Хамит Есаман. Адамның бәрі адасып жүрген құбылыс...

ӘДЕБИЕТ
3130

Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар. "Мәдениет порталы" осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. 

Бұған дейін "Мәдениет порталы"  бір апта бойы Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." атты топтама өлеңдерін және сол шығармаларға жазылған Әбіл-Серік Әліакбардың "Ерекше өлеңнің ерекше сардары", Жанат Жаңқашұлының "Мұңаяды. Жылайды. Өкпелейді", Анар Қабылқақтың "Бірақ ол атамекенге саналы түрде оралды емес пе?", Біржан Ахмердің "Имитация"  деп аталатын талқылар мен талдауларды жариялаған болатын. 

Күні кеше Бекзат Смадиярдың "Бұл кезең - ұмыту кезеңі..." атты өлеңдер топтамасына жазылған Сұраған Рахметұлының "Бекзат", Әбіл-Серік Әліакбардың "Кемиек түннің тасбихын тарқатқан талант" және Мейір Оразғалиевтің "Адасқақ" деп аталатын анализдер мен пікірлері ұсынылған еді.

Ақын Хамит Есаман

Өз жаныңа өзің үңілген сайын тылсым тұңғиыққа бата бересің. Жалғанда жарықты іздеп жанталасқан адам-пенденің көрген күні осы. Бірақ, саналы-естісінің әрине. Ал, ессіз пендеге екі дүниенің де ғұмыр-мәні көк тиын. Тұңғиық болғанда, ол бір бос кеңістік, іші ауаға ғана толған әлдеқандай бір шыңырау емес, жаныңда шырқырап тұрған өле алмайтын шындықтар мен түрлі құбылыстар болса керек. Бекзат Смадиярдың «Адасқақ» дейтін өлеңі осындай ойға жетелейді. Сол «Кемиек түн тасбихын тарқата бастаған сәтте» ақынның әлемінде астаң-кестең құбылыстың болғанын немесе болатынын байқайсың. Одан әрі қарай жаңа біз айтқан өз жаныңа өзің үңілген сайын тарта беретін тылсым тұңғиық әлемі. Бірақ, ақын мұның бәрін тәптіштеп, мұңданып, тұлданып, жырлап-жыламайды. «Шәй ұсындың – суып қалған шәй. Суып қалған... Әттең!», дейді де қояды. Осы бір «Әттең» ақынның жүрегінде өртеніп тұрған шырақ та, керек болса жанарынан ағып тұрған бұлақ та болса керек-ті. 

Анри Матисс. Би

Негізі адамның бәрі адасып жүрген құбылыс. Оның тағдыр-тәлейіне жазылған күн – осы. Бірақ, неге осы біз өзімізді-өзіміз алдап күн көреміз. Пенде тура сөйлеп, тура жүріп, тура өлетін пайғамбар емес. Оның болмысы сол үшін қайшылыққа толы. Адамның бойындағы түрлі қайшылықтар дәуірдің, заманның қайшылығына ұласады. Одан қоғаммен келісімге келе алмайтын мінез туады. Ақын «Мойнына тас байлап өлген Ойлар кезегі түсінем, өмірлік», дейді. Ұмытуға болатын нәрсені ұмытпайтын, ұмытпауымыз керек нәрсені ұмытып кететін мінезімізді еске салады.

Ақын Бекзат Смадияр

«Арылу» өлеңі де адамның өзімен-өзі арпалысын жырлайды. «Сұрақ қалды. Басқасынан арылдым», дейді ақын. Бірақ, бұл сұрақ адамзаттың алдынан шығып келген, шыға беретін сұрақтардың өзі ғой. Сұрақ көп. Жалпы, біз кімбіз, қайдан келдік, қайда барамыз деген сияқты толып жатқан сауалдарға ақын мәңгі жауап іздеп өтеді. Тағдырдың күрделі таңбасы, көңілдің кейбір сәттері, тылсым сырдың кеңістікке шығып атой салуы сияқты дүниелер бар мұнда. 

Хамит Есаман,

ақын

author

Хамит Есаман

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...