Қалдыбек Сейданов. Жалындап өткен жас ғұмыр... (Төлеген Айбергенов жайлы мөлтек сыр)

ӘДЕБИЕТ
6913

Әлі есімде, елуінші жылдың соңы мен алпысыншы жылдың орта шені менің өмірімдегі қызығы мол ұмытылмас жылдар Тәшкенттегі Низами атындағы педагогикалық институттың қабырғасында өтті. Және ол кезде ер балаларға қарағанда қыздар жағы кемшіндеу соғатындықтан көпшілік жақтың өкілдері сол үшін жаға жыртысып жататын. Оның үстіне  ол кездегі студенттік өмір бұл кездегіден анағұрлым өзгешелеу еді. Екеу-екеу, кейде төртеу болып сабақты бірге дайындайтынбыз.

1963 жыл, қыркүйектін алғашқы жартысы болатын. Ұстазымыз Артық Қаюмов  шет ел әдебиетінен сабақ беріп жатыр еді. Есік қағылды. Артық ағай аса бір сабырлылықпен  аяғын маң-маң басып, есік алдына барды да, есік ашып:

– Қош келинг ким кирақ сизга? – деп байсалды дауыспен аспай-саспай үн қатты. Сонда, есік сыртынан:

– Маған Сейданов керек еді, Сейданов, –  деген үн естілді. Сол сәт Артық ағай аудиторияға бұрылып:

– Кім Сейданов? Бір ағаниси сураяпты, әне шикинг, баринг – деді. Мен орнымнан тұрдым да есік жаққа беттедім. Сыртта мені терезенің жақтауына сүйеніп тұрған ат жақты, орта бойлыда биіктеуе қалың қара шашты, әдемі сылыңғыр  жігіт күтіп тұр екен. Шыға сәлем бердім де, қол создым. Сонда ол:

– Ау, сен өзім сияқты екенсің ғой. Сені менің інім десе сенеді екен. Қалай, қалың жақсы ма? Дамуллаңнан сұрадым, жүр кеттік. Бір жерге барып, әңгімелесейік. Мен Төлеген Айбергенов деген ағаң болам, – деді де қолтығымнан ұстап, демей бастады. Мен де оншалық қарсылық білдірмей жүре бастадым.

Үшінші қабаттың коридорында қолтықтаса жүріп келеміз. Ол әңгіме тиегін ағыта түсіп:

– Мен мынау көршілес Сарыағаш ауданында тұрамын. Сондағы кешкі мектептің директорымын, – деді, онан соң:

– Ай, сен менің кітапшама рецензия жазыпсың. «Лениншіл жас» газетінен оқып, қуанып қалдым. Сені іздеп, әдейі, арнайы келдім, – деді сөзін бөліп-бөліп.

Ол рас. Сол жылы, яғни 1963 жылы Төлегеннің тұңғыш кітабы, тұңық ойлы «Арман сапары» атты өлеңдер жинағы жарық көрген болатын. Соған мен алғаш рецензия жазған ем. Ол 1963 жылы «Лениншіл жас» газетінің 8 тамыз күнгі санында басылып шыққан болатын. Оны жазуыма бірден-бір  себепші болған Бұхаралық ақын Өмірзақ Қожамұратов болатын. Ол жаздың шыжыған шілдесінде Алматыдан Тәшкенге келіп, біздерге жолықты да, «Мынау Төлегеннің өлеңдер жинағы екен. Алматыдан әдейі ала келдім. Мен Бұхарға асығыс жүріп барамын. Қаламың төселе берсін!» – деді де бірнеше студенттердің арасында тұрған маған кітапты ұсынды. Мен кітапты қолыма алдым да ол жақ бұл жағына қарап, парақтап «Жарайды, оқып шығайын. Несі бар, жазсам, жазайын» – дедім.

Содан ол асығыс еліне жүріп кетті де, мен пәтеріме бара кітапты шұқшия оқып шықтым. «Құлағынна күн көрінген» жұп-жұқа кітапша болғанымен, өлең өрнектері мені иіре түсіп, салған жерден-ақ ынтықтыра бастады. Дереу қолыма қалам алып, кәдімгідей-ақ сыншылық танытайын деген ниетпен, өзімше талдаулар жасған болып, жетістіктері мен кемшіліктерін де көрсеттім. Ешбір өзгеріссіз сол күйінде жарық көрді.

Міне, соны оқыған Төкең, әдейі іздеп келген беті екен. Оның үстіне бұл мақала менің әдебиет  әлеміндегі ең алғашқы ізденістерім болуымен бірге, газет бетінде жарияланған екінші рецензиям еді. Бұған дейін, сол жылдары екі сериялы «Орыс кереметі»  деген кинофильм кинотеатрларда үздіксіз жүріп жататын. Сол жайлы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде рецензия жазғам ем, ол да шыққан болатын. Сүйтіп бұл, екінші мақалам еді.

Төкең екеуіміз қатарласа жүріп келеміз. Аңқылдаған ақкөңіл, бүкпесі жоқ жігіт екен, сөйлеп келеді. Соңыра ол.

– Мақалаңды оқып бұл қандай жігіт екен деп, әдейі іздеп келдім. Жүр, қалқам, Бесағашқа барып, біраз сыра ішіп, сырласып қайтайық, – деп өтіне түсті.

Мен де теріс көргем жоқ. Айтқанына көніп, қатарласа жүріп келемін. Елгезек, аңқылдаған, бала мінез, жарқын да жайдары жан екен. №2 троллейбустың аялдамасына барғанша талай әңгіме айтып тастады. Мен де іштей қандай тамаша, сыршыл жан, өте көп біледі екен деп  дән риза болып келем.

– Қойшы, содан Бесағашқа да барып жеттік. Бара парк ішіне еңдік те, асханаға тұмсықты тіредік. Өйткені, сағат тілі он бірді көрсетіп қалған болатын. Сонда Төкең:

– Қалдыбек, айтшы!.. Не ішесің, не жейсің?.. Анандайға қандайсың? Аздап ішейік деп қалды.

Студент не ішіп жарыта қойсын. Даяшы да келіп, бәйек болып жүр. Әйтеуір бірінші, екіншісін жеп, бір шөлмек босаттық та, тәп-тәуір көңілдене пәтерге бет түзедік. Анда-санда  сөз арасында өз өлеңдерін кейбір ақындардың өлең-жырларын оқып та қояды. Жүріп келеміз, жүріп келеміз.

Ол кезде мен пенинституттың жанындағы, қазіргі Бабур көшесінің №36 үйінде, Ысман деген ақсақалдың үйінде тұтатынмын. Менімен бірге ол кезде шарапханалық Молдабай Жақипов пен  Ғаппар Елеусізов  деген бірге оқитын екі жігіт тұратын. Сонда Төлеген екеуіміз ептеп қызулау күйде үйге барсақ, үйде Әбдірахман мен Молдабай  барекен. Екеуі де құшақ жая қарсы алды. Біраздан соң Ғаппар да келді. Бәріміз мәре-сәре болып қалдық. Мен оларға Төлегенді таныстырып, ақыңдығын айтып, ағымнан жарыла бастадым. Үйдің төрінде домбыра ілулі тұратын. Оны көрген Төлеген музыкалық аспапты қолына алды да, тарта бастады. Аздап айтатын бір қақпайлары бар екен.

Қойшы, не керек сол түні Төлеген бізде қонып кетті. Түні бойы өлең оқып, ән шырқап, домбыра тартып, мәре-сәре болып қалдық. Домбыраны мен де, Ғаппар да тартып, әйтеуір бәріміз өз өнерлерімізді көрсеттік. Арагідік Молдабай өлең оқыса, мен әңгімелерімнен үзінді оқып, әңгіме-дүкен құрып, үлкен бір серпіліске түстік. Сөйтіп сол күні бесеуіміз өрелі таңды көз ілмей атырдық-ау деймін.

Таңертең Төкең жуынып-шайынып болған соң, шай үстінде маған бұрыла қарап:

– Қалқам! Қаламың қарымды, тәуір екен. Түбінде жаман болмассың. Менің бір өтінішім бар. Бірақ жоқ деме. Ол сенің қолыңнан келеді, – деді тігіле түсіп. Мен де жай ғана жымиып:

– Қолдан келсе, аянбаспын; – дедім. Ол маған бар денесімен бұрыла түсіп:

– Қолыңнан келеді. Сен прозаиксін ғой. Әңгіме жазыпсың. Түнде оқыдық. «Перизатың» қандай тамаша. Сөз саптауың, суреттеулерің кәдімгідей-ақ, жетіле түскен жазушылардайсың, – деп мені қолпаштай түсіп бір папка қолжазбаны ұсынды:

– Мынау осы Тәшкенде тұратын Әзиза Нұрмаханова деген ғалым апаларың. Өзі казашка. Соның «Қыздар» деп аталатын қарақалпақ тілінде жазылған повесінің  қолжазбасы. Міне, осыны қазақ тіліне аударсаң, қандай жақсы болар еді. Ол апаң көп жыл қарақалпақ елінде оқу-ағарту министрі болып істеген, аса қажырлы әйел. Мұнда өздерінің тағдыры, ауыртпалықтары жайлы сыр шерткен. Оқырмандар сүйіп оқитын шығарма болары анық, – деп сөзін аяқтады.

Мен қолжазбаны қолыма алдым да, парақтай бастадым. Сонда Төкен:

– Сен көп ойланба. Апаң қазір осындағы Өзбекстан Ғылым академиясындағы Тіл және әдебиет институтында істейді. Еңбек ер атандырады емес пе? Мұнан қашсаң қалай жазушы болмақсың? Сен көп оқып, көп ізденіп, көп үйренуің керек. Әрі бұл саған тәжірибе мектебі де болар, – деп қалды.

– Мен қолжазбаны жаптым да, жастығымның астына қойдым. Сонда ол:

– Мұның дұрыс! Қаламгер осылай болуы керек, – деп, қолымды қатты қысты.

Сол күні Төкең бізді келесі сенбіге, Сарыағашқа үйіне қонаққа шақырып кетті. Бірақ біз ол айтқан күнге бара алмадық та, араға бір апта салып, екінші себісіне Молдабай екеуіміз бардық.

Барсақ, үйде өзі ғана бар екен. Бізге көк дарбазалы есікті айқара ашқан Төкең күле қарап, жайдары жүзбен:

– Ой, айналайындар-ай, келдіңдер ме? Басқаларың қайда? – құшақ жая қарсы алды. Сөйтсек, жеңгеміз төркіндеп кеткен екен. Үлкен аула үш бірдей ер азаматқа тиген соң, емін-еркін әңгіменің қызығына түсіп кеттік. Төкеңнің жүзінде қуаныш, бізге бәйек болып жүр.

– Әй, жігіттер! Бағымыз жанып-ақ тұр. Жеңгелерің жоқ, төркіндеп кеткен. Мен сендерге өз қолыммен бастаңғы жасаймын. Қазан өзімізде. Ет асайын ба? Жоқ әлде қолбала «аш» қылайын ба? Кәне, айтыңдаршы? – деп, тігіле қарады.

– Сонда Молдабай  басын көтеріп, кеңк-кеңк күліп:

– Ау, Төке, қиналып қаласыз ғой! Ештеңе керек емес. Жай, шай-пай ішіп жата саламыз, – деп жатты. Мен де:

– Әуре боласыз ғой, шай-пай ішсек жеткілікті, – дегенді айттым.  Ол бой бермей:

– Жоқ, олай демеңдер. Сендер сонау Тәшкеннен келсендер мен дымнан дымсыз, дәм татқызбай, аш жатқызам ба? Жәңгелерің қазанды арқалап кеткен жоқ. Жас, сіп-свежи қойдың еті бар. Давайте, қуырдақ жасаймыз. Біз сендерді кешегі аптада күтіп едік. Оған өздерің кінәлісіңдер. Жеңгелерің де түске таяу кеткен еді. Қап!..

– Но, жарайды, сен картошка аршы, сен пияз тура, мен етке кірісем, – деді де, құлшына іске кірісіп кетті. Үшеуіміз де есік алдында, қазан басындамыз. Кәдімгідей-ақ іске кірісіп кеттік.

– Не шара, мен шорқақтық таныттым. Сонда Төкең:

– Ау, сен тіп-тік өскен екенсің. Әлі онды іс бітірмепсің. Әйел деген қандай құдірет. Осы үшеуіміздің ісімізді бір өзі-ақ істеп тастар еді. Әйтеуір, құдай абырой бергей, тұз-пұзы кем болмай, қатты қуырылып кетпей, дұрыс піссін де, – деп жатты.

Мен де маңдайымнан шыққан жылымшы терді сүрткілеп, қолғабыс тигізген болып пияз арши түстім. Оның ащысы сондай екі көзімнен пырт-пырт жас шығарып, берекемді алып барады. Әй, әйтеуір сыр бермеуге тырысып бақсам да, оны байқаған Төкең:

– Ай; айналайын, әйелдер-ай! Қазан, ошақтың, тамақтың пірі ғой. Бабына келтіріп, бәйек боп, үйдің сәнін келтіреді емес пе? Жеңгеңнің қадірі нақ қазір өтті. Үшеуіміз күйбеңдеп маңдыта алмай жатырмыз, – деп, көз қиығын қадап қояды.

Амал не, сол күні әйтеуір жабыла жүріп, қуырдақты да пісірдік-ау. Алдымызға әкеліп, біріміз нан турап, біріміз шай құйып дегендей, асып-сасып жатқанда Төкең:

– Қарашы! Осының бәрін әйелдің өзі тындырар еді. Біз болсақ бәріміз әуреміз. Ал олай болса, алыңдар жігіттер! Қандай, тәтті болған-ау деймін, – деп бәйек бола түсті.

– Ау, айтқандай «ақмағамбеттен» де біраз көрейік, деп орнынан тұрды да, серванттың есігін ашып, рюмкалар алды да, орыс арағын ашып, бізге ұсынды. Сонда Төкең ерекше бір күйде:

– Мен де сол Низамидың түлегімін. Сендер үшін, сендердің әдебиет әлемінде өз орындарыңды иемденулерің үшін, – деді де тартып жіберді. Біз де іле тост көтеріп, бір-бірімізді мадақтап, марапаттап жатырмыз. Өлең оқып, домбыра тартып, ән де айттық.

Түн ауа, төсек салып орнымызға жатқан кезде басын жастықтан көтере:

– Ай, осы сендер 60-жылдары қазақ  поэзиясында кімдер мықты орын алады деп ойлайсыңдар? – демесі бар ма?

Біз сәл ойлаңқырап:

– Әрине, Тұманбай, Қадір, Жұмекең, Мұқағали және Сіз, – деп көңілін көтергендей сынай таныттық. Сонда ол:

– Оларың дұрыс-ау! Бірақ жазғаныңның бағы жанып, шыға бермеген соң әжептеуір шегіншектеп қалады екенсің. Кейде таң қаламын. Не бәлесінің бар екенін, жіберген дүниең жатып қалады. Сол үшін Алматыға барып қайтпасам болар емес. Ондағы жігіттер келсін дей ме, әйтеуір… деп барып, сөзін доғарды да, артынша:

– Туасы ақын болам, қаламгер болам деген жан, сол қайнап жатқан қазанның ортасында жүруі керек екен. Мүмкіндік болса, Алматыға көшіп кетпекпін. Кім білсін, үй-жай мәселесі қиын ғой, – деп барып тынды да, көрпенің үстінде отыра қап, домбырасын тартып, өлең айта бастады. Біз ұйқымыз кеп, маужырап барамыз. Сонда ол:

– Әй, жігіттер! Өмірдің бәрі ұйқымен өтіп барады емес пе? Мені тыңдасаңдаршы!.. деп, өлең айтып, домбыра тартып, өлең оқып, түні бойы өрелі таңды көзімен атқыздырды. Біз де ұйықтамадық.

Міне, сол түн бойы Төкең өзгеше бір зарланып, толғанып, өзінің серпімділігін, шоқтығының биіктігін әр тұста-ақ аңғарта түсті. Сөйтсек, Төкең бұл өмірге, фәни жалғанға симай, табиғи талантымен таласып, биіктеп бара жатқан тұсы екен ғой. Не шара! Сондай абзал жан, арынды ақын, ардақты азамат небәрі 30 жас қана ғұмыр кешіп, 1967 жылы арамыздан тым ерте кетті. Бірақ оның соңында қалған жыр шумақтары мен абзал бауырмал қасиеті біздің мәңгі есімізде қалып қойды. Ұлылықтың өзі де осында болса керек.

Қалдыбек Сейданов, 

Өзбекстан жазушылар Одағы жанындағы 

Қазақ әдебиеті Кеңесі төрағасы

author

Төлеген Айбергенов

АҚЫН

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...