Егер күндердің бір күнінде әлемдегі ең зұлым империяны ата десе, ойланбастан Ресей империясы дейтін...
Аспан адамы – Талғат Бигелдинов
Талғат Бигелдинов екі мәрте КСРО батыры атағын алған 65 ұшқыштың бірегейі. Соғыс жылдары 300-ден астам рет әуеде қалықтап, оншақты жау ұшақтарының көзін құртты. Жалпы Бигелдинов әуе шабуылдары жөнінен аңыз болған адам.
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 1922 жылы 5 тамызда Ақмола облысы Майбалық ауылында дүниеге келеді. Дегенмен, Талғаттың отбасы Бішкек қаласына қоныс аударып, балалық және жастық шағы қырғыз топырағында өтеді.
Ең алғаш Талғаттың ұшуға деген құштарлығы 16 жасында жергілікті аэроклубқа келгенде ашылады. Алайда комиссия 16 жасар Бигелдиновты аэроклубқа қабылдаудан бірнеше рет бас тартады. Оған себеп, салмағының тым аз болуы. Бірнеше рет болашақ ұшқыштың бетін қайтарған аэроклуб қызметкерлері тіпті, оған жиі ұрысатын. Артынан белгілі болғандай, нұсқаушылар әдейі болашақ жауынгерлердің табандылығы мен психикалық жағдайын тексереді екен.
1940 жылы ол Саратов қаласына келіп, Балашовск әскери авиациялық ұшқыштар мектебіне түседі. Содан кейін ол Орынбордағы Чкаловск әскери авиациялық училищесіне ауыстырылады.
1943 жылдың қаңтар айында 21 жасар Талғат майдан шебіне аттанады. Батырдың әскери өмір жолы Калинин майданындағы 296 авиадивизияның 800 шабуылшы авиациялық полкінде басталады.
1943 жылғы қыркүйекте Днепр үшін ұрыста жауға аянбай қарсы тұрады. Осы шайқаста Бигелдиновтың ұшағы зақымданып, өртене бастайды. Сонда ол ұшағын жау техникасы жасырынған тұсқа бағыттап, өзі ұшақтан секіріп үлгіреді. Оның әуедегі бұл ерлігі фотосуретке түсірілген.
Тағы бір ерлігі, ол сол жылдың көктем айында жаудың жойғыш ұшағын (истребитель) қарапайым ұшақпен дәл көздеп атып, жойған тұңғыш ұшқыш болды. Шын мәнінде немістің шебер ұшқыштары мұндай көзсіз батырлықты жиырма жасар жігіттен күтпеген еді. Ал Бигелдиновтің Ил-2 ұшағы сол соғыста зардап шеккенімен, ол ұшағын аэродромға дейін жеткізеді. Осылайша, жас Талғаттың күрделі шайқастың тағдырын шешкені тарихта ерекше атаумен қалды. Айта кету керек, содан кейін Талғаттың осы ерлігін қайталағандар көбейді.
Талғат Бигелдинов 1944 жылғы 26 қазанда Кеңес Одағының батыры атағын алды. Екінші рет, 1945 жылдың 27 маусымында марапатталды. Жалпы саны 305 рет әскери ұшу жасаған. Ол 15 топтық әскери соғысқа қатыса отырып, жалғыз өзі ондаған жау ұшағын жарамсыз етті. Украина, Курск доғасы, Прага және Берлинде өткен жойқын соғыстарға қатысқан.
Соғыстан кейін Қарулы күштер қатарына ауысып, командирдің орынбасары және авиациялық полк штабының бастығы қызметтерінде болған. 1956 жылдан бастап қосымша әскери күш құрамында (запас). Ұзақ уақыт бойы құрылыс саласындағы басшылық мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқарған.
Талғат Бигелдинов Ленин орденімен, екі Қызыл белгі орденімен, I және II дәрежелі Отан соғысы, Қызыл жұлдыз, Александр Невский, III дәрежелі даңқ ордендерімен, бірқатар басқа да отандық және шетел ордендері және медалдарымен марапатталған.
Талғат Бигелдинов туралы шығармалар
С.Морозов. «Дважды Герой Советского Союза Т.Я. Бегельдинов» (Москва, 1948)
С.Бакбергенов. «Талғат» (1950)
«Талғат Бегельдинов» (1965)
«Отан үшін от кешкен» (1985)
А.Сергеев. «Звездное небо Талгата» (1997)
А.Н. Бедельбаев «Тринадцатый, на взлет» . – 1-2 т. Повесть о Бегельдинове Т.Я. ( 2004)
К.Абенов. «Великая Отечественная война в моей жизни: 60 лет спустя» (2008)
Б.Омарұлы. «Жүректiң көзi» (2011)
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов қарашаның 9-ы күні 93 жасына қараған шағында дүниеден өтті.