Марлен Ғилымхан - 1998 жылы 4 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. 2016 ж...
Рюноскэ Акутагава. Киелі адам
Есте жоқ ескі заманда әлдебір кісі өмір кешіпті. Ол қызметке орналасу үшін Осака қаласына келеді. Толық есімі белгісіз, алайда ауылдан келген оны бәрі жай ғана Гонскэ деп атап кетті. Жалдамалы жұмысқа қабылдайтын мекеменің жанынан өтіп бара жатып, Гонскэ шылымын құшырлана сорып тұрған қызметкерге:
–Мырза, мен киелі адам болғым келеді. Бұл үшін қай жерге баруға тиіс екенімді анықтап айтып бере аласыз ба?-деді. Қызметкер басынан күн өткендей түк дерге сөзі болмай мелшиіп отырып қалды.
–Мырза! Естімедіңіз бе? Мен киелі адам болғым келеді, сол үшін де өзіме сай жұмыс іздеп жүрмін. Қызметкер әзер дегенде қалпына келді.
–Өкінішке орай,-деді ол темекісін ішке тартып,–мәселе мынада болып тұр, біздің мекемеге мұндай өтінішпен ешбір адам келіп көрмеген. Мүмкін бұл сұрақты басқа жерге барып қойғаныңыз жөн болар. Бірақ Гонскэ жасыл шалбарының тізесін алға қарай созып, абыржыған түрмен қарсы дауыс көтерді.
–Сіз бірдемені дұрыс айтып отырған жоқсыз. Өз мекемеңіздің маңдайшасында не жазылып тұрғанын білмейсіз бе? Ол жерде: «кез-келген жұмысқа орналастырамыз» деген жазу тұр емес пе? «Кез-келген» деп жазылған соң, кез-келген талап еткен іске орналастыруға тиіссіздер. Әлде сіздердің мына жазуларыңыз тек адамдардардың сенімін алдау үшін бе? Шынында, мәселеге осы қырынан қарар болсақ, Гонскэнің қарсы шығуына толық негіз бар еді.
–Жоқ, маңдайшадағы жазудың бәрі ақиқат,-деді қызметкер оны сендіруге тырысып. –Егер шын мәнінде киелі адам болғыңыз келсе, онда сізге киелі болуға мүмкіндік берерлік жұмыс табуға тырысамыз, тек ертең келіңіз. Ал біз бүгін сізге лайықты жұмыстың бар-жоғын анықтайтын боламыз.Қалайда уақытты созу үшін қызметкер Гонскэнің өтінімін ертеңге қалдыруға мәжбүр болды. Бірақ киелі адам болу өнерін қай жерде үйретерін ол қайдан білсін? Не де болса бір бағытқа жол нұсқау мақсатымен Гонскэні жақын маңда тұратын емшіге аттандырды.
Гоэнскэ емшіге келісімен істің мәнісін тезірек баяндауға асықты, сұрағын сыдырта жөнелді:
–Киелі адам болу үшін адамның қай жерге барғаны дұрыс? Айтып жібермессіз бе?
Күтпеген сұрақ, шынында, емшіні тығырыққа тіреді. Қолын айқастырып, аула маңындағы қарағайға қарап біршама уақыт отырды. Гонскэнің сұрағы емшінің лақап аты Кәрі Түлкі деп аталатын мейірімсіз әйелінің құлағына жетті.
– Оны маған жіберіңіз. Біздің үйде екі-үш жыл тұрған соң, киелі адам болу үшін не керек екенін жақсы түсінетін болады,-деді ол. Мұны естіген қызметкер жемістей жайраңдап сала берді: – Рас-ау! Сіздерге жібергенім қандай жақсы болған! Шексіз алғыс айтамын! Емшілерде киелі күшпен қандай да бір байланыс барын әрқашан сезінетінмін!
Ақымақ қызметкер қайта-қайта алғысын білдіріп көзден ғайып болды. Ол кетісімен емші ашулы жүзбен алба-жұлба болған әйеліне бұрылды:
–Неменеге бос былшылдап отырсың? Екі-үш жыл біздің үйде қызмет еткен соң әлгі ауылдан келгенге киелі адам болудың құпиясын айта алмасаң, оның қандай дау көтеретінін білесің бе?
Әйелінің тәубеге келер ойы білінбеді.
–Тыныш отыр түге, одан да.Мына сен секілді әділетті ақымақпен бұл қатігез әлемде бір шыны күріш те таба алмайсың,-деді ерінің сөзін тойтарып.
Келесі күні келісілгендей Гонскэ әлгі белгісіз қызметкердің жол сілтеуімен емшінің үйінде қалды. Осы жолы үстінде арнайы хауари киімі бар еді, ең алғаш танысуға келген кезде солай киіну керек деп ойлаған да болар, енді оның сыртқы келбетінің қарапайым христианнан еш айырмашылығы қалмады. Дәл осындай киімді ешкім де күтпеген-тін.
Бірде емші Гонскэға теңіздің арғы бетінен келген жабайы аңға қарағандай қарай қалды. Көзіне тік қадалып, күмәндәна сұрақ қойды:
–Сені киелі адам болғысы келеді дейді. Мұндай тілек санаңда қайдан пайда болды?
–Иә, ешқандай үлкен себеп те жоқ. Тек бірде Осакалық қамалға қарап, тіпті Тоетоми Хидэси секілді көрнекті тұлғалар да түптің-түбі өлім құшарын ойладым. Яғни, адамның ісі қаншалық ұлы болса да, ол бәрібір қайтпас сапарға аттанады.
–Демек, сен киелі адам болу үшін кез-келген жұмысқа дайынсың ғой?-деп сөзге килікті емшінің жылпос әйелі.
–Иә, киелі адам болу үшін барлық жұмысты атқаруға дайынмын.
–Онда маған жиырма жыл қызмет ет, соңғы жылында саған киелі болу өнерін үйретемін.
-Мәссаған, бұ не дегеніңіз? Міне бақытым еселенді деген осы! Мың да бір алғыс айтамын!
–Бірақ жиырма жылдық қызметің үшін менен бір бақыр да алмайсың.
–Жақсы, жақсы, мен келісемін!
Сол уақыттан бері Гонскэ емшіге талмай жиырма жыл қызмет етті. Су тасыды. Отын жарды. Түскі ас әзірледі. Үй мен ауланы сыпырды. Оның үстіне үйден шыққан емшінің жанында дәрі толы жәшіктерін әр жерге тасып жүрді. Ұшан-теңіз еңбегі үшін ешқашан ешқандай ақы күткен емес. Мұндай еңбексүйгіш қызметкерді бүкіл Жапониядан іздеп таба алмайсың.
Міне, содан бері жиырма жыл да өте шықты, Гонскэ үстіне алғаш осы үйге келгендегі киімін қайта киіп, үй иесі мен әйелінің алдына келді. Риясыз жүрекпен жиырма жылда көрген жақсылықтарына рахмет айта келе:
–Ал енді ертедегі келісім бойынша киелілік және ешқашан қартаймайтын өлмес өмір өнерін үйретулеріңізді сұраймын,-деді. Гонскэнің өтініші емшіні қатты састырды: қызметшісіне не айтарын білмей дал болды. Өзіне еш бақырсыз жиырма жыл қызмет еткен Гонскэдей адамға киелі адам болу өнерін үйрете алмайтынын айту өліммен тең еді. Еш дәрмені қалмаған емші салқын ғана:
–Мен емес, бұл құпияны әйелім біледі,-деді. –Сені сол үйретсін.
Сөзін айтып болысымен емші теріс бұрылды. Алайда әйелі Гонскэні көзіне де ілместен:
–Сонымен, саған киелі адам болу өнерін үйретпекпін, бірақ қиындығына қарамастан менің бар айтқанымды бұлжытпай орындауға тиіссің. Егер бұйрығымды дұрыс орындай алмасаң, киелі адамға айналмақ түгіл, қайтадан маған еш ақысыз жиырма жыл қызмет етесің! Әйтпесе, қарғысқа ұшырап, өлім құшасың.
–Құп болады! Қандай да ауырлығына қарамастан бұйрығыңызды екі етпей орындайтын боламын!
Гонскэ бар жанымен қуана шалқып, әйелдің бұйрығын асыға күтті.
–Аулада өсіп тұрған қарағайға өрмеле!-деді әйел. Әлбетте, әйел киелі адам болудың құпиясын білмейтін. Тек Гонскэға ешқашан адам баласы орындай алмайтын бұйрық беріп, есесіне тағы жиырма жыл өз қызметіне пайдаланғысы келді. Бұйрықты естір-естімес Гонскэ қарағайға өрмелей жөнелді.
–Жоғары өрмеле! Одан да жоғары!-деді әйел үйдің шыға берісінде тұрып, өрмелеп бара жатқан Гоэнскэны нұқият бақылап. Міне, емшінің ауласындағы қарағайдың Гонскэ ең шыңына да жетті.
–Енді оң қолыңды түсір!
Гонскэ сол қолымен қарағай бұтағына барынша жармасып, оң қолын бұтадан алды.
–Енді сол қолыңды да қарағайдан жібер!
–Ей, тоқта!-деді емші бұл оқиғаға сырттай қарап тұрып. Егер ол сол қолын босатса, жерге оңбай құлайды емес пе? Ал жерде қиыршық тастар жатыр, тіпті, құласа емделуі екіталай. Емші таңданған жүзбен шыға берістен телміре қарады.
–Сенің ісің емес, біреудің ісіне бас сұқпа! Гонскэ, маған сен!Сол қолыңды жібер, қане!
Әйелдің сөзі аяқталмай жатып-ақ Гонскэ бойындағы рухын көтеріп, бұтақтан сол қолын да босатты... Не десек те, ағаштың ұшар басына шыққан адамның екі қолын қарағайдан алса да төменге құламағанына сену қиын. Осы кезде Гонскэнің мүсіні қарағай ұшынан ажырап бөлек тұсқа кетті. Бірақ ағаштан ажыраса да Гонскэ жерге құлау жайлы еш ойламады – «дзерури» қойылымындағы қуыршақ секілді жап-жарық аспанда таңғажайып бейнеде қимылсыз қалықтап тұрды...
–Сіздердің қамқорлықтарыңызға алғысым шексіз, міне, мен өзім іздеген киелілер қатарына қосылдым,-деді. Осы бір сөзін иіліп қана айтқан Гонскэ көгілдір аспанда емін-еркін адымдап, еңіске қарай жөнеліп, ақыры биік бұлттың ішіне еніп ғайып болды...
Бұдан соң емші мен әйеліне не болғаны жөнінде ешкім де білмейді. Олардың ауласында өскен қарағай ұзақ өмір сүрді. Қар жапқан тұста қызықтау үшін Тацугоро Едояның өзі төрт құлашты осы ағашты ауласына отырырғызуды әмір етіпті деседі.
Орыс тілінен аударған Батырхан Сәрсенхан