықтыра білді. Эдисон өте жан-жақты бала еді, кітапты үнемі қызыға оқитын. Нэнси ұлына тек өзіне қызықты пәндерді ғана оқытатын, оның көңілі қаламайтын көркем жазу, арифметика сынды пәндерді оқытуға көп уақытын бөлмейтін. Тоғыз жасында Эдисон әлем тарихы бойынша кітаптарды, Уильям Шекспир мен Чарльз Диккенстың шығармаларын өз бетімен оқитын. Ол оқыған алғашқы ғылыми кітап Ричард Грин Паркердің «Табиғи және эксперименттік философиясы» болды, бұл кітап оның өнертапқыштыққа және эксперименттеуге қызығушылығын оятты. 

«МЕН САТЫЛУҒА ЖАРАМСЫЗ БІРДЕ-БІР НӘРСЕНІ ӨНДІРГІМ КЕЛМЕЙДІ. ӨЙТКЕНІ САТУҒА ЖАРАМДЫ НӘРСЕ – ОНЫҢ АДАМҒА ҚАЖЕТТІЛІГІНІҢ ДӘЛЕЛІ, АЛ ҚАЖЕТТІЛІК ДЕГЕН – ЖЕТІСТІК».

ТОМАС ЭДИСОН


«Менің анам мені қалыптастырды. Ол менің бошағыма сенетін, жетістікке жететінімді білетін. Мен сол кезде анамды жерге қаратпау үшін ғана өмір сүруге дайын болатынмын», – деп есіне алады Эдисонның өзі.

Бала кезінен егіс алқаптарында жұмыс істеген Томас, еңбектің қадірін ерте жастан түсінді. Ол ата-анасының отбасылық фермасында жүгері, пияз, шалғам, ботташық пен қызылша өсіруге көмектесетін. Өнім піскен кезде, көрші балалармен бірге атты жегіп, оған көкөністерін тиеп, жақын жатқан орманды алқап тұрғындарының үйіне барып, әр есікті қағып, өз өнімін сатуды үйренген. 

«ДАНЫШПАНДЫҚ ДЕГЕН БІР ПАЙЫЗ ДАРЫН МЕН ТОҚСАН ТОҒЫЗ ПАЙЫЗ ЕҢБЕК». 

ТОМАС ЭДИСОН

Томас кішкене бойлы, өте арық бала болатын. Соған қарамастан, бала кезінен анасына жемістер мен көкөністерді сатуға көмектесетін. Бірақ бұлай тапқан тиын-тебені оның химиялық тәжірибелерін жасауға жетпейтінін  түсінген ол 1859 жылы темір жолға газет тасушы болып жұмысқа тұрады. Сол кезден бастап оның кәсіпкерлік қыры таныла бастайды. Кейінірек Эдисон өзінің барлық өнертабысынан қыруар ақша табады. Талантының арқасында ақша тауып қана қоймай, ерінбей еңбектенгеннен аты әлемге жайылады. Эдисонды кітаптар мен химиялық тәжірибелер қатты қызықтырды, ол лабораториясын пойыздың жүк вагонынан ашуға рұқсат алып, сол жерде барлық тәжірибелерін жүзеге асырды. Сол кезде кішкентай Томастың электр құрылғыларына деген қызығушылығы ояна бастайды. 

Томас Эдисон – қарапайым адамдардың өмірін өзгерткен электрлік қыздыру шамының авторы. Сол қарапайым тұрғындардың ішінде футбол аңызы Пеленің отбасы да бар еді. Жуан Рамос ду Насименту – әйгілі футболшы Пеленің әкесі үйге келген жарыққа қуанғаны сонша, ұлының есімін белгілі өнертапқыш Томас Эдисонның құрметіне қояды. Пеленің әке-шешесі оның есіміндегі «и» дыбысын алып тастап, өз ұлдарын «Эдсон» деп атайды, бірақ туу туралы куәлікте қате кетіп, оның есімі көптеген құжаттарда «Эдсон» емес, «Эдисон» деп жазылып кетеді. Айта кетерлігі, футболшы Эдисонның анасы Селеста Арантис та жігерлі, өктем мінезді әйел болады. Ол да өзінің ұлының кәсіби маман болып қалыптасуына өз үлесін қосады. Футболист кедей отбасында туылып, өзіне спорттық аяқ киім сатып алатын жағдайы болмаса да,  шынайы махаббатқа бөленіп өседі. Бұл енді – тағы бір тарихи тұлғаның тағдыр жолының хикаясы. 

Томастың әкесі сауданың адамы болатын: ол кезінде орман, жылжымайтын мүлік объектілері, бидай сатып, ірі саудагер атанған. Саудаға икемділікті Томас әкесінен үйренеді. Ал анасы болса, ұлының жоғары білім алуын қадағалап, оның бойына адамгершілік қасиеттерді дәріптейді. 

Бірнеше жылдардан соң, анасы өмірден өткеннен кейін, әлемге танымал өнертапқыш, Американың өзінде 1093, әлемнің өзге елдерінде 3 мыңға жуық патенттің иегері, фонограф, қыздырушы шамдар мен өзге де техникалық жаңалықтарды ашқан Томас Эдисон үйдің шатырынан отбасылық мұрағатты тауып алады. Оның көзіне анасы сақтаған ескі хаттардың бумасы түседі. Хаттарды қолына алған Эдисон байқаусызда оларды еденге шашып алады. Солардың ішінен кезінде өзі мектептен әкеп беріп, анасына оқытқан ескі хатты көзі шалады. Оның ішінде былай деп жазылған еді: 

«СІЗДІҢ ҰЛЫҢЫЗДЫҢ АҚЫЛ-ЕСІ ЖЕТІЛМЕГЕН. БІЗ ОНЫ ӨЗГЕЛЕРМЕН ҚОСЫП, МЕКТЕПТЕ ОҚЫТА АЛМАЙМЫЗ. СОНДЫҚТАН ОНЫ ӨЗІҢІЗ ҮЙДЕН ОҚЫТҚАНЫҢЫЗ АБЗАЛ». 

Эдисон көз жасын тыя алмай, бірнеше сағат бойы жылайды. Біраздан соң өзін қолға алып, өмірінің әр кезеңін көз алдынан өткізіп, іштей анасына алғысын білдіреді. Анасы болмаса, осы жетістіктерге қол жеткізе алар ма еді? Ол асыл анасының батылдығы мен қайсарлығына тәнті болады. 

Нэнси Элиот өзінің ақыл-есі жетілмеген ұлынан данышпан адамды тәрбиелеп шығарды. Әйгілі өнертапқыш өз күнделігінде:

«ТОМАС АЛЬВА ЭДИСОН АҚЫЛ-ЕСІ ЖЕТІЛМЕГЕН БАЛА БОЛАТЫН. АНАСЫНЫҢ АРҚАСЫНДА ӨЗ ДӘУІРІНІҢ ҰЛЫ ДАНЫШПАНДАРЫНЫҢ БІРІНЕ АЙНАЛДЫ» деген жазба қалдырды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...